Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6174 0 пікір 22 Қаңтар, 2013 сағат 08:07

Елеужан Серімов. Дiни шешендік сыры

Жуырда Abai.kz-те Өмірзақ Ақжігіттің «Бүгінгі діни бөлшектенуіміздің сыры неде?» (http://old.abai.kz/content/omirzak-akzhigit-b-gingi-dini-bolshektenumizdin-sebebi-nede) атты мақаласы жарық көрді. Онда қазаны аза тұтқан қаралы қауымды алқай алмаған молданы мінеген тұстар бар. Осы ретте көнеден жеткен аңызды көлденең тартсақ дейміз. Адамның ақыл-пара­сат, шариғат, ха­дистерден мың сұрақ қойып, кім шешсе соған тұрмысқа шықпақ болған пат­ша қыз Мәлике барлық сұрақтарға жауап берген Әбділдаға басын иген дейді. Со­ның бірі: «Өзінде бар, оны беруге асықпайды, өзінде жоқты алуға өзгеге жұм­сай­ды, ол қандай адам?» - деген сұраққа Әбділда: «Бұл ақырзаманның дүм­ше молдалары, олар халыққа насихат айтады, бірақ сол насихатқа лай­ық қа­си­еттерді өзінің бойына сақтамайды» - деп жауап берген екен.

Жуырда Abai.kz-те Өмірзақ Ақжігіттің «Бүгінгі діни бөлшектенуіміздің сыры неде?» (http://old.abai.kz/content/omirzak-akzhigit-b-gingi-dini-bolshektenumizdin-sebebi-nede) атты мақаласы жарық көрді. Онда қазаны аза тұтқан қаралы қауымды алқай алмаған молданы мінеген тұстар бар. Осы ретте көнеден жеткен аңызды көлденең тартсақ дейміз. Адамның ақыл-пара­сат, шариғат, ха­дистерден мың сұрақ қойып, кім шешсе соған тұрмысқа шықпақ болған пат­ша қыз Мәлике барлық сұрақтарға жауап берген Әбділдаға басын иген дейді. Со­ның бірі: «Өзінде бар, оны беруге асықпайды, өзінде жоқты алуға өзгеге жұм­сай­ды, ол қандай адам?» - деген сұраққа Әбділда: «Бұл ақырзаманның дүм­ше молдалары, олар халыққа насихат айтады, бірақ сол насихатқа лай­ық қа­си­еттерді өзінің бойына сақтамайды» - деп жауап берген екен.

Қазақтың шешендік өнерінің бір арнасы діни шешендіктен желі тартады. Біздегі кемшін тұс - осы. Қасіретте де әдеп барын, өлім де жұбататынын діттейтін өнер - діни шешендіктің қыр-сырлары біздің топырақта әлі күнге қалыпқа түспей жатыр. «Үй өртенсе, үй тұрғызады, кісі өлсе, кім тұрғызады» деген қазақ қайтқан адамды бақилыққа жөнелтуге айрықша көңіл бөлген. Абайдың «жер қойнына өлеңмен кірер денең» деуі соның жарқын айғағы. Халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігінің біте қайнасқан айна­сы іспетті, наным-сенім негізінде пайда болған діни шешендіктің өзегінде ақ жүрек адалдық пен бәрін де қанағат тұтар қарапайымдылық сияқты халықтық абзал қасиеттерге толы келе­тін ықпалы күшті, әсері мол көркем тілмен әспеттелетін діни уағыздамалар жатыр. Оны риторика ғылымында «гомилетика» деп атайды. Гомилетика - діни шешендіктің туып, қалыптасып, даму тарихын, жүйелік құрылысы мен мазмұндық сипатын, көркемдік әдіс-тәсілдерін зерттейтін шешендік өнердің өрнекті тармағы.

Діни шешендік жайында тиіп-қашты пікірлер айтылғанмен қа­зақ ғалымдары оны күні бүгінге дейін арнайы қолға алып, тия­нақты зерттеген емес. Бұлай наз­ар­дан тыс қалып зерттеу ныса­ны­на айналмау себебінің бір ұшы кешегі кеңестік қо­ғамда белең алған атеистік түсінікте жатса, қазіргі таңда осы саладағы ма­мандардың бір қолдың саусағымен санарлық аздығынан болып отыр.

Қазақтың діни шешендігінің пайда болып, дамуы ортағасырлар­да­ғы ислам дінінің таралуымен тығыз байланысты. Оны таратушы қожа мен сопылардан бастау алады. Сыр өңірін жаулап алған арабтардан қалған белгі - Қожа Ахмед Йассауи, әкесі Ибрахим, оның әкесі Баба түкті шашты Әзіз, рухани ұстазы Арыстан-бабтарды, батысымыздағы - Пір Бекетті қазақтың діни шешендігінің негізін қалады деуге толық негіз бар. Арғынның арғы аталары Дайырқожа, Қарақожа аталуы тегін емес. Бертінде Жүсіпқожа, Күдеріқожа, Қожамбет, Қожағұл, Майлықожа Сұлтанқожаұлы атанған ақын-жыраулар діни шешендіктің іргесін қалады. Әдебиетімізге діни аңыз-дастандарды әкеліп, діни айтыс секілді өз алдына бір бөлек әдеби жарларды қалыптастырды. Кітаби ақындардың көбі діни тақырыптарға шығарлар жазды.

Өркениетті елдерде мемлекетті діннен ада қылмайды. Қандай жүйемен өмір сүр­се де, онда бәрінің шығар қайнар көзі дінге тіреледі. Дін - қасиетті құнды­лық ретінде ұғынылады. Ұлы Абай: «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өңгесі хаһқа қол емес» дейді. Жан баласының көкірегіне құнарлы, ажарлы нәрін құяnын ді­ни шешендіктің бастау бұлағы - дін. Дін - адам бойындағы жағымсыз дерттерден тазартуға мүмкіндік береді. Өтірік айтпауға, кісіні сыртынан жамандамауға, нақақ ғайбаттамауға, ұрлық-қарлық істемеуге үндеп, кісінің көкірегіне жарық сәуле түсіріп, жанның таза болуына шақырады. Адамгершіліктің қадау қазығы. Ой құсасы жүрегін тескен адамдардың көңіліне демеу болады. Осының бәрі кө­кі­регіңе ұялар әдемі, негізді сөзбен жүзеге асырылады. Жасыратыны жоқ, діни ше­шендіктің кей түрі көбіне-көп халық мол жиналған мешітте өтер жұма-на­маз­да­рында, отырыс-мәжілістерде, қазадан аза тұтып жатқан үйдегі адамдар жи­нал­­­ған жерде айтылып жүр. Мәселен, дүниеден өткен ата-анаға жақсылық істеу туралы Сахих хадистерінің бірінде: «Біз Нәбидің (с.ғ.с.) жанында тұрғанымызда бір кісі: «Я, Рассуллаһ (с.ғ.с.), ата-анам қайтыс бол­ғаннан кейін оларға жақсылық істеудің жолы бар ма?» - деп сұрапты. Ол (с.ғ.с.): «Йә, бар. Қайтыс болған ата-анаңа төрт жолмен жақсылық істесең бола­ды: олар үшін дұға етіп күнәлары үшін жарылқау тілеу, орындай алмай кеткен уә­делерін орындау, достарын құрметтеу, ата-анаңды себепші етіп, олардың туыстарымен қатынасты үзбеу» - деді». Осы ой ендігі бір хадисте былайша жалғасын табады: «Жан тапсырысымен пенденің барлық амалы тоқтап, тек үш амал өз жалғасын табады. Ол - жария садақа, үйреткен пайдалы білім, артта қалған ізгі ұрпақтың дұғасы». Шұрайлы тілмен айтылған ой жүрекке ендеп енетіні кәміл.

Әзірет Әлі - Әли ибн Әбу Талиб жас кезінен-ақ сөзшеңдігімен аты шыққан. «Ілімнің қақпасы» атанып кеткен оны сынау мақса­тында жерлес­тері оған он адамды кезекпен жібермекші болған, олардың бәрі Әзірет Әліге бір сұ­рақ: «Білім артық па, байлық ар­тық па?» - деп сұрайтын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны мойындамақ болыпты. Сонда Әзі­рет Әлі сұрақтарға былай деген екен:

1. Білім артық, өйткені ол пайғамбарлардан қалған мирас, бай­лық бақыл­дар­дан қалған мұра.

2. Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық.

3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды кө­бейтеді.

4. Білім іздей берсең көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды, байлық жұм­са­саң азаяды, білім артық болатыны осыдан.

5. Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді ұры­лар­дан күнде қорғау керек.

6. Білімің көп болса сені құрметтейді, байлығың көп болса қыз­ғанады, білім­нің артық болатыны сол.

7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұд­айы есеп жүргізіп тұруың керек.

8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-мал бүлінеді, сон­дық­тан да білім артық.

9. Білім артық, ол жаныңды байытады, байлық жан-дүниеңді шектейді, өзіңді ту­ра жолдан тайдыруы мүмкін.

10. Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол адам оғ­ан мақтанып малданады, астамшылық көрсетеді, сон­дықтан білім артық, - деген екен.

Білімнің артықшылығын бұдан артық дәлелдеуге болмас. Діни хадисте: білім өмірде - таяныш, жолда - дос, жалғыздықта - жолдас, қуанышта - бас­тау­шы, қайғыда - медет, күресте - құрал, зұлымдыққа қарсы - айла деп бекерге ай­тылмаған.

Ендігі бір әфсанада: - Тақсыр, мен өмірімде көп күнә жасадым. Күнәларымнан арылтып, Алла­ның кешірімін әперші,- депті бір кісі имамға. - Сенің жаның бес арықтан лай су ағып құйылып жатқан то­ғанға ұқсайды ек­ен. Біріншісі - сенің көздерің, мұсылман әйел­дерге көзіңді сүзбе. Екіншісі - се­нің аузың, ораза ұстап, дұға оқып жүр, жақсы сөз айт. Шариат қаламағанды іш­іп-жеме. Үшіншісі - сенің миің, әділетсіздік пен зұлымдықтын, менмен­дік пен өркөкіректіктен арыл. Төртіншісі - сенің аяқтарың. Көргенсіз жолға баспа. Бе­сіншісі - сенің құлағың. Өсек пен кеселді сөзді терме, естімеген бол. Тек сон­да ғана сенің арықтарыңның суы тұнықталады, сенің жаның мен жүрегің та­за­рады, сені күнә­ларыңнан мен арылта алмаймын, өзің арылтасың, - депті. Міне, осындай, діни аңыз арқау етіліп, адамды рухани тазару жолына меңзейтін ил­андыру шеберлігі қарапайым мысалдар келтіру арқылы баянын табады.

Жалпы қазақтың діни шешендік өнерінің әуелгі сілемдері ортағасырлардың орта тұсында араб-парсы жазба мәдениетінің шарықтап дамыған тұ­сында көрінетінін айтқан абзал. Ислам діні кеңінен тараған кезінде жазылған діни шешендіктің небір озық үлгілерін бойына мықтап сақтап жатқан тағылымы мол ең­бектер баршылық. Қазіргі қоғамымыздың әр саласына қажетті шешендік қырларын осы жазба мұралардан да үйреніп жүру ләзім болмақ.

Ғұмыр талайын талас-тартыстарда өткізген тілмар Абайдың өзі дүмше молда, схолас фанатиктермен сөйлес­кенде өзінше тіл өрнектерін, діни шешендіктің тәсілін іздеген. Осы жайында Мұхтар Әуезов: «Олармен Абай өте көп дауласады. Кейде дін өсиетшілеріне олардың түңлігін ұшыра, дауылдай соқтығады. Сонда ол сан жерде мұсылманшылық кітаптары мен ұстаздары қолданған сөзді де, сөйлемдерді де мейлінше молынан қолданады. Кейде оларды өз тілімен мұқатпақшы болып, солардың өзі жазып жүрген тіл сөйлем, нақыс-машықтарын қолданады» - деп, Абайдың дүмше, схоластарша сөз саптап, әрі олардың сөздігімен сөйлегенін айтып, соның дәлелі ретінде әйгілі жазушы ұлы ақ­ынның «Қара сөздерінен» мынадай үзінділер келтіреді: «Моллалар тұра тұр­сын, хусусән бұл заманның ишандарынан бек сақ болыңдар, олар фитнәи ға­лам. Өздері хұкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһлитариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сы­бағасы емес, бұлар-дың жеткізбегі мұхал. Бұлар адам жазғырушылар, хатта дін­ге де залалды. Бұлардың сүйенгені - надандар, сөйлегені жалған, дәлелдері -­ тасбығы мен сәлделері. Онан басқа ешнәрсе жоқ». Бұл үзіндіден тілдің хас май­талманы Абайдың шешендік шеберлігінің бір қыры қылаң беріп қа­ла­ды. Қарсы даушарлардың тілімен сөйлеп, ше­шендік шеберлік танытып, солардың сөз шоқпарларымен өздерін соғады. Бұл сияқты мысалдар Абайда көптеп табылады.

Ежелгі қазақ жеріне ислам діні тек таза дінді уағыздап қана қоймай, ұлттық әдет құқығы қатарына діни шариат сықылды қазылық институтты да енгізді. Үкiм, шешiм шығарарда шешендік өнерге сүйенген қазылар даугерлер жа­­ғы қисынға тоқтайтын уәждi дәлелдемелер келтiрiп, әдемi тiлмен әс­пет­те­ген­.­ Ол өз алдына арқауы бөлек әңгіме.

Елеужан Серімов,

Қарағанды қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377