Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4022 4 пікір 18 Тамыз, 2022 сағат 13:35

Шайтансыз-ақ азып-тозу немесе Жарылыстың зардабы

Семей полигоны... Қазақ халқы бейбіт күнде басынан кешкен кесір – биологиялық апат, ядролық зауал, экологиялық соғыс! Ұлы Дала тарихындағы ақтаңдақ! Биологиялық соғыстың қасіреті қарулы соғыстан зор екенін басынан өткен халық жақсы біледі. Қасіреті мен қайғысын ешкім ұмытпайды. Қазақ жерінің күншығысынан сыналған қарудың қармағына адаммен бірге жер, су, тау, тас бірге түсті. Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» роман-дилогиясындағы оқиғалар арқауы адам мен табиғаттың бірге тартқан зардабынан туындаған.

Атом зардабынан анасының ішіндегі балаға дейін дертке шалдыққан сұмдыққа дәрігер кінәлі ме? Бәлкім әке кінәлі шығар, әлде, ана байғұс па?! Жоқ, адам тағдырын аяқ астына салып, атом технологиясына ұмтылған ғасыр кінәлі! Жазушы адам қолымен жасалған атомға тәуелді ғасыр кінәсін әр қилы тағдыр арқылы айғақтайды. Менің көзқарасымда жазушы қандай оқиғаны жазса, сол оқиғаның ортасында өзі болған, сол оқиғаны жанымен сезінгенде ғана ол «туынды» болып қайта келеді.

***

Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында түрлі қаскүнем мифтік бейнелер бар. Ғылымда оларды «демонологиялық күштер» дейді. Қазақ халқының шайтан, албасты, пері, жезтырнақ, жал­мауыз кемпір, үббе, жетек сияқты демонологиялық тұрпатқа ие зиянкес һәм зұлым күш­терге сенімі, танымы басым болған. Бұлардың барлығы ауыз әдебиетінде адам кейпінде кездеседі. Соның ішінде қазақтардың шайтанға деген сенім­дерінің мол болуы, оның ертеде күнделікті өмірде жиі кезде­сетіндігімен байланысты. Көне аңыздың біріне көз жүгіртсек, ертеректе күйеуі жолаушылап кеткен бір әйел, түнде есікті ілмей, іс тігіп отырған кезінде бір ер адам кіріп келіп: «Жолаушы едік, әйелім жолда босанғалы жатыр», - деп әлгі әйелді мола жаққа ертіп кетеді. Шындығында, мола жақтағы жолда бір әйел босанғалы жатыр екен. Әлгі әйел толғақ қабыл­дайды. Баланы жуындыратын су жоқ болғасын, әлгі еркекті үйінен су әкелуге жұмсайды. Ол беті ашық тұрған бір шелек суды алып келеді. Босанған әйел босандырған әйелдің қолына білезік салып, «сен мұны қайдан алғаныңды ешкімге айтпа, айтсаң дүниеден озасың», - дейді. Әлгі әйел күндердің күнінде қолындағы білезікке қызығу­шыларға қайдан алғанын айтқан. Сол күні әлгі әйел қысылып, қайтыс болған. Олар шайтандар екен. Осыған байланысты: «Түнде шайтан аралап кетеді!» - деп, судың, тамақтың бетін ашық қалдырмайды. Құдықтан су алуға барғанда алдымен суға тас лақтырады, «сонда су ішіндегі шайтандар ұшып кетеді». Түнде су құйылған шелектердің бетін жабады, ашық қалса: «Шайтан үйір болады», - дейді. «Шайтан азғырады!» - деп, әйел адамдар түнде жалғыз жүрмейді, себебі, наным бойынша: «Адамға шайтандар көбіне түнде кезігеді!» Тура жолдан тайған адамды «шайтаны түртті», яғни, «шайтаны азғырды» деу де ертеден келе жатқан наным екені сөзсіз. «Жын-шайтандар естіп қойса, ауру шықпай қояды», - деп, қызыл­ша, ісік сияқты аурулардың да атын айтпайды. Шайтанның иығына отын арқалап, айлы түн астында жүрген жас жігіт бейнесінде көрінетіндігі жайында да деректер бар.

Жазушы Сәуле Досжанның жарылыс алаңы оқиғасының ішінен көрген, таныған шайтаны да жігіт бейнесінде. Мүйізді, құйрықты шайтан - жігіт. Аты –  Бөрі.

«Шайтанның шашы» әңгімесінің бас кейіпкері Гүлімай түнде беті ашық қалған суды ішемін деп, суға түскен шайтанның бір тал шашын жұтып қояды. Суда шашын қалдырып жүрген әлгі Бөрі - шайтан. ХХ ғасырдың Бөрі - шайтаны да, байырғы қазақтар таныған шайтандар секілді адамға тек түнде келеді екен. Ішіне шашы кірген сұлу Гүлімайды жазбай таниды, қайда болса да тауып алады. Гүлімайдан түнде маза кетіп, «айкезбе» ауруына шалдығады. Бөрі - шайтан арқасына мінгізіп алып ұшырып, әр түрлі оқиғаларға куә етеді. Бір келгенінде Гүлімайға: «Шайтансыз да азып-тозып жатырсыңдар. Мен бе сендердің далаларыңа атом бомбасын жарғызып, бәленбай ұрпаққа дейін шеттеріңнен ауру еткен? Жүр, саған көрсетейін ғалымдарыңның өздеріңе қарсы қандай қасірет төгіп жатқанын», - деп сүйрей жөнелді (260 б.).

Бөрі - шайтан қызды көкте ұшырып жүріп, полигон даласын үстінен көрсетеді. «Шыңғыстаудың етегіндегі бір кездегі көкмайса жайлаудың орнында қураған қурай мен шаңы шыққан топырақ жатыр. Жарылыстан түзелген апандардың кейбіреуінде су орнына ернеуінен аса жап-жасыл у кілкілдеп тұр. Бір заманда айбарлы тау болған аңыз Дегелең үгітілген тасқа айналған. Гранит жартастардың беті шұрық-тесік. Сом жартастар ауырсынып, ыңырана дауыс шығаратындай. Арқат таулары қайғыдан күңіреніп, көз ұшында қарауытады. Қарауылтөбенің басына адамдар қолдан оба тұрғызыпты. Әр ауылдың желкесінде не етегінде қаптаған зираттар. Жердің үстіндегілерден астындағылар көп пе дедім...» (261 б.).

Етегі елге толған қайран Шыңғыстау, қайран Дегелең тауы, қайран Арқат!

«...Қайран да қайран, қайран тау!

Пайдаң маған тиген тау,

Үш атамыз өткен тау,

Үш мың қара біткен тау!

...Атам күйеу болған тау,

Анам келін болған тау.

Кетейін деген ойым жоқ,

Айналасы толған тау...»

Расында, Шыңғыс тауы, Арқат тауы, Дегелең тауының алқабынан халықтың үдере көшетін ойы жоқ еді. Күншығыстың сұлу табиғатын  қимаса да, малын, үйін сатып атақоныстан ауа көшудің де қиындығы «Қасірет пен тағдыр» романының желісімен бірге жүреді. Шыңғыс тауы, Арқат тауы, Дегелең тауының сұлу көрінісі, бірі адам мүсініне, бірі аң-құс бейнесіне ұқсайтын жақпар тастары қазақ жерінің шығысына келген жиһанкез-зерттеушілерді тәнті еткен. Мал баққан қазақ үшін осы таулардың қойнауы, салқын ауасы, ызғырық желден паналайтын ықтасын, жылуыт, күнгейлі бетегелі белесі шұрайлы жайылымды қамтамасыз ететін. Етегіне төрт түлік мал толған күндері тарих қойнауында қалады деп қай қазақ ойлаған еді?!

Шыңғыстау! Дегелең тауы! Арқат тауы! Адамның қатысуынсыз табиғаттың өзі қалыптастырған ескерткіш! Табиғат ескерткіші!  «Семей полигоны» атом сынағына аймағына таңдалып кетпегенде, осы күні бұл таулардың баурайы сөзсіз «экомузей» аймағына айналатын еді.  

Жергілікті тұрғындарды әлеуметтік, экономикалық, экологиялық мәселелерді шешуге белсене қатыстыру арқылы, тұрғындарды өздері тұрған өңірдегі  қоршаған ортамен тығыз байланыста болуын, табиғат ескерткіштері мен ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарды сақтап, насихаттауға белсене араласуын қамтамасыз етуге бағытталған музейлер кешенін, «экомузейлер» жүйесін біз осы жерден көретін едік. Бұл жер полигон болмағанда мәдени туризмнің бір нысаны болар еді. Адам мен табиғаттың эмоционалдық және ментальді қарым-қатынасы санатындағы экологиялық-рухани байланысты да осы жерден табар ма едік?! Амал қанша?!

Бөрі - шайтанның айтуынша,  адамдардың арасындағы атаққұмар, ақшаға тәуелді, нәпсіқұмар, билік пен үстемдікке әуестерінің ішінде де өзінің шашы бар. Бөрі - шайтан Гүлімайға: «Жер бетіндегі өмірді көрсеттім, енді су астындағы өмірді көрсетімін», -  деген еді. Шайтанның айдауына түскен Гүлімай: «Жүзе алмаймын, енді қайттім?!» - деген үреймен жүрумен болды. Жарылыс зардабының  Гүлімайдағы айкезбелігі жүйкелік ауытқуға ұласа бастағандай. Бөрі - шайтанға жүйкелік тәуелділік тіпті Гүлімайға «мен Бөрі - шайтаннан бала көтердім... Бөрі - шайтаннан екіқабатпын!» - деген ой салады. Осы ойдан шыға алмаған Гүлімай Ертіс көпіріне барып, Ертістің ағысына қарап тұрамын деп, қалай ұшып кеткенін де байқамай қалады. Құрбысы Аяулым Гүлімай қазасына сене алмай, ол секірген Ертіс көпірінің үстіне барып егіліп тұрғанда: «Өзенге еңкейе берме, су перісі бар, серті болады, тартып кетеді!» - деп бейтаныс кісі ескерту жасайды.

Гүлімайды Ертістің астына тартып кеткен Су перісі кім еді?! Су перісі – теңіз,  өзен, көл астында тереңде өмір сүретін әйел жынысты, екі аяғы балықтың құйрығы тәрізді бітісіп кеткен, көгілдір түсті, жылтырақ қабыршақты, өте ұзын бойлы, сөйлейтін тілі бар мифтік образ. Қазақтың және басқа да халықтардың дүниетанымы бойынша су перісі теңдесі жоқ сұлу болады. Ол көбіне түнде су бетіне шығады. Сол себепті кешке, түнде суға барғанда су перісінен қорғану үшін «суды шошыту» керек. Су бетіне тас лақтыру, топырақ шашу, таяқ тастау арқылы судың дыбысын шығарса, Су перісі адамнан үркіп су түбіне қайта кетеді. Су астындағы Су перісінің патшалығында олардың бірнешеуі бірігіп өмір сүреді. Су перісінің үйі адамды еліктіретіндей керемет болады...

Гүлімай дертке шалдықпағанда, Бөрі - шайтанның да, Су перісінің де ықпалына түспес еді-ау...

Аяулым Гүлімайдың ішіндегі «шайтанның шашы» деп жүргені, оның бойындағы радиация сәулесінің шалығы екенін анық түсінді. Расында, сол радиация шалығы оны алып тынды. Алдымен қанын, сосын миын улап, ақыры батпандап рухани жан-дүниесіне енді, депрессияға салып, психикасын құртты (276 б.).

«Әйел қырық шырақты» деген халық теңеуінің түпкі мән-мағынасын Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» роман-дилогиясы (Алматы, «Нұрлы Әлем», 2020) ашқандай, оқиғаның желісі ананың құрсағына біткен баланың денсаулығы үшін күресінен басталып, ананың дені сау ұрпақ өсіруге деген ең ізгі ниеттегі күресімен жалғасады.

«Ана! Жер - Ана!» Бұл – Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» роман-дилогиясының ұраны!

Ана, әйел, қыз тағдыры арқылы елдің тағдырын берген тарихи шығарманы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға лайық  туынды деп бағалаймын.  Ел мен Жердің қасіреті қабырғасын қайыстырып, жаны мен жүрегі қан жылап отырып Ұлт пен Рухтың жалауын желбіреткен, бірегей туындысындағы бір ұлттың тартқан тақсіреті мен ауыр азабы арқылы бүкіл әлемге ортақ мегамәселенің маңыздылығын Адамзат баласына дабыл қаға жолдаған жазушы Сәуле Досжанның шығармасына қатысты Мемлекеттік комиссияның шешімі қайта қаралуы керек! Менің бұл пікірімді қолдайтын қазақ оқырманының қарасы көп екендігіне еш күмәнім жоқ...

Тәттігүл Картаева

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534