Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4910 0 пікір 22 Маусым, 2012 сағат 06:10

Ономастика – ең тиімді саясат

 

Еліміз егемендігін алған күннен бастап, ономастика мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Күні бүгінге дейін қаншама елді мекен өзінің тарихи атауын қайта алса, әлі де қазақыланбай отырған қала, көше атаулары жетерлік. Алайда бұл бір күнде емес, өз ретімен шешілетін шаруа екені белгілі.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай Парламент Мәжілісіне «Қазақстан Республикасының ономастика мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын ұсынған болатын. Соңғы бес жылда рес­публикада Президент тапсырмасы бойынша ономастикалық жұмыстарды өткізудің уақытша мораторийі жүзеге асса да, 2008-2010 жылдары республиканың 7 ауданының, 195 елді мекенінің және 38 ауылдық округінің атаулары өзгерген. Ал Мәжіліс депутаттары екі оқылымда мақұлдаған Ономастика мәселелеріне арналған жаңа заң жобасын жіті таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай бұл салаға жауапкершіліктің күшейтілетіндігін тілге тиек етті. Яғни заң жобасы негізсіз атаулардың көбеюіне біржола тосқауыл қоймақшы. Неге десеңіз, бүгінде аймақтардағы елді мекендер мен көшелерге белгісіз адамдардың есімдерін беру үрдіске айналған. Тіпті кейбір өңірде бәзбір жергілікті қалталылар өмірден өтіп кеткен ата-бабасына да көше атын беретін жағдайлар кездесетін көрінеді. Міне, осындай келеңсіздік тудыратын әрекеттер ономастикалық мәселені күрделендіріп жіберген сияқты. Бұл түйткілге бүгін нүкте қоймасақ, ертең кеш болатынын түсінген министрлік ономастикалық шешім қабылдау барысындағы жауапкершілікті кезең-кезеңмен жүргізуге басымдық берді. Демек, республикалық маңызы бар қалалар мен маңайындағы елді мекендерге атау беру ономастикалық комиссияның шешімімен жүзеге асады. Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мырзаның айтуынша, атау­ларды өзгертуде әуелгі кезекте қоғамдық пікір ескерілетін болады. «Нысандарға атау беру және оларды қайта атау бойынша шешім қабылдауда халықтың пікірін ескеру тәртібі нақты­ла­нып, ол бойынша ашықтық қағи­даты енгізілді. Қолданыстағы заңнамада да халықтың пікірін ескеру қажеттілігі нақты көр­сетілген, алайда қоғамдық пікірді ескеру реті және оны белгілеу құзыреті нақты айқындалмаған. Осы құқықтық олқылық сал­дарынан заңнама талаптарын орындамау жағдайлары орын алуда. Демек, кез-келген елді мекен мәселесіне жасы 18-ге толған азаматтар да өздерінің пікірін білдіре алады. Одан кейін қатысқан азаматтардың 50 пайызының жоғары дауысымен осы мәселе қабылданып, тиісті жиналыстың қорытындысымен рәсімделеді», - деді министр.
Осы орайда Республикалық ономастика комиссиясы елдегі атауларға мониторинг жүргізіп, арнайы жинақ шығарыпты. «Жер-су атауы ұрпақтан-ұрпаққа жететін мұра ғана емес, тарихи-танымдық мәні бар ұлттық салт-сана мен дәстүрдің жалғасы ретінде қызмет ететін ғылыми санат. Өркениетті елдің мәдени деңгейін көрсететін, ғылымы мен білімін насихаттайтын атаулар - ұлттық жа­ды­ның ұстыны. Олай болса, қабылданатын заңдар сол ұлы міндеттің, жауапты патриоттық істің үдесінен шығуға септігін тигізуі керек деп сенеміз», - деген Дархан Қамзабекұлы елді мекендерді көрнекті мемлекет, қоғам және ғылым қайраткерлерінің, Қазақстан мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбегі сіңген басқа да жеке тұлғалардың есімдерімен атау ол қайтыс болған күннен бастап арада 5 жыл өткен соң ғана жүзеге асатындығын жеткізді. Онда да атауды өзгерту туралы шешім әбден пісіп-жетілген, уақыт сынынан өткен болуы шарт. Сондай-ақ заң жобасымен бір әкімшілік аумақтағы елді мекендер мен оның құрамдас бөліктеріне бір атау­ды бір реттен артық бермеу жағы да қарастырылуда. Себебі бұл әртүрлі төтенше жағдайларда, өзге де оқиғаларда қауіпті әрі ыңғайсыз екені белгілі.
Жасыратыны жоқ, облыстық ономастика комиссияларында атау беру және қайта атау туралы шешім қабылдау тиісті дәрежеде ашық және жүйелі жүргізілмеуі салдарынан нысан­дарға көп жағдайда елге еңбегі сіңбеген, белгісіз адамдардың есімдерін негізсіз беру жағдайлары орын алып келеді. Бұл тұрғыда министр Дархан Мыңбай мырза: «Көптеген жер­­лерде көше атауларын бей-берекет ауыстыру сәнге айналып, келеңсіз жағдайлар қоғамда кері пікір тудырып, сынға алына бас­тады. Үкімет Қазақстандағы ономастика жұмыстарының тарихын зерделей отырып, бұл мәселені жүйелі шешу үшін құ­қықтық, нормативтік базаны жетілдіру қажет деген қоры­тындыға келіп, осы заң жобасын ұсынды», - деді Мәжіліс депутаттары алдында.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Мәжіліс де­пу­таты Алдан Смайыл: «Ономастика - ұлттық тіл, ұлттық тарих, ұлттық мүдде, ұлттық рухани құндылықтар секілді сырттан таңылатын өзгерістерге төзе бермейді. Жер-су, әкімшілік бірліктердің ежелден қалыптасқан және сақталған атаулары тарих­тың қария шежіресіндей. Оларға енгізілетін әр өзгеріс тарихты қайта редакциялау секілді қабылданады», - деді. Бұл рас. Алайда қазақ қоғамында талай уақыттан бері талқыға салынған Павлодар мен Петропавл қалаларына тарихи атауын қайтару жөніндегі мәселеге қашан шындап кірісеміз? Қазірдің өзінде отандастарымыздың көбі Кереку, Қызылжар деп атауға машықтанған. Себебі бұл атаудан қазақ ұлтының, қазақ халқының исі аңқып тұр. Міне, осы күрмеуі қиын түйткілге қайта оралған Мәжіліс депутаты Нұрғали Әшім Павлодар мен Петропавл қалаларының атын ауыстыру кезек күттірмейтін мәселе екендігін алға тартты. «Халықты тол­ғандыратын мәселелердің бірі - ономастика. Тәуелсіз елімізде отаршылдық қалдықтары қашан жойылады?» - деді. Бір айта кетерлігі, бұл екі өңірде қоныс тепкендердің көбі - басқа ұлт өкілдері. Ал қаланың атын ауыстыру үшін тұрғындардың елу пайыздан астамы қолдап, дауыс беруі қажет екен. Шынтуайтына келгенде, әзірге екі қаланың да халқы Павлодарды - Кереку, Петропавлды - Қызылжар деп өзгертуге құлықсыздық танытуда.
Еліміздің орыстанып кеткен аймақтарын­дағы тілдік ахуалдың қандай күйде екендігін айтқан депутаттар «Мұны шешудің қандай жолы бар?» деген сауалды министрдің өзіне қойды. Министр де мүдірген жоқ. «Жиын, басқосуға келген адамдардың 50 пайыздан астамы қолдаса, қала атын ауыстыруда қиындық болмайды», - деген Дархан Мыңбай мырзаның пікірі де түсінікті. Әлгіндей жиындарда ескінің сарқыншағынан арыла алмай жүргендердің емес, елінің болашағына алаңдайтын, ортақ пікірдегі ұлтжанды азаматтардың дауысы табанды түрде естілсе, оң болар еді. Онсыз бұрынғы дағды қанына сіңіп кеткендер ескі атаудан құтылуға асығар емес.

Динара Мыңжасарқызы

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321