Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 6283 10 пікір 2 Маусым, 2022 сағат 15:04

Гонконгты қайтару және Маргарет Тэтчер

Басы: Дэн Сияопиннің ұлттық бірлік стратегиясы

Жалғасы: Қытай - бір партия билеген диктаторлық мемлекет

1982 жылдың 22 қыркүйегінде Англияның корольдік әуе армиясының ұшағы сол кездегі Англия премьер-министрі Маргарет Тэтчер мен оның күйеуі Денис Тэтчер және Англия билігінің бір топ жоғары лауазым иелері, оған қоса 16 тілшімен Бейжің әуежайына келіп қонды.

Кім біледі, тағдырдың жазуымен құдіретті Алла солай орналастырған шығар. Мәртебелі қонақтардың келген бұл күні бір ғұмыр «татулықтан қымбат еш нәрсе жоқ» деп мейірімділік пен татулықты ту етіп ұстап өткен Қытайдың ұлы ойшылы Конфуцийдің 2463 жылдық туған күн мерекесіне тұспа-тұс келді. Бұл кез Қытайдың да ұлттық татулықты ту етіп көтеріп, береке мен бірлікті жан сала дәріптеп жатқан кезі болатын. Ел ішінде «таптық күрес» деп аталатын адамдарды топқа бөліп, қырқыстыратын заман келмеске кеткен еді. Сыртқа қарата бейбіт, қатар тұру принципі негізінде талай елдермен жауластықты қойып, татулық пен достыққа ден қойған кез еді.

Англия премьер-министрі Маргарет Тэтчер ханымның осы бір орайлы сәтті таңдап, Қытайға ресми сапармен келуі осы бір ескі державаның Қытай базарына беттеген алғашқы көлікке үлгеріп мінсем деген арманынан туындаған болатын. Бірақ оның бұл ойынан басқа да маңызды бұйымтайы бар еді. Ол - Гонконг мәселесінде Қытай басшыларымен ресми келіссөз жүргізу болатын. Маргарет Тэтчер ханым Уинстон Черчилльден кейінгі қылышынан қан тамған қатал премьер ретінде танылған еді. Оның «темір ханым» атағы халықаралық мәселеде қатаң позиция мен икемділікті ұштастырған шебер дипломатиясының жемісі болатын. Гонконг мәселесінде Қытаймен қалай келісу мәселесінде оның ішіне бүккен құпия жоспарлары жеткілікті еді. Англия Гонконгқа жүздеген жыл иелік етті. Гонконгтың иелік құқық мәселесі кемінде екі мәрте күн тәртібіне қойылған болатын. Ол екінші дүниежүзілік соғыстан кейін және 1950-жылдардың басында Гонконгты Қытайға қайту мәселесі келіссөз тақырыбына айналған. Бірақ бұл екі ретте де ол Англия қарастылығында аман-сау қалып қойды. Бұл рет Гонконгтың бақыты мен соры болса да,  Дэн Сияопин бұл мәселені шешуге шындап кірісті. Мұның алдында ол Тайвань мәселесін шешу Қытайды бірлікке келтіру мәселесінің 80-жылдардағы үш маңызды міндеттерінің бірі деп жариялаған болатын. Әрине, бұл жерде Гонконг мәселесі табиғи түрде қамтылатыны түсінікті еді. Ол кешіккенде 1997 жылдан бұрын Қытайға қайтуы шарт болатын. Мәселені қалай шешу бағытында ағылшындар Қытайдың тамырын басып көру үшін осы сапарды ұйымдастырғаны белгілі еді. Соған қарай шара көрмек. 1981 жылы сәуірде  Англияның сыртқы істер уәзірі Питер Карингтонның Қытайға сапарында Дэн Сияопин Гонконгтың болашақ мәртебесі өзгеретін болса, шет ел инвесторларының мүддесіне пәлендей келмейтіндігін астарлап жеткізген болатын. Содан жарты жыл өткен соң Бейжің Тайваньды бейбіт біріктірудің тоғыз түрлі принципін ұсынғанда жанамалы түрде Гонконг мәселесінде осы жоба аясында қарастыратындығын білдірген болатын. 1982 жылы сәуірде Англияның экс-премьері Эдвард Хитті қабылдағанда, Тайваньға бағытталған 9 тармақтың Гонконгқа да үйлесетіндігін ашық мәлімдеді.

Осыдан соң Англиялықтардың көңілінде сан болды. Сол кездегі Гонконг губернаторы сэр Эдвард Юде Гонконгтың иелік құқығын өткізу мәселесі тек қана құжаттарды рәсімдейтін техникалық мәселе деп қарады. Бірақ халықаралық мүдделерде есе жібермейтін Маргарет Тэтчер ханым мәселені мұндай қарапайым ойламайтын. Бірақ бұдан бұрынғы бірнеше реткі  қас-қабақты аңду, тамырын басып көру арқылы ол Қытайдың майданын дөп басып білген болатын. Мұнда Қытай Гонконгтың иелік құқығын түпкілікті қайтарып алуға бел байлап отыр. Бірақ Гонконгтың еркін порт және халықаралық сауда орталығы мәртебесін өзгерткісі келмейді. Мұндай бір мемлекетте екі түзім моделі әкімшілік пен экономиканы бөліп қарау жоспары болатын. Қытайлықтар аталған әкімшілік пен экономиканы бөлу принципі бойынша мемлекеттік кәсіпорындардың меншік құқығы мен оны басқару құқығын бөлді емес пе? Сол себепті Гонконгтың аймақтық мәселесінде де иелік құқық пен басқаруды бөліп тастаса неге болмайды? Гонконгтың иелік құқығы талассыз түрде Қытайға қайтады. Бұл енді талқылауға жатпайтын мәселе. Ал иелік құқық пен басқаруды бөлу принципі бойынша Англияға тағы бір мүмкіндік туып тұр. Ол - Гонконгтың иелік құқығын Англия қайтарады, бірақ, бұрынғыдай іс жүзіндік басқару билігін сақтап қалады.

Бұл жерде Англия премьері ешқандай негізсіз айтып отырған жоқ. Оның алғышарттары да бар. Онда тарихта қол қойылған Гонконгқа байланысты үш халықаралық келісімнің заңдылығын Қытай мойындауға міндетті. Олар - 1942 жылғы Англия мен Қытайдың «Нанжиң келісімі» және 1960 жылғы «Қытай-Англия Бейжің келісімі». Бұл келісімдерде Гонконг пен  Коулун жартылай аралының оңтүстігін мәңгілікке Англияға бөліп беру. Ал 1898 жылғы Гонконг аймағының шекарасын кеңейту жөніндегі Қытай мен Англияның арнайы келісімі Коулун түбегінің басым көпшілік аумағын және соның айналасындағы 200-ден астам аралды Англияға жалға беру және бұл жалға берудің мерзімі – 99 жыл деп көрсетілген. Егер аталған үш түрлі келісім өз қуатында болса, 1997 жылға барғанда Англия Қытайға Жаңа Территорияны (New Territories) қайтаруға міндетті. Бірақ, Гонконг пен Коулун жартылай аралына иелік құқығын сақтап қалады. Жаңа Территорияның аумағы - 984,53 шаршы км. Гонконг пен Коулун түбегін қосып есептегенде - 91,49 шаршы км. Сол себепті Жаңа Территорияны қайтарғаннан кейін, Гонконг пен Коулун түбегінің жан бағуы қиындай түседі. Осыған байланысты Англия билігі Қытаймен саудаласып көрмек. Қытай иелік құқыққа қатты мән береді ғой. Онда Гонконг пен Коулун түбегінің де иелік құқығын Қытай қайтарып береді. Оның есебіне Жаңа Территорияның басқару құқығын Англияға берсе қалай болады? Егер осылай келіссе, Англия Гонконгке қарасты барлық аймақтардың иелік құқығын Қытайға қайтарып береді. Бірақ Англия сол баяғысындай күллі Гонконгтың басқару құқығын өзінде қалдырады. Мұнда иелік құқықты қайтарды деген аты ғана. Гонконг сол баяғыдай жартылай отар күйінде қала бермек. Пайдасы ағылшындарға тиесілі. Олардың есебі түгел деген сөз.

Желдің қай жақтан соғатынын жақсы білетін адамдар «темір ханымның» соның алдында ғана болған Англия  мен Аргентинаның Мальвин аралдарына таласқан  соғыста жеткен жеңісінің буымен Қытайға сапарлап, Гонконг мәселесін талқыламақ. Келер алдында ол ашық мәлімдеме жасап: «Гонконгке қатысты үш түрлі келісім әлі де өз қуатында» - деп мәлімдеген болатын. Осы Қытайға сапарында Қытайлықтарға мәселені қабырғасынан қойып, саудаласып көрмек ниетпен келген болатын.

Қыай тарапы да қол қусырып қарап отырмаған болатын. Маргарет Тэтчерді қарсы алуға мұқият дайындалды. Алдымен Қытайдың премьер-министрі Жау Зыяң Англия тарапына ресми хабарландыру жіберіп, Қытай 1997 жылы Гонконгтың иелік құқығын ресми қайтарып алатындығын, сонымен бір уақытта Гонконгқа бағытталған ерекше саясат қолданып, Гонконгтың көркейіп-гүлденуін сақтап қалуға және дамытуға барын салатындығын мәлімдеген болатын.

Англия премьері бұрын жасаған үш халықаралық келісім әлі де күшінде  деген пікірге қасарысып, егер Қытай 1997 жылдан кейін Гонконг аймағын Англияның жалғасты басқаруына беруге келіссе, Англия Қытайға оның иелік құқығы мәселесін қайтаруға ойласады деген талап қойды. Былай қарағанда, оның келісі біреудің меншігін өзіне қайтарып беру емес, Қытай армандап отырған қымбат нәрсені сыйға тартып отырғандай кейіпте болатын.  Және оның талабы кірі арзымайтын кішкентай ғана нәрсе сияқты.

Ал Қытай тарабы үшін оның бұл келуі қарсы жақтың күшін барлап көру мақсатында сиқяты болып көрінді. Ресми мәндегі келіссөз Маргарет Тэтчер ханым келген күннің ертесіне, яғни, 24 қыркүйекке белгіленді. Ал  оның қарсыласы келіссөздің кемеңгері Дэн Сияопин болатын. Дэннің шет елдіктермен келіссөздегі ерекше дарынын бір кездегі АҚШ президенті Джордж Герберт Уокер Буш: «Дэн Сияопин - шет елдіктермен кездескенде табандылық пен ептіліктің ара қатынасын шебер меңгерген ерекше дарын иесі», - деп бағалаған болатын.

Бірінші күні үстіне қызыл бедері бар жасыл түсті костюм, биік өкшелі қара түсті туфли, қолына қара түсті сөмке, мойнына қымбат жақұт тастарды тағынып, үлде мен бүлдеге оранған кейіпте келді. Былай қарағанда, салауатын ат көтермейді. Кербез, тәкаппар, бір бойынан әдептілік пен асыл текті ақсүйектік қатар үйлесім тауыпты. Протокол бойынша оның алдымен халық сарайының Синь Цзянь залында бүкілқытайлық халық құрылтайы тұрақты комитеті төрағасының орынбасары, бұрынғы премьер Жоу Ынлайдың  жесірі Дэн Иңчао қабылдап, есен-саулық сұрасқаннан кейін көрші залда Дэн Сияопинмен кездесу болады екен. Бір қызығы алғашқы кездесуден шыққан соң Синь Цзянь залынан сарайдың екінші басына дейінгі  Фу Жиан залына жеткенге дейін едәуір жол басуға тура келеді екен. Ал таяп барғанға дейін қарсы алып шыққан Дэн Сияопиннің қарасы көрінбеді. Жаңа ғана Дэн Иңчао ханым оның алдынан шығып, ерекше ілтипатпен күтіп алған болатын. Журналистер Маргарет Тэтчер ханымның  жүрісі салмақты, мінезі байыпты көрінгенімен, жүзінде ерекше бір реніштің таңбасын сезді. Оның көңілінде кездесетін қонақ неге қарсы алып шықпайды деген күдік пен күмән белгілі еді.

Қонақ иесінің де өз есебі бар болатын. Дэн Сияопин қасақана мәртебелі қонақты шығып қарсы алған жоқ. Ондағы ойы тәкаппар ханымның өрекпіген көңіліне су сеуіп, сабасына түсіру болатын.  Бірақ тым шектен шығып, салқындық таныту әдепке жат еді. Сол себепті көңілі алай-дүлей болып келе жатқан «темір ханым» кездесетін залға 20 метр қалғанда сарайдың салмақты емен есігі шалқасынан ашылып, Дэн Сияопин ерекше қуанышты бейнеде жүзіне күлкі үйіріп, алдынан қарсы ала шықты. Ол алдыға 5-6 қадам жүріп барып, Маргарет Тэтчер ханыммен қол алысып, амандасты.

Қытайдың №1 адамын көрген  Англия премьері: «Мен Англияның кезекті премьер-министрі ретінде Қытайға сапарлай келіп, сізді көргеніме ерекше қуаныштымын», - деді. Күтпеген жерден  Дэн Сияопин  оған: «Иә, солай. Мен Англияның бірнеше премьер-министрін танимын. Бірақ мен танығанның бәрі мансабымен қоштасып жатады. Келгеніңізді қарсы аламын!», - деп жауап берді. Әрине, Дэн Сияопиннің айтқаны шындық болатын. Бірақ сөздің астарын түсінген адамға сен де көп өтпей өз мансабыңмен қоштасатын шығарсың дегендей түрліше көңілсіз ойларға жетелейтін. Күлкі қысқан журналистерді «темір ханымның» осы сәтте не ойлады екен деген ой мазалады.

Аман-сәлемнен соң, әріптестер ресми тақырыпқа көшкен кезде, журналистер залдан шығарылып жіберіліп, жабық есік жағдайындағы келіссөз басталды. Бірақ күллі әлем экраннан осы кездесудің әрбір сәтін тамашалауға мүмкіндік алды. Көрермендер әлемдік деңгейдегі екі келіссөз шеберінің әңгімесінің әр сөзіне куә болды.

«Темір ханым» екі аяғын айқастырып, кеудесін тік ұстап, өзінің бірінші көзірін үстелге лақтырды. Онысы тарихтағы Гонконгқа байланысты үш келісім халықаралық заңдар бойынша әлі де өз қуатында, 1997 жылдан кейін де Англия Гонконгты жалғасты басқара бермек ниетте.

Дэн Сияопиннің ойынша Гонконг ежелден Қытайдың территориясы, «бөліп беру», «жалға беру»  бұл кезіндегі империялық елдердің зеңбіректің күшімен Қытайды қол қоюға мәжбүрлеген теңсіз келісімдер. Англия осы келісім негізінде Гонконгты жүздеген жылдар билеп-төстеп келді. Енді келіп, сол келісімдердің заңды күші барлығын Қытайлықтардың есіне салғысы келеді. Бұл Қытайдың иелік құқығына қатер төндіру емей, немене? Осылай ойлаған Дэн Сияопин: «Иелік құқық талқылауға жатпайтын мәселе. Бұл жөнінде Қытайдың ойланатын ештеңесі жоқ. Гонконг – Қытайдың территориясы. Біз оны сөзсіз қайтарып аламыз! Уақытына келсек, 1997 жыл деп белгілеп отырмыз», - деп ешбір мәймөңкелеместен шорт кесті. Ол және премьер ханымға: «Сіз бәр нәрсені жаңсақ түсініп қалмаңыз.  Біз Жаңа Территориямен қоса, Гонконг пен Коулун түбегімен толықтай қайтарып аламыз», - деп ескертті.

Қай жағынан алса да, Дэн Сияопиннің сөзі қисынды болатын. Егер Қытайдың территориясы болса, Қытай оны кез-келген уақытта қайтарып алуға құқылы екені рас. 1943 жылы Каирдегі кездесуде Чан Кайши Уинстон Черчилль және Франклин Рузвельтпен Гонконгтың иелік құқығын Қытайға қайтару мәселесін талқылаған болатын.  Жапония тізе бүккеннен кейін Англия шынымен де Гонконгты қайтару мәселесіне идеялық жақтан дайындалған еді. Кейін ҚКП пен Гоминдаңның қырқысы себебінен бұл жұмыс аяқсыз қалған болатын. 1949 жылы Қытайдың халық азаттық армиясы Хайнань аралын басып алғанда аттың басын Шынжын өзенінің жағалауына барғанда кері бұрған болатын. Кейінгі отыз жылда коммунистік Қытай Гонконг мәселесінде дау-дамай, араз-ашылыққа барған жоқ. Көріністе болса да, капиталистік Гонконгтың көркейіп-гүлденуіне тілеулес болғандай болып көрінетін. 1962 жылдан кейін  Қытайдың экс-премьері Жоу Ынлай арнайы қаулыға қол қойып, жолаушы және жүк поездарының Гонконгқа күніне 3 мәрте кіріп шығуын жолға қойды. Бұл Гонконгтың қосымша азық-түліктері мен көкөністерге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге аса қолайлы болды. Әрине, гүлденген Гонконгтың Қытайдың іргесінде болуы Қытайға да өз пайдасын тигізетін. Ол Қытайдың валюталық кірістерін арттыруға және әлемдегі өзгерісті бақылап отыруға ерекше қолайлы терезе іспетті еді. Тағы бір қырынан Қытайдың өзі де ҚХР құрылғаннан кейін, аумалы-төкпелі үркін-қорқынмен күн кешті де, Гонконгтың иелік құқығын қайтарып алғанымен, оны аздырып-тоздырмай, көркейіп-гүлденген күйде сақтап қалуға мүмкіндігі де болған жоқ. Бұл кездесуде Дэн Сияопин осының бәрін Қытайдың төзімділігі мен сабырлығы деп түсіндірді. Ол Гонконг жөніндегі алғашқы келісімнің мерзімі аяқталғаннан кейін де Қытайдың отыз жыл күткенін, оған алдағы 1997 жылға дейінгі он бес жылды қосып есептегенде 48 жыл болатынын, оған оның алдындағы 100 жылды қоссаңыз бір жарым ғасырға жуықтайтындығын, Қытайдың да төзімділігінің шегі барлығын, ал ағылшындар осыған да қанағат қылмай, оны тағы да уысынан шығармай,  жалғасты басқаруға ниеттеніп отыруы тым шектен шыққандық болатындығын премьер ханымға жақсылап түсіндірді.

Дэн Сияопин тағы Маргарет Тэтчер ханымға Қытайға Гонконгтың иелік құқығын қайтарып алуға байланысты орайдың пісіп-жетілгендігін ескертті. 1945 жылы Қытайдың ескі Гоминдаң үкіметі Қытайдың Люшунь портын Кеңес Одағына 30 жылға жалға берген болатын. Содан 5 жыл өткенде, 1950 жылы Қытайдың жаңа үкіметі оны Кеңес Одағынан қайтарып алды.

Дэн Сияопин өз сөзінде егер Қытай 1997 жылы Гонконгты қайтарып алмайтын болса, оның ескі, әлжуаз Чиң патшалығы үкіметінен ешқандай айырмашылығының қалмайтындығын, онда кез-келген Қытай басшысы мен үкіметінің Қытай халқына, тіпті күллі әлем халқына жауап бере алмайтындығын ондай биліктің саяси сахнадан кетуге тиіс болатындығын, сол себепті өзінде басқа таңдаудың жоқ екендігін, сол себепті Англия үкіметінің Қытай үкіметіне түсіністікпен қарағандығы жөн болатындығын «темір ханымның» санасына  мықтап сіңіруге тырысты. Ол және Англия премьеріне Қытайдың Гонконгтың иелік құқығын қайтарып алуы моральдық тұрғыдан ағылшындарға да  пайдалы екендігін, себебі сол арқылы Англияның «отарлаушы» деген қалпақтан біржола арылатындығын, әлемдік қауымдастықтың алдында да беті жарық болатынын есіне салды. Осы кездесу арқылы Маргарет Тэтчер ханым Қытайдың Гонконг мәселесінде әлі де Англиямен келіссөз өткізуге пейілі болуы өзімен санасу екендігін түсіне бастады. Шынында, отаршылдықтың дәуірі әлдеқашан өткен. Әлемдегі отарлардан тек қана Гонконг пен Макао ғана қалған болатын. Қытай Гонконгты қайтарып аламын десе, оған ешкім де қарсы болмауға тиіс. Англия үкіметіне бір ауыз ескерту жасаса жетіп жатыр. Тіпті, ескертудің де керегі жоқ.  Индияның  Гоа штатын қайтарып алғаны сияқты әскер жібере салса, жетіп жатыр. Ал бұл туралы кеңесіп отыру ерекше әдептіліктің белгісі, қонаққа деген құрмет деп саналу керек. Бұл жерде Англияның саудаласуға, кеуде керіп, кергуге ешқандай хақысы жоқ.

Иелік құқық мәселесінен оңбай ұтылған Маргарет Тэтчер ханым енді пайда-зиян мәселесіне қарай ойысып, Қытайлықтардың Гонконгтың көркейіп-гүлденуіне ерекше ықыласты екендігін есіне салып: «Егер Қытай Гонконгты қайтарып алатын болса, ол ендігәрі Гонконгтың көркейіп-гүлденуі емес, оған апат әкеледі. Бұл Қытайдың «төртті осы замандандыру құрылысына» зиян ғой», - деп өзінің ерекше алаңдаушылығын білдірді. Бұл жерде Дэн Сияопиннің ағылшындармен жасаған келіссөзінің басты мақсаты да Гонконгтың болашақта жалғасты көркейіп-гүлденуі үшін қажет болатын. Маргарет Тэтчер ханым осы жерде Қытайдың әлсіз тұсын дөп басып ұстады. Ал Дэн Сияопин ешбір асып-саспастан: «Гонконгтың көркейіп-гүлденуі тек ағылшындар билесе ғана мүмкін болады деп ойлау жаңсақтық болады. Қытай Гонконгты қайтарып алған соң, оның көркейіп-гүлденуін сақтауға қарым-қабілеті жетіп артылады. Бұл -  бір мемлекеттегі екі түзім саясаты. Гонконгтың қазіргі қоғамдық түзімі кем дегенде елу жыл өзгермей сақталады», - деп кесіп айтты. Ол өз көзқарасын одан бетер ашық айта отырып: «Тіпті, Гонконг жалғасты көркейіп-гүлденбей, күйреп қалса да, оның Қытайға әсері шамалы. Әрине, мен ешқандай әсері болмайды деп айтпас едім, әсері болатындығы рас, сіздің алаңдаушылығыңыз бен ізгі көңіліңізге рақмет! Қайталап айтам, әсері соншалық үлкен болмайды. Қытайдың төртті осы замандандыру құрылысының бүкіл тағдырын Гонконгтың көркейіп-гүлденуіне ғана телу мүлде дұрыс болмайды. Егер сіз айтқандай біз Гонконгты қайтарып алғаннан кейін оның тағдыры апатты жағдайға ұрынатын болса, онда біз сол апатты көруге де дайынбыз. Мен тағы бір нәрсені ашық мәлімдегім келеді. Біз дипломатиялық жолдармен кеңесу арқылы осындай апатты жағдайды болдырмаудың мүмкіндігін қарастырамыз. Егер сіздердің тараптан белсенді істестік көре алмасақ, соның кесірінен Гонконгта дүрбелең пайда болатын болса, Қытай үкіметі Гонконгты қайтарып алудың уақыты мен тәсілін басқаша ойласуға мәжбүр болады», -  деп соңғы кесімді сөзін айтып, аяқтады.

Келіссөз басында Маргарет Тэтчер ханым келіссөз тақырыбы Гонконгтың иелік құқық мәселесі ғана болады деп топшылаған болатын. Ал дау-дамай осылай жалғаса берсе, жағдайдың кімге тиімді, кімге тиімсіз болатындығы өз-өзінен түсінікті еді. Егер Бейжің тарабы бұрынғы үш түрлі келісімнің заңдылығын мойындаса, дипломатиялық келіссөздің кейінгі бағыты мүлде басқа арнада өрбитін еді. Дэн Сияопин ерекше дипломатиялық шеберлікпен мәселені үшке бөліп қарастыру арқылы өз әріптесін мүлде ырықсыз жағдайға түсірді. Бұл үш мәселе:

  1. Иелік құқық мәселесі.
  2. 1997 жылдан кейін Гонконгты қалай басқару мәселесі.
  3. Өтпелі дәуірдегі жұмыс барысы.

Бұл мәселелерде  Дэн Сияопин нені талқылауға болады, нені талқылауға болмайды деген мәселелердің ара-жігін айқындап алып, үш мәселеге де өзінің кесімді жауабын айтты. «Мұнда иелік құқық мәселесін талқыламаймыз. 1997 жылы Қытай Гонконгты қайтарып алады. Қандай жолдармен қайтарып алу мәселесінде Англия тарабымен келіссөзге дайын», - деген кесімді пікір болды.

Мәселені бұлай қарастырудың Қытай үшін үш түрлі пайдасы бар еді:

  • Бірінші. Гонконгтың иелік құқығын қайтаруда оның көркейіп-гүлденуі мен орнықтылығына кесірін тигізуден барынша сақтану;
  • Екінші. Өтпелі кезеңде Англия тарабының белсенді сәйкесуіне қол жеткізу арқылы Гонконгтың иелік құқығы қайтарып алынған соң да, Англиямен қалыпты дипломатиялық қатынасты сақтау;
  • Үшінші. Тайвань мәселесін шешуде үлгі-өнеге көрсету. Тайваньнның ұлы құрлықпен қосылуына негіз қалау;

Мұндай келіссіөз Англия тарабын қызықтырмауы да мүмкін. Себебі, қазірше Гонконг солардың қолында. Олар тіпті мүлде керенаулық танытуы әбден мүмкін. Сол себепті келіссөзді осы таяудағы бір-екі жылда бастау керек. Содан соң Қытай Гонконгты қайтарып алу жөніндегі өзінің нақты шешімін ресми жариялайды. Бұл туралы ол: «Біз тағы да бір-екі жыл күтуге бармыз. Бірақ кесіп айтайын, біз, сөз жоқ, одан әрі кейінге қалдыра алмаймыз», - деп Англия тарабына мәселені сөз бұйдаға салып жүре беруіне болмайтындығын ескертті. Ол және сөз ауанын жайма-шуаққа салып: «Егер келіссөз сәтті болып, істестігіміз екі жақытң да көңілінен шығып жатса, Англияның мүддесі де толықтай ескеріледі. Өтпелі кезеңді қалай орналастырамыз, бұл жағынан Англиялық әріптестеріміздің ұсыныс-пікірін мұқият тыңдайтын боламыз. 1997 жылдан кейін Англиялықтар ақылшы-кеңесші салауатымен Гонконгта қала беруіне болады. Ондай жағдайда Англиялықтар Қытаймен болған сауда және инвестицияда көптеген тиімді жағдайларды иеленетін болады», - деп айтуды да ұмыт қалдырған жоқ.

Зілді және қатаң позициядағы ащы сөздер мен қатаң ескертулер ешбір бүкпесіз айтылған соң, енді Англия тарабымен ешқандай оңды келісім болмаса не істейді деген мәселеде Дэн Сияопин Қытайдың Гонконгты қайтарып алу бойынша уақыт пен тәсілде қайта басқаша ойлауға мәжбүр болатындығын ескерту арқылы мұндай салдарлардың Англия тарабына да ешқандай пайда әкелмейтіндігін қарсы тарапқа ескерту үшін болатын.

Келіссөз аяқталғаннан кейін Маргарет Тэтчер ханым қонақ иесімен көңілсіз қоштасып, есікке беттеді. Оның өңі ашудан қуарып, сабасына сыймай кетіп бара жатқандығы айқын байқалды. Ол халық сарайының есігінен шығып, баспалдақпен төмен беттегенде, екінші баспалдақтан биік өкше туфлиінің табаны тайып кетіп, баспалдаққа оңбай құлап түсті. Қол сөмкесі де бір жаққа ұшып кеткен болатын. Құдай қаққанда, ол жазық жерге құлап, қатты зардап шеккен жоқ. Жанындағылар дереу сүйеп тұрғызды.

Дэн Сияопин Маргарет Тэтчер ханымның «үш түрлі келісімнің әлі қуаттылығы бар» деген тұжырымын күл-талқан еткен соң, келіссөздегі ырықтылықты өз қолына алып, Гонконг мәселесін шешудің басты бағытын айқындап берді. Кейін Қытай мен Англия тарабы осы бағытпен келіссөз жүргізеді. Мұның алғышарты - 1997 жылы Қытай Гонконгты қайтарып алады. Осы негізде қалған 15 жылдық өтпелі мезгілде және Гонконг қайтарып алынғаннан кейінгі мәселелерді кеңінен талқылайды.

Маргарет Тэтчер ханымды «темір әйел» десе, дегендей болатын. Ол Дэн Сияопинмен алғашқы айқаста ырықсыз күйге түскенімен, Гонконгтың иелік құқық мәселесінде жол бергісі келмей, жарты жыл бойы өзінше қырсығып бақты. Бірақ, ақырында келісіп, кеңеспеудің Англияға ешқандай пайда әкелмейтіндігіне көзі жеткен соң, 1983 жылы наурыз айында Қытайдың сол кездегі премьер-министрі Жау Цзыяңға хат жазып, өзінің Гонконгтың иелік құқығын Қытайға қайтару мәселесінде Англия парламентіне арнайы ұсыныс дайындап жатқандығын айтып, аталған аймақтың иелік құқығын Қытайға қайтаруға дайын екенін мәлімдеді.

1983  жылдың 13-шілдесінде Маргарет Тэтчер ханым Қытайға қайталай сапармен келіп, екі жақты келіссөзді бастап кетті. Белгіленген жоспар бойынша бір-екі жыл көлемінде келіссөзді аяқтау қажет болатын. Қазірдің өзінде бір жылға таяу уақыт өте шығыпты. Дэн Сияопин шын мәнінде уайымдай бастады. Ол өзінше бір мемлекетте екі түзім жоспары бойынша Тайваньды қосып алуды армандап жүріпті. Бір Гонконг мәселесін шешуде осыншама қиындықтарға тап болса, жағдай қайтіп мандиды? Сол себепті екінші реткі келіссөз басталғанда ол Қытай тарабы делегациясына: «Тек қана табысқа жетесіңдер, сәтсіздікке ұшырауға әсте болмайды!», - деп ескертті. Бірақ Англия тарабы 1997 жылдан кейін де Гонконгты басқара беруге ниеттеніп, иелік құқықты қайтару мәселесінен жол бергенімен, басқару жағын өздеріне қалдыруға қасарысты. Тіпті төртінші реткі келіссөздің өзінде ешқандай ілгерлеушілік байқалмады. 1983 жылдың қыркүйегінде Англияның бұрынғы премьер-министрі Эдвард Хитпен кездесіп, Англия тарабының иелік құқықты басқару құқығына айырбастау талабының іске аспайтындығын ескертті. Қытай тарабы толық иелік құқықты оны билеу құқығымен әйгілей алады. Өз иелігін өзі басқара алмаса, оның несі иелік?! Қытай үкіметі басқару құқығын Гонконгтықтардың өзіне қалдыруына болады. Бірақ, Англиялықтарға қалдыра алмайды. Олай болмағанда, бір мемлекетте екі түзім емес, екі мемлекетте екі түзім болып шығады. Дэн Сияопин Англиялықтарға өз райларынан қайтуға кеңес берді. Олай болмағанда, өзі уәде еткен екі жыл уақыт толатын 1984 жылы қыркүйек айында Қытай үкіметі шарасыздықтан Гонконг мәселесін шешудің бағыты мен саясатын өз бетінше жариялайтындығын ескертті.  Келіссөздің табысты болуы үшін кейбір мәселеде Қытай тарабы да икемді әдіс-тәсілдер қолдана білді.

Англия тарабы да амалсыз жол беруге мәжбүр болды. Олар 1997 жылы тұтас Гонконг аймағының иелік құқығын Қытайға қайтарып беру шарты негізінде Қытай тарабымен келіссөз өткізуге келісті. Ағылшын тарабы үш түрлі келісімнің әлі де қуатты деген ұстанымынан айныған соң, енді олардың Қытаймен саудаласуда пәлендей күш-қуаты қалмаған болатын. 1983 жылдың желтоқсан айындағы екі тараптың жетінші реткі келіссөзінен кейін келіссөз арнасы Дэн Сияопин жобалаған бағытпен жылжып отырды.

Екі жылға созылған келіссөзде бірінші жыл тұтасымен иелік құқық мәселесіндегі дау-дамаймен өтті. Бірақ Дэн Сияопин ең басынан бастап иелік құқық мәселесін талқыланбайтын тақырып деген принциппен жүргізілгендіктен, Қытай тарабы келіссөзді бақылауда ұстай алды. Соның нәтижесінде, 1984 жылдың қыркүйек айына келгенде Дэн Сияопин белгілеген мерзім аяқталар сәтте Қытай мен Англия бірлескен мәлімдеменің мәтініне қол қойысты. Мұнда «Қытай 1997 жылдың 1-шілдесінде Гонконгтың иелік құқығын толықтай қайтарып алады» деп жарияланды. Жүздеген жылдың алдындағы теңсіз келісімдер Дэн Сияопиннің дипломатиялық табандылығы мен шеберлігінің арқасында  тарихтың қойнауына кетті.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5335