Затулиннің сандырағы: Депутаттар не дейді?
Қазақстан Парламентінің депутаттары ресейлік депутат Константин Затулиннің Қазақстан туралы жасаған мәлімдемесіне жауап берді.
Бұған дейін, Қазақстанның сегіз ірі банкі, соның ішінде Jusan Bank, "Альфа Банк", "Нұрбанк" және "Банк ЦентрКредит" банктері ресейлік «Мир» карталарына қызмет көрсетпейтінін мәлімдеген болатын.
Банктердің хабарлауынша, «Мир» карталары халықаралық банк жүйесіне кірмейді, бұл тек Ресейге тиесілі, сондықтан олар карталарды қабылдай алмайды.
Visa және Masterсard Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін, санкциялардың жаһандық режиміне қосылып, шетелдегі ресейліктерге қызмет көрсетуден бас тартқан. Содан кейін Ресей билігі "Мир" карталарын халықаралық төлем жүйесіне балама ретінде шығара бастады.
Осыған байланысты РФ Мемлекеттік Думасының ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин «Қазақстанның Батысқа бүйрегі бұра бастағанын алға тартып, Ресейдің мұны жауапсыз қалдырмайтынын» айтыпты.
«Ресей Федерациясымен құрылықта шектесетін әлемдегі ең ұзын шекарасы бар ел біздің тарихи және географиялық жақындығымызға қарамастан, батыстық санкцияларды назарға алып, басын қауіпке тігіп отыр. Әрине, Ресей мұны жауапсыз қалдырмайды»,-депті Затулин.
Оның арандатушы сөздеріне қазақстандық депутаттар жауап берді.
Мәжілісмен Мұхтар Құл-Мұхаммед мұның «Затулиннің аты өше бастағанда қолданатын әдеттегі тәсілі» екенін атады.
"Депутат Затулин өзінің рейтінгі төмендей бастаса, арандатушы ойларын да осылай сыртқа шығара бастайды. Бұрыннан солай. Қазақстандық банктер "Мир" банк картасына қатысты өте дұрыс қадам жасады. Біріншіден, екінші деңгейлі банктердің барлығы – жекеменшік банктер, сондықтан олар қандай банк карталарымен жұмыс істеуді тиімділігіне қарай өздері шешеді.
Екіншіден, "Мир" картасының айналасында шу-жанжал көп болған. Ақша тыныштықты жақсы көреді деген сөз бар. Сондықтан депутат «наразылығын» өзі құрған банк жүйесіне білдірсін»,- деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Ол Затулиннің жазда «Украинадағы жағдай Қазақстанның басына да тап келуі мүмкін» деген сөзін еске алып, «Украинаның жағдайына куәміз. Оны қазір жарияланған мобилизациядан-ақ көруге болады. Сондықтан ол өзінің ойлары мен сөздерін жөнге келтірсін»,-деді мәжілісмен.
Мұхтар Құл-Мұхаммед «ресейлік депутаттың Қазақстанға ақыл үйреткеннен гөрі, санкциядан шығудың жолын ойластырғаны дұрыс» екенін айтты.
Мәжіліс депутаты Айгүл Қапан РФ Мемлекеттік Думасының ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулиннің Қазақстанға қоқан-лоқы көрсетіп отырғанын айтты.
"Өкінішке орай, осындай депутаттардың кесірінен көрші ел Ресейдің бейнесі агрессиямен, менмендікпен және надандықпен байланыстырылады. Затулиннің жаңа мәлімдемесін арандатушылыққа шақыратын, үстірт әрі негізсіз деп қарастыру керек", - деп жазды депутат Facebook парақшасында.
Abai.kz