Бейсенбі, 10 Қазан 2024
1688 0 пікір 8 Тамыз, 2022 сағат 15:24

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әуе қатынасы жандануда

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әуе қатынасы қайта жандануда. ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті Вьетнам Социалистік Республикасының авиациялық билік орындарымен бірлесіп Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерін жаңарту бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресми телеграм арнасында.

Вьетнамдық  «Vietjet Air» ірі авиакомпаниясы биылғы қыркүйек айының соңынан бастап «Airbus А – 330» типті әуе кемелерімен Камрань-Нұр-Сұлтан және Камрань-Алматы бағыттары бойынша аптасына 2-3 рет жиілікпен тұрақты жолаушылар рейстерін бастауды жоспарлап отыр. Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

"Vietjet Air" –  Вьетнамның төмен бюджетті әуе тасымалдаушысы. Авиакомпания рейстерді 2007 жылы бастаған. Әлемнің 10 еліне: Сингапур, Малайзия, Мьянма, Индонезия, Камбоджа, Тайуань, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония және Үндістанға 19 - дан астам бағыт бойынша халықаралық рейстерді орындайды. Авиакомпания паркінде Airbus А320, A321, А321 neo, А330 үлгісіндегі 78 әуе кемесі бар.

 

Abai.kz

0 пікір