Оқу жылы екі аптаға ұзартылды
Қазақстан мектептерінде оқу жылы екі аптаға ұзартылды. Cәйкесінше оқу жылындағы демалыстар уақыты төмендегідей өзгертілді :
күзде жеті күн - 31 қазаннан 6 қарашаға дейін;
қыста тоғыз күн - 31 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін;
көктемде тоғыз күн -18-26 наурызға дейін болмақ.
Осыған дейінгі оқу жылы аясындағы 30 күндік демалыс 25 күнге қысқарды. Бірінші сынып оқушыларына ақпанның 6-12 аралығында қосымша демалыс қарастырылған. Оқу жылы 31 мамырда аяқталмақ. Жазғы демалыс 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Оқу-ағарту министрлігі сарапшылардың осыған дейін оқу жылын ұзарту жөнінде бірнеше рет өтініш түсіргенін айтады. Олар әлемде ең ұзақ каникул- 130 күн Қазақстанда екенін, басқа елдерде 80- 100 күннен аспайтынын есепке алған.
Шілде айында министрліктің жобасы қоғам талқысына түсіп, көптеген ата-ана оқу жылының ұзарғанына қарсы шыққан болатын. Оқу-ағарту министрлігі оқу жылының ұзартылғаны күнделікті пәндерді азайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
Abai.kz