Бейсенбі, 10 Қазан 2024
1479 0 пікір 7 Тамыз, 2022 сағат 12:13

Алматы: «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы қалай жүзеге асуда?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобалар форматына ауыстыруды тапсырған болатын. Бұл өз кезегінде атқарылатын жұмыстардың сапасын арттырып, қоғам тарапынан бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Президентіміздің аталған тапсырмасынан кейін қолға алынған ұлттық жобалардың бірі – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы болып табылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылды. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған.

Ұлттық жобаның көздегені балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтуға, ауылдағы білім беру сапасын арттыруға, балалардың қауіпсіздігіне және ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күш салу болып саналады. Аталған ұлттық жоба 4 негізгі бағыттан, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Оған 2025 жылға дейін бюжеттен 2 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсамақ.

Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова ұлттық жобаның түпкі мақсатына қатысты:

«Президенттің тапсырмасына сәйкес министрлік «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын әзірледі. Бұл – білім беру мен ғылым саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын айқындайтын маңызды құжат. Ұлттық жоба білім берудің барлық деңгейіндегі білім алушылардың оқу сапасын арттыруды көздейді. Ұлттық жобаның түпкілікті мақсаты оның мазмұнынан да анық көрінеді. Айталық, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы 4 бағыттан тұрады: мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту; орта білім; техникалық және кәсіптік білім; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде ұсынылатын қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етеді. Екіншіден, өңірлер, ауыл мен қала арасындағы білім сапасы бойынша алшақтық қысқарады. Сонымен қатар ұлттық жобаны іске асыру мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға, мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе ұлттық жобаның мақсатына қол жеткізу арқылы жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіп, NEET санатындағы жастардың үлесі қысқарады деп күтілуде. Ал жоғары оқу орындарында зерттеу экожүйесінің жұмыс істеуі үшін жағдай жасалады», - деп БАҚ журналистеріне жауап берген еді.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы аясында көптеген келелі істер қолға алынып жатыр. Алматы қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде биыл Зерделі шағын ауданында 380 орынды жатақханасы бар 720 орынды кәсіби техникалық училищенің құрылысын басталатындығын айтты. Бұдан бөлек  №2 Алматы мемлекеттік педагогикалық колледжі үшін 450 орынды қосымша құрылыс салу жобасы әзірлену үстінде.

Студенттердің жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 600 орынды 2 жатақхана салу жобасы әзірленуде. Олар Алматы автомеханикалық колледжі мен инновациялық технологиялар колледжі үшін салынады. Бұл нысандардың құрылысы 2023-2024 жылдарға жоспарланып отыр.

Бұл қала басшылығының болашақ мамандарға деген әкелік қамқорлықтары десек артық айтпаймыз.

Abai.kz

0 пікір