АҚШ-та Мағауинге құлпытас орнатылды
АҚШ астанасы Вашингтонда қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің бейітіне құлпытас қойылып, оның есімімен аталатын мәдени-ағарту орталығының ашылу салтанаты өтті.
Вашингтонда қазақтың ұлы жазушысы, зерттеушісі әрі тарихшысы Мұхтар Мағауиннің бейітінің басына құлпытас орнатылып, Америкадағы «Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының» ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Kazakh American Association өкілі Сапарбек Нағашыбек жазды.
"Мұхтар Мағауин бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқына арнады. Ол 85 жасқа келгенше 27 томдық еңбегін жазып, қазақтың бес ғасырлық тарихын рухани тұрғыда түгендеп берді. Болашақ ұрпақ атамыздың ұлы еңбегін әлі талай бағалайтыны сөзсіз. Қазақ тарихында осыншама кітаптар жазған жазушы болмаған.
Мағауин атамыздың еңбектері басқа ұлтпен, жұртпен тереземіз тең екенін, бай тарихымыз бар екенін ұғындырды. Басымызды тік көтеріп, қазақпын деп айтуға сенім берді. Алланың қалауымен, осындай данышпан тұлғаның топырағы Америка жеріне бұйырыпты. Мұхтар Мағауин жатқан жер де енді қазақ үшін киелі мекен деп қабылданары сөзсіз. Қазақ қалай Берлинге барғанда Мұстафа Шоқайды іздесе, енді солай Америка астанасына келгенде Мағауин басына келемін деп ниет етері ақиқат.
Қазақ тарихынан бір университет беретін білімді жазып кеткен ұлы тұлға білімде, тарихта, кітапта шекара жоқтығын көрсетіп тұрғандай. Қайда топырақ бұйырғаны жай шарттылық. Ал, орындалған миссия, артынан қалған еңбек, міне ол – шексіз! Мәңгілік!
Осы еңбектері үшін біз, қазақ халқы, Мұхтар Мағауинге қарыздармыз. Қазаққа осындай тұлғаны берген Аллаға сансыз шүкір, шексіз мадақ болсын".
Abai.kz