Жұма, 11 Шілде 2025
Ғибырат 482 0 пікір 11 Шілде, 2025 сағат 14:37

Майталман мәдениеттанушы

Коллаж: Abai.kz.

«Қондыгердің бір-ақ парақ тарихы...» еңбегі туралы бір пара сөз

Мәдениеттану деген ғылым саласы Совет дәуірінің соңғы жылдарында ғана мойындала бастады да, мәдениеттанушылар да сол кезеңде там-тұмдап шыға бастады. Әдісі мен әдіснамасы түрлі саланы қамтитын бұл ғылымды пәнаралық, яғни басқа ғылымдармен, салалармен араластығы тығыз ғылым ретінде мойындалады. Оның үстіне мәдениет ұғымын адамзаттың ғасырлар бойғы жиған тергені мен талай саланы меңгерген мәдени, адами әрекеттен туындаған құбылыс ретінде қарастырады. Этнографиядан бастап, саясаттануға дейінгі,тіпті бүгінгі цифрландыру саласындағы әдістерді қарастырып, өзіне сайман ететін бұл ғылым адамзаттың мәдени санасы мен өмір дағдысын бүгінде барынша ауқымды әрі тереңдете қарастыратын ғылым болғандықтан, мәдениаттанушылар да түрлі салаға тарамдалған мәдениеттің көріністерін қарастырып, тұжырымдайтын мамандарға айналуға мәжбүр.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Өз басым жас кезімде бұл ғылыми бағытты қайраткер, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің есіміне тіркеле бастағаннан ғана байқадым. Бірақ жаһанның әр түкпірі ғылымның салаларын түрліше атап қана қоймайды, мазмұнын түрліше қарастыратыны да аян. Біздегі этнография Батыс әлемінде этникалық антропология делініп, жалпы адамтанудың етенелік топтарға тән құбылысын зерттесе, біз оған этносты сипаттайтын материалдар мен ресурстар ретінде қараймыз дегендей. Осылайша бүгінде адамзат мәдениетін кеңінен қарастыратын мәдени антропология дейтін саланы мәдениеттану/культурология дейтін болдық.

Қазақстан жағдайында, өзін мәдениеттануға жатқызбаса да, атамаса да, сол саланың белсенді өкілі бола алатын тұлғалар бар. Тек бұл сала әлі зерттелмей, қазбаланбай жатыр. Әріге бармай, берідегі екі тұлғаны атайық: бірі - жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменов, екіншісі – жазушы, кинодраматург, күйші, әдебиет пен музыка сыншысы, мифология, тарих және этнография зерттеушісі, домбыра шебері, қазақ-орыс, орыс-қазақ аудармашы Таласбек Әсемқұлов.

А.Сүлейменов - жаңа идеялар туындатып, тұжырымдауға, қоғамға, ұлтқа қызмет ететін идеяшылдықтан азат жаңа әдебиет жасауға ұмтылып, өз идеалын алға бастыруға күш салған мәдениеттанушы. Таластек осы Асқарға ілесе жүріп, оны ұстаз тұта келіп, мәдениеттанушы болып қалыптасты десек қателеспеспіз. Екеуі де қазақы ортада туып-өсіп, астаналық Алматыда қалыптасты, екеуінің ортақ тақырыптары өнер, әдебиет, тарих пен адамның рухани игілігі, адами және ұлттық азаткерлік. Әңгімені Таласбектің мәдениеттанушылығы турасында өрбіткелі отырмыз.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Әрине, Таласбек Баймұхаметұлы ұстазы Асқар Сүлейменовке дейін талай мектептен өтіп, мәдени тұлға ретінде өсіп жетілді. Бірақ мәдениеттану саласына қалыптасқан, орныққан кезі адуын дарын, сұңғыла ойлы мәдениеттанушы Асқар Сүлейменовпен серіктескен кезден жұғып, содан ұлтқа, мәдениетке қызмет ету ұстанымына әсерлесу мен сіңісу ықпалы болғандығы байқалады.

Жалпы алғанда Шығыс мәдениетіндегі ұстаздық институты өте ерекше киелі құбылыс. Бірақ бүгінгі қазақ ғылымы бұны жеке институционалдық құбылыс ретінде мойныдай қойған жоқ. Аталмыш бұл дәстүр сабақтастығы халқымыздың мәдениетіндегі бата алу үрдісімен тікелей байланысты. Әсемқұловтың Сүлейменовтен бата алған шәкірті деуге толық қақымыз бар және де А.Сүлейменов өз шәкіртіне толық тұшына алған ұстаз деуге де қымтсынатын негіз жоқ.

Осылайша Таласбек Әсемқұлов есімді мәдениетті танушы, паш етуші ретінде жан-жақты қалыптасып, ұлағатты ұстаздан тәлім алушы есебінде майталман мәдениеттанушы деңгейіне жеткен. Оның әмбебаптығына жоғарыда аталған алуан сипатты, жан-жақты саланы меңгерген қабылеті мен қарымы куә әрі алғышарт бола алады. Таласбектің нағашы Жүнісбайдың бала мектебінен бастап, қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы Асқар Сүлейменов мектебіне дейінгі тағдыр-талайы – толыққанды мәдениеттанулық үлкен әрі қасиетті жол. Тәкең өз заманындағы сұңғылалар мен ойшылдарды, танымпаздарды өзіне ұстаз ете білді. Бұл жағынан ол айтулы жазушы Мұхтар Мағауин мен белгілі номадолог Лев Гумилевпен қойын-қолтық араласты. Осының арқасында Таласбек Баймұхаметұлы мифологиялық санаға тән әфсаналық ақпараттан бастап, зайырлы рационал білімге дейінгі қайнардан керегін алып, оның иін қандырып, бұйым соға алатын танымпазға, шебер жасампазға әрі ауқымды таратушы мен майталман мәдениеттанушыға айналды.

Бұл турасындағы әңгімені көзі қарақты оқырман назарын кілт бұрған оның «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» (Әсемқұлов Т. Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы/ Таласбек Әсемқұлов – Астана. 2024. – 400 б.) еңбегіне шола отырып өрбіткенді жөн санадық.

«Жылан қайыс» ғұрпының мәнісі

Қазақта ғұрып пен жоралғы, рәсімдер толып жатыр. Бұлардың ара-жігі әлі күнге ажыратылған жоқ. Біздің әзірге қолдан келгені – ойдан-қырдан жинап, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанудың аржақ-бержағы ғана.

Дегенмен, осы қыруар мұраны анда-санда қопарып жіберіп, ішінен інжу-маржанды теріп алатын санаулы зердегөйлеріміз бар. Соның бірі осы - Таласбек Әсемқұлов. Бас-аяғы бес беттен тұратын кішкене ғана мақаласы арқылы Тәкең қазақтың «жылан қайыс» ғұрпының мыңдаған жылдарды қамтитын магиялық жоралғы мазмұнын ашып берді де, осы бір ғана зерделеуден халқымыздың сан ғасырлық мифологиясы мен танымын, оның тәлімі мен тәрбиесінің терең мазмұнын әйгіледі.

Таласбек бір мақаласы арқылы белгілі ертектің (бұрын осылай аталатын, енді «ертегі» болып кетті) басты кейіпкеріне айналған Бапының мифологиялық ортаның архетиптік рөлін жайып салғанда, ертек жанрына, аңыз-әфсанаға деген мүлдем басқа көзқарас пен таным қалыптастыратын білімнің бір ұшығына айналып шыға келді. Қазақ танымының түпкі қайнарына оқырманын жетелеп әкеліп шөкелей отырғыза салды. Осы танымның өзі ата-бабамыздың ежелгі әмбебап танымпаздығы мен кванттық (материалдық дүниеден тыс) әлемді санамен аралаған жасампаздығын жайып салды.

Егер де Таласбек сұңғыла болмағанда, бала шағынан нағашының тәрбиесінде болған талай материалдар ақпа құлақтан ағып кетер еді... Бертінгі орта ғасырдан бергі жылан кейпінің адамзат үшін қорқынышты, қара жердің дүлей теріс қаһарманы түрінде сіңірілген кейпі ата танымда мүлдем басқа екен. Осы миф пен жылан қайыс ғұрпына қарап, бабамыздың жер бетін ғана емес, қатарлас дүниені де билеуге қатысқанына, оның небір құдыретін өз қажетіне жарата білгеніне қайран қаласың.

«Жылан қайыс» ғұрпынан темірші шебердің, ұстаз дарқанның өз шәкіртін рухани энергетикалық шыңдаудың ғаламат технологиясын танисың. Осы қауқар мен әрекетті бүгінмен салыстырғанда, бүгінгі сананың қаншалықты қарабайырланғанын білесің. Осындайда тәңір діні, тәңірлік таным дегенді барынша примитив деңгейде қабылдайтынымыз көрініп қалады. Ал аталмыш ғұрып, аса ежелгі дін мен тарихқа дейінгі адамзаттың танымы мен білігі, жасампаздығы сол тәңіршіл сананың жасамы, үлгісі ғой. Ендеше неге қарабайырлатқымыз келеді? Себебі, әлі танымымыз төмен. Бүгінгі шектеулі матрицадан шыға алмай, өзімізді де, өз танымымызды да қор қылып отырмыз. Осы жолда Таласбектің осындай еңбектері жаңа бағытқа, жаңа парадигмаға нағыз жолашар есік.

«Жылан қайыс» рәсімі қазақтың ондаған,тіпті жүздеген ғұрыптарының бірі ғана. Бірақ өзінің мифологиялық ілімін жоғалтпаған рухани жәдігер. Жеті ата тақырыбын індету барысында біршама сарапшылармен жолығып сұхбаттасу кезінде, ата-баба туыстықтың екі жолын да ұстағанын біліп қайран қалдым. Бірі -  аталас, бір атадан тарайтын туыс ұрпақтардың тармағы болса, екіншісі Жамбыл Артықбаевша айтқанда, «баталас», яғни тумаса да туыстық ортаға қабылданған жандардан тарайтын жұрт. Қазекем, ешкімді сырт қалдырмаған, қай мәселені де ың-шыңсыз шешкен. Сонда тумаған адамды жеті атаға кіріктірудің бір ғұрпы былай екен: әлгі бір әулетке ие, бірақ аталас бола алмайтын әулеттің басты адамын жеті атаның басты анасы саналатын әйелдің бұтының арасынан өткізіп, жасанды жолмен қайта «туғызып» алады. Осыдан кейін әлгі кісінің әулеті мен соған қараған қауымның бәрі де әлгі басқа жеті аталықтың бір бөлшегі болып шыға келеді және оған қарсы ешкім дау да, сөз де айтуға қақы болмайды. Бұл – бүгінгі материалданған сана үшін күлкі, ермек, ал тәңіршіл сана үшін бұл – әдетке айналған заңды жасампаз сенімнің ғұрыпқа айналған дәстүрі.

Қазақ жырларының түпкі мәні

«Қазақ эпосы: адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі» мақаласында  Таласбек қазақ эпостарындағы киелік шарапатты/жақсылықты қарастыра отырып, дәуірлердің бойында оның көнеріп, басқа мазмұнға айналатынын байқап, соған назар аудартады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лироэпостағы дуалистік идея әуелі махаббат драмасында көрініс тапса, кейін Иран мен Жоңғар  тараптарынан болған соғыстардың салдарынан «Алпамыс» пен «Қобыланды» эпостарында енді тиранға қарсы күрестің тақырыбына айналды дейді. Және де осымен бірге бүкіл пантеон (киелер кейпі, құдайлық сипат) киесіздікке ұшырап, тәңіртекті қаһармандардың бәрі қарапайым адам кейпіне айналғанын келтіреді де, керісінші аңыздар дәуіріне оралып, сол киелік сипатты «қайтаруға», танытуға кіріседі. Осы мақаламен танысқан оқырман қазақтың ежелгі төл идеологиясы қаншалықты терең мифиологиялық қымталған танымы бертін келе ортағасырлық қарабайыр идеологияға айналғанын таныр еді.

Автор «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лироэпосын мәдениеттану тұрғысынан терең талдайды. «Махаббат... Бұл неткен сезім?» деп сұрақ қояды да, оған өзі жауапты осы дастанның мазмұнынан іздеп табады. Аңыз бен әфсана тілін сөйлетеді.

Қарапайым оқырманға Сарыбай мен Қарабай аталатын бірі қайырымды, бірі қайырымсыз екі қазақ есімінің түбіндегі мифологиялық «қос құдайды» тап басады. Сарыбай -  жарқын Күннің киелі бейнесі, ал Қарабай түнектің, Түннің бейнесі. Бұны Осыдан бес мыңдай жыл бұрын ата-бабамыз Таңбалыдағы тасқа қашаған бейнесі әйгілі болмай тұрып, Таласбек көңіл көзімен, сол дәуірдің дүниетанымын тап басып тұр. Ал таңбалыдағы Күн мен Түннің әр түрлі бейнесін орыст ілді білгіштер «солнцеголовые божества» деп біріктіріп жіберді. Ежелгі қазақ бабасының дуалистік танымын қоқысқа итере салды.

Таңбалыдағы күнбасты және айбасты қос бейне бір біріне құшақ жайып тұрған петроглиф түріндегі танымы қазақтың аталмыш дастанында жырланыпты. Бұл қазыр «Қозы мен Баян» хикаясындағы Сарыбай мен Қарабай болып жеткен. Мәдениеттанушы оны көңілдің көк дөненімен жортып барып тауып  отыр. Қозы – мәңгі таңның бейнесі болса, Баян – Таң жұлдыздарының (Шолпан не Ұлпан) жұлдыздарының бірі болар дейді. Тіпті Қозының анасы Мамабике – мұң мен құмарлық, қорқыныш пен күдіктің, анаға қатысты барлық сезімдердің тәңіриесі дейді. Қарсы келу қиын.

Дастанның өне бойы дуализмге, қостараптық сайыс пен айқасқа, жымдасуға толы. Сайып келгенде махаббат майданы дуализмнің үдерісінен арылмайтын алаң. Дуализм осынысымен мәңгі, бірақ Ерік пен Махаббат деген тұнық сезімдер арамдық пен мерездікті, настық пен мекерлікті сырып тастап, сұлулықты мәңгі етеді, сонысымен тарихты ілгерілетеді дегенді түйеді мәдениеттанушы. Осылайша Т.Әсемқұлов қазақтың әйгілі махаббат дастаны пәлсапалық терең категорияларды бойына жиған жәдігер екенін паш етіп отыр.

«Алпамыс» жырындағы Аналық пен Байбөрінің өгей ұл Ұлтанның зәбіріне тап болып, өздерін лаңнан құтқаратын бір балаға зар болып, перзент тілейтіні бар. Сонда тәңіриенің зар илеген пенделерге мейірімі түсе қоймайды. Ақыры жақтары сембей, тілектен танбаған Аналық пен Байбөріге ақ сәлделі қарт  бейнесінде келіп, Баба Түкті Шашты Әзіз аян береді. Тәңіриенің тілекке осыншалықты ден қоюын, Таласбек Әсемқұлов әрі асатаяқты бала тілеген әйел денесіне тигізу сәтіндегі құрсақ көтеруін рухани тазарудың нәтижесі ретінде тұспалдайды, осылайша аталмыш жырда пенденің тазару мүмкіндігі оның шынайылығына байланысты және ондай рухани жаңғырған адамның тілегі міндетті түрде орындалатыны меңзеліп тұрғанын нұсқайды.

Осы жырдағы Қараман есімінің өзі де дуалистік қара тараптың өкілі екенін меңзеп келтіреді. «Қараман» - таза түркілік түбір. «Қара» - зұлым, мейірімсіз, «ман» - адам.- дей келіп, Алпамыс – адамның жағымды да рухты кемелдендіру жолы, ал Қараман – адам болмысының өзінен өзі тұйықталып, қауқарсыздыққа ұшырайтын құлдырау жолы екенін таниды. Алпамыстың Қараманнан қашатыны бар, «Алпамыстың қашуы – өз ішіне үңілген адамның терең ойға шомуы» дейді; Қараман оны қуып, үстіндегі «жарағын тастап, жеңілденгенде», қарусыз қалып, Алпамыстың қолынан қаза табады, бұл – адам өз тереңіне бойлап, өз ісін бағамдағанда, адам өзіне тән зұлымдық пен зорлықтан, Қараманның жарағынан айрылғандай мәннен жұрдай болады дейді... Адам баласы өзін өзі жеңуді осылайша бастан кешетінін баяндап отыр мәдениеттанушы Таласбек. Ол осылайша әйгілі қазақ жырының адам экологиясын қаншалықты терең мәнмен көмкерген мұра екеніне көз жеткізеді. Қазақ жырларының түпкі мәні ұлы танымнан басталатын философиялық категорияларды өз форматында қамтығанын айқындап беруге барын салды.

Атты өркениеттің мұраты не?

Еброкіндікшіл саясаттану да, мәдениеттану да атты (көшпелі) өмір салт пен мәдениеттің, өркениеттің тағдырын кесіп-пішіп қойғалы бірнеше ғасыр болды деуге болады. Бұл тұжырым әсіресе Батыс технологиясына негізделген экономикалық үстемдік пен капиталистік жүйе ғаламдық ымыра саясаттың соңғы үкіміне айналып, ғылым мен саясаттың тұтқасы жаппай отырық империялардың қолына көшкеннен бастау алған. Тіпті оған дейін де атты өркениетке осқырына қарап, мысқылдап күліп келген отырықшы мәдениет үлгілері оны «жабайы, икемсіз, жаратылыстың қатесі» дегендей тұрғыда бағалап келді.

Мәдениеттану саласында бұл жайт жаһанға мәлім Абыл-Қабыл әфсанасына қатысты бағаланатын да үрдіс бар. Отырық өркениеттің көшпелі өмір салтын шөкелететіні Рене Генонның қолымен «...дәуірдің аяғына қарай Қабыл Абылды өлтіріп болады» деп жазылды. Бұл ғылыми көзқарас саяси кемсітуден гөрі әлдеқайда шынайы шешім көрінеді.

Дегенмен, бұл кемсітуге, менсінбеуге қарсы атты өркениеттің ұландары текке қарап келген емес. Бұл үдеріс әсіресе ХХ ғасырда белең алды да, төрк (түркі деген тіл заңын бұзған сөзден қаштық) халықтарының өкілдері қарсыласып бақты. Т.Әсемқұлов намысты қорлайтын бұл жайтты «... мәселе ақиқатта емес, адам санасына орныққан қабылдау дағдысында болып тұр ғой» деп тұжыра келіп, 2000 жылдар басында көсемсөзшілдігімен белсенді болған талдампаз Ақас Тәжуітовтың сөзімен «классикалық көзқарас» дей отырып, оның әлгі кемсітудің текке кетпей жатқанын Ақастың «... ол ұлттық сананы жырымдап, қожыратқаны сондай, қазақтар бүгінде өзінің өткен тарихын тәрк етіп, өткеннен бас тартуға мәжбүр» дегенімен келісіп қоймай, осы майданға жең түре кірісті.

«Кетбұғаның соңғы жорығы» міне осындай идеологиялық аласапыран кезеңінде туған дүние. Осы мақаласында Таласбек көсемсөзші «Қазақ қоғамындағы көптеген жікке енді бір жік қосылғалы тұр. Енді біз, Шыңғыс шапқыншылығына дейін прогреске, отырықшы өмірге, ислам өркениетіне телінген еуропотиптес момын түріктер және осыларды хақ жолдан тайдырып, көшпеліліктің тығырығына тіреген моңғолтиптес жабайы түріктер болып бөлінеді екенбіз» деп рухани жіктелістің кезекті кезеңін дөп басты. «... Байырғы Хорезмнің заңды мұрагері болып саналатын бауырлас Өзбекстан өзінің ұлттық қаһарманы ретінде Алтын Орданы талқандаған Әмір Темірді (Таласбектің бұл көзқарасы басында ұстазы М.Мағауиннің ықпалымен болып, кейіннен оның көзқарасы өзгергенін осы кітапты құрастырушы З.Наурызбай жазып өтіпті) көтеріп жатқанда бабаларымыздың жарымынан астамын жабайы, басқыншы деп жариялап, ал солардан жеңіліс тапқан Хорезм шахтың дәргейіндегі вассалы Қайыр ханды ұлттық батыр қылып көтерген біз кім болғанымыз?» деген риторикалық дәуір сауалын тастап, тарихи сұрақты одан әрі тереңдете түсе отырып, күйініш білдіреді: «Келесі қадамымызда Шайбани Әбілқайырға «жаулық» істеген, өздеріне ерген көшпелі руларды алып, Көк Ордадан бөлініп шыққан «сепаратистер» - Керей мен Жәнібек хандарды айыптайық...» деп амалсыз кекетеді.

Т.Әсемқұловтың осы бір күйініші әлі де өз тәртібінен түскен жоқ. Өйткені, бүгінгі азат Қазақстанның тарихын қаншама рет қайта жазуға кіріскенімізбен, болмаса жеті томдық үлкен тарихты жаза бастағанымызбен, жаһандық көзқарасты қақ бөліп отырған әлгі Абыл-Қабыл, атты-отырықшы қайшылас өркениеттер мен мәдениеттердің біз қай жағында болдық деген басты сауалға жауап бар ма екен? Күмәніміз бар. Әрине, бейресми түрде талай зерттеулер мен кітаптар жазылды, аттыларды арашалауға аттандаған тақырыптар қозғалды, бірақ әлемнің діндарларын шақырып, жұртқа басу айтуға барын салған Қазақстанның ресми саясаты Аттылар өркениетінің өкілі есебінде қымсынбай қашан үлкен саясатқа бет бұрмақ? деген сауал бәрібір көкейді кеулейді. Ең болмаса «Көшпелі өркениеттің құпия миссиясы» мақаласында жарияланған, ғасырлар бойы кекесін мен күлкіге көміліп келген ата-бабаның тарихи мұратын қашан әйгілейміз?  Міне осы тұрғыдағы күйзеліске Таласбек Әсемқұловтың мәдениеттанулық еңбектері  біршама дәйекті пайым берері сөзсіз еді.

Мақала сол кездегі ресми хатқа түскен ұстаным ретінде Кетбұға-Байбарыс соғысының басты қаһармандарының екеуі де бүгінгі қазақтардың бабасы екенін әйгілеуден бастайды. «Тарихта бұл жиі қайталанатын құбылыс. Бабаларымыз далалық этикаға сәйкес дұшпанның ерлігін құрметтей білген. Батыс әлемі біртіндеп осы бағытта жылжыды» дей келіп, Англияның астанасындағы бір алаңда І Карл патша мен оның басын алған Оливер Кромвелге қойылған ескерткіштерді атайды. Осы пайым арқылы Тәкең тарихты жіктелудің емес, әрбір жанның өз көзқарасымен қабылдау мүмкіндігі бар параққа айналдыруды ұсынады. Бұл барынша әділ шешім болар еді. Бүгінгі әр аймақ, әр тайпа өз қаһарманын өз өлкесіне тас қылумен таласып жатқанда қажет бірден бір өнеге болар мемлекеттік идеология осы емес пе?! «Біз ғана үнемі «таңдау» үстіндеміз, Шыңғысхан ба, әлде Қайырхан ба, Бейбарыс па, әлде Кет Бұға ма, Әбілқайыр хан ба, әлде Барақ сұлтан ба, Жәңгір ме әлде Махамбет пе – қайсысын қалдыруымыз керек – үнемі осыған бас қатырумен жүреміз» - деп күйінеді.

«Қабыл мен Әбіл» әңгімесінде: «Иран мен Тұран – мәңгілік қарсылық. Бұл қарсылық нәсілшілдіктен тумаған» дей келіп, Иран-Тұран, Қытай-Төрк ара қатынасындағы ғасырларға созылған текетірес пен жеккөрініштің түпкі негізі ғаламдық аңызға айналған отырықшы мен көшпелі қос өркениеттің табиғатынан қалыптасқан «қарсылық пен бірліктен» туындайтын тарихи дәстүрдің туындысы екенін дәйектеп баяндайды. «Л.Гумилев, көшпелі түріктердің қытай егіншілерімен және қолөнершілерімен адал айырбас-сауда жасамақ болғанын айтады. Бірақ Қытай империясы үшін бұл адам төзгісіз қорлық болып саналған... Қытайдың тұрақты армиялары бір-бірін алмастырып түріктерге ес жиғызбаған. Ондаған жылдарға созылған бұл басқыншылық түрік санасында қытайға деген өштік сезімін тудырған. Шәйбәнилердің Көк Ордасында да билеушілердің ықыласы үнемі отырықшы ел жағында болған, бұның қандай қантөгіске апарып тірегені белгілі. 1931-1933 жылдардың геноциді осы бүкіләлемдік трагедияның ең «жарқын» эпизоды» деп тұжырады мәдениеттанушы. Т.Әсемқұловтың бұл тұжырымы Қазақстан тарихын жаңаша әрі кеңінен қарастыруға қажет мейлінше іргелі танымдық көзқарас. Әйтпесе, біз әдетте тарихтың бәрін мемлекетаралық текетірес пен жекелеген тұлғалардың қимыл-әрекетінен туындаған сюжеттерді ғана басты негіз етіп шектелетініміз дағдыға айналған. Яғни тарихи философия жағы мүлдем жайына қалдырылатын тұста Таласбектің бұл еңбегі барынша өзекті әрі жуырда маңызын жоя қоймайтын дүние.

Т.Әсемқұлов көшпелі өркениеттің құпия миссиясы ретінде бұрын-соңды ашыла қоймаған мына жайтты баян қылды: Біздің бабаларамыз Тәңір әр халықты өзі ғана білетін бір мақсатпен жаратқан деп сенген, сондықтан, ешкімге ешқашан геноцид жасамаған.  Көшпелілер бір де бір халықты жойған жоқ, сондай-ақ бір де бір хайуанның нәсілін, тіпті десеңіз, ақтылы малының жайылымын отап кетіп отырған миллиондаған бас киіктердің үйірлерін де жойған жоқ, аңшылық кезінде керегін ғана атты» дей келіп «Владимир Соловьев ХІХ ғасырда тұжырымдаған «ұлттық идея дегеніміз – халықтың өзі жайлы ойлағаны емес – Құдайдың сол халық жайлы ойлағаны» деген идеяға көшпелілер мыңдаған жыл бұрын жетіп қойған» - деп қыбы қанып жазды.

«Қаржы жайлы бірер сөз»

Ақша – материалдық дүниенің басты өлшемі. Әсіресе бүгінгі дәуірде қаржы барлық әрекет пен қозғалыстың, дамудың қозғаушы күшіне айналды. Т.Әсемқұловтың қаржыға қатысты зерттеуі бізді күтпеген тұжырымға әкеліп тірейді. Ол О.Фрейденбергтің теориясын қарапайымдап түсіндіре келе мынаны баяндайды: ежелгі дәуірдегі рулық қауымның мүшелерімен бірге оның меншігі де біртұтас рулық тотемнің бөлшегі саналғандықтан, оның бұл бөлшегі басқа қауымға кеткенде, әлгі тайпаға залал келеді деген түсінік болған. Сондықтан да әлгі бөлшек баратын тайпадан оның тотеміне парапар,соған теңестірілген бір бөлік алынған. Осылайша әлгі «зиянның» орны толтырылып, теңестірілген, баланс орнаған. Ол теңестіргіш мүлік, эквивалент бөлік ретінде сол рудың мүшесі не ақша болуы мүмкін дейді. Сонымен ақша – тотем суреті бар символдық өкіл саналған.  Осы ақпаратқа қарап ойымыз он саққа жүгіріп, қазақтың аманатқа берілетін баланы не мүлікті де осы танымдық ғұрыптан шыққан болуы мүмкін-ау деп болжайсың. Тіпті, автордың өзі «Қазақтың теңге сөзінің «тең» түбірінен таралуы тегін емес» дейді. Таласбектің осындай теориялар мен білімдерді теріп әкеліп, оқырманның амалсыз тұжырым жасауына мәжбүр етер дәйектері қайран қалдырады.

Бүгінгі қаржы институттары жас ұрпақты ақшаның түпкі шығу көзін оқыта ма екен? Әй, білмеймін, бүгінгі «рационал» білім Батыстың қасаң да қатыңқы теорияларын ежіктегені болмаса, қаржының мәдени  қайнарға қатысты тарихын тануға да, танытуға да мүдделі әрі құмар емес. Яғни, бүгінгі білім беру саласы оқушыны қасаң ғана білім алушы құл көреді. Білім нысанын жан жақты танытып, адами ұстаным қалыптастыруға ден қоймайды.

Сонымен ақша жөніндегі ақпараттарды тарата келіп, Т.Әсемқұлов ақшаның обастағы киелі қасиетін ашып, ақшаның әуелгі қызметі әділ айырбастың құралы болғандығын келтіреді. Ол айырбастың Ж.Дюмезилдің айтуынша дейді автор, дәстүрлі өркениеттердегі игілікті бөлу мен айырбастау ісі кшатриилердің (Таласбек адамзаттың бұл тобын бүгінгі атты мәдениеттің төркіні дегенге меңзеп отыр) бір тобы айналысқанын айта келіп, «Материалдық өндірушілер әулетінің арасында кәсіпқой көпестердің пайда болуы дәстүрлі құрылымның, дәстүрлі болмыстың аза бастағандығының белгісі еді» дейді. Тарихта шынында да, адамзаттың азуын жеделдеткен осы бір дәстүрлі құрылымның өз міндетінен айырылып қалғандығынан болса керек. Таласбек одан әрі «...қолында билігі бар адамдар көп ретте өзінің мүмкіндігінен артық қаржыға зәру болады. Сол кезде оларға, бірде өсімқорлар, бірде айырбасшылар, бірде банкирлер деп аталатындар жолығып, өз қызметін ұсынады» деп Қазақстанның тәуелсіз тарихының басы дәл осы сценариге ұшырағанын тап басып меңзейді. Шынында да ескі Қазақстанның тағдыры билікті ақшалы етуге тырысқан топтың қолжаулығы болып кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Бұлан әрі осы тұжырымды ойша өрбітсек, соның салдары ретінде - әлі күнге жүйеленген жемқорлық құрылымның бүткіл мемлекетті өз өрмегімен шырмап отырғанына куәміз.

Таласбек ақша тақырыбын одан әрі қаза келіп, «Ағылшын буржуазиялық революциясының басты себебі -  Оливер Кромвелді қаржыландырған айырбасшылардың мүддесінде... ХVІ ғасырдың аяғында Англияда, үкіметтің рұқсатымен, «Англияның банкі» деген алдамшы атпен тарихтағы алғашқы жекеменшік орталық банк пайда болады. Бұл банк өз қалауынша мемлекеттік ақшаны басып шығара беретін болған. ХХ ғасырдың аяғына қарай бұндай банктер бүкіл әлемнің экономикасына бақылау жасап отырған.» деп бүгінгі қаржы жүйесінің әу баста қайдан, қалай шыққанын қазақтілді қауымға таяқ ұстатқандай жайып салды.  Бір жағы экономикалық-қаржы мәдениеті мен әлеуметтік саланы кеулеген бүгінгі жаһандық ахуалдың неден шығып отырғандығы біздің қауымға да осылай жеткенмен, оны одан әрі таратып, түсіндіріп отырған біздің қаржы жүйеміз бар ма?! Болса, қазақ халқы есепсіз жерасты байлығы бола тұрып, бүгінгідей кредит құлдығына басын тігер ме еді? Бұның бір жағы біздің Таласбек секілді мәдениеттанушыны ертерек таныта алмауымызда жатыр. Бәлкім, ерте танығанымызда Шыңғыс Айтматов айтқандай «батыстың жуынды кәріз құбырына» тіркелмес пе едік... Бәлкім, Батыстың «сырбаз мәдениетіне» талғаммен, таныммен қарар ма едік...

Т.Әсемқұлов осы тақырыпты суыртпақтай отырып, одан әрі «Жібек жолы» тарихындағы қарапайым оқырман көзінен таса жайттарға ден қояды. Сөйтсек, «Ұлы Жібек жолының бойында түрлі елдердің көпестері сауда жасады, мұсылман елдерінің, Қытай, Венеция, Генуяның, ұйғыр несториандарының көпестік капиталдары бәсекеге түсті. Бірақ Жібек жолын ежелден 2-3 сауда үйі ғана қадағалап отырды... Айырбасшылар сол кездегі Англияда емін-еркін жүрген болса, мұсылман елдеріндегі құқығы одан да зор еді...» деген  Т.Әсемқұлов одан әрі «Енді тамплиерлерге келетін болсақ, олар христианның ең бай ордені және француз қазынасын сақтаушы ғана емес еді. Р.Генонның айтысына қарағанда, бұл әскери-рухани орден христиандық Еуропадағы ақшаның қозғалысын қадағалап отырған...»  Міне осылайша, көзімізді жұмдырып, ауызымызды аштыратын «жібек жолының» түбінде қандай күштер болғанына көз жетеді. Тіпті, екі бірдей төрк әскері мұсылмандық Байбарыс пен далалық Кет Бұға қолының бет пе бет келуінде де осы күштердің араласы бары анық. Бұл тақырыпты біршама қаузаған Т.Әсемқұлов,  Кет Бұғаның бұл әрекеті, Таяу Шығысқа аттану мақсатын  несториандық дін өкілі ретінде христиан дүниесінің ордасын құтқаруға бағытталған «Сары крест жорығы» емес, ең алдымен, «Бұл, Жаратушының өсиеттерінен барған сайын алшақтап бара жатқан «кітаби нәсілді» жөнге салуды ғана емес, бұл ең әуелі айырбасшылардың билігін тежеп, дүниені азып-тозудан, күйреуден сақтауды көздеген жорық болатын» деген тұжырымын ежелгі дәуірдегі кшатрилік атты әскери қоғамның өз мұратына жету жолындағы әрекеті екенін қисынды түрде келтіреді.

Таласбек Байбарыс-Кет Бұға соғысының далалықтар үшін сәтсіз болуы, басында одақтас болған тамплиерлердің жемежемге келгенде соғысқа кіріспей, қашып кеткендігін келтіре отырып, әлгі «Жібек жолын» қадағалаушылардың кезекті әрекеті екенін ұғуға дән себеді.  Жалпы алғанда, сондықтан да, бұған дейінгі атты мәдениет өкілдерінің өзара қырқысы мен қисынсыз шайқастарының түбінде әлгі қаржы топтарының жымысқы әрекеті барын тарихи тұрғыдан жіті қарастыратын, зерделейтін уақыт келді деген қорытындыға келеміз.

Таласбек ислам өркениетінің күйреуі неден деген өзекті сұрақты қоя отырып, ол «Көптеген мұсылман авторлар ортағасырлық ислам өркениетінің өшуін моңғол шапқыншылығының салдары деп есептейді» дей келіп, бұл тұжырыммен келіспейді. «Олай болса, ондаған жылдарға созылған күйзелістен кейін ислам мемлекеттері неге тазарып, жасарып-жаңғырып дүниеге қайта келмеді, ислам өркениеті аясындағы сауда мен интеллектуалдық айырбас неге тоқтап қалды» деген сауал қоя отырып, «Көшпелілер тарапынан болатын қауіптен бой тартқан себепті, Жібек Жолының құпия әміршілері -  банкирлер, бұл жолдың енді болашағы жоқ деп шешкендіктен осылай болған жоқ па екен? Банкирлер бұл территорияны әлемдік айналыстан шығарып тастау керек деп шешті» - деп нық жауап берді.

Бүгінгі дәуірдің маңызды сұрақтарына сол кезде Тәкең жауап беріп үлгеріпті: «Айырбасшылар (менялы) барлық ықпалды адамдарды өз қарамағына алды, ал қалған тарих – осының салдары ғана. Сакральдік (киелі) қаржы жүйесі мен дәстүрлі өркениетке қарсы күштердің қалыптастырған қаржы жүйесінің арасында мыңдаған жылдарға созылған күрес соңғысының жеңісімен аяқталды...»

Сөйтіп, оқырманға аттылардың қаржы жүйесіндегі миссиясы қандай еді деген сауалға тағы бір рет ежіктей жауап берейік. Т.Әсемқұловтың дәйектеуі бойынша, ол мұрат – қаржы жүйесінің барынша әджілдігін қадағалау болған. Сондықтан да әлемнің жартысына жуығын жаулаған Шыңғыс ханның салық жүйесі он пайыздық көлемнен аспады. Бұл бүгінгі салық жүйесінің фантастикалық сипаты болып қалды.

Аштық пен соғыс «феномені»

Т.Әсемқұловтың «Аштық және соғыс» атты мақаласы әуелі орысша («РУХ–МИРАС», №1/2006), сосын сол жылы «Алтын орда» газетінде қазақша жарияланып, қос тілді  оқырманды да дүр сілкіндірген еді. ХХ ғасырда атты аңғал халықтың жартысынан көбі аштықтан қырылған және бас көтерер мыңдаған Екінші дүниежүзілік соғыста кебін киіп, мыңдағаны жарымжан  болып оралған қазақ үшін бұл екі тақырып та құбыжықтай әсері бар болғанымен, бұлардың қай-қайсысын да осыншалықты табиғатын ашып, оның салдары жеті ұрпақтың бойына таралатынын әзір Таласбектен басқа ешкім ашық жаза қоймағанын жасырмайық.

«Аштық көп жағдайда «аштықтың сандырағы» деп аталатын психикалық күйзеліске әкеліп соғады... организмдегі нәрдің үзілетін шағында сана күйзеле бастайды. Сананың тежегіш күші әлсірегендіктен ойлар, идеялар бір-бірімен байланыссыз тез-тез алмаса бастайды. Есту мен көру қабылеті галлюцинацияға ұшырай бастайды, адам санасын ақылға сыймайтын нақұрыс идеялар билей бастайды...» деп П.Я Розенбахтан (О влиянии голода на нервные центры) үзінділер келтіре отырып, осының салдарынан санада туындайтын «бос кеңістікті» Кнут Гамсунның «Аштық» әңгімесінен алады. Кейіпкер өткен ғұмыры еске түспей, өзінің кім екенін еске түсіре алмай арпалысады дейді. Бірқатар ғалымдардың революция мен азамат соғысынан кейінгі жылдары ересектердің ойлау қабылеті мен балалардың оқуға қабылеті төмендейтінін келтіреді. Бірақ аштықтың ең сұмдық зардабы ретінде есі ауысып, жындану екенін «Красная газетада» 1922 жылы басылған «Жынданып кеткен адамдар көп... Есі дұрыс бір адамы жоқ деревнялар көптеп кездеседі» деген ақпарды келтіріпті.

Бұл ештеңе емес, Таласбек Баймұхаметұлы келтірген биологияда «трефотропизм/ трефотаксис» аталатын ашыққан тіршілік иесінің (адам да, айуан да) тамаққа жанасуын, тілемсектенуін белгілейтін ұғым бар екен. Бір қызығы адам баласы басқа тірлік иесінен гөрі, тамаққа ғана емес, сол тамаққа қол жеткізетін азықтың баламасы/эквиваленті болып табылатын ақшаға да жанасуы, құмарлығы пайда болатын көрінеді. Осы ақпаратпен таныса отырып, есімізге еріксіз түрде біздің ағайындарымыздың Наурыз мерекесінде таратылатын тегін көжеге бірін бірі тапардай ұмтылатыны, болмаса 2023 жылы Тәжікстанның Қазақстандағы мәдени күндерінде тау болып өрнектеп үйілген жеміс-жидек пен бақша өнімдеріне, қазақтардың адамға тән емес қылықпен бас салуын осы Таласбек келтірген трефотаксистің көрінісі деуге мәжбүрміз. Сірә кез келген жақсы не жаман ақпараттың, алғыс/қарғыстың жеті аталық буынға тарайтыны осыдан-ақ көруге болады.

Т.Әсемқұлов «Бір адамға қатысты ақиқат бүкіл қоғамға да қатысты. Аштық кезінде қоғам да жеке адам сияқты азады» деп жазғанда, ойлап қараған адамға,   бүгінгі қазақ қоғамының жемқорлығы мен кредитқұмарлығының дерткөзін осы мақала айдай етіп ашыпты. Ендеше «ескі Қазақстанның» елді тонаған қылығы аштық салдарындай ақталады екен... Бірақ әрине, қылмыстың ақталуға қақы жоқ.

«Княздіктер мен патшалықтардың арасындағы ешқашан бітіп болмайтын соғыс және соғысқа ілесе жүретін аштық. Ұшы-қиыры жоқ аштық, бітпейтін соғыс. Индивид түк емес. Адам өмірі тауықтың құнындай...» - дейді Таласбек бірнеше мыңжылдықтарды қамтыған соғыс пен аштық маятник/тербеткісін талдай отырып. Демек, аштық пен соғыс бірін бірі туындатып, демеп отыратын әлдебір албастының бесігі секілді тербеледі де тұратындай. Әлі есімізде, әке-шешеміздің нанның ұнтағын жинап ауызына салып жіберіп, аштыққа деген үрейлерін Жаратқанға арнап жалбарынған тілекпен басатын. Енді ол біз санадан өшкен сықылданғанмен, сол аштық салдарын түйсіктегі үрейдің атойлаған көрінісімен, бірімізді біріміз таптап, дайын асқа қой отарындай қойып кететініміз соның салдары болғаны ғой...

Түрлі мәтіндердің болмаса суреттердің бірінің үстіне бірі қабаттасып түсуі «палимпсест» аталады екен. Осындай тарих барысында кешкен адамның қорлығы мен кіріптарлығы, ауыртпалығы рефлекстеніп санада бекиді. Т.Әсемқұлов осы жағымсыз рефлекстер уақыт өте түпсанада таңбаланып қалады да, кейін санадан тыс реакцияға айналады дейді. Бұны сананың мертігуі деуге болады. Осындай саналық мертігу Дала мен Қытай арасындағы бітіспес күрестің Қытай пайдасына шешіліп, ғұндардың Еуропаға босуымен аяқталғанын келтіре отырып,  аттылардың түпсанасында Қытай мәдениетінен, саясатынан шошыну, имену дағдысын сіңірді дейді. Бірақ бұл палимпсесті тарихта орын алған Төрк (тіл заңдылығын бұзатын жасанды «түркі» сөзінен қашып отырмыз) қағанаттары болып, Шыңғыс хан жеңістері болса да, Қытайды бағындыру жетістіктері атты мәдениет өкілінің жанына терең бойлаған үрейді жоя алмағанын атап өтеді автор.  Міне, осы үрей қазақ палимпсесі ретінде әлі күнге біздің қоғамға сіңісті екенін жасырмайды.

Т.Әсемқұлов соғыстың қым-қуыт салдары мен тарихын талдай отырып, әңгімені биологиядағы «кері селекция» ұғымына тірейді. Бұл бойынша апат, індет кезінде, тіршіліктің ең қарапайым түрлері аман қалып, күрделі түрлері жойылып кетеді екен. Бұның адамзатқа да тікелей қатысы бар. Соғыс әлеуметтік апат ретінде ұлттық ағзадағы ең пайдалы, таңдаулы заттарын шайып кететін көрінеді. Осылайша автор Эллада деген алып елден Грекия деген шағын ел, Рим империясынан азып-тоза келе Италия деген жұрнақ қалды және бүгінгі италяндардың қанында бұрынғы римдіктердің қаны жоқ. Ұлы даланың атты тұрғындары да осының аяғын құшқанын жазады. «Хұн халқының о бастағы нәсілдік құрамы тамаша еді... Алайда «кері селекция» өзінің қирату жұмысын бастаған... Білге қаған, Құла Шора, Мойын Шора, Күлтегін сияқты тұлғалар Еділ патшамен (Атилла) салыстырғанда бір мысқал болса да төмен тұр. Түрік генофондының белгілі дәрежеде күшейгенін Шыңғыс хан заманынан көреміз... Түрік генофонды «демалып», оңалды. Осылайша Атиллаға парапар тұлға Шыңғыс хан дүниеге келді.» дей келе, сосын азын-аулақ жалдамалы әскерді есептемегенде, негізгі құрамы қазақ Ордасын құрайтын рулар болғандықтан, қазақтың ғазиз қаны тағы төгіліп, ақыры Алтын Орданың күйрегенін нұсқайды. Сөйтіп, мәдениеттанушы аздаған ғана үзілістерді есептемегенде, біздің халымыз 18-ғасырға дейін толассыз соғысып қажығандығын атап өтеді. Т.Әсемқұлов соғыстың 5 ауыр зардабын атай отырып, соғысты бақшаның пайдалы өсімдігін отайтын есуас бағбанға теңеген Таласбек, оның салдары ретінде бақшаға қаптайтын арамшөпті келтіреді. «Соғыс – қашанда аздырушы күш» деген Таласбек Баймұхаметұлы қазақтың бүгінгі жандүниесін бізге соғыс пен аштықтың кезектесіп аздырған салдары екенін барынша өрнектеп, сипаттап кетті.

Соғыс тақырыбы мен сипаты  бүгінде өте өзектеніп тұр. Әттең, бұл мақаланы әрбір адамға жеткізетін құдырет болса деген тілекпен ғана шектелеміз.

Сөз соңы. Белгілі мәдениеттанушы Таласбек Баймұхаметұлы Әсемқұловтың «Қондыгердің бір-ақ парақ тарихы...» еңбегін зерделей келе бойындағы әмбебап дарыны арқылы ол сан-салалы мәдениеттану саласының майталманы бола алғанын мойындадық. Т.Әсемқұлов бүгінгі заманның мәдениеттану саласын зерделеушілер мен зерттеушілер үшін ұстаз, үлгі әрі өнеге. Ол осы көсемсөздік  еңбегі арқылы атты мәдениеттің шынайы сипатын ашқан көзі ашық әрі қауқарлы жоқшысы болды демекпіз.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы

Abai.kz

0 пікір