LRT құрылысын аяқтауға 577 млн доллар керек
Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Күлгінов LRT құрылысын аяқтау үшін 577 млн доллар керек деп мәлімдеді. "Қытай тарабы егер біз үздіксіз қаржыландырып отырсақ, екі жыл көлемінде құрылысты аяқтап, пайдалануға беретінін айтып отыр", - дейді астана әкімі.
Қазір қаржыландыру болмағандықтан, құрылыс та тоқтап қалған. Осыған дейін бұл құрылысқа миллиард доллар ақша жұмсалған.
Қытай компаниясына берешек 116 млн доллар қарыз жабылған. "270 млн доллар ақша жоғалып кетті, бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр", - деді әкім.
LRT ұзындығы 24 шақырым. Егер құрылыс толық аяқталатын болса, жыл сайын оны қамтамасыз ету үшін үш млрд теңге керек болады екен. Күлгіновтің сөзінше, жеңіл рельсті көлік күніне 25–30 мың адамға қызмет ететін болады.
2021 жылы City Transportation Systems (бұрынғы "Астана LRT") компаниясы құрылысты аяқтау үшін үкімет кепіл болып, 1,08 млрд доллар қарыз алатынын мәлімдеген. Астана билігі CTSystems ақшасы салық төлеушілер есебінен қайтарылады деген.
Abai.kz