Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3107 0 пікір 8 Желтоқсан, 2012 сағат 12:30

КӨШ ҚАЙТСЕ ЖАНДАНАДЫ?

 

 

4 желтоқсанда Алматы қаласында «Руханият. Тәуелсіздік. Модернизация» атты форумның екінші отырысы өтті. Форумның жұмысына еліміздің зиялы қауымының танымал өкілдері, сарапшылар, саясаттанушылар, құқыққорғаушылар, БАҚ және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Форумның бұл жолғы нысанасы - Қазақ көшінің бүгінгі жай-күйі, оның тұралап қалу себептеріне қатысты қоғамдық-саяси жағдайды зерделеу және талдау болды. Жиынды ашып сөз сөйлеген халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмәділов қазақ көшінің қаңтарылғанына жыл толғанын айта отырып, көшті жандандырудың бір тетігі ретінде, қазақ зиялылары Елбасына үндеу жолдауы қажет дегенді айтты.
Қабдеш Жұмәділовтен кейін сөз алған жазушы Смағұл Елубай қазақ көшінің тоқтауына Жаңаөзен оқиғасының себепкер болып отырғанын айтады. Естеріңізде болса, былтыр Мәсімов үкіметінің арнайы қаулысымен қазақ этникалық көшіне бөлінген мемлекеттік көші-қон квотасы тоқтатылып, бұл мәселені шешудің жолдары ізделініп жатқанын және жақын арада арнайы шешім қабылданатынын мәлімдеген болатын. Мәсімов үкіметі отставкаға кеткеннен кейін, жаңа Үкіметтің алдында тұрған маңызды проблемалардың бірі ретінде осы көші-қон аталғанымен, қазақ көшін жандандыруға қатысты іс-әрекет әзір байқалмайды. Қабдеш Жұмәділов пен Смағұл Елубайдың бүгінгі көші-қон процесінің тоқтауына кінәлілерді іздеп отырғаны содан.
Бұдан кейін сөз алған оралмандардың «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Рахым Айып көші-қонның тоқтауы соңғы бір жылдың үдерісіндегі іс емес екендігін айтып өтті.
- Әуелі, - деді ол, - Қытайдан келетін қазақтарды осындағы туысқандарының жеке кепілдігі арқылы шақыртуды Қазақ­станның Сыртқы істер министрлігі тарапынан тоқтатқанын, екіншіден, көшіп-келу визасын тоқтатып, тек қана туысшылау визасын ашуы себеп болды. Бұрын Қытайдан келетін қазақтардың визасын 1-2 жылға дейін ашып, осында келгенде визасының уақыты аяқталса, созып беруші еді, қазір оларға тек үш айға бір мәртеге виза ашылады және уақыты созылмайды.
Екіншіден, азаматтық алу мәселесіндегі қиындықтарды жойдық дегенімізбен, қазір оларды азаматтыққа қабылдау үшін, келген мемлекетінде сотталмағаны туралы анықтама сұратады. Басқа мемлекетті қайдам, Қытай өз елінде сотталған адамдарға шетелге шығатын рұқсатты да, паспортты да бермейді. Сол себепті де, бұл орынсыз талап деп ойлаймын. Сондай-ақ, тұрақты тіркеусіз азаматтыққа қабылдамау, студенттерді оқып жатқан оқу орнының жатақханасына тұрақты тіркемеу мәселелері де көші-қонның тоқырауына түрткі болып тұр.
Бұдан кейін сөз алған тарих ғылым­дарының докторы, профессор Нәбижан Мұхамедханұлы:
- Этникалық қазақтарды оралтудың бір жолы - шеттегі ағайындарды Қазақстанда оқыту. Соңғы жиырма жылда қазақ диаспорасының балалары үшін 2 пайыз білім квотасы бөлініп келеді. Бұл шамамен - 1400 орын. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі дайындық факультетінде арнайы 1400 орын бөлінген. Алайда жыл өткен сайын бұған оқуға келушілердің саны азайып барады. Бұған басты себеп визаның уақытында берілмеуі және оның қажетті жағдайда созылмауы. Дайындық факультеттеріне құжат 30 тамызға дейін қабылданады. Оған оқуға түскен студенттерден оқу визасын алып келу талап етіледі. Балалар оқу оқудың орнына Қытайға қайта оралып, оқу визасын алуға көп уақытын сарп етеді. Әрі оны берудің машақаты өте көп екен. Мәселен, Сыртқы істер министрлігі арқылы оларға арнайы шақырту жіберіп, оқу визасын сұрап хат жазғанымызға қарамастан, күзде оқуға түскен он студенттің визасы әлі дайын емес. Себебі, Қытай тарапы енді олардың ҚазҰУ студенті екендігін айғақтайтын анықтама сұратып жатқан көрінеді. Сол себепті де, дайындық факультетінде оқуға келген балалар арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы оқитындықтан, олардан оқу визасын талап етуді тоқтатса, екіншіден, олардың шетелде оқып келген дипломдарын Білім және ғылым министрлігінде нострификациядан, яғни арнайы сараптан өткізу дәстүрі қалыптасты. Бұл да біраз уақытты шығындайтын, орынсыз талаптардың біріне айналды. Егер, құжаттың жалған, жалған емес екендігін тексеру қажет болса, оны осындағы сол мемлекеттердің елшіліктері арқылы анықтауға болады ғой. Кейбір балалардан белгілі бір университетте оқығанын растайтын анықтама сұратыпты, ал ол университеттер біздің дипломымыз анықтама ретінде берілген, одан артық қандай құжат керек деп бермепті. Сол секілді Қазақстанда жоғары оқу орнынан кейінгі білімді жалғастыру мәселесіне келгенде де тығырыққа тірейтін мәселелер көп. Көбінде олардан тұрақты тіркеу және азаматтыққа құжат өткізді деген анықтама талап етеді. Егер ол анықтама болмаса, құжаттарын қабылдамайды. Қазір қалада тіркеу тәртібінің күшейтілуі салдарынан, тіркеуге тұру қиындады. Ал тұрақты тіркеуі жоқтарды азаматтыққа қабылдамайды. Яғни бұл құжаттың да оқуға кедергі келтіріп тұрғаны айдан анық. Тағы бір мәселе, бұрын жоғары оқу орындарының жатақханасында тұрақты тіркеуге алып, сол тіркеумен азаматтыққа құжат тапсыруға рұқсат бар еді. Қазір сол жақсы тәжірибе келмеске кеткен. Бүгінде жатақханалар оқу визасы болмаса, уақытша тіркеуге де тұрғызбайтын болды, - деді ол.
2010 жылдың 6 желтоқсанында сол кездегі Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің экс-депутат Бекболат Тілеуханның депутаттық сауалына орай жазған ресми хатына сүйенсек, 1991-2008 жылдар аралығында шеттен келген 775 мың 206 қазақ Қазақстан азаматтығына қол жеткізген. Бұл Қазақстанға оралған 800 мың адамның біразы өлі жандар екен деген мәліметті жоққа шығаратын дерек. Ал олардың 20 жылдағы өсімімен 1 миллионнан астам қазақтың біздің демографиямыздың кемдігін толтырғаны мәлім. Өкініштісі, сол көштің қаңтарылуы. Оның қашан, қандай жағдайда жолға қойылатыны әзірге беймәлім.

Есенгүл Кәпқызы

"Түркістан" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5375