Өзбек президенті: “Жаңа Қарақалпақстанды құрамыз"
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев халқы шеруге шыққан Нүкіс қаласына барды. Ол Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңес депутаттарымен кездесіп “Жаңа Өзбекстан мен Жаңа Қарақалпақстанды” құруға уәде берді.
Шавкат Мирзиёев Парламент депутаттарымен бірге Қарақалпақстан халқының алдында сөз сөйлеп, конституциялық заң жобасы жалпыхалықтық талқылаудан өтетінін және одан әрі жетілдіру үшін заң шығарушы органның қарауына берілетінін айтты. Тек осыдан кейін ғана жоба республикалық референдумға шығарылып, бұл сауалға қатысты халықтың еркін дауыс беретінін мәлімдеді.
«Осыдан соң Өзбекстан Республикасының конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», – деп атап өтті Мирзиёев.
Өз сөзінде ел халқының парызы – бірлік пен бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау екенін айтты.
«Конституциялық реформаның басты мақсаты – осы. Біз бірге міндетті түрде Жаңа Өзбекстан мен Жаңа Қарақалпақстанды құрамыз. Осы бағыттағы барлық реформалар мен талқылаулар тек демократиялық жолмен іске асуы керек», – деп қосты ол.
Сондай-ақ Өзбекстан президенті Қарақалпақстан Республикасының құқықтық мәртебесі өзгеріссіз қалуы керегін мәлімдеді.
Abai.kz