Сейсенбі, 28 Сәуір 2026
Жаңалықтар 102 0 пікір 28 Сәуір, 2026 сағат 13:47

Қазақстандықтардың деректері қалай қолды болды?!

Сурет: kaz.inform.kz сайтынан алынды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкіметте өткен брифингте қазақстандықтардың жеке деректерінің тарап кетуіне қатысты пікір білдірді.

Журналистер жеке деректерді сатқан топтың құрамында кімдер болғанын және олар бұл мәліметтерге қалай заңсыз қол жеткізгенін нақтылады.

– Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, сондықтан әзірге ешқандай ақпаратты жариялай алмаймыз. Барлық тергеу аяқталып, қажетті шаралар қабылданғаннан кейін тиісті ақпарат беріледі деп ойлаймын. Қазір, өкінішке қарай, ештеңе айта алмаймын, – деп жауап берді Коняшкин.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері қолданыстағы дербес деректерді қорғау тетіктері неге олардың жаппай заңсыз жиналып, сатылуына жол бермегенін сұрап, бұған ХҚКО қызметкерлері немесе мемлекеттік органдар қатысы болуы мүмкін бе деген мәселені көтерді.

– Мен мұны дәл ХҚКО қызметкерлері деп нақтыламас едім. Біз ақпараттық жүйелердегі деректерге қолжетімділік әр қолданушыға берілетін рөлдерге сәйкес бөлінетінін түсінуіміз керек. Егер нақты бір қолданушы заңды бұзып, алған ақпаратты заңсыз пайдаланса, онда оған қатысты құқық қорғау органдары тиісті шараларды қабылдайды. Жеке деректердің дұрыс емес жиналуы көбіне фишингтік сілтемелер, қоңыраулар немесе QR-кодтар арқылы жүзеге асады. Мұндай кодтар адамдарды заңсыз сайттарға бағыттап, сол жерде мәліметтер жиналады, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұған дейін айтылған деректердің сыртқа таралуы көбіне микроқаржы ұйымдары мен жеке ақпараттық жүйелерден болған.

– Министрлік ретінде біз жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын белгілейміз. Қазір ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін, сондай-ақ жеке деректерге қатысты заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті барынша күшейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Айыппұлдар бірнеше есе ұлғайтылды, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Сонымен қатар ірі көлемдегі деректердің жаппай таралуына жол бергені үшін жауапкершілікті қылмыстық деңгейге дейін күшейту мәселесі де қарастырылып жатыр, – деді Коняшкин.

Abai.kz

0 пікір