Референдум әділетті Қазақстан құрудың алғышарты – Мәжіліс депутаты
Қызылорда облысында жұмыс сапарымен жүрген «AMANAT» партиясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских Жалағаш ауданындағы жетекші шаруашылықтардың бірі «Таң LTD» еңбек ұжымымен кездесті.
Алдымен шарушылық жұмысымен танысқан депутаттар еңбек ұжымына референдумның маңыздылығын, Ата заңға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар туралы түсіндірді.
Өңірдің барлық аудандарында болып, түрлі сала өкілдерімен кездесіп келеміз. Олармен болған жүздесулерде көптеген мәселе көтеріліп жатыр. Соның ішінде әйел азаматтардың зейнет жасын қысқарту, жайылым жер тапшылығы, өнеркәсіп орындарын ашу, субсидия алу төңірегінде ұсыныстар айтылды. Президенттің референдум өткізудегі шешімі нағыз халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты ұстанымының көрінісі екенін білдіреді. Бұл референдум шын мәнінде әділетті Қазақстан құру жөніндегі саяси реформаларды жүзеге асырудың алғышарты, – деді Бақытбек Смағұл.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских референдумның маңыздылығы мен адамқұқықтарының қорғалуы бағытында енгізілетін өзгерістерге тоқталды.
Құқық қорғау саласында елеулі өзгерістер енгізілмек. Соның ішінде Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, яғни омбудсмен мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалмақ, – деді депутат.
Сондай-ақ іс-шараға қатысқан облыстық, аудандық штаб мүшелері референдум қоғамның жалпы көзқарасын, пікірін тануға, саяси біліктілігін арттыруға, түйткілді мәселелерді талқылап, оңтайлы шешім шығаруға арналған жүйе екенідігін атап өтті.
Кездесу барысында серіктестік қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Іс-шара соңында «Таң LTD» ұжымы ұсынылған өзгерістерге қолдау білдіріп, референдумға қатысуға дайын екендіктерін айтты.
Abai.kz