Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2976 22 пікір 8 Тамыз, 2022 сағат 13:45

Мемлекеттік тілді білмейтін Есқалиевті кім басшы етті?

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕЙТІНДЕР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ҚАЛАЙ ІСТЕЙДІ?!

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың назарына!

Бүгінде 70 пайыздан асатын қазақтардың мемлекеттік тілдегі ақпарат алу құқын шектеуге, тілдік дискриминация жасауға кім рұқсат берді?

ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметінде Денсаулық сақтау министрлігінің халықты қынадай қырған пандемияда жаманаты шыққан «СК Фармация» ЖШС басқармасының қазіргі төрағасы Ерхат Есқалиев өзінің алып отырған жалақысының санын қазақша айта алмады?!.

Жеп отырған наны - алып отырған айлығын қазақша айтуға сауаты жетпейтіндерден басқа Денсаулық министрлігі «СК Фармацияға» басшы болатын адам жоқ па, не масқара бұл?!.

Бұл не деген бейшаралық?

Дәл қазір, «Осы «СК Фармация» басшысы орынына кімдер үміткер болып, өте алмай қалып еді, іштеріңде мемлекеттік тілді білетіндерің бар ма» -деп фейсбукте сұрау салсақ, бірнеше үміткердің шығатыны анық. Сонда олардың ішінен әдейі Қазақстанның Мемлекеттік тілін білмейтін, тек Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлейтін Ерхат Есқалиевті таңдап алу не үшін және кім үшін керек болды? Қазақ Елінің мемлекеттік тілін - мемлекет құраушы негізгі ұлттың тілінің конституциялық, заңдық құқын таптау, дискриминацияға ұшырату - биліктің негізгі саясаты ма?!.

Қайда Әділетті, Жаңа Қазақстан?!.

Мемлекеттік қызмет агенттігі дайындаған мемлекеттік қызметкерлерден талап ететін ҚазТЕСТ сынағында Қазақ тілінің балы - 0! Сен жауап берсең де, бермесең де, Қазақ тілінен 0 (нөл) деген баға аласың?

Біз кезінде бұл мәселені өз басынан өткізген заңгер, тіл күрескері Жасұлан Исаның мәліметі бойынша «Қазақ тілінің деңгейі - 0» деген мақала жазғанбыз?

Қазақ тілі - мазақ тілі ме сонда, Ақордадағы, Үкіметтегі мырзалар!?.

Осыдан екі жыл бұрын дәл осы Денсаулық министрлігі Бас санитары қазақша сұраққа жауап бере алмағанда күйінгеннен «БАС САНИТАРДЫҢ РЕСЕЙ ТІЛІНДЕГІ СӨЗІН МИНИСТР АУДАРЫП БЕРЕ МЕ?»  -деп жазып едік. Тағы да қайталап айтамыз!

Былтыр парламентке келіп, орысша сөйлеп отырған министрлік басшыларына «Бұл Ресей Думасы емес, Қазақ парламенті» деп қатаң ескерту жасадық та.

Бүгінде 70 пайыздан асатын қазақтардың мемлекеттік тілдегі ақпарат алу құқын шектеуге, тілдік дискриминация жасауға кім рұқсат берді?

Бірден айтайық, брифинг Қазақ Елінде емес, Ресейде өтіп жатқандай болды. Өйткені мемлекеттік тілді жиып қойып, тек орыс тілінде ақпарат беруші «СК Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевке қарасаңыз, Тәуелсіз Қазақстанның астанасында емес, Ресейдің бір губерниясында отырғандай...

Еркін отырды...

Журналистің «қазақша жауап беріңіз? - дегеніне де қарамай орысша зулап барады. Тек журналист мемлекетшілдік принципшілдікпен «Мен сізге қазақша сұрақ қойдым, қазақша жауап беріңіз» - дегенде барып, тұтылды…

1.Қазақстанның «СК Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевке Мемлекеттік тілді, яғни Конституция мен Тіл туралы заңды аттап-таптап өтуге кім рұқсат берді?!.

2.Қазақстанға 30 жылдың ішінде көшіп келген, бүгінде 2 миллионға жуықтап қалған қандастарымыздың және Тәуелсіздік алғалы 30 жылда қалыптасқандай, орыс тілін білуді қажет санамайтын ауылдағы қазақтарды қосқанда, 10 миллионнан асатын азаматтарды айтпағанда, бүгінде жалпы 70 пайыздан асатын қазақтардың мемлекеттік тілдегі ақпарат алу құқын шектеуге кім рұқсат берді?

Фейсбуктегі парақшасының қазақшасы бес айдан бері жаңармаған Президент жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде брифинг өткізушілерге белгілі бір заңды талаптар болмай ма? Қытай немесе шүршіт тілінде де өткізе беруге бола ма?

3.Егер Ерхат Есқалиев МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕСЕ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ БАСШЫ ЕТІП ОНЫ КІМ ТАҒАЙЫНДАДЫ?

Оны жауапты лауазымды мемлекеттік қызметке қойып отырғанда одан Мемлекеттік тілді білу Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, Мемлекеттік қызмет агенттігінде және Денсаулық министрлігінде талап етілмеген бе?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейсустың өзі қазақ тілін үйреніп жатқанда біздің Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан заңдарын сақтауды жиып қойған ба?

Әлде мұндай талап біздің Тәуелсіз Қазақстанда 30 жылдан бері әлі жоқ па?!

Ендеше, Мемлекеттік тілге миы жетпейтіндерді, тек Ресей тілін білсе жеткілікті деп санап, қызметке ала беретін болса, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят немесе осындай қалың елдің жауапкершілігін жүктеген лауазымды қызметке мемлекеттік тілді білмейтін адамды таңдап алғызған Үкімет төрағасы мен Президент әкімшілігі басшылары брифингке келіп, Е.Есқалиевтің сөзін Мемлекеттік тілге аударып беріп отырсын.

Еліміздегі 70 пайыздан астам Қазақстан азаматтары осыны талап етеді! Өйткені, төтенше жағдай тудырған жаман індет, коронавирус те кетеді, ал Тәуелсіз Қазақстан билігіндегі, Мемлекеттік қызметтегі Мемлекеттік тілді таптап үйренген құлдық вирус отыз жылдан бері жойылмай келеді!

Енді осы елдің қан қысымын көтеріп келе жатқан «құлдық вирус» төтенше жағдай тудырмауын ойлау керек!

Біздің бәрін ұмытып кетуге даяр билікке кеше Қаңтар қасіретінде көшеге шыққандардың 100 пайыз қазақтар екенін еске саламыз!

Біз бұл Тәуелсіз мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі - Мемлекеттік тілдің ауыр халін отыз жылдан бері көтеріп келеміз.

Он бес жыл бұрын «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕЙТІНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?» - деп өткір мақала жазғанбыз. Қазір ол «Қазақ үні» ұлттық порталында ең көп оқылған және ең көп пікір жазылған айдарында тұр.

Бұл 30 жылдан бері жазылмай келе жатқан ауыр дерттің басы - Конституцияда мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара айқындаудың уақыты жеткенін биыл 27 сәуірде парламентте көтерген «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын елдің бәрі жаппай қолдап, Үкіметтің eGov порталында петиция жасағандар 500 мыңнан, яғни жарты миллионнан асып кеткенін біздің «Еститін мемлекет» енді қашан естиді?!.

Қазыбек Иса, 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404