Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1678 0 пікір 18 Шілде, 2022 сағат 15:35

Дрондар: Жаңа заман соғысы

ХХІ ғасырда әлемнің келбеті өзгерді. Адамзаттың осы уақытқа дейін жасаған соғыс тактикасы, әскери стратегиясы мүлде жарамсыз болып қалды. Жаңа кезең - жаңа стратегия мен жаңа тактиканы қажет етеді. Оған ғылыми техникалық революцияның қосқал үлесі орасан. Жаңа технологиялар мен жаңа цифрлы мүмкіндіктер, бақылау жүргізу құрылғылары мен техникалары соғыс келбетін, ұрыс жүргізу қимылдарын мүлде басқа арнаға бұрды. Бұл жаңа дәуірдің соғысы.

Қазақстан әлемдік геосаяси жағдайдың ушыққан сәтінде, мемлекеттің әскери саласын да үнемі өзгертіп, жаңартып, модернизациялап отыру қажеттігін жақсы біледі. Әлемдегі қақтығыстарға талдау жасап, тиімді тактика мен қару түрін игеру және оны сатып алу немесе құрастыру жағын да ойластырады. Соңғы жылдары әскери сарапшылардан бастап, қарапайым халықтың аузында жүрген бір сөз бар. Ол соққы жасаушы дрондар. Қарабақты Әзербайжан әскері азат еткен сәтте «Байрақтар» соққы жасаушы дрондары өз тиімділігін толық дәлелдеді. Жау әскерін талқандау, бақылау жүргізу және зымыранға қарсы жүйелерін талқандау бойынша өзін толық ақтады. Қарабақ соғысы түркиялық дрондардың тиімді жарнамасын жасай білді. Алайда дрондар біздің аудиторияға Қарабақ соғысы арқылы танылса да, әлемдік тәжірибеде кемі 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. НАТО елдері арнайы операцияны барлаушы дрондарсыз іске асырған емес.
Дрондардың бақылау жүргізу, соққы жасау немесе камикадзе қызметтерін атқаруы шабуыл жасаушы тараптың адами шығынын еселеп азайтып, ұрыс даласында бірқатар артықшылықтар береді. Қазақстан барлаушы, камикадзе және соққы жасаушы дрондарды сатып алу және өндіруге ден қойып келеді. Ол бойынша Түркия, Ресей, Қытай және Израиль елдерімен келісімдер жасауда.

Қазақстанда отандық дрондарды әзірлеу қазірдің өзінде жүргізілуде. Оларды ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне арналған шағын коптерлерден бастап, айтарлықтай үлкен, соққы жасаушы және барлау үргізуге арналған негізде жасау іске асуда. Қазақстанда әлемге танылып үлгерген өзге де тиімді дрондар жеткілікті. Солар жайлы кеңінен тарқата айтсақ.

Қытайлық WingLoong-1 ұшқышсыз ұшағы бомбалар мен зымырандарға арналған. Ол 200 келіге дейінгі пайдалы жүкті көтере алады. Дронның ұзындығы 9 метр, қанаты 14 метр. Қытай WingLoong-1 дронының 5 мың метр биіктікке көтеріліп, 4 мың шақырымға дейін ұша алатынын айтады. Бұл өз тиімділігін Ливия және Сирия соғысында көрсетіп үлгерген дронның бірі.
Қазақстан 2016 жылы екі қытайлық дрон сатып алып, 2017 жылы әскери парадта көрсетті. БАӘ WingLoong-1 ұшқышсыз ұшағын 2011 жылы, Сауд Арабиясы 2016 жылы және Сербия 2019 жылы сатып алғанын жазады. Дрон Алжир, Мысыр, Индонезия, Нигерия және Өзбекстан армияларында да бар. Мысыр лаңкестерге қарсы бірнеше операцияда қолданды.

Израильдік Skylark-1LEX мини-дронының салмағы 7,5 келі және 1,2 келі жүкті көтере алады. Бұл ұшқышсыз дрон бомбалар мен зымырандарды лақтыруға арналмаған, бірақ әуе барлауына, тау мен далаға барлау, шекаралық бақылау және лаңкестікке қарсы операциялар үшін қолданылады. Skylark-1LEX сипаттамасында «әскери ұшқышсыз дрон 4572 метр биіктікке көтеріліп, аспанда үш сағат бойы тұра алады және 40 шақырым қашықтықтан мәліметтерді жібере алады» делінген.

Тағы бір дрон жайлы айтуға тиіспіз. Қазақстан Түркиядан үш Anka ұшқышсыз дронын сатып алады деген ақпарат 2021 жылы пайда болды. Кейбір мәліметтер бойынша, Түркия бұл дрондарды Қазақстанға 2023 жылы жеткізуі керек.

Ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сәйкес, Аnka зымырандарды және әуе бомбаларын тастайды және барлау жасауға қабілетті. Ұшқышсыз дронның ұзындығы 8 метр, қанаты 17,3 метр, ол 8000 метр биіктікке дейін ұша алады. Anka-ның сипаттамасында «ол кез келген ауа-райында аспанға көтеріліп, түнде барлау жасай алады» делінген.

Дрон Сириядағы соғыста қолданылған. Түрік Аэроғарыш корпорациясы (TUSAŞ) 2004 жылы Түрік Қарулы Күштері үшін ұшқышсыз дронды құрастыра бастады және 2010 жылы алғаш рет сынақтан өткізді. Ankaны билікке бағынышты компания жасайды, ал Bayraktar-TB2 дрондарын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның күйеу баласына тиесілі жеке компания құрастырады. Түркия Сириядағы соғыста Anka және Bayraktar-TB2 ұшқышсыз ұшқышсыз ұшақтарын бірге пайдаланып келеді. Бұл дрондарды мемлекет өндіруге және өзге елдерге сатуға мүдделі. Алайда сату барысында оның технологиялық құпиялығын сақтау басты шарттың бірі. Қазақстан үшін бауырлас Түркиямен мұндай келісім жасау оңай әрі тиімді.
АҚШ дрондардың саны мен тиімділігі жағынан әлемде көш бастап тұр. Олар дрондарын басқа елдерге сатпайды. АҚШ-тан басқа Израиль, Түркия, Қытай және Ұлыбританияда да әскери дрондаржеткілікті. Германия мен Францияның да дрондары бар, бірақ олар өз өнімдерін құпия сақтауға тырысады. Қазақстан да өзінің барлау жүргізу дрондарын дамытуда. Мысалы «Шағала» дроны бар. Оны жаппай өндіріске енгізу жұмыстары іске асырылмақ. Қазақстан қорғаныс саласы дрондардың тиімділігін жақсы түсінеді. Сол мақсатта дрондарды барынша игеру міндеттерін алға қойып отыр.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435