Қаңтар құрбандарына – амнистия!
Орыстың отаршылдық билігі мен жастарды майданда окоп қазу жұмыстарына алу туралы 1916 жылғы патша жарлығына қарсы Жетісудағы, Арқадағы көтерілістер аяусыз жазалауға ұшырағаны мәлім. Соның салдарынан көтерілістің Бекболат Әшекеев сияқты басшылары дарға асылды, бірқатары сотталды, Сібірге айдалды. Бірақ арада сегіз ай өткенде 1917 жылы 6 наурызда Уақытша өкімет «саяси тұтқындарды» амнистиялау туралы қаулы шығарған.
Онда: «…по поводу распоряжение 25 июня 1916 года «О привлечение инородческих населении к работам в тылу армии» прекратить навсегда, немедленном освобождении всех заключенных под действии указа» (Орталық мемлекеттік архив, 76 қор, 1-тізбе, 636 іс, 269 бет) делінген. Сөйтіп ажал алдында тұрған немесе түрлі мерзімге соталған, сондай-ақ соты енді өтетіндер сол амнистия арқылы қолма қол босатылған. Сонау патша заманында, бұдан 105 жыл бұрын көтеріліске шыққан адамдар амнистиямен босатылған екен.
Мұны неге айтып отырмын. 2022 жылы Қазақстанның 44 қаласы мен 26 ірі елді мекенін қамтыған Назарбаев режиміне қарсы Қаңтар ұлт-азаттық көтерілісі кезінде түрлі арандатушылық әрекеттер салдарынан қаза болған, қамауға алынған, жазықты-жазықсыз жазалауға ұшыраған, әлі күнге дейін абақтыда отырған азаматтарға Қазақстан Конституциясы күні қарсаңында 1917 жылғы Уақытша өкімет жариялаған құқықтық кешірім сияқты амнистия жарияланса құба құп болар еді. Мұндай гуманистік қадам президент Қ.К.Тоқаевтың халық арасындағы беделін арттырып, оған деген ризашылық сезімін туғызар еді.
Кейбір деректерде қазірге дейін Қаңтар оқиғасына қатысқан мыңға тарта адам құқықтық қудалауда жүргені айтылады. Аталған халықтық толқудың «Шал, кет!» деген саяси ұранмен өткені рас. Экс-президент Н.Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретіндегі 2019 жылғы 20 наурыздан 2022 жылғы қаңтарға дейін өзінде сақтаған легитимсіз құзіретін халық қысымының көмегімен Қ.К.Тоқаев 2022 жылы 5 қаңтарда әзер заңды түрде иеленді. Саяси толқудың Қ.К.Тоқаевқа тигізген басты пайдасы осы. Қолы арқаннан босады, саяси еркіндік алды. «Жаңа Қазақстан» құру туралы идея міне, осыдан кейін ғана туды. Жаңа Қазақстан – бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты екендігіне қазір ешкім таласпайды.
«Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз» дейді Президент аталған идеяға бастау болған өзінің биылғы 16-наурызда жасаған Жолдауында.
Сол «Жаңа Қазақстан» құру ісі қаңтар құрбандарын «жат көрмей» амнистия жариялау сияқты адамгершілік қадамдармен «жақын тарту» арқылы басталғаны жөн деп ойлаймын. Сонда ғана "Жаңа Қазақстанның" орнығуына деген халық сенімі пайда болады!
Марат Бәйділдаұлы,
жазушы-публицист
Abai.kz