Тоқаев неге Үкіметті отставкаға жібермеді?
Таяуда үкімет отырысы өтті.
Өкінішке орай, бізде осындай ресми отырыстарға «жиналып алып, президентке көпірме есеп береді, ондай жиындардан түк пайда жоқ!» көзқарас бар» деген бір жөнсіз көзқарас бар.
Меніңше, ол дұрыс емес. Өйткені, «ымды түсінбеген, дымды түсіндейбі», осындай отырыстардағы президенттің әрбір сөзінің артында бір астарлы, ертеңгі күні оның жарлығына не басқа бір маңызды шешімге ұласып кететін бір түйткіл жатады.
Жиын стенограммасына қайтадан бір шолып шығайықшы.
Алдымен, саяси реңк туралы. Бұл жолы президент өз уәзірлерін жерден алып, жерге салды! Сөзіне қарасаңыз, құдды бір билік қарсыластары айтып, жазып жүрген сыни пікірлерді қайталап жатқандай:
«Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек».
«Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ» (президенттің сөзі толығымен БАҚ-та жарияланды, сондықтан оның бәрін қайталамай-ақ қояйын).
Міне, үкіметтің жұмысына берілген әділ баға осы!
Бір қызығы, халық пен президенттің берген бағалары бірдей болып тұр!
Бұл да болса, саяси және моральдық жағынан жаңаша үрдіс екен.
Тіпті: «Дүкендерде не болып жатқанын бәріміз де көріп отырмыз. Масқара!», - деп ашына және таусыла сөйледі президент! Құдды менімен бірге үй жанындағы дүкенге бірге барып жүрген көршілерімнің сөзі сияқты!
Сонымен бірге үкіметке қатысты айтылған сөздердің ішінде көңілге күдік ұялатқан бір тезис болды. Президент: «Қазір халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін. Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар», - деді.
Бәлкім, ауызбен орақ орып, қолымен қосаяқ соғуға машықтанған үкімет оған: «Біз бір адамдай жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, қолдан не келеді? Бәріне жаһандық дағдарыс кінәлі», - деп, ақталып жатқан болар. Бұл орам сол әңгіменің көрінісі болса керек. Қит етсе болды, барлық кінәні сыртқы факторларға ысыра салып, өзіне шаң жуытпайтын әдеті бар емес пе мына биліктің?
Кет десе, ит те кетеді!
Мұндай қатқыл сыннан кейін намысы бар үкімет мүшелері орнынан тұрып: «Президент мырза! Сіз артқан сенімді ақтай алмадық. Сол себепті өз еркімізбен отставкаға кетеміз! Сіз жаңа команда жинақтап, бізден гөрі білімді әрі білікті министрлерді қызметке алыңыз!», - деп айтар еді.
Біздің шенділер бұл жолы ондай қадамға баруға жарамады.
Шынын айту керек, президенттің осындай отырыстарда өз тапсырмаларын орындай алмай, сенім үдесінен шықпай жатқан шенділерге тым сыпайы, тым ізетті, тым дипломатияшыл қарауы өз басыма ұнамайды. Үш жыл болды, президент оларға сын да айтады, мін де тағады, жұмыстарына көңілі толмайтынын ишаралап та, тікелей де жеткізеді. Бірақ еш нәтиже жоқ! Президент болса, үкіметтің астынан ит жүгіртіп, үстінен құс ұшырады да... қояды. Бюрократиялық сленгке салсақ, ұйымдастырушылық іс-шара қолданбайды. Шынын айтсақ, осындайда кез келген министрді, әкімді орнынан тұрғызып қойып, сілкіп-сілкіп алатын елбасын «сағынады-ақ» екенсің! Ол жағынан ол кісі асқан шебер еді ғой.
Президенттің бұл жолғы жазасы үш министрге сөгіс жариялаумен шектелді.
Неліктен? Неге президент үкіметті отставкаға жібермеді?
Меніңше, оның үш себебі бар.
Біріншіден, бұл үкіметтің құрамы – Тоқаев пен Назарбаевтың арасында болған 2019-жылғы өзара компромистің нәтижесі. Сол себепті елбасы тұрғанда Тоқаев ол келісімдерді орындауға мәжбүр. Сондықтан да үкіметке көңілі толмаса да (онысы отырыста сөйлеген сөзінен анық сезіліп тұр емес пе?), жеңіл жаза қолданып қана қоюына тура келіп отыр.
Екіншіден, меніңше, осы транзиттік үкіметтің әлі де орындала қоймаған бір миссиясы бар секілді: ол – Назарбаевтан Тоқаевқа ауысып жатқан билік тұсында меншікті қайта бөлу ісін ұйымдастыру, соның ішінде, Назарбаевтың отбасы мен маңайындағылардың қаржысы мен мүлкін өзара келісіммен реттеу, ерекше тізімге енгендердің мүддесін қорғап, ренжітпеу. Ол жұмыс аяқталғанша, бұл үкімет орнынан жылжи қоймас.
Үшіншіден, президенттің өзі аузынан «саботаж» деген сыны мен салмағы сондай ауыр сөз шығып отыр. Айтылған сөз атылған оқпен тең: президенттің бастамалары мен тапсырмаларының жүзеге асуына саналы түрде қарсылық танытып жатқан күштер бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Бұл үкіметтің сүйегі назарбаевтікі, еті ғана - тоқаевтікі. Үкімет құрамында «сүйек иесін» аңсайтын, ескі ережелердің қайтып орнауын қалайтындар бар болғандықтан, олар жағдайдың одан сайын ушыға түсуіне мүдделі болуы ғажап емес. Ахуалдың ауырлауы ел ішіне дүрбелең салатынын білетін олар сол жағдайды пайдаланып, саяси реванш жасамасына кім кепіл? Осы тұрғыдан алғанда президент өз үкіметіне оппозиция болса, үкімет те президенттің саяси қарсыластарының шоғырланған жері болуы мүмкін.
«Балапанды күзде санайды» деген бір сөз бар.
Күзде жуан жіңішкеріп, жіңішке үзіліп, жағдай бұдан да ушығып кетуі әбден мүмкін. Сол кезде халық наразылық танытып, ашуға міне бастағанда, президент осы үкіметті құрбандыққа шалады да, толқуларды тоқтата алады. Бізде «бар пәле үкіметте, ол ауысса, жағдай жақсарады» , - деп алданып жүрген қауым баршылық емес пе?
Сондықтан да бұл үкімет «саяси камикадзе» ролін атқарып жүр деп түсінейік.
Бірақ ол тоқтату уақытша болмақ. Өйткені одан кейін экономика аяққа тұрып, барлық проблема шешіліп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалай бастайды деуге сену қиын.
Осы орайда тарихи аналогия жасауға да болады.
"Тарих спираль (шиыршық) арқылы дамиды" деген сөз бар емес пе?
2022 жылдың жазындағы Қазақстанның жағдайы Ресейдегі патша билігін құлатқан 1917 жылдың Ақпан революциясынан кейінгі Уақытша үкімет кезіндегі жағдайға ұқсайды.
Қазан айында "Жер - шаруаларға! Зауыттар мен фабрикалар - жұмысшыларға! Бар билік - Советтерге!" деп ұрандатқан большевиктерді бастаған Ленин билікке келетін сияқты!
Елді алқымнан алып жатқан қымбатшылық пен шарасыздыққа қарағанда, дәл солай боп кетуі ғажап емес!
Үкіметке қатысты айтылған сын ертеңгі күні президентке қарай ойыспайды деп кім кепілдік бере алады? Ашынған, жыл сайынғы уәдеден шаршаған, әбден азып-тозып, ыңыршығы айналған жұрт ешкімнің де бет-жүзіне қарайын деп отырған жоқ!
Екі жылдан кейін келесі президент сайлауы өткізілмек.
Саяси технология тұрғысынан президент үкіметтен алшақтауы керек деп санаймын.
Қазақстан оппозициясы талай жылдан бері ұсынып келе жатқан мына идеяны қолға алса, дәл солай болмақ. Яғни, бізге нақты уақытқа нақты міндеттемелер алып, барлық жауапкершілікті өз мойнына жүктей алатын үкімет керек! Осы мерзім ішінде берген уәделерін орындай алса, тағы да бір мерзім жұмыс істесін. Орындай алмаса, отставкаға кетіп, орнын өздерінен гөрі іскер де табысты саяси менеджерлерге берсін.
Бір сөзбен айтқанда, қазіргі және алдағы сын сағаттарда президент әлеуметтік-экономикалық саясат пен елдегі жағдай үшін жауапкершілікті өз халқымен, оның өкілдерімен бөлісетін кез келді. Халықтың қолдауынсыз ешбір реформа, ешбір жаңару болуы мүмкін емес!
Елдегі үкіметтік дағдарыстан шығудың басқа жолын мен көріп отырған жоқпын!
Әміржан Қосан
Abai.kz