Елбасы Алматыны аралады
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы жаңа көлік инфрақұрылымының құрылысымен танысып, жақында пайдалануға берілген жол айрықтарын көрді. Алматыдағы LG Electronics компаниясына соғып, оның жұмысына баға берді.
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы жаңа көлік инфрақұрылымының құрылысымен танысып, жақында пайдалануға берілген жол айрықтарын көрді. Алматыдағы LG Electronics компаниясына соғып, оның жұмысына баға берді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы өзінің резиденциясында қала әкімі Ахметжан Есімовті қабылдады. Кездесу барысында қаланы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жаңа жол айрықтарының құрылыс барысы мен метрополитеннің екінші кезеңі туралы сөз болды. А.Есімов Қазақстан Президентіне қаланы әлеуметтік жаңғыртудың келешегі мен бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану жөнінде жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады. Мемлекет басшысы кездесудің қорытындысы бойынша қаланы одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту және өзекті мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Түстен кейін Елбасы Сайын мен Мұстафин көшелерінің қиылысындағы жол айрығын қарап шығып, атқарылған жұмыстарға жақсы баға берді. Алматыда биыл жазда бір мезгілде ірі алты жол айрығының құрылысы басталған болатын. Олар әл-Фараби даңғылы - Розыбакиев көшесінің, әл-Фараби - Дулати, Сайын - Жұбанов, Сайын - Торайғыров көшелерінің, Райымбек даңғылы - Момышұлы, Халиуллин - Құлжа трактісінің бойларына салынып жатыр.
- Алматы қаласындағы жол қозғалыстарын жеңілдету үшін метрополитен салынды. Бірақ метроға адамдар әлі үйренбей жатыр. Екінші кезекте көліктердің кедергісіз, тоқталмай өтуіне жағдай жасайтын жол айрықтары салынуда. Жылдам салынуда, біразы биыл, қалғаны келесі жылы бітеді. Жолдар біршама жеңілдеп қалатын болды. Алматыда 200 автобус газбен жүретін болды, жаңа троллейбустар, трамвайлар сатып алынды. Осының бәрі қаланың экологиялық ахуалын жақсартады. Биылдың өзінде қаланың ауасы тазарып қалғаны байқалады. Осындай жұмыстардың арқасында Алматының жағдайы күннен-күнге жақсаратын болады. Еліміздің ең үлкен, ең әдемі қаласында халықтың тұруына жағдай жасалып жатыр. Қаланың ауасын тазарту, жасыл желекті көбейту мәселесі, көшелердің кеңейтілуі бұдан әрі жайлы өмір сүруге мүмкіншілік береді. Сондықтан қала әкімшілігі істеп жатқан жұмыстардың барлығын қолдаймын. Дұрыс жұмыс істеп, мәселелерді шешіп жатыр деп санаймын, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Виктор Долженковтың айтуынша, үстіміздегі жылдың 10 қазанында Сайын - Жұбанов көшелерінің бойындағы жол айрығы ашылып, көлік қозғалысы қалпына келді. Бүгінде Жұбанов және Сайын көшелерінің қиылысында тоннельдер жасау және эстакада тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр.
Эстакаданың ұзындығы шамамен 340 метр, тоннельдің ұзындығы 1 180 метрден астам. Жұбанов көшесі бойындағы қажетті жол инфрақұрылымдарын ретке келтіру іске асырылуда.
Қазанның 30-ы күні Сайын-Торайғыров көшелерінің бойындағы жол айрығында көлік қозғалысы ашылды. Сайын-Торайғыров көшелерінің қиылысындағы жол айрығында қозғалыстың ұзындығы 660 метрлік ашық тоннельден өтеді. Осылайша, магистральдердің негізгі екі тармағы іске қосылды, қалған төртеуінің құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде бұларда электрмен монтаждау, инженерлік желілерді жүргізу, тірек қабырғаларын орнату, тоннельдер, жер асты жүргінші жолдарын салу жұмыстары жалғасуда.
Жол айрық құрылыстарына үстіміздегі жылы бөлінген 23 млрд теңге толығымен игерілді. Үкімет құрылыстарды жеделдетіп аяқтау үшін қосымша тағы 6 млрд теңге қаражат бөлді. Бүгінде құрылысы бітпеген жол айрықтарында тоннельді әрлеу, инженерлік желілер мен монолитті коммуникациялық арналар жасау жұмыстары жүргізілуде. Барлық жол айрық құрылыстардың жұмыстары 2013 жылы толықтай аяқталуы тиіс. Бұл жұмыстардан басқа қосымша жолдар жөндеуден өткен. Әкім орынбасарының айтуынша, биыл 222 шақырымнан астам автожолдар жөнделіпті, ал Талғар тракті толық күрделі жөндеуден өткен.
Қала тарихында жол айрықтарын осындай жоғары қарқынмен салу бұрын-соңды болмаған. Қалалықтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін ауасын тазартып, экологияны жақсарту, көлік кептелісін барынша азайту, мегаполистің инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қала басшылығы күш салатынын айтты.
Жол айрығы құрылыстарын көргеннен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда 1998 жылдың мамыр айында ашылған LG зауытына ат басын тіреді. LG зауыты Орталық Азиядағы электроника мен тұрмыстық техника шығаратын ең ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Кәсіпорын тоңазытқыш, мұздатқыш, шаң сорғыштар, автоматты және жартылай автомат кір жуғыш машиналар, сондай-ақ ұсақ тұрмыстық техникалар жасауға маманданған. Елбасы мұнда өндіріс үрдісі кезінде қолданылатын инновациялық әзірлемелермен танысып, жабдықтарды қарап шықты. Компания басшылары Президентке ТМД елдерінде аналогы жоқ негізгі платаларды шығаруға арналған автоматтандырылған линияны көрсетті. Соңғы кездерде зауытта 420 жаңа жұмыс орны ашылыпты, алдағы уақытта тағы да қосымша жұмыс орындарын ашу көзделуде. Елбасы зауыттың шығарған өнімдерін көріп, кәсіпорынның аяқ алысына оң баға берді.
Қайыржан ТӨРЕЖАН
"Айқын" газеті