Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 3958 5 пікір 12 Қыркүйек, 2022 сағат 14:50

Қазақстан ергежейлі ескерткіштер елі ме?

Таяуда Ұлытау облысы, Жаңаарқа аудынында ашылған атақты жазушы, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбектің ескерткіші алынып тасталды. Оған көпшіліктің сын-ескертпесі түрткі болған. Елдің айтуынша, мүсіннің пропорциясы сақталмай, аяғы қысқа болып қалған.

Бұл туралы аудан әкімі Юржан Бекқожин әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды:

«Кешеден бері олқы шыққан ескерткіш жайлы қазақтың әр азаматы өз ойын айтып, жанашырлық танытуда. Кеше ескерткішті орнынан алып, мүсінді қайта жаңғырту шараларын қолданатынымыз жайлы айтқан болатынмын. Бүгін Ақселеу ағамыздың ағайын-туысымен кездесіп, барлық жағдайды түсіндірдім, ұсынысымды айттым. Дәл қазір көңілге қонымсыз жасалған мүсінді бұзу жұмыстары басталды», - деп жазды әкім.

Ескерткіш Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаражаты есебінен салынған.

Жалпы елімізде, қазаққа еңбегі сіңген қайраткерлердің, батырлардың қолапай ескерткіштер көп-ақ. Осы уақытқа дейін талайы айтылып, әлеуметтік желілерге шығып жүрді. Солардың бірсыпырасын еске түсірейік:

Дау тудырған ескерткіштің бірі - Абай Құнанбайұлы мен орыс ғалымы Евгений Михаэлиске арналған Өскемен қаласындағы ескерткіш болды. Екі қайраткердің ергежейлі мүсінін көпшілік «селфи» түсіріп тұрған сияқты деп бағалады, кейбіреулер «бұл мәдени мұра тарихқа жасалған қиянат» деген пікірлер қалдырды.

Осыдан кейін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Владимир Головатюк: «23 маусымға қараған түні Абай даңғылы мен Михаэлис көшесінің қиылысында осы екі тұлғаға арналған ескерткіш қойылды. Бірақ бұл нысан қалалық биліктің меншігіне әлі алынған жоқ. Абай-Михаэлис ескерткішінде келісілген нұсқадан ауытқушылық анықталды. Ескерткішті соғушылар қысқа мерзім ішінде сәйкессіздіктерді жояды», - деп түсінік берді.

Ескерткіш  салтанатты түрде ашылмай, түнде әкеліп орнатылған. Ол 10-30 күн аралығында дайын болатын «Фибробетон» технологиясымен жасалған екен. Кейін биіктігі 3,7 метрді алатын ескерткіш алынып тасталды.

Семей қаласының Жеңіс алаңында 2019 жылы пайда болған Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың ағаштан жасалған мүсіні де тұрғындардың сынына ұшыраған. Олар мүсіннің қорқынышты екенін айтып, тіпті бір қарағанда Жалмауыз кемпірге, Ақшақарға ұқсатқан.

Мәметованың мүсінін Алтай қаласының қолөнершісі Иван Куртуков пен оның әйелі Юлия ағаштан жасаған. Әкімдік «мүсінді қолөнершілер өз қаржысына жасады, қанша қаражат кеткенін білмейміз» деп жауап берген. Ал, ерлі-зайыптылар жергілікті басылымға берген сұхбатында ескерткіш қою - Семей әкімі Ермак Сәлімовтің бастамасы екенін,
«Ағаш ескерткіш жасату үшін бізді осында шақырды» деген.

Әкімдік саябақтағы шіріген ағаштарды ескерткішке айналдыруға рұқсат бергенін айтты.

«Сарбаз қыздың бейнесіндегі ескерткіш көптің талқысына түсті. Ұлы Отан соғысының (Екінші дүниежүзілік соғыс – ред.) тақырыбы мен материалы, сондай-ақ ескерткішті жасау техникасы жобаны әзірлеу кезінде ескерілмеген сияқты. Композиция басқа жерге – қалалық білім бөлімі белгілеген орынға көшіріледі» деп хабарлады әкімдік. Кейін ескерткіш тұрған орнынан алынып тасталды.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет және демалыс саябағында тұрған қазақ зиялыларының ескерткіші қоқыста шашылып жатқаны туралы ақпарат пайда болды.

«Мына жерде бір бейшара, ешкімі жоқ адамдар сияқты, қорғаны жоқ, елі жоқ, жері жоқ адамдар сияқты ескерткіштері шашылып жатыр. Бұл арада неге тұр? Вокзалдың алдында тағы басқа бір көрікті орындарға қоймай ма?» – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Жоламан Темірғалиев.

«Неліктен осындай жоғары құндылықтар қоқыстың маңайында жатыр? Бұны мәдениетті білмеген адамдар жасады деп ойлаймын. Бірақ бұны зерттеу керек, тергеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұндай ешқашан қайталанбауы қажет», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлбақша Мұсабаева.

Қазақтың тарихи тұлғаларының гипстен жасалған 34 мүсіні 11 жыл бұрын қала күніне орай жасалған екен. Сол кезде қоғам белсендісі Өмір Есқали билік қала күніне орай асығыс орнатқан ескерткіштерді басқа планетадан келген ергежейлілер секілді деген болатын.

«Соның ішінен Сәбит Мұқановты және бір-екі адамды ғана таныдық. Қалғандарын тану өте қиын. Өз-өзіне ұқсамайды. Бірінің денесінен аяқ бітімі бөлек, біреуінің бойы ергежейлі. Аяғы келмейді, 45-ші өлшемді пима ма, бірдеңе кигізіп қойған. Біреуінің костюмі шолақ, біреуінің шалбары шолақ. Сөйтіп күлкіге қалды», -дейді қоғам белсендісі.

Жергілікті халық шу шығарып, зиялылардың шынайы бейнесіне ұқсамайтыны айтып, 22 ескерткішті алдыртып тастаған. Содан бері 34 мүсіннің он екісі ғана қалған еді. Оның алтауы қоқыста жатса, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды тұлғалардың ескерткіштері ізім-ғайым жоғалып кеткен.

Санай түссек, қазақтың қайраткерлеріне арналған ескерткіштердің сынға қалып жатқаны аз емес. Кінәні ескерткіш мүсінді қабылдарда салғырт қараған әкімдіктен іздейміз бе, әлде «жоқтан тәуір» етіп жасай салған мүсіншіден іздейміз бе?

Айжан Темірхан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534