Заманауи музей: Инклюзивті қоғам қандай болады?
Музей – талай тарих пен ескірмес естеліктердің лаулаған ошағы. Ол ошақтың оты жылдар өткен сайын қызара бөртіп, қызуы қайтпайды. Уақыт – адам баласының айтқанына көніп, айдағанына жүрмейтін алып күш. Ол тек музейде ғана өз еркімен жүре алмайды. Себебі бұл орта уақыт торабына тәуелді емес. Күндердің сәулесі, түндердің сағымы мұражай әйнегінен өтпейді.
Бұл орта – ғаламат ертегі мекені. Замана көшіне ілесіп кете барған пенденің естелік дейтін ескірмес қаруын қолына ұстап алып, қасқайып тұра береді. Дегенмен заман ырқы адамзат қажеттіліктерінің саны мен сапасын өзгеріп отырады. Қоғам құбылмалы ортадан сан алуан сана өсуде. Соған сай олардың қызығушылықтары мен қажеттіліктері түрлене береді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дегенмен уақытымен сырлап отырсаң әлі талай ұрпаққа мұра болары анық. Сол секілді музей саласын да табиғаты мен аурасын сол қалпында сақтап қалу арқылы заманға сай бейімдеу деген үлкен міндет пен парыз мойнымызда тұр.
2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасында: 3912 қоғамдық кітапхана, 3054 мәдени-демалыс ұйымдары, 286 музей, 254 ойын-сауық және демалыс саябағы, 85 театр, 67 концерттік ұйым, 8 хайуанаттар бағы және 5 цирк жұмыс істеді. 2025 жылы ең көп келушілер кітапханалар (55225,9 мың келу), ойын-сауық және демалыс саябақтары (28500,8 мың келу), ойын-сауық және демалыс саябағы (16710,9 мың келу), музейлер (6783,1 мың келу) болды. Бұл ретте ең көп іс-шараларды кітапханалар (234,8 мың бірлік), мәдени-демалыс ұйымдары (232,3 мың бірлік), музей (21,5 мың бірлік), театрлар (17,7 мың бірлік), концерттік ұйымдар (7,8 мың бірлік) және ойын-сауық және демалыс саябақтары (7,6 мың бірлік) өткізді.
«Замана толқыны тарих теңізінің жағалауында көркем өнердің баға жетпес меруерт – маржандарын қалдырады. Бұл – бағзы заманнан қалған архитектуралық ескерткіштер, өткен дәурен адамдарының жай-күйін аңыз етіп шертетін сурет пен музыка. Бірақ сол асылдардың асылы – адам баласының рухы мен ақыл – ойын барша ұрпаққа паш еткен ескірмес, өлмес өшпес өлең – жыр» деп айтып кеткен Мұхтар Әуезов атамыз. Шынымен талай өлең-жырдың көзін көрген мұраларымыз Қазақстанның әр түкпіріндегі музейлердің сөрелерінде өз келушілерін асыға күтуде. Музей мамандарының, жалпы мәдениетке жаны ашитын кез-келген адамның басты мақсаты сондай алтынға пара-пар құнды заттарымызды әлемге көрсету, келушілерді өзіне тарту және ерекше әрі ұмытылмастай күй сыйлау.
Қазіргі заманда келушілерді дәстүрлі емес музейлер көбірек қызықтыруда. Үлкен қарқынмен дамып жатқан қоғамда музей әлемді түсінудің жаңа жүйесіне бейімделу үстінде. Дәстүрлі музей материалдары жаңа келушілерді қызықтыра қоймайтыны, музейге қайта келуге ықыласының болмайтыны айтуға қиын болса да, ащы шындық. Дәстүрлі музейлерде іс жүзінде ешнәрсе өзгермейді, экспозициядағы барлық заттар өз орнында тұрады. Дегенмен, дәстүрлі музейлердің оң жақтары да бар. Анық және түсінікті көрермендік құрылым тұрақты орныққан. Консервативті көзқарасты кей экскурсант тұрақты, өзгеріссіз экспозицияны көруге қайта келеді, өйткені ол материалды ұзақ әрі нақты зерттеуге мүмкіндік береді. Дей тұрғанмен, жас ұрпақты үнемі өзгеріп, уақытпен бірге қозғалыста жүретін, «экспозиция динамизмі» бар заманауи музей қызықтырады. Жастар музейдің қазіргі заманның талаптарына жауап бере алатындай және әрқашан жаңалықтарға толы болғанын қалайды. Заманауи музейдің ерекшелігі – келушілермен тіл табысуында және экспозиция жасауда көпқырлы әдіс-тәсіл қолдануында.
Тарих пен мәдениет әлемде қанша мемлекет болса сонша алуан түрлі. Мәдени және тарихи орындар да солай. Табиғаттың жаратуымен ерекшеленген қаншама дүниелер бар. Оның жарнамасын жасамай-ақ келушілерін табады. Музей саласы да сондай айрықша құбылыстың мекені. Дегенмен дамыған ХХІ ғасыр ақпараттық айқас алаңы. Бұл алаңда кімнің ақпараты жақсы тарайды, солар өз орнын ойып тұрып алып маңызын тіптен арттырады. Бұл алдымен еліміздің сыртқы жарнамасы. Туристік сфераның алар орны. Шетелден келген туристердің ең бірінші елімізге тарту жұмыстарына музей саласының да алар маңызы ерекше болуы керек. Не себепті олай деп отырмыз? Себебі, қазіргі дамыған елдер менеджмент саласына аса баса назар аудару үстінде. Менеджмент дегеніміздің өзі = ғылым + тәжірибе + өнер, шеберлік формуласына құралған.
Ғылым мен мәдениеттің қиылысқан жері өнер туындыларының керемет жәдігерлеріне тоғысады. Тарихтың дәйектері әр мемлекетте әр түрлі деңгейде, әртүрлі түрде сақталған. Біздің тарихи жәдігерлеріміз әлі де өз биігінде насихатталмай жатыр. Оны туристерді қойып қарапайым ел азаматтарының өзі жеткілікті деңгейде білмейді. Қай қалада қандай музей бар екенін тіпті кей сол елді мекен тұрғындарының өзі білмеуі мүмкін. Бұның өзі менеджмент саласының төмен деңгейде екенін көретеді. Сол үшін музейдің бет бейнесін жасау, ондағы жәдігерлерлің құнын дәріптеу саланы дамытудың алғышарты болуы тиіс.
Осы мәселе бойынша ҚР Мәдениет саласының үздігі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыспен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Сіздің ойыңызша өзге елдермен салыстырғанда елімізде музей саласы қаншалықты дамыған? Қазақ музейінен Эрмитаж немесе Лувр музейлерінің ерекшеліктері қандай?
– Сіз айтып отырған Эрмитаж немесе Лувр музейлерімен еліміздегі музейлердің барлығын салыстыруға келмейді. Мұндай ірі музейлермен еліміздегі ірі музейлерді салыстыруға болатын шығар. Біздің елдегі ҚР Ұлттық музейі, ҚР Орталық Мемлекеттік музейі, Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі сияқты музейлер шетелдік әріптестерімен жиі байланысып, өзара тәжірибе алмасып тұрады. Әрине, музейдегі қор саны мен келушілер саны жағынан Еуропадағы ірі музейлерге жете қойған жоқпыз. Бірақ елдегі халық саны мен туристер санына қарап, музейге келушілерді процентпен есептейтін болсақ, белгілі бір мөлшерде статистикамен өзімізді «жұбатуға» болатын шығар?! Қазір Қазақстан қоғамында музейге сұраныс артып келеді. Әсіресе, ірі қалалардағы музейлердің көрсеткіші өте жақсы. COVID-19-ға дейінгі межені қайтаруға тырысып келеді. Пандемияға дейін Қазақстан музейлеріне 6 млн-дай келушілер келген болатын. Ал, Еуропадағы ірі музейлермен техникалық мүмкіндіктер жағынан да бізде ресурс бар. Өкінішке қарай оны ұқсататын мамандарға тапшылық өте қатты байқалады. Музей ісіне маман дайындау көрсеткіші және оның сапасы 2000 жылдардың деңгейінде қалып отыр. Музей басшылары оқу орындарын аяқтап келген түлектерді өздері қайта даярлаудан өткізіп жүргенін де байқаймын. Кадр дайындау проблемасы шешілмей, басқа бағыттардағы проблемаларды шешу де қиынға түсетіні анық. Сондықтан біз алдағы уақытта Еуропа елдерімен тең боламыз десек, осы мәселелерге мән беруіміз қажет.
– Музей өз ішінде дәстүрлі, аралас және заманауи музей болып бөлінетіні белгілі. Статистика бойынша 286 музей бар. Осы музейлердің ішінде өзіндік ерекшелігімен есте қалған қандай 5 музейді айтар едіңіз?
– Нақты 5 музейді атамай, әр бағыт бойынша бірнешеуін атап шықсам? Музейлерді ерекшелігіне қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Мысалы, қоры жағынан ҚР Орталық Мемлекеттік музейі мен Ә.Қастеев атындағы музейі ерекшеленеді. Бұл екі музейде Қазақстан музей ісі тарихындағы ең құнды заттар жинақталған. Келушілері көп музейлердің қатарында ҚР Ұлттық музейі мен Әзірет-Сұлтан музей-қорығы бар. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан музейлеріне келетін әрбір үшінші адам осы екі музейдің біріне барады. Өлкетану музейлері ішінен Семей тарихи-өлкетану музейі мен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейлері этнографиялық заттарға өте бай деп санаймын. Семейдегі музейден сүйектен жасалған заттардың коллекциясына таңданғаным әлі есімнен кетпейді. Оралдағы музейден күміс зергерлік бұйымдарды тамашалай бергіңіз келеді. Сол музейге барған кезде зергерлік коллекцияны міндетті түрде арнайы көңіл бөліп тамашалаймын. Маңғыстаудағы киіз үй бұйымдарының коллециясы – этнографиямыздың жауһары. Ал, бірнеше нысанды қамтитын Абайдың музей-қорығының құрамындағы тарихи ескерткіштер – мемлекетіміздің мәдени байлығы. Кезінде Абай атамыздың өзі тұрақтаған үйлер, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келген үй келушілерге рухани күш береді. Ұлытау облысының Жезді кентіндегі Тау-кен тарихи музейі, Отырар музей-қорығы, Жетісу облысындағы Шоқан Уәлиханов музейі, Солтүстік Қазақстандағы Сырымбет кешенін міндетті түрде барып көретін музейлердің қатарына жатқызатын едім. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің палеонтология залы өте жақсы жасақталған. Қызыққаным сонша, кезінде тек осы зал туралы бағдарлама да түсіруге себепші болған едім.
– Сіз үшін заманауи музей дегеніміз қандай музей?
– Заманауи музей дегенді заманауи техникасы бар музеймен шатастырып жатады. Музейде жаңа техниканың болуы аздық етеді. Меніңше, заманауи музей ретінде тиімді менеджмент пен озық технология үйлесім тапқан кезде заманауи музей деп атауға болады. Қазақстанның тәжірибесінде барлық мүмкіндік жасалып, менеджментінің әлсіздігінен заманауи музейлердің қатарынан көріне алмағандары бар.
«Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген ақын Міржақып Дулатұлы. Өткен өмірдің заттай деректер арқылы осы заманға дәлелдеп отырған музей саласының әлі де талай жаңашылдықтар керек.
Тағы бір әлемдік деңгейдегі үлкен мәселелердің бірі инклюзивті қоғамға бейімделу. ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Инклюзивті қоғам жасына, жынысына, мүгедектігіне, нәсіліне, этникалық тегіне, шығу тегіне, дініне, экономикалық немесе басқа да мәртебесіне қарамастан, барлығының әлеуметтік, экономикалық және саяси инклюзиясын кеңейтуге және ынталандыруға бағытталған. Бұл ешкімді артта қалдырмайтын қоғам[4]. Әлемде сан алуан тағдыр мен бір-біріне мүлдем ұқсамайтын ерекше адамдар да өмір сүреді. Олардың дүниетанымы мен түсінігі, қабылдауы мен қызығушылығы да ерекше болады. Сондай ерекше жандардың музейге келіп танысуына неге мүмкіндік жасамасқа? Қоғам белгілі бір топтардан тұрады. Сол топтардың барлығы мейіріммен жылулыққа зәру. Солардың ішінде бала күннен ерекше болған балалардың да қызығушылығына құрметпен қарау – адамзат алдындағы борышымыз. Статистика бойынша елімізде жаңа оқу жылында еліміздің мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕБҚ) оқушылардың саны артты. 2021-2022 оқу жылында инклюзивті сыныптарда 49 мыңнан астам ерекше бала оқыса, 2022-2023 оқу жылында саны 55 мың болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мектептердің 91 пайызы ерекше балаларға қолайлы жағдай жасаған. Қазір 73 990 бала инклюзивті ортада білім алып жүр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі мектептердің 95,2 пайызы инклюзивті оқытуға толық дайындалды. Қазіргі уақытта инклюзивті ортада 94 527 бала білім алып жатыр. Елімізде 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында арнайы балабақшалар, мектептер, ПМПК, түзету кабинеттері, аутизм және оңалту орталықтары бар. Инклюзивті кабинеттер саны 1 051-ге жетті. Бұл тек балалар арасындағы дерек болса қоғамды құрайтын кәмелет жасына толған қаншама ерекше жандар бар? Оны біз жоққа шығара алмаймыз. Олар да қоғамның бір бөлшегі. Бұл мәлімет адамның қорқыныш тудырады. Дегенмен ғаламдық мәселенің шешімі – инклюзивті қоғамға бейімделу.
Музей саласын инклюзивті қоғамға бейімдеу бойынша төмендегі әдістерді ұсынып отырмыз:
– Арнайы тыңдау аппараттарын алу. Бұндай құралдар есту мүмкіндігі бар барлық адамдарға арналған. Кем дегенде үш тілдегі экскурция мәтінін дайындап, әр залдың не жәдігердің жалпы сипаттамасын, тарихын, маңызы мен кімге тиесілі әрі артықшылығын түсінікті баяндап беру;
– Арнайы көру мүмкіндігінен айрылған жандарға «Брайль» тақтайшасын дайындау. Қысқаша әрі нақты ақпараттарды көрсету. Ақпараттар үш тілде жазылса;
– Есту қабілетінен айрылған жандар үшін сурдо аударма бейнелерін әзірлеу. Үш тілде дайындау. Экскурция жүргізетін мамандарға да мүмкіндігінше сол әдістерді үйрету;
– Музейге кіру және шығу есіктерін барынша ыңғайлы ету;
Елімізде 3917 қоғамдық кітапхана, 3102 мәдени-демалыс ұйымы, 271 музей, 208 ойын-сауық және демалыс саябағы, 105 кинотеатр, 73 театр, 44 концерт ұйымы, 13 хайуанаттар бағы және 3 цирк бар дедік. Солардың барлығына дерлік осы әдістер міндетті түрде керек. Мемлекет тарапынан міндеттелуі тиісті тақырып болып қалуы тиісті.
Мақала жазу барысында Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне келушілерден «Заманауи музей туралы ойыңыз» тақырыбында сауалнама жүргізген едік. 2 аптаға созылған тәжірибе нәтижесінде, сауалнамаға барлығы 35 адам қатысты. Жас ерекшеліктеріне қарап 10 жастан бастап 35 жастан жоғары келушілер. (сурет. 1,2. 1,3. 1,4). Келушілеріміздің 80 проценті «заманауи музей» терминін біледі, бірақ ондай музейде болып көрмеген.




Қорытынды: Аталған мақаланы жазу барысында облыстық кітапханаға барып оқу құралдарының көмегіне сүйенбек болдық. Алайда, кітапхана қорында заманауи музей саласына арналған кітаптар мүлдем болмай шықты. Бұл мұндай еңбектердің сирек екендігінен де хабар берсе керек. Сол үшін де ғаламтор кеңістігіндегі әрқилы мақалаларды негіз етіп ала отырып, жазып шықтық. Заманауи музей тек қана техникалық құралдар жинақталған қойма болмауы тиіс. Ең алдымен сыртқы имиджі қалыптасқан, ішіндегі алтын қазынасымен қызықтыра білетін, келушілерді тартатын, еркіндік сыйлай алатын озық демалыс орындарының бірегейі болса арман жоқ. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі әр музей ошағы өз алауын өшіріп алмай дараланып жанса, заманауи құралдармен жабдықталса, мақсаттың орындалғаны. Қоғамның өзі әртүрлі топтардың жиынтығынан тұратын синтезді орта. Сол ортаның әр тобына қызмет ету, оларға көмек көрсету, қолдау азаматтық борышымыз болуы тиіс. Инклюзивті қоғамның бір бөлігіне музей саласы да араласуы тиіс. Өйткені өнер мен тарих, мәдениет адамды жасына, жынысына, мүгедектігіне, нәсіліне, этникалық тегіне, шығу тегіне, дініне, экономикалық немесе басқа да мәртебесіне қарамастан, барлығының әлеуметтік, экономикалық және саяси инклюзиясын кеңейтуге, ынталандырға ат салысуы керек.
Нұржан Думанқызы
Abai.kz