Кәрішал Асанов. «ЖАМАН ИТТІҢ АТЫН БӨРІБАСАР ҚОЯДЫ»...
Ағымдағы айдың 12-сі күні «Қазақ елі» Халықтық қозғалысының төрағасы Қажымұқан Ғабдолланың белгілі саясаткер Жасарал Қуанышәлин туралы «Мұнафықтың «мұңы» немесе Жасарал Қуанышалин қазақты қалай сатты?» (http://old.abai.kz/content/kazhymykan-gabdolla-mynafyktyn-myny-nemese-zhasaral-kuanyshalin-kazakty-kalai-satty ) деген н материалын жариялаған болатынбыз. Бүгін редакциямызға жоғарыда аталған мақалаға қарсы жауап мақала келіп түсті. Екі жақты тең сөйлетіп, екі тарапқа бірдей сөз беретін порталдың бұлжымас ұстанымына сәйкес, қарсы материалды да оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Abai.kz»
«Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп, атыңды Қажымұқан қойған соң, амалым жоқ, саған «Қажымұқан» деп ишарат жасаймын да, қайтемін енді. Айтыс-тартысқа араласып, ырду-дырду додаға қосылам деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті, тек сендер шектен шығып кеткен соң, еріксіз үн қатуыма тура келіп отыр.
Ағымдағы айдың 12-сі күні «Қазақ елі» Халықтық қозғалысының төрағасы Қажымұқан Ғабдолланың белгілі саясаткер Жасарал Қуанышәлин туралы «Мұнафықтың «мұңы» немесе Жасарал Қуанышалин қазақты қалай сатты?» (http://old.abai.kz/content/kazhymykan-gabdolla-mynafyktyn-myny-nemese-zhasaral-kuanyshalin-kazakty-kalai-satty ) деген н материалын жариялаған болатынбыз. Бүгін редакциямызға жоғарыда аталған мақалаға қарсы жауап мақала келіп түсті. Екі жақты тең сөйлетіп, екі тарапқа бірдей сөз беретін порталдың бұлжымас ұстанымына сәйкес, қарсы материалды да оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Abai.kz»
«Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп, атыңды Қажымұқан қойған соң, амалым жоқ, саған «Қажымұқан» деп ишарат жасаймын да, қайтемін енді. Айтыс-тартысқа араласып, ырду-дырду додаға қосылам деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті, тек сендер шектен шығып кеткен соң, еріксіз үн қатуыма тура келіп отыр.
«Жасарал Қуанышалин қазақты қалай сатты?» деген мақалаңның аты қандай жаман еді! Қазақты сатқан Жасарал ма екен? Мемлекеттің тізгінін қолында ұстап, қазақты қара табан құлға айналдырған, халқымыздың келешегі - жастарды бала бақшадағы күнінен бастап жемқорлықтың жетегіне жегіп, парақорлығымен елімізді дүние жүзінің алдында масқара қылған анау биліктегілерің, одан қала берді, оларды қолпаштап, солардың табанын жалаған, әлгі, Мұхтар інімізшелеп айтқанда, ТЖ-ларың емес пе қазақты сатып отырған?
Әңгімеңді Жаңаөзенге тіреп айтқан екенсің, ендеше, мынаған жауап берші өзің: тәуелсіздік күнін тойлауға шыққан көшедегі қарапайым халыққа оқ жаудырып, өлгенін өлтіріп, өлмегенін шырқыратып апарып түрмеге тыққан Жасарал ма? Ал, ол болмаса, ортақ мүдде, ортақ мақсатпен ереуілге шыққан мұнайшыларды алатайдай аздырып, мыйын айналдырып, түрлі амал-айламен дегеніне көндіріп, ақыр аяғы өздеріне қол ұшын беріп, қамқорлығын жасаған Володя Козлов секілді бауырларын құрбандыққа шалып, найзаның ұшына байлатқан, сөйтіп, қазақты табиғатында жоқ тұрпатқа түсірген бұл сайқал билікті несіне жақтайсың?
Жыландай ысылдап, сүйреңдеген тіліңді Жасаралдың жанына қанша жерден сұққылағанда жоғарыдағыларыңа қарап, ең құрығанда, «Әу!» деп бір үріп қоймағаның соларды жақтағаның емес пе?
Олай екенсің, «Қазақ елі» халықтық қозғалысының төрағасы» деген атты бүркеншектенбей-ақ, сол билігіңнің атынан оппозициямен ашықтан-ашық шықпаймысың айқасқа? Сөйт те, Жаңаөзенге қырғын салғандарыңды, салдырғандарыңмен қоса қорға. Сонда ішкен-жегеніңді адал ақтар едің. Кім бөгет болып отыр, сөйтсең?
Бәлкім, елдің ішіне «ұлтшыл» болып кір де, аздыр шетінен деген тапсырмаң бар шығар? Онда, Құдай төбеңнен ұрды де.
«Қазақтың намысын көтеруіміз қажет» деген уәжіңді басқаға айтпасаң, отыз жылда «беліне байлай алмаған қылышты» егде тартқан тарамыс шағында Жасарал көтере алмайды», - депсің Мұхтар Тайжанға. Ол қай сасқаның? Саясатқа қаршадайынан араласып, 60-тан асқанға дейін бір сүрінбей келе жатқан Жасаралды сол айтқан сандырғыңмен мертіктіремін дедің бе? Ал, мертіктірдім деген күннің өзінде, айыздарың қанып, армандарыңа жетер ме едіңдер?
«Махамбет бабам тіріліп келсе, Сырым атам оянып кетсе, шіркін-ай!» - деп, Жасарал мен Айсұлудың маңдайларына мылтығыңның ұңғысын тақап-ақ қойған екенсің. Әлде, жоғарыдағыларыңның сондай ниеті бар ма еді? Әгәрәки, сондай ниеті болып, сен соның хабарын жеткізіп отырсаң, саған екі дүниеде кешірім болмас. Осындай имансыздыққа басыңды қалай байлап отырсың? Қоржыныңды кім қалай толтырса да, мұндай қарау міндетті арқалауға дәтің қайтіп барды? Мұны «бір» деп біл, Қажымұқан.
Екіншіден, 60-тан жаңа асқан Жасаралды, бұған дейінгі халыққа сіңірген еңбектерін жоққа балап, қоқысқа лақтырып тастағалы жатыр екенсің, - ал, 80-нің сеңгіріне аяқ басқан Кәрішал ағаң - мені қайда жайғастырмақсың? Кәрішал Асан-Ата дегеннің саяси ғұмырынан хабарың болса, менің айтпағым мен істеген ісімнің сүбелі бөлігі 60-ымнан кейінгі өміріме тиесілі. Сондықтан да, мен Жасаралға өмір тілеймін. Және, тілегенде де, көзімнің жасы бұршақтап отырып тілеймін. Дәл осы бүгін Жасаралдай сауатты, Жасаралдай табанды бір де бір адам жоқ қазақта. Қазаққа жаның қатты ашыса, сен оның қасынан табылуға тиісті едің. Табылмадың ба, онда жайыңа жүр.
Терің өте жұқа екен, байғұс бала. «Семіздікті қой көтереді» демекші, жарылып кетіп жүрме.
Сен сөзіңде «Қалай болғанда да, мен айтпай тұра алмайтын бір шындық бар, егер осы ақиқат жасырын қалса, барлық тіршілігіміз бен сөзіміз жартыкеш болып шығар еді. Мен Жасарал ағамыз бен Айсұлу апамыз туралы көп нәрсе айта аламын», - депсің. Айналайын-ау, сен Жасарал мен Айсұлуға қарсы кәдімгідей армия құрып соғыс ашуға шығыпсың ғой! Айтшы, ол соғысың қай соғыс? Егер ол, өзің айтқандай, «Өйткені бір кезде үшеуміз бір ұжымда, бір тудың астында ниеттес, серіктес, рухтас ағайын болдық, талай әңгіме-дүкен құрдық, сыр бөлісіп, жүрек ақтарыстық. Кең дастарханда ақ көңіл, шалқар пейілімізбен дәмдес-тұздас болған кездер өтті басымыздан» деген әңгімеңнің төңірегінде болса, мынауың масқарашылық қой! Мұныңнан кейін саған кім сенеді, кім жақындасады сенімен? Бұдан кейін шалбар киіп жүрудің керегі бар ма саған?
Жарайды, «еркекпін» деген күннің өзінде, сен әлгі сөзіңмен өзіңнің тыңшы екеніңді, баяғы «37-нің» нағыз шолақ белсендісі екеніңді мәлімдеп отырған жоқсың ба? Сатқындықтың көкесі осы емес пе? Өзің айтқан, сондай қарым-қатынаста бола тұра, Жасарал ағаң сенен бекер безбеген ғой. Мына қылығыңнан кейін, маңайыңда жүргендердің өзі теріс айналып кетер. Сен не айтып отырғаныңды өзің сезінемісің?
Мен де Жасаралмен ұзақ уақыттан бері араластамын. Өте құрметтейтін інім. Бір-бірімізді сынаған, мінеген уақыттарымыз да болды. Бірақ, мақсат бір, мүдде ортақ болған соң, тез табысатынбыз. Жеке басымыздың жағдайына қол жүгіртіп, сұғанақтық жасасқан жеріміз жоқ. Біздікі, тек, ел қамы. Мен де тілі ащыданмын, Жасаралдың да тілі өткір. Алайда, біріміз біріміздің жеке басымызды кемсітіп, Құдай берген ол қасиетті біріміз бірімізге қарсы жұмсамаппыз. Қайта, жақындаса, туыса түстік. Ал, сендер бесіктен белдерің шықпай жатып, кектенушілік пен өшігушілік секілді қасиетсіздікті қайдан сіңіргенсіңдер бойларыңа? Мен сенің мақалаңды оқып, жағамды ұстадым. Cұмдық қой бұл.
Күні бүгінге дейін, жасымның үлкендігін бұлдамай, таяғыма сүйеніп, Жасаралға барып қайтамын. Екеуміз әңгімелесеміз, пікір бөлісеміз. Соны өзіме бір ғұмыр тұтам. Ол да, мен келсем, төбесі көкке жетердей қуанады. Біз әр кездесуімізді тарихымыздың қайталанбас бір сәтіндей қадірлейміз.
Ал, Айсұлу жөніндегі әңгіме тіптен басқа. Ол бізбен сонау 90-шы жылдардан бермен қарай өмірдің қызық-шыжығын бірге бөлісіп келе жатқан үзеңгілес адам. Оның саяси аренада халқына сіңірген еңбегін ешкім тарих бетінен сылып тастай алмайды. Сондай-ақ, естіген жанды бей-жай қалдырмайтын, өн бойынан қазақылық дәстүрдің сөлі тамшылап тұрған «Барып қайт, балам, ауылға» толғауы мен аса жоғары пафоста жазылған, қазағымыз тұрғай, бүкіл түрік дүниесінің басын бір тудың астына бірігуге шақырған, жазылуының шеберлігі мен идеялық тереңдігі жағынан әдеби әлемдегі бөлек бір құбылыс «Иманға жүгін, ей, пенде» атты тарихи дастаны кез-келгеннің тісі бата бермейтін киелі шығармалар. Сендер, біле білсеңдер, Айсұлуды мінберлеріңне шығып, бір ауыз сөз сөйлегені үшін төбелеріңе көтеріп, қастерлеуге тиісті едіңдер. Әттең, ол қолдарыңнан келмеді. Қалай дегенде де, Айсұлудың аты - Айсұлу.
Ал, оның сендерді шыжыңдатқан «Володяны 100 қазаққа айырбастамаймын» деген сөзін менің бетіме қарап тұрып айтса да, мен: «Қарындасым, мұның орынсыз болды-ау», - демес ем. Өйткені бұл, өкінішке орай, әрине, бүгінгі күнгі қазақи қоғамымыздың мойындамауға еш мүмкіншілігіміз жоқ шынайы келбеті. Расында да, тәуелсіздігімізді тәрік етіп, халқымыздың басына қара бұлт үйірген бүгінгі жүйенің бетпердесін айқара ашып, қара қылды қақ жара шындықты айтқан, және де темір тордың құрсауынан қаймықпай айтқан Володяны қайсымызға айырбастайды? Айдың-күннің аманында, тіпті, дәл тәуелсіздік алдық деген қасиетті мерекенің үстінде қара халықты қырып салған қазақ полицайларға ма? Әлде, соларға бұйрық бергендер мен соған ықпал жасаған қазақтарға ма? Жоқ, екі күннің бірінде Жаңаөзенге қарай аттандата шапқылап, тергеу мен сот үстінде қисайып шыға келген, сөйтіп, алдына жылап барған мұнайшыларға хал-қадерінше көмек көрсеткен Володяға жала жауып, кінәні арта салған біздің желөкпе қазақтарға ма? Жоқ, бастарын екі бұттарының арасына тығып алып, жер шұқып отырған жазушысымақ, ғалымсымақ, депутатсымақ қазақтарға ма? Жоқ, халықтың бақытсыздығы үстінен күн көріп, ұпай жинап жүрген мерез қазақтарға ма?..
Халық, мемлекет мүддесі ұлт-ұлысқа бөліне ме, өзі? Осыны түсіну үшін қаншалықты ақыл керек адамға? Сен өзің Володяның іс-әрекеттеріне мән беріп, сөздерін оқып, зерттедің бе? Егер, соны істеген адам болсаң, сен бүгін мынандай масқарашылыққа бармас едің.
Мынаны біле жүр: жасаралдар - Алла тағаланың әмірімен қоғамды сілімтіктерден арылту үшін жортуылда жүрген нағыз көкжалдар. Ал қорқауларда менің шаруам жоқ...
Сәлеммен Арлан -
Асан Ата Кәрішал.
13.12.2012 жыл
«Abai.kz»