Қоғамдық кеңестердің қызметі мен мәселелері
Халық пен билік арасында дәнекер болатын, ел ішіндегі өзекті мәселелерді қозғап, оның шешілуін қамтамасыз ету үшін қажетті мемлекеттік органдарға уәжін жеткізетін ұйымдарды Қоғамдық кеңестер деп атаймыз. Қоғамдық кеңестерді құру бастамасы Қазақстанда 2013 жылы қолға алынды. Аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсете білген ұйымдардың 2015 жылы құқықтық мәртебесі айқындалды. Сол жылы қарашаның екісінде Қоғамдық кеңестер туралы арнайы заң қабылданды. Қоғамдық кеңестердің маңыздылығы туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасында айтылды.
Заңға сай, Қоғамдық кеңестер дегеніміз – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар.
Қоғамдық кеңестер екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады. Заң бойынша, Қоғамдық кеңестер автономды және дербес болып саналады.
Бүгінде елімізде 251 Қоғамдық кеңестер жұмыс істеп жатыр. Оның 35-і республикалық деңгейдегі ұйымдар, 216-сы жергілікті деңгейдегі ұйымдар екен. Қоғамдық кеңестер құрамында қазір 3801 адам бар. Оның 402-і республикалық, 3399-ы аймақтық деңгейдегі өкілдер. 2021 жылы квазимемлекеттік сектордың 12 субъектісі жанынан Қоғамдық кеңестер ашылды.
Қоғамдық кеңестердің негізгі міндеті ол – азаматтық қоғамның маңызы бар мәселелері бойынша пікір білдіру. Халықтың тілегімен, ой-пікірімен санасу. Бюджеттік бағдарламалардың, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту, тіпті мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын талқылау – Қоғамдық кеңестердің құзіретіне кіреді. Одан бөлек ұйым мүшелері қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын талқылау, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін тыңдау, жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жұмысына қатыса алады. Сондай-ақ мониторингтік бақылау жүргізу құқығына ие. Қоғамдық мониторинг мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтер көрсетуі, мемлекеттік бағдарламаларды, стратегиялық жоспарларды және бюджеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыруы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ұлттық басқарушы холдингтердің, және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын, іс-шараларын іске асыруы, мемлекеттік қызметтер көрсетуі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қолдану нәтижесінде азаматтар үшін теріс салдарларды және қоғамдық мүдделерге қысым жасалуын анықтау мақсатында жүзеге асырылады.
Қоғамдық кеңестердің орасан зор әлеуетке ие екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы халыққа жолдауында айтқан болатын.
«Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың квазимемлекеттік секторының жанындағы қоғамдық келісімдерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты сын айтқан болатынмын. Дегенмен бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің ұсынысы бойынша, қоғамдық кеңестердің аясын кеңейту керек.
«Биыл менің бастамам бойынша қоғамдық кеңестердің құрамы, яғни жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады. «Келісіп пішкен тон, келте болмас», деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді, бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеден өткен ұлы басқосулар соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған, қисынды сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қоғамдық кеңестер - мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші, әрі бақылаушы органға айналуы тиіс. Құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері мен қарапайым азаматтар кіретін ұйым кез келген мәселе бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірін тыңдап, онымен санасуға міндетті. Ол үшін арнайы қоғамдық тыңдаулар өтеді. Осылайша, қарапайым азаматтар елде жүріп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алады.
Президент айтқандай Қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру уақыт талабы. Халықтың билік қабылдаған әр шешімге үн қосуы демократиялы мемлекеттегі қалыпты құбылыс. Бірақ Қоғамдық кеңестің жұмысына кедергі болатын бірқатар мәселелер бар. Олар туралы сарапшылар былай деп пікір білдіреді.
«Ұлттық және халықаралық даму бастамалары институты» қоғамдық қорының директоры Светлана Ушакованың айтуынша, Қоғамдық кеңес мүшелерінің мемлекеттік органдар тарапынан іріктеуден өтуі дұрыс емес.
«Бұл мен айтқан бір проблема. Бірақ меніңше ең үлкен проблема – қоғамдық кеңес мүшелерінің құрылу жүйесі. Мән беріп қарасақ, мемлекеттік органдар жұмыс тобын құрады. Ары қарай сол топ кеңес мүшелерін іріктейді. Міне осыдан барып шикілік шығады. Мемлекеттік орган кеңес мүшелерін іріктеуге әсер еткен соң оған ойын ащы түрде, бүкпесіз жеткізе алатын азаматтардың енуі екіталай. Егер осы іріктеу айқын, ашық, қолжетімді, бәсекеге қабілетті, еркін болса, кеңес мүшелігіне әлдеқайда мықты азаматтар енер еді. Міне сонда барып олар органдарға жіберілген ұсыныстарының жүзеге асуына ықпал етер еді», - дейді Светлана Ушакова.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қоғамдық кеңестер ешбір мекеменің құзырына кірмей, тәуелсіз жұмыс істеуі қажет екенін айтады.
«Қоғамдық кеңестер «жанындағы» болмауы тиіс. Бүгінда аумақтық барлық қоғамдық кеңестер дұрыс аталады. Олар – облыстың, ауданның, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңестері.
Қоғамдық кеңес атауында Денсаулық сақтау министрлігі көрсетілсе, онда ол – дұрыс емес. Ол министрліктің қоғамдық кеңесі бола алмайды. Аталған заң жобасымен жұмыс істеген бастапқы кезеңде-ақ қоғамдық кеңестердің қандай да бір мемлекеттік органның, әкімдіктің, министрліктің жанындағы болмауына мән берген едік. Ұйым аумақтың қоғамдық кеңесі немесе қандай да бір бағыттың қоғамдық кеңесі болуы тиіс. Айталық, Ішкі істер министрлігінде ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес емес, ішкі істер органдарының қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес болуы қажет», дейді Нұрлан Әбдіров.
Abai.kz