Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2817 0 пікір 18 Қаңтар, 2013 сағат 07:46

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Алдында келіп абақтыны қоршаған қарақшылар тобы соңынан қуа келген қарсы топқа бой бермей, мылтық атып, шоқпарласып жүргендерінде құралған халықтың зор тобы тұс-тұсынан жетіп қоршапты. Ол қоршаудан тек, халыққа көрінбей құтылуға тиісті танымал жендеттер ғана алдын-ала қашып кеткен екен. Қалған көпшілігі құбылмалы қуларының басшылығында түн қараңғылығын пайдаланып, халық тобына сіңіп алыпты. Әсіресе аудандық сақшы ауласына кіріп алған сойқандар, халық топтары жеткенде қалтарыс-қалтарыстан шығып қосыла кеткен екен. Әйтпесе, дауалы биік, қақпасы мықты сақшы қорғанынан қашып құтылуы қиын еді.

Аула толған халық арасында бірде-бір жау жоқтай-ақ, қарақшы жендеттерден біреуін қолға түсіре алмағандықтарын бірінен-бірі көріп жәбірлесіп-дабырласа қалды. Бәрі де өкініш айтады. Халықтың «әттегенесін» көбірек күңірентіп тұрғандар, тағы да сол сіңіп алған алдамшы жаулары.

Өктем дауысты біреуі келіп, айқай салды осы сәтте. Аулаға топталған халықты абақты алдынан қақпа жаққа шақырып жиды. Оның ханзуша «үкіметсіздік істемеңдер!» деп зекірген бұйрығынан басқа сөзін ести алмай қалдым. Шағылған есік-терезе, балға мен балталар үймелеп шақылдай жөнелді. Таңға жақын жөнделіп болған есіктің құлпы бұрынғыдан да қатты жабылып, құлағымның түбінен атылған мылтықтай естілді.

IV

Алдында келіп абақтыны қоршаған қарақшылар тобы соңынан қуа келген қарсы топқа бой бермей, мылтық атып, шоқпарласып жүргендерінде құралған халықтың зор тобы тұс-тұсынан жетіп қоршапты. Ол қоршаудан тек, халыққа көрінбей құтылуға тиісті танымал жендеттер ғана алдын-ала қашып кеткен екен. Қалған көпшілігі құбылмалы қуларының басшылығында түн қараңғылығын пайдаланып, халық тобына сіңіп алыпты. Әсіресе аудандық сақшы ауласына кіріп алған сойқандар, халық топтары жеткенде қалтарыс-қалтарыстан шығып қосыла кеткен екен. Әйтпесе, дауалы биік, қақпасы мықты сақшы қорғанынан қашып құтылуы қиын еді.

Аула толған халық арасында бірде-бір жау жоқтай-ақ, қарақшы жендеттерден біреуін қолға түсіре алмағандықтарын бірінен-бірі көріп жәбірлесіп-дабырласа қалды. Бәрі де өкініш айтады. Халықтың «әттегенесін» көбірек күңірентіп тұрғандар, тағы да сол сіңіп алған алдамшы жаулары.

Өктем дауысты біреуі келіп, айқай салды осы сәтте. Аулаға топталған халықты абақты алдынан қақпа жаққа шақырып жиды. Оның ханзуша «үкіметсіздік істемеңдер!» деп зекірген бұйрығынан басқа сөзін ести алмай қалдым. Шағылған есік-терезе, балға мен балталар үймелеп шақылдай жөнелді. Таңға жақын жөнделіп болған есіктің құлпы бұрынғыдан да қатты жабылып, құлағымның түбінен атылған мылтықтай естілді.

«Үкіметсіздік істемеңдер» деп бұйрық түсіре келген, облыстың саяси-заң орынының бір ұлығы екен. Бұл сөзінің жалғасында мен туралы да үлкен қоқанлоқы көрсетіпті. «Биғабіл мен Назарбектің қайсысы болса да, бұрын шекарадан өтіп кеткен, шужұңжуишылар жағынан тәрбие алған, солардың нұсқауымен келгендігі ықтималға өте жақын. Бұларды қамаудың ешқандай оңшылға, тіпті жерлік ұлтшылға да қолданатын саясатымызбен байланысы жоқ, нақтылы кері төңкерісшіге соққы беру әрекеті. Бұл дело қашан толық анықталғанда ғана біржақтылы болады. Мұны анықтамай шығарып әкету жағында болып, өздеріңізге ауыр мәселе тауып алмаңыздар!» депті.

Мұны естіген соң бізді шығарып әкету жағында тұрғандардың талабы, тек, қамалып жатқандарға зиянкестік істетпеу турасында ғана көтеріліпті. Бұл талап бойынша абақты-түрме күзеті күшейтіліп, сақшыға сенбейтін болып кеткен жұртшылық жағынан да күзет қоюға рұқсат етіліпті.

Тамақ кіргізушілер, әкелгенін тексертіп арнаулы сақшы қызметкері арқылы ғана кіргізіп тұрды. Бірақ, мені ешкім шақыртып тергемеді. Хатшы ғана кіріп, он жылдық докладымды жазуға қузап тұрды. Өткен қатерлі кештегі сақтандыруынан соң, ол да басқа сөз сөйлеуден тыйылыпты. Тек, өзінің қойған жерінде тұрған сүйменге ғана байқай қарап жымияды. Бұған қарағанда Ауқан жақтың зиянкестік қаупі әлі бар сияқты.

Мен тергеу жүргізілуін талап ете бердім. «Алдыларында тергелмесем, жазып берерлік материалым жоқ. Он жылдан бері қайда жүргеніме бұрын жауап бергенмін. Егер ол жауабымнан өтірік шықса факт қойып тергесін!» дегенге бекініп алдым. Хатшы қыстамады.

- Тергеуге шақырса өздерін тергеп қарсы шығасың ғой? - деп күледі.

- Сұраған мәселесіне жауап беретін міндетім бар ғой! Фактсыз қойған мәселесіне әрине мен қарсы факт қоюға, тойтарыс айтуға, өзімді ақтауға хақылымын! Мұнымды қарсылық деп есептесе, қаматып отырған бастықтарының өзі келіп тергесін. Жеңерлік факты болса, шұқып алып көзімді ағызсын, менің қарсы фактым жеңсе, жалақордың өз көзін әрине мен шұқимын. Одан тартынатын Назарбек жоқ. Балтырға жабысқан итке таяқ жұмсамаған адам таланып өлмей ме! Иесі келіп айырмаса, иә, қабаған иті өледі, иә қорғанушы өледі. Ондайда жазаланушының кім болып шығатындығын жұртшылық шешеді. Осы жауабымды бұзбай жеткізіңіз! - деп, жөн білетін хатшыны күлдіріп қайтара бердім. - Факт деген, тас бауыр батыр. Онда туысқандыққа, достыққа, қандастыққа, жемтіктестікке қарайтын өзімшіл жүрек жоқ. Бұрмалау дегенге мүлде жат батыр. Ауқан қанды ауыз штабына құйрығын тіреп алып шәуілдей бермей, өзі келіп тергесіп көрсін!

Жанына әдейілеп батыра, намысына тие айтқан бұл асау сәлемім оған жуасып болса да жетпей қалмаса керек. Сөйтсе де, өзі келмеді. Халық алдында берген анттары жөнінен де, өз қылмыстарының тасбауыр дәптерге тізіле қалуынан қорқатындығынан да, маған артқан жаласының арқа тірексіздігінен де бетпе-бет тергесуге батына алмағандығы білінді. Ал, менің үстімнен мәселе қоюшының өзі келуден мұншалық тайсалғандығынан тергеушілерінің жүзі майырылмасын ба. Өзі тергеліп қалатын «мұндай сорлы тергеушіліктен» қалқалақтап, сырттай бұйыру мен маған материал жаздырып қана күнелте тұрмақ сияқты. Онысына мен де көнбей қойдым.

Бір күні Күләннің қайтарылғандығы өз дабысынан естілді.

- Ей, сақшылар, ей күзетші! - деп маған естірте шақырды да, - менің мына нәрселерімді балаларымның біреуі, иә інім келіп алып қайтады, қарап тұрыңыз! Егер мені тағы да іздеушілер болса, осы қаладағы үйімнен табыламын. Тауға шықпай күтемін! - деп айқайлады. Мұнысы маған берген хабары екендігін түсіндім.

Күлән шыққан күннің ертеңіне кірген мәнті арасынан тағы бір хат шықты: көп адам бірлесіп қузап, үкіметтен «Назарбекті» сұрап жүр екен. Шекарадан өтпегендігіме, «шужұңжуимен» байланысымның жоқтығына дәлел-факттер айтып, арыз жазыпты. «Егер ондай арам ниеті болса, соңына Ауқан түскеннен бері еркін жүрген жалғыз жолаушының бір жаққа кетіп бой тасалауына орайы жеткілікті емес пе еді. Мұндағы толып жатқан туысқандарында ат та, тасаланып емделе беретін орын да бар болатын. Қыл аяғы жатқан абақтысының есік-терезесін қарақшылар келіп шаққанда, басып кірген жендеттің екеуінің аяғын солардың өз саймандарымен шағып қайтарыпты. Ондай адам қашып шығып, қаптап барған халық арасына сіңіп құтылып кете алар еді ғой. Өзін қамап отырған үкімет абақтысын қорғайтын, шетел шпионы болушы ма еді!» деп те жазыпты. Қаламға шебер Күләннің қысқа ғана хатынан соның бәрі ұғылды. «егер мұндағы үкімет бұған дұрыс жауап қайтармаса, жоғары жаққа жөнелтетін арыз да жазып болғанын көрдім. Кешікпей шығасың, бар ауқым біз жақта екен!»

Хат соңына «өзіңнің» деп қана қол қойыпты.

Сол хабар келген күннің ертеңіндегі сәскеде үнсіз келіп қапқан иттей бір жымысқы пәле жабыса кетті маған: бейтаныс екі-үш әскер келіп абақтымды тінтті де, тіміскілей жүріп, пештің ірге жақ қуысынан үлкенді-кішілі екі сүйменді суырып алды. Бұған жауабым даяр еді. Пешті тағы да айландыра түрткілеп сүймендеп тесіп, түтін жүретін алдыңғы екі құдығын тінткен болды. Ол екеуінен ештеңе таба алмай, моржаға жалғасқан түпкі құдығының төменгі қабырғасынан тесіп, Совет кленкасына оралған ешкі басындай бір нәрсені суырып алды. Жүрегім зырқ ете түсті. «Шужұңжуидің шпионы» деп таңған жаласына «заттық факт» даярлап алғанын түйсіне қарадым. Орауын ашып жіберді де, «гуаңбаудянтәй!»[1] деп күбірледі бір-біріне. Ұмтылып барып орналастырған жеріне қарасам, пештің түпкі құдығының ыс басқан түбі. Оның ірге жағындағы дәл сол тұсынан екі кірпішті түрткілеп жүріп босатып қойыпты. «Түнде сол жерден алып, қожайындарына хабар береді де, күндіз осында жасырады» деп қисындастырмақшы!

Бұған қарсы дау айтып сендіруім аса қиын сияқты. Тек, бұл «факттерінің» моржадан арқанмен түсірілгендігін айтармын-ақ. Онда да түпкі құдық ішіндегі осы «фактпен» бірге түскен ыс күлі көзге көрінерліктей қалың болса, әсіресе, моржадан түсірілгендігінің айқын ізі қалған болса ғана дауыма дәлел болар еді. Бірақ мұны мұқияттап тексеретін жанашыр тергеуші қайда!

Тінтушілерге сырттай қарап күлбеттеніп тұрған хатшыға осы оймен қысыла қарадым.

- Сіз, тергеушілердің мына мәселені көріп тұрған өкілісіз. Мұның тергеуі біткенше моржаның сыртқы аузы мен мына пештің маңдайына адам келуін шектей тұратын шара қолдансаңыз болар ма екен? Бұл жалаға да дауым бар! - дедім.

- Әлбәттә, карантин етеміз, тінтіп болсын! -деді хатшы.

- Моржаның сыртқы аузын, сенімдірек біреу шығарып, ішіне кірпіш түсіртпей, таза бекіттірсеңіз!

Тінтушілер енді терезе жаққа барып, терезе алдына жайылған цементтің қопарылып тұрғанын көрді. Сындырмау үшін екі жағынан екеуі ептеп көтерді де астынан ештеңе таба алмай, орынына қайта түсірді. Мұның қашан қопарылғанын да, бұл арқылы не істемек екендігін де түсінбедім. Әнеу түндегі оқиғада терезе алдының бұзылмай қалғанын көргенмін. Одан бері күніне екі рет дәретке шығып қайтудан басқа ешқайда, тіпті тергеуге де шықпағанмын.

Тінту біткен соң бейтаныстарды хатшы ишарамен шығарып әкетіп еді. Әйнексіз терезенің сыртынан абақты ішін күзетуге келген болса керек, бір ұйғыр сақшы келіп тұра қалды. Төбедегі моржа тұсына да біреудің шыққанын сездім. Бірақ сол күні күндіз де, түнде де ұйықтай алмай, оймен өткіздім. Ойлаған амалым да, берерлік жауабым да тобаға келмейтін сандырақ сияқты сезіле берді.

Ертеңіне таңертең қатал райлы екі сақшы келіп, тергеу бөліміне мылтықпен айдап апарды мені. Үкіметтің маған енді аса зейіл тиісетіндігі осы айдауынан білініп еді. Тергеушінің де көбейіп, бес-алтыға жеткенін көргенімде іштей қатты қаймықтым. Бұрынғы өзім тергеп жүрген тергеушім төрден төмендеп, бір шетте қалыпты. Төрге шыққан бас тергеуші сары ала түймелі, саржы кител киген аққұба ханзу шытынай қарады маған. Алдындағы ұзын столдың дәл ортасында құлақтары қалқиып, кешегі пештен шыққан радция тұр. Антенасын әдейі орнатып қойған екен.

Абыржымауға, өңімді бұзбауға тырысып, танымалы адамша бас изеп амандаса күлімсіредім.

- Тіктеліп тұр! - деп ақырып қалды, адамшы сәлем қабылдаудың орнына. Бұйрығын орындап тікірейе қалдым. - Естуімізше, сен тергеушіні басынып қалжақтап, қарсы шығады екенсің! Ендігі сұрағымызға ондай позиция көрсетсең, мен де көрсетемін саған, жуас бол! Сұраған мәселемізге қысқа ғана нақтылы жауабыңды бересің!

- Өзінің міндетіне әділдікпен қарап, мәселені анықтай алатын қалыс тергеуші келді деп сенейін, мақұл! Өткендегі тергелу ахуалымды делодан көрген шығарсыз. Мен сізге осы абақтыға кіргенімнен бергі көргенімді ғана нақтап бір баяндайын, сонан соңғы жауабым, өзіңіз бұйырғандай қысқа-қысқа ғана сөйленсін!

Бұрынғы тергеу аударушысы болған әдемі ғана қара торы, сақал-мұрты таза қырылған қазақ маған шұлғи қарап қойып, сөзімді дәл аударып еді. Бас тергеуші өз қатарындағыларға қарап алып келісім тапқандай, иек қағып рұқсат етті. Мен алдымен бұрынғы тергеушінің қайталап-қайталап қоя берген дәлелсіз екі түрлі ғана сұрағы мен оған қайтарған жауабымды қысқаша айтып бердім де абақтыда болған аса заңсыз екі оқиғаны нақтап баяндадым. Қол-аяғын кісендесе де қанжармен құралданып кіргізген жасанды мұртты сөйленгенде, жаңа комиссарлар үңіле таңырқап тыңдап еді. Абақтыны құралды қарақшы басып алған қанды оқиға сөйленгенде өңдері сұрлана қалды. Екеуінде де маған арналған жасырын қастық барын дәлелдеп тоқтадым.

Моржадан радция түсірген соңғы оқиғаның кім ойлап шығарған ойын екендігін алдыңғы екі оқиғадан түсінсін деген оймен бұл мәселе жөнінде сөз ашпай қалдырып едім, тергеу комиссиясындағы жаңа тыңдаушылар бір-біріне қарап ойлана жымиысты да, бас тергеуші алдындағы радцияны нұсқап зекіп сұрады менен:

- Мынауың туралы сөйлегің келмей ме?

- Мен, мұныңыздың не екендігін де білмеймін. Ә...ә.. кеше абақтыны тінте кірген үш әскер моржаның түбінен алып шыққан кленкаға ораулы нәрсе осы қобдиша ма еді? - Үңіле-үдірейе қарадым радцияға. Расында да бұрын атын естігенім болмаса, өзім көрмеген аспап болатын. -Япырау, түрі сұмдық қой өзінің! Құлақтары Ауқанның құлағынан да ұзын екен-ау! Ол кісінің құлағы екеу ғана еді. Мынау сонікіндей қалқиған төрт құлақты екен ғой! Бұл, тіпті өтіп кеткен сұмырай десеңіздерші! Ал, бұл кісінің аты кім болғаны?

Тергеу комиссиясындағылар бұл сөзіме қарқылдап күліп жіберіп, пышақ кескендей шорт тоқтады. Бас тергеушінің әрқайсысына қараған көзі шатынап кеткен екен.

- Тергеуді тағы да қылжаққа айналдыруға кірістің бе, аш көзіңді! - деп маған ақырды. Бұйрығын дереу орындап, көзімді кең ашып, бадырая қалдым. - Шайтандығыңды істетпе бізге, сенің кім екеніңді өзіміз де білеміз! Сөйле, мына радцияны қайдан әкелдің?

- Е, радция дейтін аспап осы ма еді? Е...е.. мұны, Совет одағынан әкелген шпиондық аспабы деп маған таңбақ екенсіздер ғой? - дегенімде орнынан ыршып тұрды бас тергеуші. Радцияны қолына ала келіп, маркасын алдыма тосты:

- Қара мынаған! - дей сала көзіме түртіп қалмақшы болды. Жүзімді бұра қойдым. Ауқанға жолдаған сәлеміме қарсы көрсетіп тұрған үстемдігі екені де, өзінің кім екендігі де түсінікті бола қалды.

- Салмақты болыңыз! - дедім ханзуша зілді қоңыр үнмен. - Қазір 68-ші жыл емес, 78-ші жыл екендігін ескеріңіз! Көз шұқысу әлі алдымыздағы жұмыс! Айтысқа әлі түспедік, мен сонда да сіздің емес, Ауқанның өтірік факттерінің көзін шұқырмын!

Сөзімнің төркінін байқап, бір сәт қарай қалды да, құйрығының бостығы жөнінен сыр бермеуге тырысқандай, тағы да ақыраңдады:

- Қара мынаған, қай елден шыққан аспап? - Маркасын енді алыстата нұсқады да орнына қайтып барып отырды.

- Бұл, әрине орыстікі шығар, - дедім мен, қайтадан қазақ тілінде сөйлеп. - Жұңхуа халық республикасы бұл аспап түгіл, орыстың гитлер фашизмін жойған сол шақтың ең құдіретті қаруы, ең жасырын «катюшасына» да ие болғандығын білетін шығарсыз?[2] Елімізге орыстың сол құдіретін де шпион сүйреп әкелді деп түсінесіз бе?

Тілмаш менің бұл сөзімді де нақтап аударды.

- Мынаны өзің жалғыз жатқан құлыптаулы абақтыға сен әкелмей кім әкелді? - деп өзеуреді тергеу бастығы.

- Менің мұнда бір пальтодан басқа еш нәрсе әкелмегендігіме таудан айдап әкелген сақшылар да куә! Тінтіп кіргізген кілтші де куә! Әр күні тінтіп тұрған мына хатшыларыңыз да куә! (хатшы мені тінтіп көрмесе де өтірікке шығармайтындығын біліп, куәлікке әдейі тарттым.) Ал, қарындасымның мұндағы үйінен келген көрпе мен төсенішті де осындағы абақты қызметкерлері жабыла тінтіп кіргізген. Жанқалтаға да сыймайтын бұл аспаптың құлағын қалқитып мен әкелген болсам, осы тінтушілердің бірде-бірі көрмес пе еді?

- Сен әкелмесең де, ұсталмай қалған сырттағы қызметтес жын-шайтандарың әкеліп берген! Одан бұлтара алмайсың, қылжақтамай дұрысын айт!

- Мақұл, дұп-дұрысын айтайын! - деп жымиғанымда үміттене қарады тергеуші. - Ең дұрысы былай, жын-шайтан дегеннің ұясы осы мекемеңіз, осы абақтыңыз болып қалғанын жаңа ғана сөйленген екі оқиғадан түсінбейтін адам жоқ. Қол-аяғы кісенделіп, жасанды мүритпен кірген қылмыскеріне қылшылдаған жап-жаңа қанжар беріп менің қасыма қамаған, менің жын-шайтаным болмақ па? Ыңғай мылтық пен автомат күзетіндегі абақтыны төрт-бес қарақшының шоқпарына шаққызып, олардың мені абақтыдан алыстатып апарып жасырын өлтіруіне жол берген кім? Менің өз жын-шайтаным болмақ па! Осы екі оқиғаны сіздерге, жын-шайтанның қайда екендігін түсінсін деп жаңа ғана сөйлеп бердім ғой! Мұны ұмытатындай уақыт өтпеді ғой! «Ақиқат амалияттан ізделеді». Абақтыға пайда болған бұл радция мәселесі де осы орынның өз амалиятынан ізделуге тиісті. Мұны да сол жын-шайтандарыңыз моржадан түсірген! Мені жейтін алдыңғы амалдарымен ауыздарына түсіре алмағандықтан, жасостық осы аспабын заттық факт етіп жазалату үшін түсірген! Өлтірудің қапысын таба алмай қалған жендеттер енді осылай жала жабуға мәжбүрленген! Ал, мұны менің адамдарым әкелген болса көшеге қарап тұрған терезеден жол таба алмас па еді? Төбедегі құралды сақшының дәл алдында тұрған моржаға абақтының өз жын-шайтандары болмаса, басқа ешкім шыға алмайтындығы факт талап етпейтін шындық!

Бұл жауабым ханзушаға аударылғанда тергеу бастығының көзі қып-қызыл болып жыртия қалды.

- Жасырын құралды терезеден алатындығыңды өзің де мойындадың. Айтқаныңдай сол терезеден алып, күндіз пеш құдығына тығатындығың «факт талап етпейтін шындық» емес пе екен! Өз сөзіңе өзің де куә, төбеде сені күзетіп тұратын құралды пост, қопарғыш дәріше оралып таңылған затты моржаңнан түсіртіп, өздеріне қатер тілей ме? Қарсы алдында тұрған моржадан түсіртіп қоя ма!

- Бұл дауыңыз, ақпайтын шалдуар дау екендігін алдыңғы оқиға дәлелдеп болған ғой! - деп қынжыла қарадым жүзіне. - Автомат ұстап тұрған бірнеше пост, абақтыны бұзып, зиянкестік істеуге келген азғантай ғана қарақшыны қуып тастауға күші жетпегендіктен шегінген бе еді? Өздерінің сыбайлас-сырлас адамдары қарақшы кейпімен келіп сыбырлап-күбірлеп, өздерін таныстырған соң шегінгендігін абақты түңлігінен мен өзім де тыңдап жатқанымды айтқамын ғой. Сондай пейілдегі посттарыңыз, сол сыбайластарының екінші рет келіп, шақпай-бұзбай-ақ бұл жалақор аспабын моржадан түсіріп қана қайтуына жол бермей ме?

- Ей, шпион, сен енді біздің отан қорғаушы құралды күшімізге күйе жақпақпысың? - Бас тергеуші зекіре түрегелгенде, сойыл соғар біреуі ақыра түрегелді. Бұрынғы тергеуші тіпті қатты ақырды:

- Посттарымызды, құралды сақшылармызды ғана емес, тіпті бүкіл сақшы мекемесін қаралап болды!

- Тіпті, бүкіл саяси заң орындарымызды түгел иянаттап болды!

- Осынысымен-ақ төңкерістік үкіметімізге, коммунистік партиямызға, марксизм-ленинизм, Маузыдұң идеясына қаншалық қарсы екендігін әйгілеп тұрмай ма! Шеттен кірген бұзғыншы шпион екендігін осынысының өзі-ақ дәлелдеп болмады ма! Бұдан артық тергеп уақытымызды ысырап етудің қажеті қалмады! Тез үкім шығарып, шорт жазалау керек! - Бұрынғы тергеуші қайталап шаптығып, бар үкімін тобымен осылай ақтара салғанда, күліп жібердім.

- Ауқанның осы төрт құлақты аруағын күйелі қолдарыңызбен пеш моржасынан түсіргендегі мақсаттарыңыз, осындай үкім шығару болатын. Бірақ, бұл үкімдеріңіздің іске аспайтындығын ойламағансыздар. Осы абақтыда болған қап-қара амалиятты халық көріп болған. Бұл қара амалияттан аппақ ақиқат тумайтындығы әшкереленіп болған. Дәл осы ауладағы сақшы мекемесін де, мемлекеттің құралды күшін де, осындағы марксизм-ленинизмді де, компартияны да қарайтып қойған мен емес, Ауқанның қара қолы екендігі қазір ап-айқын!... Тіпті, бәрін де қап-қара ниетті Ауқан тәріздес мансапқорлардың қарайтып қойғандығы қазір бүкіл дүниеге аян! Мені атсаңыздар да, шапсаңыздар да, ондай басшыларыңыз халық алдында енді ағара алмайды!

- Апар, қамай тұрыңдар! Атылуға асыға қоймас, ойлансын!

- Менің ойланарлық ісім жоқ. Тек, өздеріңіз дұрысырақ ойлану үшін оқиға туылып жатқан абақтыны, әсіресе кеше мына төрт құлақ шыққан орынды өздеріңіз барып тексеріп көріңіздер, терезеден келіп, берік пештің тұйық түбіне кіріп кетті ме, арқанға ілініп қана моржадан түсе қалды ма, анықтамай ата алмайсыздар!

Екі әскердің алдына түсіп жүре бердім. Мен жатқан абақтының моржасы үш-төрт қабат тас кірпішпен жабылған екен. Есіктен кіргенімді көрген терезе сыртындағы пост, бір адымдап шегініп тұрды.

Тергеушілер мәселе туылған орынды түстен кейін де келіп көрмеді. Кешке жақын Күләннән келген тамақты кіргізген кілтші арқылы оларға тағы да сол талабымды жазып шығардым.

Келген тамақ шөшіре екен. Біреуінен тағы да бір хат шықты. Мұны да Күләннің өзі жазыпты: «басқа оңшыл-ұлтшыл деген қалпақ астындағылар қуанып жүр. Үрімжіде «саясатты тиянақтандыру» кеңесі құрылып, алдымен ханзу оңшылардың қалпағын ала бастапты. Бізді іздей қалса естерінде болсын деп Құмар мен Ақияға хат жаздым. Сені Совет шпионы деген жаламен Ауқанның қаматып отырғаны, оның бұрынғы өз кегі үшін сол абақтыда лүкшектерге өлтіртпек болып амалдап жүргені де айтылды. Ал, сенің осында келгеннен бері шекара жақпен ешқандай байланысың болмағандығына осындағы жұртшылық куә болып, сыртынан қорғап жүр деп жаздым» депті. Қырағы Күләшімнің Үрімжідегі достарды осылай хабарландырғанына қуандым. Бұл хабар өз қызметтестеріме жетсе, «саясатты тиянақтардыру кеңсесіне» бұрынғы ахуалымды түгел мәлімдеп, қайтарып алуды талап ететіндігі сөзсіз еді.

Бірақ, мына жала жабысса, мен енді таза ғана оңшы емес, шет ел шпионы» болып қараланып, көп әуреленуім мүмкін ғой. «Кеден кеден болды, кеден неден болды» деп түптеп-тектеп қорытынды шығаратын заң қайда! «Радциялы шпион», «компартияға, марксизм-ленинизмге тіс-тырнағымен қарсы кері төңкерісші болып кетіпті» деп, ағарту тізімінен өшіре салар ма! Сондай қатерде қалған күнде де бұлардың қаралығын қара демей, аппақ десем, барлық көріп-біліп, қарсы қойып отырған ақиқатым қайда кетпек, екі жүзді болып мәңгілікке қараймаймын ба! Менің бұларға жала жапқан жерім бар ма? Жоқ, енді бұл көргендерімнен көз жұмып жүрер жолым, табар жөнім жоқ! Бұлар осы қағидасы мен осы заңынан беттерін бүтіндей бұрмаса, қатарларына қайта қосылудан кеткенім-кеткен. Ымыраласар жайым қалмапты! Кіндік кесіп кір жуған жерім, туған елім, сендерден айырылып не көрмедім! Талап-тілегімнің жалғыз шырағы, тіршілігімнің жаны - туған елім, атамекенім, көзіме бір көрінбей қалар ма екенсің өстіп! Отаным!

Көзімнен жас сорғалаған қалпында ұйықтап кетіппін.

Күн шыға есік құлпы шақылдап ашылғанда ояндым. Терезеден қарап тұратын кезектегі пост көрінбеді. Тіпті бұл маңда жоқ сияқты. Көзімді сүрте шықтым дәретке. Бұлақ болып ағып, қақ болып қатқан ащы сорлы көз жасы бет-жүзімді тырыстыра құрғапты. Ұйықтап жатып та жылай берген сияқтымын...

Бет жуып, термостан шай құйып ішіп отырғанымда, кілтші есіктің жалғыз көзін ашып жіберіп, кешегі тергеушілерге жазған талабымды сол уақытта апарып бергенін айтты: «Тергеу бастығы жауап бермей қалып еді. Комиссия қатарындағылардың екі-үшеуі бүгін келіп тексеретін болғанын, біреуінен жаңа ғана естідім. Бастықтары келіп көргісі келмесе, өздері келіп көрмек екен» деп асыға айтты да, есік көзінің қақпағын жаба сала жөнелді.

Бұл жайттан, тергеу комиссиясы өзара келісе алмай, екі жікке бөліне бастағандай сезілді маған. Тексеру стилі жағынан болса да өз араларында талас туылса, менің жауап факттерім бекер қалмас еді. Тым болмағанда жауабымды қайта тыңдатады ғой. Айтысқа қайталап түссем, бәлкім жеңермін де!.. Маған мүлде жат көзбен қарап, тіл қатпай жүрген мына кілтшіге осы хабарды жеткізіп қоюды хатшы тапсырған болса керек. Жікке бөліне қалғанда, ол, әрине жете тексеріп анықтау жағына шығады ғой, жауабын ойлана отырсын деп алдын ала жеткізген хабары болса керек.

Сағат таңертеңгі сегізден аса бергенде кілтші тағы да жетіп келді есікке.

- Терезе алдындағы цемент астын өзіңіз бір тексеріп қойыңыз! - дей сала тағы да жөнелді. Өзінің бұл асығыстығына қарағанда, менің нөміріме кіру жағынан ұйғыр кілтші де аңдуға түскен тәрізді. Терезе алды есіме енді түсіп, түрегеліп барсам, қопарылған цемент тақта ортасынан жарылған екен. Бір жағынан көтеріп екіге бөлдім де жарты сынығының астына қарадым. Кішкене ғана құрыш ара жартылай көрінді. Жұлып алдым да, жарты тақтаны бөлек сүйеп қоя салдым.

Сырттан қарап тұруға міндеттелген пост содан он бес минут өткенде келді. Темір араны қолыма алып көрсеткенімде, ол таңданғандай бадырая қарады маған.

- Мынау темір кесетін ара. Мұны ана бөлінген цемент тақтаның астына кім қойғанын білесіз бе? - деп сұрадым.

- Тұр орныңнан! - Пос ақырып қалды. - Рұқсат алып сөйле!

Тіке тұрып «баугау»[3] айтып, рұқсатпен қайта сұрадым. Ол жақындап келіп, ара мен цемент тақтаға үңіле қарады да, жауапсыз қайта шегіне қалды. Жүзінен абыржудың қызғылт реңі көрінді.

- Кеше кеште бұл цемент бүтін тұрғанын өзіңіз де көрген шығарсыз? - Күзетші жігіт бұл сұрауыма да жауап бермей, бедірейе қалды. - Бұл тақтаның сынып қалғанын осы жаңа ғана көріп, астына қарасам, мына құрыш ара шықты. Алдыңғы күні тінтуші үш ханзу әскер келіп, бұл тақтаны екеулеп көтеріп қарағанда еш нәрсе таба алмаған. Мына ара қалай да осы өткен түнде қойылған! Асығыс қойылғандықтан тақта бөлініп кеткен!...

- Мұнда не шатағың бар сенің, отыр! - Шақ ете түсті күзетші.

- Баугау бәнжаң[4], бұл мені қатал тергеуге, қинауға түсіретін мәселе! Сондықтан сізге алдын ала мәлімдеп тұрмын. Мұсылмансыз ғой, обалыма қарап, бұл өткен түнде қандай өзгеріс болса да, қайда барсаңыз да ақиқатын айтыңыз! Бұл, маған жала жабушылардың қойған арасы! Мен өзім де осындай жалалармен қамалып жатқан адаммын!

- Отыр! - деп қайта зекігенінде отыра кеттім. Бұйрығын тез орындағандығым үшін болса керек, сонан соң жұмсара сөйледі. - Олай болса, сен өз көргенің бойынша жауап бере бер, мен туралы шатағың болмасын!

- Сізді мен куәға тартпақ емеспін. Бірақ, күзет орныңызға бүгін сағат сегіз жарымда келгендігіңізді, түнде терезе күзеткен ешкім болмағандығын айтпасам, қинауға түсемін!

- Сөйлеме, тыныш отыр! - деп пост терезеден сәл алыстап барып тұрды. Жүзінің әлемтапырақ болып жайсызданып қалғанына қарап қойып, «тып-тыныш» отыра бердім. Күзет қойып шектелген орынды тексеріп көру талабыма бас тергеушінің кеше жауап бермей қойған себебі, күзетшінің осы абыржуынан білінді: сырттағы халық күзетшілері мен хатшы қойған мына постты талдырып-шаршатып барып, жалақор араны орналастырудың шартын дайындаудың уақытын күткен сияқты. Жендеттерінің құрыш араны цемент тақтаның астына орналастырып болғанын естісе, мұнда өзі енді келіп, өзі «тінтіп» таппақ болуы мүмкін.

Сағат түскі демалысқа он минут қалғанда ғана жетті тергеушілер. Түгел келді. Бас тергеушінің оқиға өтілген орындағы тексеруді қысқарту үшін істен түсетін уақытты әдейі таңдағандығын сездім. Комиссиядағы қарсы жақты алдап-амалдап кешіктіріп, тексеруді осы асығыс уақытқа туралағаны болса керек.

Комиссия абақты ішіне түгел кірді. Хатшы тағы да үдірейе қарап, арт жақта қалды. Мен оған моржаны ымдап қалдым. Хатшы лып етіп сыртқа шықты. Ол шығысымен төбедегі посттың моржа аузын жапқан кірпіштерді бір-бірден алып тастап жатқаны естілі. Тергеу комиссиясындағыларға алдымен моржадағы радция түскен ізді көрсеткім келді. Араны артыма жасыра тұрып сөйледім:

- Мархамат етіп алдымен жалалы радцияның пеш құдығына қайдан түскендігін тексеріп көріңіздерші!

Тергеу бастығы бұл талабыма құлақ аспай, пеш тұсынан өте шықты. Екі көзі сынған цемент тақтада. Терезе алдына барып, соған қарап тұрып қалды да, комиссия мүшелері менің өтінішім бойынша пештің бергі қабырғасы ашық тұрған құдықтарына үңілді (Алдыңғы күнгі тінтуші әскерлер әрқайсының алдыңғы қабырғасынан бірнеше кірпішті алып тастаған болатын).  Сондағы тінту жұмысында бірге болған хатшы арттарынан барып түсіндіруге кіріскенде тергеудің бес комиссиясы маған сұрлана қарап қойып, ықыласпен тыңдады оның сөзін. Хатшының маған әлі де болысатындығын осы жерде көрдім: маған естіртпеген формада күбірлей сөйлеп, түпкі құдықтың ішіне түскен топырақ аралас ыс күлін көрсетті. Одан бір уыс алып, газетке төкті де, алдыңғы екі құдық ішіндегі күлден түптегі құдық күлінің әлдеқайда көп екендігін, оның моржадан түсіп көбейгендігін айтқандай болды. Алдыңғы құдықтардың ішіндегі күлден де бір-бір ыс алып, айырым-айырым газетке төкті. Комиссияның үш-төрт құдықтардың түбіне мұқияттай қарасып, түйіле күбірлесті. Талас барына енді сендім. Бойкүйез қарасып сырттап тұрған бұрынғы тергеуші мен тағы бір комиссия оларға қарсы бірдеме десіп қалғанда хатшы көйлек жеңін сыбанып жіберіп, пеш мойнынан үш кірпішті жұлып тастады. Моржаның сыртқы аузынан түскен сәуле алысырақта тұрған маған да көрінді. Тергеу мүшелері бір-бірден үңілді моржа ішіне. Ораулы радцияның төбеден түкен ізі айқын болса екен деп тұрғанымда, тергеу бастығы терезе жақтан келіп қатқыл үнмен сөйлеп, тағы бір пәлені таба қойғандай болды:

- Моржа сыртынан кесек түскен болса керек! - деп өзі барып моржа ішіне үңіле қарады да, құдық түбіндегі күлдің ішін ақтарып көруді бұйырды. Оған хатшы қол сұқпай тұрғанында бір ханзу комиссия сыбанып жіберіп ақтарып ыс күл ішінен қарайып кеткен кішкене жарты кірпішті суырып алды. «Айтпадым ба?» деп қалды бас тергеуші. Комиссия құрамындағылар үнсіз үңірейісті бір-біріне. Хатшы ол жарты кірпішті де бір газетке орап жатып, «қайдан, қашан түскен кірпіш екендігін қайтып барып тексерелік! - деп күбірледі. Үстемси қарап тұрған бас тергеуші терезе жаққа қайта барып, цемент тақтаға тағы да аңыра қарады. Орнында жатқан жартысының астына көбірек үңілді.

- Ол цемент тақта астына қойылған араңыздың қайда кеткендігіне таңырқамай-ақ қойыңыз! - деп жүзіне күле қарадым. Комиссия мүшелері түгел қарай қалды бізге. Құрыш араны жарқыратып бәріне көрсеттім. - Ол, міне! - Ақшыл жүзі күлбеттене қалған тергеу бастығының өзіне ұстата салдым.

- Бұл қайдан шықты? - деп хатшы үңілді де, тілмаш маған түсін бұзғанси бұйырды:

- Бұл жерден тағы бір мәселең ақтарылған сияқты ғой, қане, осы жердің өзінде сөйлеп бер!

Мен тіке тұрып, терезе алдындағы цемент тақта жөнінде көрген-білгенімді түгел сөйлеп бердім. Бүгін түнде терезеге қойылған күзетшінің (ол күзетші ауысып, орнына келген жаңа күзетшіге қарап қойып сөйледім.) Белгісіз ғайып болғандығы мен цемент тақтаның сынғандығын көріп күмәнданып, тінтіп, араны соның астынан тапқандығым тергеу комиссиясына толық мәлімделді. Үнсіз үңіліп тыңдаған тексерушілер түгел түксиген күйде шықты абақтымнан.

Моржа түбіндегі күл астынан жарты кірпіш шыққаны кесір болмаса, шақыртып тексерткендегі мақсатым, негізгі жағынан сәтті орындалғандай болды. Бірақ, мені тергеу бөліміне түстен кейін мылтықты екі әскер тағы да айдап апарды. Сөйтсе  де тергеу комиссиясының бірнешеуі күлімсірей қарады маған. Тергеу орнындағылардың жауапкерге бұлай қарауы жақсы лепес еді.

- Сен алдымен мынаған шындық жауабыңды бер, - деп тергеу бастығы тікірейе қалды. - Темір кесетін мына араны өткен түнде саған кім әкеліп берді? Бұл мәселе жөнінде жалтарып, уақытымызды алма!

- Мұнда да мен жалтарарлық мәселе жоқ. Прокуратура мен сақшы орындарын басынып, қуыршаққа айналдырып алған жын-шайтандар әкеліп қойғандығы беп-белгілі!

-  «Беп-белгілі?» Қалай белгілі? Сөйле!

- Басқа факттерді былай қойып, алдыңғы істеп жүрген қастықтарынан да белгілі! Терезе алдындағы қалың цементті де маған осы жаланы арту үшін іске жаратпақ болып қопарғандықтары анық. Егер мені абақтыдан, үздіксіз жабылып жатқан жалалардан құтқармақ ниеттегі біреулер келген болса, олар тұп-тура терезенің өзін қопармай ма! Абақты ішіндегі ауыр жұмыс талап ететін цементте несі бар!... Темір кесетін мына кішкентай араны решетка темірлерінің арасынан-ақ өткізіп, маған қолма-қол бере салмас па еді! Ондай асығыс мезетте іштегі цементті қопарып, соның астына жасыру оңай ма, иә терезеден өткізіп, маған бере салу оңай ма, ойлап көріңіздерші! Жалақор жын-шайтандардың істеген ісі екендігі содан белгілі.

- Онда сен өзің қайдасың? Жауың болса, дәл қасыңа келіп шақылдатып цемент қопарып жатқанда айқайлап күзетшіні шақырмас па едің? Өз жын-шайтандарыңның істеген ісі екендігі осыдан тіпті белгілі емес пе!

- Менің достарым болса, ол цементті қопарып қайтпек! Жаңа ғана берілген жауабым құлағыңыздан әлі алыстамаған шығар. Демек, мен үшін ол цементті қопарудың ешқандай қажеттігі жоқ. Ал, екінші дәлелім: менің құтылуыма көмектескісі келетіндер абақтымның ішіне кіре алмайды, кілті де жоқ. Құралды пост бар! Оның керісінше осы орынды иектеп, басынып алған жын-шайтанның ісі дейтін себебім: бұларда кілт бар, өздері қорқытып алған пост көрсе де көрмейді, күндіз-түні оларға есік ашық. Сайманы жеткілікті... Бұл жұмыстарын мен осында сұрақта тұрған шағымда-ақ орындай салған! Сол цементтің астына ара тыққандардың кім екендігіне бұдан айқын дәлел бар ма!

Маған жылы жүзбен қарап отырған екі комиссия, намыс үшін тағы бір өзеурегісі келген бас тергеушіден бұрынырақ сұрақ қойды маған:

- Ал, сол цемент тақта астын өзің бүгін таңертең не мақсатпен тінттің?

- Терезе алдындағы екіге бөлініп жарылып кеткен цемент таңертең, абақты жарығанда түсті көзіме, бұрын қопарылып күдіктендірген цемент бүгін жарылып, тіпті күдіктендіргендіктен тінтіп қатерлі құрыш араны таптым!

- Жала жабушылар бұл араны сол цемент астына не мақсатпен жасырған демексің? - деп сұрады бірі.

- Бұл еңбектенулерінің мақсаты қазір-ақ айқындалады. Мына бастықтың маған қылмыс артқан артысынан-ақ түсінесіздер! Әйтеуір, бұл араны терезенің алдына кімнің қойғандығына енді талас жоқ шығар? Бұл мақсаттағы жұмыс алдыңғы күні абақтыға тінту жүргізілудің алдында басталған. Терезе алдындағы сол цементтің қопарылып қалғанын сол тінту үстінде көргенмін...

- Тоқтат жасанды жауабыңды! - деп ақырып қалды бас тергеуші. Салақтап қана тоқтап қалған соңғы сөзімнен ұстай алды. - Жын-шайтандарың араны бүгін түнде әкеліп жасырған! Кеше таңертең радио станцияңды қолға түсіргендігімізді сырттағы адамдарың кеше күндіз естіген. Ондай зор заттық факт қолға түскен соң енді абақтыдан дереу қашпасаң құтыла алмайтындығыңды да білген. Темір кесетін араны сондықтан бүгін түнде әкеліп, өзің таңдаған орынға жасырған. Бұл фактты қалай аудармақсың!

- Міне! - дедім, жаңағы сұрау қойған екі комиссияға қарап қойып. - Ара туралы маған артатын мәселеңізді дәл осылай қоятындығыңыз да ойлаған жерімнен шықты. Маған радцияны мойындату ең негізгі мақсатыңыз болғандықтан, соған іле-шала решеткадағы темірді кесетін араны да абақтының бір жеріне жасыра тұруды күні бұрын жоспарлағансыздар. Жаңағы сізді тулатып қойған соңғы бір сөйлем сөзім, басқа емес, осы жоспардағы жұмыстарыңыздың қашан басталғандығы жайында ғана болатын. Кешіріңіз, енді артық сөз қоспай «келісе» қаламыз! Сіз бүгін темір араны тінтіп тапқан болып, одан «жауапкер енді қашпақ болған» деген қорытынды шығармақ болғансыз. Ол қорытындыңыздан, «радциясының қолға түскендігінен қорқып қашпақ болған» деген түсінік тудырмақсыз да, радцияны мойыныма артып, тілімді бумақ болғансыз, солай емес пе! Темір кесетін ара жөнінде бұдан басқа сыйымды логика бар ма? Бірақ, бақытқа жарай бұл пәлені мен қолға түсіріп, мен әшкереледім. Сіздер, бір-екілеген ұр да жық тергеуші емес, сарапқа салуға келген көпшіліксіздер ғой, әділет пен көпшілік қашан да егіз. Өзара талқыға салып көріңіздерші!

- Бізге нұсқау беруді тоқтат! - деп зекіріп қалған бас тергеуші осы қауырт бұйрығынан өзі шашалып, жөтеліп қалғанында негізгі сөзімді жалғастыра жөнелдім.

- Көпшілік, бүгін өткен түнде, яғни дәл осы араны карантин болған абақтыға кіргізетін түнде терезедегі пост жоқ! Қайда кеткендігін сол күзетшінің өзінен сұрап анықтасаңыздар, көп жұмбақ шешім табар еді!

- Енді күзетке кейінгі шыққан мына постымызға да жала жаппақпысың! - бас тергеуші ақыра түрегелді.

- Бас кеспек болған жерде тіл кеспек жоқ. Күмәнімді де, фактымды да өз алдарыңызға қоюға хақылымын! Менің бұл сөзімнен жала шығып тұрған да жоқ. Ол күзетшіден шындық факт таппақ талабым бойынша айтып тұрмын. Оның түнде бір жаққа кеткені мен таңертең сағат сегіз жарымда қайтып келгені анық. Күзет міндетіндегі әскер қайда барды, кім ертіп әкетті? Ертіп әкетушіні өзінен сұрап тауып тергейтін міндеттеріңіз де бар!

- Сен енді бізді арбай берме! - Столын тістене тақылдатты бас тергеуші. - Өз жауабыңды бер! Осы араны сол цемент астына жасырған кім демексің? Былжырамай тоқ етер жауабыңды айт! Фактсыз сөз ақпайды!

- Дұрыс, фактсыз жауап ақпайды! - деп оның өз сөзін қайтардым да хатшының қалдырмай жазуы үшін асықпай жайлап сөйледім. - «Былжырамай тоқ етер жауабымды айтайын». Бірақ, факт деген құқыққа да, ұлық бетіне де қарамайды, айыпқа бұйырмаңыз! Араны цемент астына кімнің қойғандығын өзіңізден басқа ешкім білмейді екен. Оған факт мынау: сіздер жауапкердің қайталап-қайталап қойған талабы бойынша оқиға өтілген орынға кеше келмей, бүгін түскі демалысқа қайтар шақтарыңызда ғана, асығыс уақытта келдіңіздер. Мен цемент астынан тауып алған араны жастығымның үстіне ашық қойып отырғанмын. Оны абақтыға кімнің кіргізгеніне анық дәлел таба алмай отыр едім. Мұны осы тергеу комиссиясынан білетін біреуі бар ма екен деген күмәнімді айқындау үшін сіздер кіріп келе жатқанда артыма жасыра ұстап түрегелдім. Абақтыға мәселені анықтау үшін кірген тергеушінің назары мұндайда алдымен мәселе туылған орында болады ғой, өйтетіні, тексеретін уақыттарыңыз қысқа. Комиссия мүшелері түгелімен пешті маңайлағанда, «тергеу бастығы» - міндеті ең ауыр тергеуші болып тұрып, сіздің онымен ісіңіз де болмады. Тура тартып барып, терезе алдындағы цементке үңіле қалдыңыз. Жала қызметінде жүргендердің «араны терезе алдындағы цемент астына қойдық» дегенін естіп келгендігіңіз себепті, цемент тақтаның екіге бөлініп тұрғанын көріп ғажаптанғандығыңыздан тым асығыс барып, сұрлана қарадыңыз маған!... Екінші рет қайта барып аңырып тұрғаныңызда мен күле жауап қаттым: «Ол цемент тақтаның астындағы араңыздың қайда кеткендігіне таңырқамай-ақ қойыңыз, ол міне!» деп көрсеттім де өз қолыңызға бердім! Демек, осы араны терезе алдындағы қопарылған цемент астына қойған жынның кімнің жыны екендігін өзіңіз бен Ауқанның көмекшісі екеуіңіз ғана білесіздер. Бұл жындарыңыздың түп иесі соңғы аталған «Лау Жяңыңыз» екендігінде дау жоқ. Сіз мұнда тағайындалып келудің алдындағы оқиғаларды да басқарып келген сол кісіңіз болатын! - Бас тергеуші шатынап-шашырай түрегелгенде осы сатыдағы сөзімнің қалған бір сөйлемін айтып үлгердім. - Ал, бұл фактті, сол цемент астына ара қойылар алдында кетіп қалған күзетші тіпті айқындайды. Оны жындарыңыздың біреуі алдап ертіп әкеткен. Оны біреу ертіп әкетпей, ұйқысы келгендігінен өзі кеткен дейтін логика жоқ. Ұйқысы келсе, өзіне міндеттелген терезесінің сыртына отыра қалып-ақ қорылдай бермей ме!

Аузынан көбік бұрқыраған бас тергеуші тілдеп, иянаттай ұмтылды маған. Комиссия мүшелерінен екі-үшеуі келіп, алдын тоса қалды. Оларды серпіп бас тергеуші кимелей түскенде, түстерін бұза қарап түрегелген хатшы мен тілмаш келіп, күбірлеген сөгіспен түйіле тосқанда ғана тоқтады бураның зіркілдеуі.

- Ал, көпшілік, - дедім мен. - Бұл кісі менің жауапкер көрінісінде тұрғандығымды пайдаланып, тергеуге қарсы шықты деген сылтаумен енді ұрып өлтірмек болып та түрегелген шығар. Бірақ, қазақта «жаны кейіген тәңірін қарғайды» дейтін мақал бар. Өзіме жала үстіне жала жабылып қинап тұрғанда тергеуші түгіл тәңірге де қарсы факт қоюға, өзімді арашалауға мәжбүрмін. Кейінгі осы екі жала туралы қалған факттік жауаптарымды сөйлеп бітіруіме рұқсат етіңіздер! Ұрып өлтірсеңіздер де, дараға ассаңыздар да, тілімді кессеңіздер де жазамды сөйлеп болып тартайын!

- Сөйлесін! Сөйлесін! Сөйле! - деді үш-төрті жарыса. Бас тергеуші жан-жағына қарап тісін қайрай барып отырды орнына.

- Жауабын сөйлеп болмай жазалау заңда да жоқ. Тергеушіде қазір бұлай жазалайтын құқық та жоқ! - деп тілмаш ханзуша нақтай сөйледі. Соңғы пікірді, бұрын өз жағынан сөз қатыстырмай келген мықты тілмаш айтқандықтан арқалана сөйледім:

- Бу арасанға түсіп емделу үшін Үрімжіден көрнеу келген мені осы абақтыға қаматқан жалақорлардың заңға қарсы істемеген ісі қалмағандығын естіп те, түсініп те болдыңыздар. Өздеріңіз комиссия болып құралып келуден бұрынғы істеген қастық пен жалалар ашық факт алдында толық жеңіліп, өліп болған. Сіздер келгеннен бергі, бір-біріне байланысып жүргізілген мына екі жала да жанталасқа түскендігін көріп отырсыздар. Қатардағы жай тергеуші ғана емес, бас тергеушінің факт қою орнына жұдырығын ала жүгіруі сол жанталасудың дәлелі. Өйтетіні, жалаңаш жұдырықтан басқа ештеңесі қалмаған. Өтіріктің өмірі қысқа. Кейінгі осы екі жала туралы екі күннен бері қайтарған жауаптарымнан қалған, қысқа ғана үш түрлі пікірім бар: бірінші, моржа түбінен табылған жарты кірпіш жөнінде маған сұрақ қойылмады, қойылмақ та емес. Сондықтан өз жауабымды бере кетейін. Алдыңғы күннің арғы күні тінтуге келген үш әскер пеш құдықтарының қабырғасын ломмен түйгілеп тескен. Моржаның түбінен табылған жарты кірпіш, егер пеш қаланған шақта қалған көне кірпіш болмаса, ломмен ұрылғанда қабырғасынан түскен кірпіш. Қалайда ол моржадан түскен емес. Пеш қалайтын кішкене кірпіштің жартысы егер моржадан түскен делінсе де, ол кең моржаның ысын осыншалық тазалап түспейді. Әр жеріне бір соғылып қана түседі. Тек, кленкасымен оралған мына радцияларыңыз ғана толық тазалап, қалың ысын тегістеп алып түскен! Бұл, радциясының төбеден түскендігінің заттық факты. Екінші пікірім: абақты, жиі тексеріліп тұратын орын екендігін есі дұрыс адамның бәрі біледі. Абақтыға қамалып, тергеліп, тексерілуде жатқан адамға радцияның тіпті де қажеті жоқ. Өзіне-өзі қастық істеп ауыр жазалануды тілейтін, есінен адасқан аса ақымақ жауапкер болмаса, абақтыда жатып ешкімнен радиостанция алмайды. Ал, осылай айтысып отырған менің оншалық ақымақ емес екендігім, көрініп болған шығар. Сырттағы жанашырларым да ондай қатерлі әрі қымбатты аспапты абақтыға кіргізіп, сақшы қолына түсіретіндей жынды емес. Бұл да тек қана менің қаныма жерік болып есі кеткен жалақор дұспандарымның ісі! Үшінші пікірім: терезе алдына қатырылған қалың цементті сыртынан кіріп қопарып, екі-үш күн өткенде абақтыға тағы да ұрланып кіріп, астына құрыш ара қойғандар да әрине менің жанашырларым емес екендігі анық. Достарым маған соны жеткізіп беру қажет болған күнде де, ол үшін қиын да қатерлі жұмыс істемей-ақ, решетка қадаларының арасынан өткізіп бере салар еді. Ал, сырттағы адамдардың тілін алып еріп кететіндей, күзеттегі сақшы жынды емес. Өзі сенетін жақын достарына алданып кеткен! Сайып келгенде жала мен өтірікті ғана кәсіп етіп, дәнігіп қартайған жалақорларыңыз алжып, ебінен де есінен де айырылып болған екен!

- Апар, қамалсын! - Бас тергеуші осылай бұйырғанда күліп жібердім:

- Расымен тірі, ап-аман қалпымда қамаламын ба? Қамқорлықтарыңызға рахмет! - Айдаушының алдына түсіп жөнеле бердім.

Тергеу комиссиясындағы тілмаш қажет етпейтіндер түгел қарқылдап күлді бұл «алғысыма».

 

Парасатты тергеушім, «өтірікші бала» дейтін балалар әңгімесін естіп пе едіңіз? Әлгі, қой бағып жүріп зеріккенде «Қасқыр! Қасқыр!» деп өтірік аттандап жүріп, ауылдағылардың сенімінен айырылған өтірікші бала ше? Ақырында бір күні шын аттандап, көмекке ешкімді келтіре алмай, қойы түгіл өзі де қасқырға жем болмап па еді! Ал, сіздер сол балаша өтірік аттандай-аттандай бүкіл ел алдындағы сенімдеріңізден ғана емес, малшы кейпіндегі бетперделеріңізден де айырылып, тіпті масқара өтірікшіге айналып қалмадыңыздар ма! Қараңызшы, қасқыр соғуға көмекке келген «аңшы» комиссияларыңыздың тобымен күлгеніне! Күлгенде де өтірікші бала емес, «Қасқыр! Қасқыр!» деп аттандаған, нағыз қасқырдың өзі екендігіңізге көздері жетіп, қылмыстарыңызды түгел індетіп күліп отырмай ма! Бұлар мұнан соң «аттаныңызға» көмектесу үшін емес, өзіңізді соғу үшін жиналмасына кім кепіл!

(Жалғасы бар)

Abai.kz


[1] Гуаңбаудянтәй (ханзуша) -радиостанция (радция)

[2] Катюша - автоматтық минамоттың күрделі құрамасы. Фашизмге қарсы қанды қырғындарда соғыс тәңрісі» деп аталған. Кейін Вьетнамның жиянгерлікке қарсы соғысына көмекке Жұңго арқылы жіберілгенде жолда алып қалдырылып, орнына жай минамоттан бірнешеуін өткізген. Коммунистік үш ел арасында туылған наразылықтың бір себебі осы деген сөз бар.

[3] Баугау (ханзуша) - рапорт беруге рұқсат сұрау сөзі (баяндау, мәлімдеу, баяндауға рұқсат па деген мағынада) .

[4] Бәнжаң (ханзуша) - әскери түзімдегі он басы дәрежесі. Күзетте тұрған жай әскер де «бәнжаң» деп шақырылады.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394