Қожаға ескерткіш қойылды
Бірінші маусымда Нұр-Сұлтан қаласында «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкеріне орнатылған ескерткіш ресми ашылады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлаған.
Шара Қазақстандағы «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр.
1963 жылы «Менің атым Қожа» шығармасы желісімен «Қазақфильм» студиясы түсірген балалар фильміндегі кейіпкер Қожаға орнатылған ескерткіштің жалпы биіктігі 183 см, қола, гранит материалдарынан жасалған. Идеяның авторы Мұрат Қожамқұлов, мүсінші Талапхан Азамат.
«Менің атым Қожа» - қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірі саналатын повесі 1957 жылы жазылған. Авторы – балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев. Ол орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылды. «Қазақфильм» студиясы шығарма желісі бойынша фильм түсіріп, ол 1963 жылы жарыққа шықты.
Ескерткіштің ресми ашылуы ертең сағат 11.00-де «Жетісу» саябағында өтеді.
Қазтай Жанерке Жандосқызы
Abai.kz