Қазақстан денсаулық сақтау саласында алға шықты
Numbeo сайтына жарияланған рейтинг бойынша, Қазақстан денсаулық сақтау саласында Ресей, Украина, Беларусь, Армения және Грузияны артқа тастады. Қазақстан 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында денсаулық сақтау деңгейі бойынша 96 елдің ішінен 58-ші орынды иеленген.
Рейтинг сайтт қолданушылары арасындағы сауалнама негізінде жасалған. Қазақстанның денсаулық сақтау индексі (Health Care Index) 59,89 құрады. Денсаулық сақтау жүйесінің, медицина қызметкерлерінің, жабдықтардың, қызметкерлердің, дәрігерлердің жалпы сапасы жоғары болса, индекс те соғұрлым жоғары болады.
2022 жылдың алғашқы алты айында 86,04 индексін көрсеткен Тайвань (ҚХР) көш бастап тұр. Денсаулық сақтаудың үздік индексі бар үш елдің қатарына Оңтүстік Корея (83,04) мен Жапония (80,52) кірді. Денсаулық сақтау саласының ең нашар индексі Мальтада (38,24) анықталған. Одан кейін Венесуэла (39,15) және Бангладеш (41,74) елдері орналасқан екен. ЕАЭО елдері бойынша: Ресей 59,86 индексімен 59-орынды иеленді, Армения 55,74 индексімен 72-ші орын; Беларусь 46,14 индексімен 92-ші орында тұр.
Қазақстандық сарапшылар 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында елімізде денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге инвестициялар көлемі рекордтық деңгейге, 73,7 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 15,2% - ға артық. 2020 жылы 64,2 млрд теңге болса, 2021 жылы 64 млрд теңгені құраған.
Abai.kz