Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 3742 8 пікір 20 Қыркүйек, 2022 сағат 14:10

Той жарысты тоқтат, қазақ!

Қазақ қазақ болғалы ұлтымыздың өмірінде ең маңызды орын алатын дүние, ол оның тойлары. Баланың туғаны, оның жыл сайынғы туған күндері, тұсау кесуі, сүндетке отырғызылуы, мектепке баруы, армияға шығарып салуы және отан алдындағы борышын өтеп одан оралуы, үйленуі, осының бәрі той.

Әйтеуір қойшы осы дүние жүзінде қазақтан тойды көп жасайтын халық жоқ шығар. Бір қарағанда тойдың көптігінің ешқандай әбестігі жоқ. Бұл халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Тойымыз тойға ұласа берсін. Қазақтың тойы бітпесін. Бірақ осы мәселенің айналасында бір «бірақ» дегізетін нәрсе бар. Ол той өткізуде бүгінгі күні бел алып бара жатқан бәсекелік, ысырапшылық мәселесі. Ертеректе де қазақ тойды көп жасаған, бірақ ол кезде әркім шамасына қарай, араларында жорға жүретін немесе дорба жүретін тойлар болатын. Шамасы келгендер отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын. Ал шамасы келмегендер өздерінің әлдеріне қарай, тек қана жақындарының қатысуымен, шағын той жасайтын. Кеңес үкіметі кезіндегі тойлар да есімізде, бүгінгідей аста төк ысырапшылық болған емес. Енді міне бүгінгі күні еліміз егемендік алып, өз қолымыз өзімізге жетіп, халқымыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін оралтып, жаңғыртып жатырмыз. Оның бәрі дұрыс, өткенімізді оралтпай, салт-дәстүрімізді жаңғыртпай егеменді ел болуымыз қиын. Бірақ дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар деген қазақ. Ескінің бәрін бүгінгі өмірімізге жапсыра бермей, озығын алып, тозығын өткен тарихтың еншісіне қалдырғанымыз дұрыс шығар. Той өткізу болсын, басқа болсын, қазақтың көрпеңе қарай көсіл деген қағидасын ұстанған дұрыс сияқты. Әйтпесе, көріп жүрміз ғой ұят болады, елден қалмайық деп, бәсекеге қатысып той өткізу үшін жалғыз сиырын сатып, оның үстіне банктен несие алып, артынан талай жанұя банкротқа ұшырап жатады. Жас семьялардың көп ұзамай ажырасып жатуы да осы жаман әдетіміздің салдары екені белгілі. Әлеуметтік желілерде көріп жүрміз, Алматыда бес жүз адам шақырған той өтіпті, Шымкент одан қала ма, мың адам қатысқан той жасапты біреу. Ақтаудағы тойда тойханаға атпен кірсе, Шымкентте лимузинмен кіріп жатыр. Біреулері вертолеттен бес мыңдық купюралы ақша шашса, енді бірі тойшы қауымға бриллиант таратып жатыр. Енді тойды еліміздің мегаполистерін қойып, шет елде Стамбулда өткізіп жатырмыз. Еліміз, халқымыз қатты сыйлайтын, өнерін сүйіп тамашалайтын Айнұр сияқты халыққа сөзі өтетін, халыққа шындықты айтады, жақсы озық салт-дәстүрлерді жарнамалайды деп жүрген өнер адамдарының істеп жүргені мынау. Бара-бара бүгін Айнұр тойды Стамбулда өткізсе, ертең балалары ержеткенде Жандарбек тойды Майамиде немесе Лас-Вегасте өткізетін шығар.

Қазақтың әдемі салттарының бірі құдалық қой. Қазақ құдасын құдайдай сыйлаған, сондықтан құдаларына шамасы келгенше сый-сияпатын көрсетуге тырысқан. Бірақ бұрын құдалық қалай өткен? Құдалықтың негізгі мағынасы, ол ең жақын адамдардың қатысуымен құдаларына үйді көрсету және оларға киіт кигізу сияқты құрметтерін көрсету. Ал бүгінгі күні құдалықты біз екінші тойға айналдырып жүрміз. Оны міндетті түрде мейрамханада, бірнеше жүздеген адам шақырылып, асабаның, әншілердің, бишілердің қатысуымен өтеді.

Біздің батыс аймақтарымызда ежелден келе жатқан амал мерекесі немесе көрісу деген тамаша салт бар. Ол наурыздың 14-жұлдызында жасы кішілер үлкендердің үйіне келіп амандасып, жылдан аман шыққанына, келіп жатқан жаңа жылға құтты болсын айтып шығады. Араларында араздық болса немесе бір-бірін көптен бері белгісіз себептермен көрмей жүрген болса, бір-бірінен кешірім сұрап, татуласып жатады. Осы қазағымыздың әдемі салтын да қазір бәсекелестікке әкеліп ұрындырдық. Соңғы кезде бұл мерекені де көбісі мейрамханаларда өткізуді әдетке айналдырды.

Осыдан бірнеше жылдар бұрын осы Қазақстанның қай қаласында екені есімде жоқ, бір жаңадан отау тіккен жастар тойға деп жинаған қаражаттарына балалар үйіне барып, дастархан жайып, көңілдері пәс балаларға бір мереке ұйымдастырғаны есімде. Мен сонда осы жастарға сондай риза болып, осы дәстүр жалғасып кетсе екен, елімізде сол бір жұқпалы ауру «бәсекеге» тоқтау болып, халқымыз осындай сауабы мол іске бет бұрса деп армандағанмын. Аллаға шүкір еліміздің жағдайы жақсы, аухатты адамдар жеткілікті. Әрине сол кісілер өздерінің байлығын, мүмкіншілігін халыққа көрсеткісі келетін болар. Бірақ оны басқаша да көрсетуге болады ғой. Елімізде әлі де жетімдер үйі, қарттар үйі жеткілікті. Неге соларға көмек көрсетіп бәсекелеспеске. Қаншама тұрмысы төмен отбасылар бар, сырттан көшіп келген қандастарымыз бар. Олардың көбісі үйсіз-күйсіз саяжайларда, вагончиктерде, гараждарда тұрып жатыр. Неге соларға көмектесіп жарыспасқа, егер байлықтарыңыз тасып жатса. Еліміздің солтүстігі, шығысы халқы азайып босап жатыр, оған алакөзденіп жүрген көршілеріміз бар. Егер сен шын халқыңның патриоты болсаң, мүмкіндігің болса сол аймақтардан жақсылап үй салып, көшір оңтүстіктің отбасыларын. Оларға жағдай жаса. Он үй сал, жүз үй сал, осылай жарысыңдар. Қандай сауапқа ие боласындар.

Өкінішке орай жаңағы айтқан әдемі бастаманы ешкім жалғастырмады. Біз басқа жолға түсіп кеттік. Сонда біз, айналайын қазақтар-ау, қайда бара жатырмыз. Осыған тоқтау салатын, осы мәселелерді бір дұрыс арнаға бұратын біреу бар ма? Ертеректе билер болатын, аузы дуалы ақсақалдар болатын, сол кісілердің айтқанына тоқтайтын халық. Қазір сондай ақсақалдар қайда, Төле, Қазыбек, Әйтекедей билер, Құнанбай, Абай, Мәшһүр Жүсіп секілді ақсақалдар жоқ па? Қазақ халқы соншама майдаланып кеткені ме? Әлде жетпіс жыл большевиктер басымыздан ұрып-ұрып мәңгүртке айналдырып жіберді ма? Қазақстан діни басқармасы да бұл мәселеге араласқысы келмейтін сыңайлы. Ал мемлекеттік басқару органдары бұл тек қоғамның өзінің реттейтін мәселесі деген қағиданы ұстануда. Сонда қалай осы бетімізбен кете бермекпіз бе?

Сәмет Байқоңыров

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434