Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3922 0 пікір 27 Шілде, 2009 сағат 09:34

Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ. Қыран қанаты талмасын...

Жақында «Жалайыр Шора» атындағы құсбегілер орталығының басшысы Бағдат Мүптекеқызына жолыққан едім. Ондағы мақсатым - қырандар мекенін көзбен көріп қайту. Бірақ құстар әзірге тауда түлекте болып шықты. Азын-аулақ әңгімеден кейін маған олар артық-ауыс, ескі қауырсын-қанаттарымен бірге бар қасіретін ұмытуға кеткендей көрінді.

Жақында «Жалайыр Шора» атындағы құсбегілер орталығының басшысы Бағдат Мүптекеқызына жолыққан едім. Ондағы мақсатым - қырандар мекенін көзбен көріп қайту. Бірақ құстар әзірге тауда түлекте болып шықты. Азын-аулақ әңгімеден кейін маған олар артық-ауыс, ескі қауырсын-қанаттарымен бірге бар қасіретін ұмытуға кеткендей көрінді.

Тек Қазақстанда ғана бүркіттің 11 түрі кездеседі. Біздің сахарада 200 құс ұстаған Бекмырзадай жандар өткен өмірден. «Қырансыз Кеңес Одағының тақ әкесін» деп, Қытайдан мұзбалағын балам деп куәлік ашып, елге әкелген еді Тоқтасын атамыз. «Шекарада қалған құсымды қайтарып бер!» деп Бірінші Хатшыға хат жазып, бекзат өнерді бек сүйіп өткен Байжүністей құсбегілер. Қанша кеңестік идеология десек те, ол кездің басшылары киелі құсқа қиянат жасамаған екен. Сөйтіп екі айдың ішінде Байжүніске қыранын шекарашылар сонау Созақ ауданына әкеліп берген деседі. 87-жылы Алматы қаласының Бірінші хатшысы болып тұрған кезінде Заманбек Нұрқаділов Құсбегілер фестивалін өткізгені тағы бар.
Өкінішке орай бүгінде ұлттық өнеріміздің бұл түріне деген құрмет ұлықтардың назарынан тыс қалып жүр. Елімізде бар-жоғы 40-қа жуық құсбегі бар. Оның 20-сы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра ауылының тұрғындары. Мұны мақтаныш санап, қолдағанның орнына «Қарғаларын көтеріп әуре етті ғой» деп шамданған әкімдер де болғанын не дейсіз? Бір ауылды екіге бөліп, қазақты қазаққа айдап салып, орталықты ортасына түсірмекке әрекет етіп жүргендердің артында қандай күш жатыр? Өзгенің сандырағы мен көк қағаздың буына желігіп, ұлттық өнерді аяқасты ету кімге ұпай әпермек? Қайтеміз, бұл мәселенің бір ұшы сол баяғы жікшілдігімізге де, желөкпелігімізге де келіп тіреледі. Ал Араб шейхтары болса, ағылшынның Редингтон қаласында әлемнің 33 елінің басын қосып, құсбегілердің Халықаралық фестивалін ұйымдастырып жүр. Біз ше? Біз ең болмағанда республиакалық фестивальдің өзін жандандыра алмадық. Кішкентай Бельгияда 90-ға жуық бүркітші, ал Испанияда 160-тың ар жақ бер жағында құсбегі бар екенін естігенде, тіптен ұяттан жерге кіргендей боласың. Ата дәстүрді өзгелерден үйрене бастасақ, не қайыр?
Иә, республикамызда 2005 жылы «Қыран» Федерациясы құрылды. «Ұлттық спорт түрлері» қауымдастығы қызмет етіп келеді. Сөйте тұра, қырғыздар «Көкпарды» өңгеріп, өздеріне меншіктеп әкетеді. «Енді базбір белсенділер Ұлттық спорт түрлерінің халықаралық қауымдастығын құрып, орталығын Бішкекте ашуды шетжағалап ұсынып жүр» дейді «Жалайыр Шора» орталығының директоры Бағдат Мүптекеқызы. Егер бұл ой жүзеге асатын болса, біз халықаралық жарыстар өткізгенде рұқсат сұрап көрші елге сабылуымызға тура келеді.
Кезінде «Аспанға ұшсам қанатым талады, Жерге қонсам Жалайыр Шора алады» деп назданушы еді қайран қыран. Бүгінде олар орман шаруашылығы мекемесінен жаситын болды. Құсбегіліктің дамуына қолбайлау болып отырған тағы бір өзекті мәселе - чип салудың жай-жапсарының, анық-қанығының тұрғындар арасында кеңінен түсіндірілмеуінде. Кезінде Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылының тұрғыны, қария құсбегі Насыр Мәметовтің қос бүркітінен айырған сол мекеменің тепкісі. Айыбы бүркіттерге чип тағылмаған. Ақыры сотта құсынан айырылған ақсақалдың бүгінгі көкірек құсасын түсінетін кім бар? Құсбегілердің айтуынша, чип салған қырандардың жартысынан астамы қазір о дүниелік. Барлығы да аспаннан шүйлігіп келіп, аңға түсе бергенде мерт болады екен. Еліміздегі жалғыз бүркітші қыз Мақпалдың құсы да бір байқауда дәл солай жантәсілім еткен. Ендеше Еуропа одағы айтты екен деп, қыранның кеудесіне біз орнатуды неге асығыс бастап кеттік? Орнитолог ғалымдар осыны неге зерттемейді? Жан-жануарлары табиғи ерекшелігінен ада болған, саябағында қасқыры мен қояны бірге қыдыратын, бүркіті арлан, түлкі тұрмақ, қоянға үспейтін Батыс бізге не үйретпек?

Бүгінгінің бегі сөзге тоқтамақ түгілі, құлақ түріп тыңдаудан қалған сыңайлы. Күлтөбедегі жиыннан аса алмай, жеткен қызметтерін «аузымды ашып өпкенім, көзімді ашып көргенім» дегендей жұмсақ орындықтарында судай сіңіп, тастай батқанша төрт қабырғада қамалып отыра беруге кәміл бекінгендей. Әлде министрліктердің Баспасөз қызметі басшыларына баспа бетін көрген мақтау мен мадақтарды ғана жеткізіп отыр ма?
Туризм және спорт министрлігінің жоспарына үңілсеңіз, әлемдік олимпиадалық ойындар жарысы, одан қалса қысқы олимпиада, жазғы олимпиада, Азия ойындары, бәленбай-түгенбай, ақ-көк. Бітпейтін әйтеу олимпиада бар. Тіпті уақыт қалса, ана сессия, мына жиынға дайындалу. 2009 жылы 15 қаңтарында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ұсынылған жоспардан ұлттық спортқа қатысты бір ауыз сөзді ұлғайтқышпен іздесеңіз де таппайсыз. «Астана және Алматы қалаларында 2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын өткізу жалғыз министрлік емес, тұтастай мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі» деп атап өтіпті құзырлы мекеме басшысы осы басқосуда. Ұлттық ойындарды дамыту турасында сөз қозғамағанына қарағанда бұл мемлекеттің міндетіне кірмейді-ау шамасы? Осындайда білек түріп іске кірісер облыстық мекемелердің де жұмысы мандымай отыр.
Әлде біз көтеріп отырған мәселеде құсбегілікті дамыту жалғыз «Жалайыр Шора» атындағы орталықтың ғана міндеті ме екен? Әлде қазақтың қыран құсына қамқорлық жасаудан аянбайтын «К'селдің» мойнына жүктейміз бе ? Кімге ысырып тастасақ болады?

Басқа-басқа «К'селл» компаниясы брэндіне деген адалдықты танытып-ақ бағуда. Ал мемлекет өзінің туында бейнеленген қыранына оң көзбен қарап жүр ме? Әрине соқтығарға қара таппай жүргеніміз жоқ. Аққудың ғана емес, қыранның да киесі болса керек. Жетімсіреген Жетімкөлдей киесін шошытып қазақтың даласы да иесіз қалып жүрмегей.
Қазақ «сенің табаныңа кірген менің маңдайыма кірсін» деуші еді. Қазақ пен қыран - кіндігі бір егіз. Сыңарыңыздың көкірегіне қадалған біз сіздің жүрегіңізге батып жүрген жоқ па, ағайын?

 

 

«Ана тілі» газеті, 23.07.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006