Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3052 1 пікір 20 Қыркүйек, 2022 сағат 14:45

Үкімет басшысы Смайылов өрт сөндіруші ме?

Осы өткен аптаның соңында ғана Қостанайға еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов келіп кетті. Мұндағы қалың жұрт міне, 7 жылдан бері өз орынтағында еш мызғымастан, қаққан қазықтай болып отырған «грек ғалымы» - Архимедті өзге жаққа алып кетеді ғой деп зор үміттенген.

Алайда ол үміт ақталған жоқ. Үкімет басшысы оның орнына өткендегі алапат өрт шыққан Әулиекөл ауданына барып, өрт сөндірумен айналысатын жандарға ұзақ-сонар ақыл айтыпты. Астанадан арнайы келген үлкен лауазымды адам өртті тез сөндірудің амалдарын айтып, мұндағылардың құлақтарына құйып кетіпті. Сөйтсе, өртті тікұшақпен тез сөндіру үшін өзендердің жиектерін кеңейтіп, суды көбірек алуға жағдай жасау керек көрінеді. Не деген данышпандық, не деген көрегендік десеңізші. Осы ой Төтенше жағдай министрі Ильиннен бастап, облыстық басқармалар басшылары мен орман шаруашылығы мамандарының басына неге келмеген?

Сонда не, мұндағылар қай салада да бес аспап Смайылов келіп, көзге шұқып көрсетпесе, өртті жылдам сөндіру амалдарынан мүлдем мақұрым қалған ба? Мүмкін, бұл Смайыловты анау Ильиннің орнына қою керек шығар?.. Білікті маман өз орнын таба алмай, халқына пайдасы тимей сорлап жүрген болар? Айтпақшы, «осыны неге істемедіңдер?» деп Архимедке қатты ескертті ме екен? Әлде келешекте мұндай өрттің алдын алуға болатын жаңа әдіс-тәсілдерді ойластырамын деп жүріп, тағы ұмытып кетті ме екен?

Тағы бір ойландыратын жай мынау. Қостанайдағы өрттің салдарымен күресемін деп, Премьер-министріміз неге қызыл танау болып, шапқылап жүреді? Президентіміздің өзі осында арнайы ат басын тіреп, «өрттің салдарынан үйсіз-күйсіз қалғандар екі айдың ішінде жайлы да жақсы баспанамен қамтамасыз етілсін» деп нақты тапсырма беріп кетті емес пе? Енді оны неге дап-дардай басымен Үкімет басшысы қадағалайды? Сонда айына анау-мынау емес екі миллион теңге айлық алатын, оны аз десеңіз жалғыз өзі орман ішіндегі резиденцияда алаңсыз ұйқысын қандырып жүрген, қолына облыстағы барлық билік берілген осы өңірдің басшысы Архимед Мұхамбетов ештеңеге жауап бермей ме? Неге содан нақты талап етілмейді? Әлде сенбей ме? Сенбесе, оны неге осы үлкен лауазымда ұстап отыр? Смайыловтың өзі шапқылағанша мұны қарамағындағы бір министрге тапсырып, жай ғана бақылап отырмай ма?

Ал Ақордадағы мықтылардың елге жаны ашитын болса, онда неге Арыстағы жарылыста осылайша арам тер болып, шапқыламады? Әлде бұл тек сайлау алдындағы халықты алдарқату ма? Әйтпесе, осындай алапат өрт болып, жүздеген адам зардап шеккенде облыс әкіміне ең болмаса ескерту жарияланбауы қалай? Әлде ол облыстағы өрт сөндіру саласының материалдық-техникалық базасының әбден ескіріп, мамандардың тым жеткіліксіздігіне мүлдем жауап бермей ме? Онда облыс әкімі болып неге отыр?

Міне, Премьер-министр келіп кеткеннен кейінгі көкейде қалған көп сұрақтардың бірі осы еді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435