Жұма, 11 Қазан 2024
2219 0 пікір 18 Шілде, 2022 сағат 14:15

"Қазфосфат" басшылығы бойынша тергеу жүруде

Минерал тыңайтқыштар өндіретін "Қазфосфат" зауыты басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды деп хабарлады қаржы мониторинг агенттігі.

Қылмыстық істі 13 шілдеде Жамбыл облысының экономикалық тергеулер департаменті тіркеген. "Монополия қызметі" бабы бойынша тергеу аймақтық бәсекені қорғау және дамыту департаментінің қорытындысы негізінде басталған.

Қаржы мониторинг агенттігінің хабарлауынша, "аммофосты" қымбатқа сату арқылы "заңсыз табыс тауып", "монополия жағдайын асыра пайдалану" фактісі тіркелген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында тыңайтқыш зауыты үлестес компанияға өнімінің едәуір бөлігін сатып, өз кезегінде ол оны 30 пайызға қымбаттатып сатқанын айтқан.

"Қазфосфат" зауытын мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұрхан Нұрланов басқарады.

Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметінен айырылған. Нұрлан Нығматулин 1 ақпанда мәжіліс спикері қызметінен кетті.

Бірнеше күн бұрын "Қазфосфат" зауытында апат болып, Тараз қаласын көк түтін басқаны хабарланды. Тұрғындар тыныс алудың қиындағанына шағымданды. Экология министрлігі бастапқыда фторсутек қалыпты нормадан екі-үш есеге артты, аммиак, күкіртсутек, көмірқышқыл газының артық мөлшері анықталмады деп хабарлаған. Кейін ластаушы заттардың артық мөлшері анықталмады деп мәлімдеген. Жамбыл облысының әкімдігі "тұрғындар денсаулығына қауіп жоғын" айтты. Кейінгі бір жарым айда кәсіпорында үш апат тіркеліп, екеуінде адам өлімі болған.

Abai.kz

0 пікір