Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2734 0 пікір 14 Қаңтар, 2013 сағат 09:28

Серік Әбілхан. Қамыққан Қасым, қаңбақтай Қабанбай

Қойнауы байлыққа толы Кенді Алтайда қола табылмады деген не сұмдық?! Батыр бабаларымызға соғылған тас мүсіндерді көргенде осыдан бөтен ой келмейді екен санаға. Өскеменнің қақ ортасында кеудесінен «кесіліп» қамығып тұрған Қасым Қайсеновтың бюсті де, Тарбағатай ауданы Боғас жотасындағы қарғыған аттың үстінде қалпақтай-ақ болып отырған Қабанбай батырдың ескерткіші де менің бұл пікірімді бекіте түспек...

Қойнауы байлыққа толы Кенді Алтайда қола табылмады деген не сұмдық?! Батыр бабаларымызға соғылған тас мүсіндерді көргенде осыдан бөтен ой келмейді екен санаға. Өскеменнің қақ ортасында кеудесінен «кесіліп» қамығып тұрған Қасым Қайсеновтың бюсті де, Тарбағатай ауданы Боғас жотасындағы қарғыған аттың үстінде қалпақтай-ақ болып отырған Қабанбай батырдың ескерткіші де менің бұл пікірімді бекіте түспек...

Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталған 65 жылдық мерейтойына орайластырып 2010 жылдың мамыр айында Шығыс Қазақстан облысының орталығы - Өскемен қаласындағы Киров көшесі мен Жеңіс даңғылының түйіскен тұсына аты аңызға айналған партизан, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновке қоладан бюст қойылған болатын. Қалалық әкімдік бөліп берген жер теліміне де, көзге қораштау көрінетін «шолақ» мүсінге де алғашқыда көңіліміз толмағаны рас. Бірақ «жоқтың қасында осыған да шүкір» деген қазақы тәубешілігімізге салып һәм жергілікті билік өкілдерінің дәмді уәдесіне нанып істің соңын жақсылыққа жорыған едік. Дәлірек айтқанда, биліктегілер Қайсенов бюстінің жанындағы жанармай құятын жекеменшік бекетті басқа жаққа көшіртіп, ол жерге шағын аллея ашылатынын сүйіншілеген. Бір өкініштісі бүгінде ол орындалмады. Ал қала тұрғындары мен келімді-кетімді қонақтар болса, мұқым украин жұрты пір тұтқан қас батырдың қалқайған мүсініне мүсіркей қарап, гүл шоқтарын қойғаннан басқа қолдан келер қайраны жоқ.

Айтпақшы, Кайсенов түлеп ұшқан Өскемен өңірінен Төлеген Тоқтаров пен Ізғұтты Айтықов сынды тағы екі батыр шыққан. Бұл күнде Мәскеуді қорғаған ең алғашқы Кеңес Одағының Батырларының бірі Төлеген Тоқтаровқа да, жау дзотын кеудесімен жапқан Ізғұтты Айтықовқа да Өскеменде ескерткіш түгілі бюст те бұйырмай тұр.

Боғастың бір биігіне барып орныққан хан батыры Қабанбайдың ескерткішін де есті адамның қабылдай қоюы екіталай. Иә, табанындағы тұғыр тасы биік, аспанға шапшыған арғымағы кесек демесеңіз, сырт көзге үстіндегі адамы жоңғар мен қалмақты лақша бақыртқан баһадүрден гөрі енді ғана найза ұстап үйреніп жүрген бозбалаға ұқсайтындай. Әлде, қытайлық шеберлер Дарабоздың сарыауыз шағындағы бейнесін сомдады ма екен? Бірақ орындаушы тапсырыс берушінің талабынан қалай аттап кетсін. Демек гәп өзімізде. Қытайлық дегеннен шығады ғой, біздегі ескерткіштердің дені солардың туындылары. Дұрысы - «қытайский» тауарлар.

- Бұл бүкіл республикада бар мәселе. Бұдан былай барлық ескерткіштер мен мүсіндер мемлекеттік сараптамадан өтіп барып қойылсын деген бастама көтерілуде. Біз оған қосыламыз. Болашақта арнайы комиссия олардың қойылуына рұқсат беретін болады, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Аманбай Нұркенов.

Жақында білдік, Өскемен қаласына кіре беріс тұстағы биіктеу төбеге Қаракерей Қабанбайдың ескерткішін орнатқалы жатыр екен. Жергілікті биліктің айтуынша, мүсін Алматыда жасалыпты. Жағымды жаңалықты құлағымыз шалған сәтте-ақ қуанып қалғанымызбен артынша түйсігіміздің түкпірінен «Қабанбайдың мүсіні қандай болады екен?» деген сұрақтың сумаң еткенін несін жасырайық. Онсыз да батыр бабаларымыздың аруағын қалай разы қылып жүргеніміз белгілі ғой...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404