Интернеттегі алаяқтар 7 млрд теңге шығын келтірді
Жыл басынан бері алаяқтық бойынша 11 763 жағдай тіркелді. Интернеттегі алаяқтарға алданған қазақстандықтар 7 млрд теңгесінен қағылды.
ҚР ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, соңғы алты жылда интернет-алаяқтық фактілері көбейіп кеткен. Егер 2016 жылы осындай мың қылмыс орын алса, 2021 жылы интернет-алаяқтықтың саны 21 мыңға дейін артқан. Жыл басынан бері 11 763 оқиға тіркеліп, алаяқтар қазақстандықтарға 7 млрд теңгеге залал келтірген. 571 қылмыскер мен 17 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталған.
"Бұған дейін ІІМ бастамасы бойынша онлайн-қарыз алу кезінде тұтынушыларды сәйкестендірудің банктік рәсімдері қатайған болатын. Бүгінде алаяқтар телефондарға қашықтан қол жеткізу үшін арнайы қосымшаларды, абоненттік нөмірлерді ауыстыру сервистерін пайдаланады. Сондай-ақ, олардың арасында шетелден әрекет етіп отырғандар да бар", - деп атап өтті ІІМ өкілі.
Abai.kz