Қанттың қымбаттауына не себеп болды?
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қант бағасының шарықтап кетуіне қантты импорттаудағы қиындықтар әсер еткенін айтты.
Оның айтуынша, қант өнімі Бразилия мен Үндістаннан тасымалданады. Олардың қант өндіру көлемі 800 млн тоннаны немесе әлемдік нарықтың шамамен 60%-ын құрайды. Бразилия қант зауыттары қантты алдын-ала төлем арқылы үлкен көлемде сатады. Еліміз Еуразия экономика одағынан тыс жерден өнім сатып алу үшін Louis Dreyfus Company сияқты ірі трансұлттық компаниялардың делдалдығына жүгінеді.
«Трансұлттық компаниялар Бразилиядан қантты 60 мың тоннадан сатып алып, Қара теңіз порттарына апарады. Содан кейін ғана Қара теңіз айлағынан ТМД елдеріне қантты аз көлемде жеткізеді. Көрші елдердегі геосаяси жағдайға байланысты туындаған логистикалық проблемалар осы қанттың өзінің кешігіп жетуіне түрткі болды. Егер бұрын Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан импорт кезінде ақ қантты жеткізу мерзімі 4-10 күнтізбелік күнге дейін болса, қазіргі уақытта Ресей Федерациясы қант әкетуге тыйым салғаннан кейін үшінші елдерден қант жеткізу мерзімі 90 күнге ұзарды»,-деді Ербол Қарашөкеев.
Министр бұрыннан қалыптасқан логистиканың бұзылуы қант бағасының қымбаттауына әсер еткенін атап өтті.
«Бразилиядан қант пен құрақ шикізатының импорты Қара теңіздегі Грузия порттары арқылы жетеді. Грузия порттарының өткізу қабілетінің шектеулілігі, инфрақұрылым мен көлік кемелерінің жеткіліксіздігі кептеліске әкеліп соқтыруда. Үндістаннан қант импорты кезінде Хайратон Ауған шекара өткелінде жүктердің жиналуы байқалады. Бұл тауарларды ресімдеу мен тиеу рәсімдерінің созылуына әкеледі. Осылайша, бұрын орныққан бүкіл логистикалық байланыс бұзылған. Бұл логистиканың және Қазақстанға қант пен шикізатты жеткізу мерзімінің ұзаруына әкеп соқты. Қалыптасқан жағдай қант бағасының өсуіне әкелді. Осылайша, қант шикізаты құнының, көлік шығындарының, сондай-ақ өңдеу шығындарының қымбаттауы байқалады», - деп түсіндірді Ербол Қарашөкеев.
Abai.kz