Адам МЕКЕБАЕВ. Түпсіз тұңғиық туралы хикая (Дидар Амантайдың шығармашылығы хақында)
(Дидар Амантайдың шығармашылығы хақында)
(Дидар Амантайдың шығармашылығы хақында)
Қазақ атаулының жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында отаршылдардың айласы аяр, әмірі адуын қатерлі саясатының тегеурініне шыдамай, бас сауғалап қашқаны қашып, қашпағандарының көбісі аштықтан қырылғаны; ал ел ұлтанында тірі қалғандарының уақыт өте келе күнкөріс қамының ығына жығылып, орысқа мүлде сіңіп кетуге жанталасқаны, сөйтіп, тәуелсіздікке жеткенге дейінгі тұтастығы мүлде бүлініп бітуге тақағаны белгілі. Бәлки сондықтан да шығар қазіргі қазақты сонау бағзы замандардан бастап, беріректегі сегізінші ғасырдың алғашқы ширегіне дейін аспан асты, жер үстіндегі тізеліні бүктірген, бастыны еңкейткен өзіндік ерекше мәдениетті өркендете алған - Сақ, Кете, Ғұн, Түрік, Оғыз қағанаттарының жұрағаты екенін естен шығарып алғандай едік. Дегенмен, осы соңғы кезде бүгінгі жас ұрпақ арасынан: «Сонау замандардағы ұлы қағанаттың бірінен соң бірі күйреп, ата-баба жасаған құндылықтардың соншалықты құлдырауының сыры неде?» деп ойлана бастауы әзірше көңілге жұбаныш әкелетін, ал болашақта жаңалық сыйлайтын ізденістің нышаны екені даусыз. Оған осы күнге дейін ешкімнің тісі батпай келе жатқан, ұлтымыз үшін маңызы орасан зор тақырыпты шығармасына арқау етіп алған Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романын жатқызуға әбден болады. Романның бас кейіпкері Әлішер бір кездердегі даңқты, қазіргі шақтағы жігері жасыған халқының өткенін саралап, болашағына болжау жасап, басын тау мен тасқа соққан жан. Бірақ ол қанша арпалысқанмен жанын жегідей жеген сұрақтарына жөнді жауап таппай қиналады. Өйткені Әлішер басынан бағы тайып өзге ұлттың теперішін көрген ұлт өкілі. Сондықтан да ол толарсақтан қан кешіп жүріп табан іліктірген ел тәуелсіздігі қайткенде баянды болмақ деп уайымдайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылындағы экономикалық қиындықтарды ретке келтірген Отанының ендігі кезекте - ұлттың рухын көтеретін тарихтың жазылуын көксейді. Және оны философия категориясы негізінде жүйелей отырып, Ұлттық идеологияны қалыптастыруды армандайды. Өйткені Әлішер күнделікті өмірде ұшырасып жататын тұрмыстың құйтұрқысына басы айналған Жарқын, Тоқтар, Мадияр, Орынбай, Сапура, Марфуғалардан мүлде бөлек, олардың болмыс-бітіміне антипот ойдың адамы.
Дидар Амантайдың кейіпкері Әлішер ұлттың өркендеуінің де, құлдырауының да сырын басқа себептерден бұрын қазіргі тілмен айтқанда алдымен идеологиядан іздейді. Сөйтіп, ол сонау бағзы замандарда өзінің наным-сенімі бойынша өмір сүрген бабаларының санасына басқа ұлт өздері ойлап тапқан идеологияны дін арқылы санасына сіңіру әрекеті кезіндегі пәрменді насихаттың кейінірек пайда болатын бүліншілікке соқтыратын жойқын күшінің сырына үңіледі. Адамзат баласының күнде көріп жүрген төңірегіндегі дүниені ғаламдық тылсыммен ұштастырып айтылатын түрлі уағыздарға тоқталады. Жазушы сондай кездерде қарсы пікір айтушыларға дін таратушы миссионер мен фанатиктердің қаһарына ұшырап, қарғысын еститінін аңғартуды да ұмытпайды. Сондықтан да Дидар Амантай өзге дінді қабылдағысы келмейтіндердің қарсы уәжін дабыра қылмай қағаз бетіне түсіріп қана байыз табу үшін шығарма кейіпкері Әлішердің өзін жазушы етіп алады. Ал кейіпкер Әлішер мына рухани құндылық атаулы шетке ысырылып, қалталы мешандардың үстемдігі жүріп тұрған қоғамда қайдағы бір ұрпақ қамын желеу етіп қағаз шимайлаудың көк тиын пайдасы жоқ екенін де біледі. Бірақ бәрібір ол ұлттың өркендеуі мен құлдырауының сырын ашуды бәрінен жоғары қояды. Тіпті кейде: «Мүмкін ешқашан кітап жазбау қажет шығар, бәрібір сіз одан шын бақыт, қалың дәулет, жақсы атақ, үлкен абырой, зор жұбаныш, адал көңіл таппайсыз. Тұрлаусыз махаббатың әуресі. Үмітіңізді ақтамайды, тұрмысыңызды жақсартпайды... Кітап тек ғұмырдың баянсыз мұратына жалған мағына жүктеген алдамшы мақсат қана» деп те ойлайды. Бірақ Әлішер солардың бәрін біле тұра бойдағы құштарлыққа тосқауыл бола алмайды, ақырында құпиясы ашылмаған игі мақсаттың хатшысы - жазушы болуға еріксіз илігеді.
Күнделікті күнкөріс қамын ысырып қойып, қиял жетегінде кеткен жанның тұрмысы оңған ба? «Екі бөлмелі пәтер іші шынымен тым жұпыны, бірақ кітаптарым бар ғой, - деді ол дауысын көтере сөйлеп». Сөйте тұра-ақ түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырған аласапыран ойдың ұштығына шығу үшін, ал оны басқа есіткен жұрт «Өткен дәуірді қайта оралтып, өлген дінді тірілткісі келетін қияли кісіге» санайтынын іші сезе тұрса да бәрібір Әлішер алған бетінен қайтпайды. Мақсат жазылып жатқан романды әрі қарай жалғастыру. Міне, енді сол үшін Әлішер: «Жазу үстеліне келді. Орындыққа тізе бүгіп, тартпаны ашты. Қолжазбаны шығарды. Романды басынан бастап мұқият оқуға кірісті... Түркілердің қағанат құрған заманына жетті. Көк бөрі басы бейнеленген аспан түстес айыр құйрық туын жорықта үзеңгі табанына тік қойып ұстаған жауынгер көшпелі халық жан-жаққа толассыз шапқыншы жіберіп жатты. Бірақ хатқа түскен тарихи жайт кейіптеліп отырған әулет шежіресінен тыс қалды» деп баяндайды жазушы.
Шындық солай. Тарихи жай кейіптеліп отырған әулет шежіресінен тыс қалмай қайтсін, егер әңгіме басқасын айтпаған күннің өзінде, бөтен діннің экспансиясынан жылнама жазып қалдыруға мүмкіндік беретін әріптен сонау атамзаманда-ақ айырылып қалған ұлт жайында болып отырса.
Дегенмен, «Тәңір есімін ардақтаған туындыда» қолда бар айғақтың мардымсыздығына қарамастан, романда ата дінінің туы жығылмай тұрған кездегі ел-жұрт арасындағы дағды-дәстүр, рулық қарым-қатынас сөз болумен қатар: «Құдіреті күшті Ұлы Тәңірге айтылған айрықша мадақ үлгідегі тәмсілдің әр жерінде бүтіндей қайталанып, тұрақты келтіріліп отырады. Сонымен қатар жоталы қырқа, құба бел сахараға миссионерлік пазыл міндетін атқарып келген мұсылман, христиан, иаһудей, буддашыл, насырани өкілдерімен дауға түскен Тәңір нанымы тақуаларының да діни айтыстары баяндалады».
Романның «Мұса, ғаләйһиссәләм; Ғайса ғаләйһиссәләм; Мұхаммед саллаллаһу ғаләйһи уә сәләм» тарауында Түрік қағанатының тайпа көсемі Еңгүдей мен миссионерлік міндет атқарып жүрген исламды уағыздайтын «...таяғын сүйреткен ала сәлделі...» дәруішпен, «...қауға сақалды, ақ жүзді абыз...» христианмен, «...төбесіне оймақтай тақия қондырған...» иаһудей дінінің кедошимімен, тағы басқа Дао, Будда, Құңфұдзы сияқты әрқайсысы өз дінін жер-көкке сыйғызбай мақтаған миссионерлермен қызу әңгіме өрбітеді. Жазушы олардың айтар сөзін ойдан құрастырмайды. Таурат, Забур, Інжіл, Құран Кәрім беттерінде хатталған сөздердің шығармаға қажеттілерін іріктеп алып, ешқандай өзгеріссіз диалогқа айналдырады. Сол арқылы айтылып отырған әңгіменің шынайылығына оқырманның көзін жеткізіп, толғамды пікірге келуге мүмкіндік жасайды.
Жазушы осылардың өзі-ақ Еңгүдей қанша қарсыласқанмен Түрік ел-жұртының тыныс-тіршілігін көркейтіп, айбынын асырып, идеологиялық міндет атқарып тұрған Тәңірі дінінің көк тіреген діңіне сызат түсіре бастағанын аңғартады. Оның өзі: «...романның орта тұсында (оқиға) үлкен әулеттің қос жікке бөлініп, бір-біріне қарсы шығып, қатты жауығуынан басталады. ...әулет қырықпышақ болып, қырық руға тарап, кете береді. Тәңірі орнатқан заңдарға қарсы шығады, ұсақтаған жұрт азады, жеті атадан ұзап барып - қыз алып, қыз берісіп, құда-құдандалы болу, ілік-шатыс тәртіп құрып, қадір-қасиет жоғалады, ел іші тоқтамаған шабыс бүлінеді, қырғын апат, шапқыншылықта ес жиылмайды». Соның салдарынан ел Тәңірдің жолынан таяды. Ауыр күнәға батады. Мыңдаған жылдар бойы елдің салт-сана, дағды-дәстүр, ділі мен тіліне ұйытқы болып, ішкі бірлігін тұрақтандырып, идеологиялық міндет атқарып келген Тәңірінің тура жолынан таюын, енді мұны болашақ ұрпақ талай ғасыр бойы бастан кешер азаптың бастауы десе де болады. Дидар Амантай осы бір шеберлікті қажет ететін оқиғаны шығармасында философиялық мәнмен астастырып әдемі келтіреді. Сенімді етіп суреттейді. Жазушының кейде философиялық толғаныстарға берілетін себебі бар гәптің Ұлттық идеологияға барып тірелетіндігіне байланысты екенін жақсы білетіндігінде дер едік. Ал Ұлттық идеологияға немқұрайды қараған ұлттың қайсысы тәуелсіздігін сақтап қала алыпты. Сондайға ұшыраған бабаларымыз жайлы Х ғасырдың басында өмір сүрген хорезмдік ғалым Әбурайхан әл-Бируни өзінің «Өткен ұрпақтардың ескерткіштері» атты кітабында: «Кутайба бин Мүсілім әл-Балиқи әртүрлі тәсілмен бұрынғының бәрін таратты, жойды; хорезмдіктердің жазу-сызуларын, кітаптарын, бумаларын өртеді; дін қызметкерлерін, аңыз-әңгімелерді білетін адамдарын, ғылым байлықтарын түгел құртты; хорезмдіктердің исламға дейінгі тарихы түгел көрге көмілді, қазір оны ешкім де білмейді» деп жазған ғой.Мұны еске түсіруге себеп, сол VIII ғасырда басталған қасіреттің Сақ елі ұрпақтарының басынан күні кешеге дейін үзілмей келгені. Және араға бірнеше ғасыр салып, бір замандарда арабтар жасаған қанды қырғынды христиан дініндегі орыс отаршылдарының ХХ ғасырда қайталап қазақ халқын жер бетінен мүлде жойып жіберуге дейін әрекетке барғаны. Тірі қалғандарын жабайы, көшпенді, номад, варвар, туземец, сауатсыз деп күні кешеге дейін қорлағандары. Шынында да, орыс отаршылдары айтқандай, қазақ халқы әу бастан-ақ соншалықты сорлы болған ба? Әрине, жоқ! Мақала көлемінің көтермейтініне байланысты ертеде өткен ғұламалардың айтқандарын жіпке тізіп жатпай-ақ күні кеше арамыздан кеткен ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың кейбір пікіріне құлақ түрер болсақ: «...бір қанаты Донда, шығыс қанаты Алтайда тұрған» бабаларымыз «Кушандар мемлекеті кезінде Хорезм, Арал (Дахия) елінде мың сан қала салынып, бірнеше жүздеген канал қазылған... Олардың ескі жазулары болған. Соның бәрін де 712 жылы арабтар (Батута) өртеп жіберген». «Орта Азияға Батута келгенде Қият қаласында хангюй тілінде жазылған кітаптар көп болған. Солардың бәрін де арабтар яжуж-мәжуж әдебиеті деп санап өртейді» демеп пе еді. Бұған Ғ.Айдаровтың, О.Сүлейменовтің, М.Жолдасбековтің, А.Аманжоловтың, Т.Досжановтың, А.Мектептегінің, т.б. сына жазуын зерттеген еңбектерін қоссақ, бабаларымыздың кемел ойлы болғандарына оп-оңай көз жеткізе алады емеспіз бе?! Әйтсе де, ежелгі Сақ елінің тарихына қатысты жазылған еңбектер неге аз, барының ең маңыздылары ұшты-күйлі жоғалып кететіні қалай? Құдайға күнәкар болсақ та, кейде еврей, тағы басқа ұлттар туралы жазылған шығармаларының шып-шырғасы шықпай сақталған Бирунидің Қазақстандағы көшпелі тайпалар тарихы баяндалған «Әл-ард әл Бақия» деген еңбегінің жартылай жоғалуы қасақана жасалған қастандық емес пе екен деп ойланбасқа амалымыз қалмайды. Сондай-ақ Бируни бабамыздың 27 жасында жазған, Э.Захау өз көзімен оқып онда: «Қазақстан елінің картасы,Түрік тілдерінің тарихы, көшпелі жұртшылықтың әдет-ғұрпы, діні баяндалған» дейтін «Асар әл-Бақия» деген еңбегінің әлі күнге дейін табылмауы қалай? Ал Мұрат Аджидің, Ватикан кітапханасында Тәңірі дінінің екі кітабы сақталған, бірақ оны оқу былай тұрсын, көзге көрсетпей құпия ұстайды деуі тегіннен-тегін бе?
Бұл тұрғыдан келгенде Дидар Амантайды қазақ халқының өткені мен болашағы жайлы ғасырдан ғасыр асып ішінде сақтап келген, бірақ әлі сыртқа шықпаған шерін талантты жазылған көркем туынды арқылы қозғап жазушылар қатарына жатқызуға болады. Мұндайда: «...діни наным мен ол жайындағы ой-пікірлерді талдаудың қандай қажеті бар? - дейтіндердің табылатындарын ескерген Л.Гумилев алдымен өзіне-өзі әлгідей сұрақ қойып алып барып артынша, - өйткен себебі идеологиялық жүйе ең терең процестердің - экономикалық, әлеуметтік және этногенетикалық процестердің индикароры тәрізді» деп жауап берген ғой.
Ғалым өзінің осы пікірі арқылы діннің идеологияға жататынын айтудай-ақ айтқан емес пе?! Ақиқаты сол діннің негізінде Ұлттық идеологиясын жасай алған елдің ғана болашағы сәулелі болмақ. Жасай алмағандары уақытша экономикалық жетістікке жеткендерімен, қуанышы ұзаққа созылмаған. Мұны еуропалықтар әлдеқашан зерттеп білген. Білгендіктен де басқа елге айтқанын істетіп, айдағанына жүргізу үшін христиан дініне кіргізу мақсатында Ватиканнан бата алған миссионерлер жер шарын шарлап кеткен. Әсіресе Америка құрлығындағы Тәңіріге (күнге) сыйынатын үндістерді қынадай қырып, мыңдаған жылдық ата-баба дағды-дәстүрінен айырған. Жерін тартып алған. Өздерінің тоз-тозын шығарған.
Нақ осы тәсілін олар Жапон аралдарына да жүргізбекші болады. Тіл үйретемін деп келген иезуит орденінің бір өкілі Жапонияда отыз жыл тұрып, христиан дінін таратады. Бірақ олардың негізгі мақсатын білген Жапон елінің самурайлары христиан дінін қабылдаған жапондарды да, миссионерлерді де аямайды. Тегіс өлім жазасына кесіп, елін жат діннен құтқарып қалады. Сөйтіп, бүкіл әлемде Тәңір дінін жоғалтпай сақтап қалған жалғыз елге айналады. Қазіргі жапондарды сол кездегі ата-бабаларының жүргізген саясатының игілігін көріп жатқан Тәңірі жарылқаған ұрпақ деуге әбден болады. Оған жерінің шағын, жер ресурстарының жетімсіз екеніне қарамастан, дүниежүзі бойынша теңдесі жоқ дамыған ел екені дәлел.
Осы тұста ескерте кететін бір нәрсе, жапондар сәби дүниеге келгеннен бастап Синто дінінің кононы бойынша өмір сүріп, будда дінінің рәміздерімен о дүниеге жөнелтіледі екен. Біздер Исламды қабылдағалы 1200 жылдай уақыт өткеніне қарамастан, Тәңіріні ұмытпаған халықпыз ғой. Оған жатсақ та, тұрсақ та Тәңіріні аузымыздан тастамайтынымыз, ата-баба аруағына сыйынатынымыз, өлгендерге жетісін, қырқын, жүзін, жылын беруден жаңылмай келе жатқанымыз куә. Мұны айтып отырған себебім біз де жапондар сияқты Тәңірі дінінің уағыздарымен өмір сүріп, дүниеден мұсылман болып өтсек, ғасырлар бойы қасіреттен көз ашпай келе жатқан жағдайымыз жөнделер ме еді, қайтер еді деген ниеттен.
Қандай миссионер болмасын тіпті сонау атамзаманнан бері қарай, бар мен жоқтың, қиял мен қисынның арасынан сөз өрбітіп дінді уағыздау, өз наным-сенімін өзге ұлттың санасына сіңіріп, мақсаттарына жеткісі келетіндердің амал-айласы екенін қазіргі кезде білмейтін пенде жоқ шығар. Соны жазып қарапайым халыққа көркем тілмен жеткізу өте шеберлікті қажет ететіні де түсінікті. Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптары» осы үдеден шыққан шығарма. Автор романда өрбитін оқиғаны - қазақ халқының көп ғасырдан бері қарай жалғасып келе жатқан берекетсіздікке ұшыраған тіршілігін туындысына арқау ете отырып, қазіргі заманда біздер бастан кешіп жатқан кейбір келеңсіздікке ұштастыра әдемі алған. Оған Марфуғаның тағдырын айтсақ та жеткілікті. Яғни қай заманда болмасын діннің өзгеруі ұлттық сананы өзгерпей қоймайтынын, қандай миссионер болмасын ұлттың тұтастығына сызат түсірмей тынбайтынын осы кітапты оқып көз жеткізуге болады.
«Ана тілі» газеті