Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жаңалықтар 3209 0 пікір 20 Қараша, 2012 сағат 09:10

Моноқалаларды дамытуға бөлінген қаражат оларды 90 пайызға жаңғыртуы тиіс

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлерді дамыту комитетінің төрағасы:

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлерді дамыту комитетінің төрағасы:

- Серік Мақашұлы, 90-жылдардағы тоқырау кезінде қаңырап қалып, аяу­сыз талан-таражға түскен шағын қала­лар­дың тағдырын таразыға тартып, өміріне жаңа серпін енгізетін бағдар­ламаның дүниеге келгені халықтың тілеуі деп бағамдайық. Неге десеңіз, Тә­уелсіздік алған 20 жылдың көлемінде еңсе көтере алмаған шағын қала тұр­ғындарының тұрмыс тауқыметін тар­тып келгені аян. Қазір де жағдай өзгеріп кете қойған жоқ. Бұл жағы жергілікті халыққа да, шенеуніктерге де бесене­ден белгілі. Елімізде 100-ге тарта ша­ғын қала болса, бағдарламаға неге 27 моноқала ғана іріктеп алынған?

- Шағын қалалардың бүгінгі ахуалы жұрт­шылықты алаңдататыны рас. 90-жыл­дардағы тоқырау кезінде шаруасы алға бас­пай қалған шағын қалалардың түйіні томардай, шешілмеген мәселелері шаш етек­тен. Бір сөзбен айтқанда, шағын қала­лар «шаршап-ақ» тұр. Осыған орай Елбасы Үкіметке осы өңірлердің әлеуметтік ахуа­лын арттырып, кәсіпкерлікті өркендететін ар­найы бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді. Бүгінде бағдарламаның жобасы дайын. Биыл пилоттық негізде өз жұмысын бастап кетті.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде елімізде тек қана бір саланың өнімін өндіру арқылы пайда көріп, күнін күнелтіп отырған бірқа­тар қала бар. Бұлардың қатарында кезінде облыс орталығы болғандары да кездеседі. Мәселен, Жезқазған, Арқалық секілді дәу­ренінде атағы айға жеткен қалалардың шар­уасы өрге баспай тұрған еді. Қайсыбір қала тұрғындары теміржол бойынан пайда көрсе, енді бірі өндіріс-өнеркәсіптен нәпақа көріп отыр. Мұның барлығынан шығатын қорытынды біреу-ақ: бір саладан ғана кіріс көріп отырған шағын қалалардың болаша­ғы да бұлыңғыр болмақ. Сондықтан, ең әуе­лі, бір кәсіпорынға тәуелді болған моно­қа­ла­лардың экономикасын әртараптан­дыру қажет. Рас, ресми деректерге сүйен­сек, Қа­зақстанда 100-ге таяу шағын қала бар. Со­лардың ішінен тыңғылықты зерттеу­дің нә­тижесінде шамамен 1,5 млн адам тұратын 27 бір салалы моноқаланы анық­тап, бағ­дар­ламаға енгіздік. 

Шағын қалалар көп шоғырланған өңір - Қарағанды облысы. Бұл аймақтан сегіз моноқала бағдарламаға енді. Олар - Те­мір­тау, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Абай, Саран, Шахтинск, Қаражал. Павлодар об­лы­сынан екі қала бар: Екібастұз, Ақсу қа­ла­лары. Сондай-ақ Қостанай облысынан Руд­ный, Жетіқара, Лисаковск, Арқалық, ал Шы­ғыс Қазақстан облысынан Риддер, Се­ре­брянск, Зыряновск, Курчатов қалала­ры аталған бағдарламаға енді. Жамбыл об­лы­сынан - екеу: Жаңатас пен Қаратау. Қалған об­лыстардан бір шағын қаладан қарас­ты­рылған. Олар: Батыс Қазақстан облысынан - Ақ­сай, Атырау облысынан - Құлсары, Маң­ғыстау облысынан - Жаңаөзен, Ақтөбе об­лысынан - Хромтау, Ақмола облысынан - Степногорск, Оңтүстік Қазақстан облы­сы­нан - Кентау, Алматы облысынан - Те­келі қаласы.

Таңдауға іліккен 27 моноқаланың да тағ­дыры бір ғана қала құраушы өндіріске ба­ғынышты. Мәселен, моноқалалардың 19-ын­да қала құраушы кәсіпорындар тұрақты жұмыс істесе, бесеуінде жартылай жұмыс істеп тұр, ал қалған үш қалада өнді­ріс орны атымен жоқ. Осы қалалардағы туын­дап отырған проблемаларды стихия­лық және құтқарушылық сипатта емес, жүйелі және ұзақ мерзімді шешуді жоспар­лап отырмыз.

- Демек, қордаланған түйткілді мә­селелерді рет-ретімен шешудің жол­дары қарастырылып отыр ғой... 

- Иә, бағдарлама аясында бұларды шешудің төрт бағыты қарастырылған. Ең ал­дымен, тұрақты жұмыс істейтін кәсіп­орындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты моноқалаларды оңтайлан­ды­руды жүзеге асырамыз. Екінші бағыт ша­ғын қаланың экономикасын әртараптандыруды көздейді. Бұл дегеніміз - моноқалаларда жұ­мыспен қамтылғандардың оңтайлы құ­рылымын жасақтау үшін шағын және орта бизнеске жаңа дем беру. Бұл үшін мо­но­қалалардағы кәсіпкерлікті қол­дауға «Биз­нестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қам­ту - 2020» бағдарламаларының бар­лық тетігі пайдаланылады. Үшінші бағыт бо­йын­ша моноқалалардың еңбек ресурс­та­ры­ның ұтқырлығын жоғарылату, яғни жоғары әлеуметтік-экономикалық даму әле­уеті бар елді мекендерге және эконо­ми­калық өсу орталықтарына өз еркімен көшу­ге ынталандыру жұмыстары жүргізіледі. Соңғысы моноқалалардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

Бірден айта кету керек, жоғарыда аты атал­ған қалалардың әлеуметтiк-эконо­ми­калық даму деңгейi бәсең. Айта­лық, ауыз­су, жарық, жылу, газбен қамтамасыз ету, кә­рiз және телекоммуникация инфрақұры­лымдарының жағдайы сын көтермейді. Бә­рі ескірген, тозған, кейбірінде істен шыққан. Ал қала құраушы кәсiпорындарында жұмыс қарқыны баяу. Ең өзекті мәселе - жұмыс­сыз­дықтың белең алуы. Осы тақылеттес мә­се­лелерден біржола арылу үшін бағдар­ламаның алғашқы кезеңін іске қосып көр­ген едік. Нәтиже бар. Қазіргі кезде шағын қа­лалардағы әлеуметтік маңызы бар ны­сандар жөнделіп, бірқатар іс тындырылды. Атап айтқанда, 27 моноқаланың барлы­ғын­да бірдей жылумен қамту жүйесін жа­ңар­ту, жол сапасын арттыру, көпірлерді қал­пына келтіру, қауіпті және қаңырап қал­ған ғимараттардың қалдықтарын, санк­цияланбаған үйінділерді жою, көшелерді жарықтандыру һәм абаттандыру, авто­бе­кет­тер, аулалар, спорт алаңдарын салу се­кіл­ді күнделікті тұрмысқа қажет нысандар қал­пына келтірілуде. 

Ал енді бағдарламаны тұтастай алып қа­растырсақ, оны жүзеге асыру екі кезеңге бөлінген. Бастапқы кезең - 2013-2015 жыл­дарды, екінші кезең 2020 жылға де­йінгі сенімді даму кезеңін қамтиды. Бүгінде жергілікті әкімдік пен облыстық мәслихат­тың бекітуімен 2013-2015 жылдарға ар­нал­ған шағын қалаларды дамытудың ке­шенді жоспары әзірленді. Басты назарға ілі­нетін мәселе - экономиканы әртарап­тан­дыру. Бірте-бірте шикізаттық бағыттан ары­луымыз қажет. Бұл үшін қосалқы өн­діріс ошақтарын ашу ләзім. Демек, әр қала­ның әкіміне кем дегенде бір зәкірлі жоба дайындап ұсыну міндеттелді. 

- Сөзіңізді бөлейін, оқырманда­ры­мызға түсінікті болуы үшін зәкірлі жоба дегенге анықтама бере кетсеңіз...

- Бұлар - инвестициялық жобалар, жо­ға­рыда атап өткендей, шикізаттық бағыттан арылу үшін жасалған бірден-бір қадам. Со­нымен бірге шағын қаланың экономика­сын әртараптандыруға жаңа серпін әкеледі. Зә­кір­лі жоба аясында ең аз дегенде 100 орын­дық жұмыс орындары ашылады. Бұл - бір. Екіншіден, экономикалық әлеуеті әлсіз шағын қалалардағы өндірістік өнімнің кө­ле­мін 20 пайызға арттыруға мүмкіндік бе­реді. Мәселен, Жетіқара қаласындағы зә­кір­лі жоба - жалпы қуаты жылына 750 мың тоннаға жететін сульфид рудасын өңдейтін, алтын шығаратын зауыттың құры­лысы. Бо­лашақта бұл жерде 320-ға жуық жаңа жұ­мыс орны ашылады. Лисаков қаласындағы зәкірлі жоба - Лисаков кар­тон-қағаз кешені (гофрокартон және жұ­мырт­қаға арналған ұяшық қаптама әзірлеу өндірісі). Мұнда да 100-ден астам тұрақты жұмыс орны пайда болады. 

Екібастұз қаласындағы Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын алайық, мыс өнді­ретін кен орнында құрылыс жұмыстары қар­қынды жүріп жатыр (бұл жұмыстарға 1200 адам тартылған). Нақты пайдалануға берілген уақытта 1500 адам тұрақты жұ­мыс­пен қамтылады. 

- Кезінде облыс орталықтары бол­ған Жезқазған мен Арқалықтың қазіргі күйі көрген қазақтың қабырғасын қа­йыстырады. Екі қаладағы еңсеру про­цесі қашан нәтиже береді? Бұл қалалар­да бірінші кезекте қандай шаруалар қол­ға алынып жатыр?

- 90-жылдардағы тоқыраудың екі қа­ла­дағы экономикалық дамуды тұралатып жібергені рас. Қазір қос қалада да ахуал өз­геше. Мәселен, Арқалықтың әлеуетін әлеу­меттік тұрғыдан жаңғыртуға биыл 110 млн теңге бөлінді. Келесі жылы қарастырылатын қар­жының көлемі бұдан да қомақты. Әзір­ше бұл қаржы қаланың инфрақұрылымдық құрылыстарына, абаттандыруға бағыттал­ған. Арқалықта ала жаздай жылу-электр ор­талығын толығымен жаңарту жұмыстары жасалды. Жоғарыда айтқан зәкірлі жоба Арқалықта да бар. Олар - құс фабрикасы, ет комбинатының жаңа құрылысы. 

Ал Жезқазған аймағы бойынша екі ке­шенді жоба әзірленгені белгілі. Біріншісі - Үкіметтің Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау өңірін әлеуметтік-экономикалық дамы­ту­дың 2012-2017 жылдарға арналған ке­шен­ді жоспары, екіншісі - біз әңгіме етіп от­ырған Моноқалаларды дамыту бағдар­ла­масының таңдауына ілігуі. Сонымен, Жез­қазған-Ұлытау өңірлерін дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, бұл өңірлерде кен өндіретін жаңа кәсіпорындар ашу, Жезқазған - Сексеуіл теміржол құрылысы, Жез­қазған - Қызылорда, Жезқазған - Ар­қалық автожолдарын жөндеп, қалпына келтіру, қала тұрғындарын сапалы ауызсу­мен қамтамасыз ету үшін Қожамсейіт жер­асты су көзін игеру, Үйтас-Айдос су құбы­рын қайта жаңғырту, Жезқазған жылу-электр орталығын қайта жарақтандыру сияқты ауқымды жобалар қамтылған. 

- Ал енді түрлі көлік жолдарынан шал­ғай, тұйықта орналасқан моноқа­лаларға қатысты не айтуға болады?

- Ондай қалалар да бар. Бұлар - Ар­қа­лық пен Степногорск қалалары. Тұйықтал­ған қала болғандықтан да мұндағы эко­номикалық даму тежеулі. Арқалық үшін тұ­йықтан шығар жол - біреу-ақ: Ар­қалық-Шұбаркөл теміржолының құры­лы­сы. Екі жылдың ішінде құрылыс толығымен іске асса, Арқалықтың тынысы кеңейеді. Ал Степногорск қаласын айтар болсақ, Ақмола облысындағы өнеркәсіп өндірісінің ірі ор­талығы осы қала десе де болады, жалпы өн­дірістік өнім көлемі 2009 жылы 32,3 пайыз болса, 2010 жылы - 27,5 пайыз, 2011 жылы 28,9 пайызды құрап отыр.

- Бағдарламада кәсіпкерлердің рөлі анықталған ба? 

- Әлбетте. Елдің әлеуетін арттыру үшін шағын қалалардың, шалғайдағы елді ме­кендердің тіршілігін кәсіпкерлер арқылы тү­зеу әлдеқайда маңызды. Себебі кәсіпкер - өз шаруасын дөңгелетіп қана қоймай, маңайындағы ағайындарға жұмыс беруші. Сондықтан моноқалаларда шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдау үшін салалық шектеулерсіз несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау мөлшерін ұлғайтып отырмыз. Ал өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамы­ту, жаңа өндірістер құруға ниет білдірген кәсіпкерлерге 1,5-3 млн теңгеге дейінгі мөл­шерде гранттар беріледі. Сонымен бір­ге шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлеуметтік әріптестік бағдарламаларын іске асыру көзделген. Бұл бағытта микро­кре­диттік ұйымдары бар бизнес-инкубаторлар құру, кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын құру, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыс­сыз және аз қамтамасыз етілген тұрғын­дарға кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу шаралары орындалатын болады. Мәселен, Жаңаөзен қаласында 2012-2014 жыл­дарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың арнайы жоспары аясында жаңаөзендік кә­сіпкерлердің 13 жобасы 56,2 млн теңгемен қаржыландырылды. Сондай-ақ осы қалада жыл басынан бері Кәсіпкерлікті дамыту ор­та­лығы ашылып, жұмыс істеп тұр. 

- Моноқалалардың бәрінің дерлік бір салаға (өндіріс ошағына) мамандан­ғаны мәлім. Осы ретте сол қалалардың қай­сысында бұрынғы маманданды­рыл­ған бағытты қалпына келтіру жос­парланып отыр?

- Мына мәселені естен шығармаған жөн. Еліміздің негізгі өндірістік әлеуеті осы 27 моноқаланың аумағында шоғырланған. Мысалға Хромтау қаласын алайықшы, бұл аймақта хром рудасы өндіріледі. Респуб­ли­ка көлемінде, қала берді ТМД-ның хром өн­діретін елдері бойынша хром рудасының 95 пайызын Хромтау қаласы өндіреді. Қос­танайдағы Жетіқара қаласында «Қостанай минералы» АҚ асбест комбинаты жұмыс іс­тейді. Бұл - Қазақстанда жалғыз комби­нат. Асбест тауарының негізінде өндірілетін хризотил-асбест рудасын өндірумен айна­лысады. 

Қостанай облысы салығының 62 па­йызын Рудный қаласының өнеркәсіп өнді­рісінен түсетін қаражат құрайды. Мұндай әлеуеті жоғары қалалар 2015 жылға дейін экономикасы әбден нығайған соң полиқала (көп салалы) қатарына шығарылады. Міне, осы аталған қалаларда мамандандырылған бағыт қайта қалпына келтіріледі. Әйтсе де көрсеткіштермен көп мәселені шешпей­ті­ні­міз анық. Неге десеңіз, біз технология да­мы­ған заманда өмір сүріп жатырмыз ғой, дамыған елдерде хром мен мұнайға ба­лама табылса, бұл қалалардың күні қараң болмасына кім кепіл?! Демек, қам-қа­ре­кетсіз отыруға әсте болмайды. 

- Шағын қалалардағы жұмыссыз­дық деңгейін төмендетуге, тұрғындар­дың орташа табысын өсіруге қатысты қандай шаралар қарастырылуда?

- Бағдарламаға сәйкес, 2015 жылға де­йін моноқалалардағы жұмыссыздық дең­гейін 5,5 пайызға дейін төмендету мін­деттелген. Жалпы, шағын қалалардағы өз­ін-өзі жұмыспен қамту көрсеткіші жоғары пайызға ие. Көптеген қала экономикалық белсенді халықтың өзін-өзі жұмыспен қам­туы категориясына кіреді. Мәселен, Қара­тау­да - 49,7 пайыз, Арқалықта -49,3 па­йыз, Жетіқарада - 47 пайыз, Жаңатаста - 37,1 пайыз, Құлсарыда 30,7 пайызды құ­райды. 

Мынадай қызық дерек бар: республика көлемінде жұмыссыздық деңгейі 5-5,8 па­йыз арасында болса, өзін-өзі жұмыспен қам­ту көрсеткіші 40-45 пайызды құрайды. Әлбетте, бұл көрсеткіштен әркім өзінше қорытынды шығаруы мүмкін. Бұл қазіргі күн үшін жақсы көрсеткіш болғанымен, болашақ үшін қауіпті болуы ықтимал. Себе­бі бұлар - әлеуметтік жағынан қорғалмаған азаматтар. Еңбекке жарамсыз бола қалған жағдайда бар шығынды мемлекет көтеруі керек болады. Сондықтан қазірден бастап мемлекет көмекке қол ұшын созып отыр. Бұл көмек бағдарламаның үшінші бағытын­да қамтылған: жұмыссыз жүрген азаматтар­ды қайта оқыту, жаңа мамандыққа даяр­лау, яғни бағдарлама аясында жаңа ма­ман­дық алып, жұмысқа орналасуға мүм­кін­дік бар. 

- Әлбетте, ел экономикасын әрта­рап­тандыру үшін жүйелі құрастырыл­ған кешенді жобаның болғаны өз ал­ды­на, бөлінген қаражаттың бір тиыны желге ұшпай, сол бағытқа жұмсалғанда ғана нәтиже болары анық. Бағдарла­маны жүзеге асыру үшін мемлекеттен қанша қаржы бөлінуде?

- Бағдарламаға енген шағын қалалар­дағы кәсіпкерлерге жоғын түгендеп, барын асыруға мемлекеттен 18 млрд теңге бөлі­неді. Ал бағдарламаның пилоттық жоба­сына 6 млрд теңге бөлінген болатын. Келесі жылы бұл сомадан да қомақты қаржы қа­растырылмақшы, республикалық бюджет­тен 2013 жылы - 34,1 млрд теңге, 2014 жы­лы - 37,8 млрд теңге, 2015 жылы 48,3 млрд теңге бөлу жоспарланған. 

Биыл моноқалалардағы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсар­туға бөлінген 6 млрд теңге коммуналдық түйткілдерді шешуге, шағын қалаларды ие­сіз қалған бос үйлерден тазалауға, абат­тан­дыру сынды 27 моноқаладағы әлеуметтік ма­ңызы бар 171 жобаға бағытталды. 

Тағы бір айта кететін дерек, республика көлемінде 520-дан аса қаңырап бос тұрған үй тіркелген екен. Алдымыздағы жылы бұ­лардың іске жарағанын қалыпқа келтіріп, халықтың игілігіне ұсынып, жарамағанын сүру үшін мемлекет есебінен 750 млн теңге бөлінбекші. 

Бағдарламаның аясында бірқатар ин­вес­ти­циялық жобаны жеке инвесторлар­дың қаражаты есебінен іске асыру көздел­ген. Сол сияқты моноқалаларға жақын ор­на­лас­қан перспективалы пайдалы кен ор­ын­да­рын, «Қазгеология» ҰК» АҚ немесе кә­сіп­орындардың шикізат базасын ұлғай­туға мүдделі жеке инвесторлардың қаты­суы­мен оларды толығымен барлау шара­ларын айқындай отырып, анықтау жүр­гізіледі. 

Тағы бір мысал келтірейін, Ресейде де шағын қалаларға арналған бағдарлама бар. Олар бұл бағытқа 1,5 млрд рубль жұм­сайды. Біздің теңгеге шаққанда - не­бә­рі 7 млрд теңге. Ал біз бір жылға - 34 млрд теңге, үш жылға 120 млрд теңге қарастырып отырмыз. Бізде 27 моноқала тіркелсе, Ре­сей­де олардың саны - 300. Өзіңіз бағамдай беріңіз, сонда біз қарастырған қаражатқа мо­ноқалалардың барлығы 90 пайызға жаңаруы тиіс. 

- Осы кезекте тағы бір сұрақ туын­дай­ды: бағдарламаға енбей қалған қа­лалардың болашағы қалай болмақ?

- Қазіргі уақытта моноқалалардан бас­қа, елде 41 шағын қала тіркеліп отыр. Онда 876,4 мың тұрғын бар, яғни елдегі тұрғын­дардың 5 пайызы шоғырланған. Сондай-ақ 6432 ауылдың орталығы болып отырған 504 ірі кент бар, ондағы халық саны қазір 2 миллионнан асып жығылады. Өңірлерді дамыту бағ­дарламасы шеңберінде осы шағын қала­лар мен ірі тіректі ауылдық пунктілер­дегі коммуналдық-инженерлік инфрақұ­ры­лымға қосымша қаржы бөліне­ді. 2013 жылы осы мақсаттарға 23,5 млрд теңге қа­растырылып отыр. Биыл пилоттық жобаға 14 млрд теңге бөлінді.

- Бағдарламаның тұсауы кесілген Теміртау қаласындағы жиында елі­міз­дің Премьер-министрі Серік Ахметов: «Моноқалалар бағдарламасының әкім­дер үшін емес, халықтың қамы үшін әзір­лен­генін естен шығармаңыз­дар», - деп қатаң ескерткен болатын. Бағ­дар­ла­маны бастан-аяқ тиянақты түрде іске асыру үшін жергілікті атқару­шы билік өкілдеріне қандай талаптар қойып отырсыздар?

- Әлбетте, егер әкімдер берілген тапсырмаларды орындамаса, жұмыссыз қалады. Бұл бағытқа миллиардтаған ақша бөлінуде. Сондықтан межедегі нәтижеге қол жеткізгенге дейін әр моноқаланың әкімі жеке басымен жауап береді. Біздің тарапымыздан жылына екі мәрте ақпарат жинап, тексеріп отырамыз. Күдікті жағдай туып жатса, өзіміз барып, тексереміз.

Алашқа айтар датым...

Қазір мемлекет моноқалалардың ахуалын жақсарту үшін бағ­дар­лама әзірлеп, қыруар қаржы бөліп отыр. Өкінішке қарай, халық бұл бағдарламадан да хабарсыз болып шықты. Бұлай деуге себеп, ҚР Президент Әкімшілігі жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі бол­ғандай, жергілікті халықтың 9 пайызы ғана бағдарлама жайынан хабардар екен. Мұндай үгіт-насихат шараларымен жергілікті әкім­шілік айналысуы керек еді. Біз өз тарапымыздан қолдан кел­ген­ше түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Өңірлерді араладық. Ай­мақ­тар­да семинарлар өткізудеміз. Әзірше халықтың белсенділігі бәсең.

Автор: Ақмарал БАЯЗИТОВА, Астана

«Алаш айнасы» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1551
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3346
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6186