Сенбі, 23 Қараша 2024
1576 3 пікір 10 Қазан, 2022 сағат 13:33

Алматыда «Жас ділмарлар» сайысы өтеді

Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, біз «Шешені судай төгілген, тыңдаушысы бордай егілген» халықпыз. Бірақ дәл қазір қандай күйдеміз? Шешен сөйлеу түгілі, ана тілдің тазалығын сақтап сөйлеудің өзі мұңға айналып, оған бей-жай қарайтындар қатары қалыңдап барады.

Демек, мұндай кемшілікті жойып, жас ұрпақтың санасын қалыптастыруды қолға алуымыз ләзім. Осы бағытта жемісті жұмыс істеп келе жатқан Абай атындағы РММИ-дің «Ділмар» шешендік өнер үйірмесі Абай атындағы ҚазҰПУ-мен бірлесе отырып тағы бір тың жобаны қолға алды.

Аталған жоғарғы оқу орнында студенттер арасында І Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтеді. Еліміздің әр өңіріндегі 10 жуық жоғарғы оқу орнынан 20 таяу студент қатысып сөз сайысына түседі.

Шешендік сайыс екі бөлімнен тұрады.

«Аламан» деп аталатын 1-бөлім екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде қатысушылар жеребе арқылы тақырып таңдап жарты сағаттық жекпе-жек түріндегі шешендік сайысқа түседі. Онда көркемдік, жүйелілік, нақтылық, ой ұшқырлығы, тіл тазалығы, дауыс мәнері, сахна мәдениетін сақтауы, т.б. сарапқа салынады.

Осы бөлімнің екінші кезеңінде би-шешендердің сөзін жатқа айтудан жарысады.

Оза шапқан 10 қатысушы «Жүзден жүйрік» деп аталатын 2-бөлімге өтеді. Ол екі кезеңге бөлінген.

Бірінші кезеңде жеребе арқылы таңдалған бір тақырып аясында суырып-салма өнерін көрсетеді. Екінші кезеңінде шешендікке қатысты логикалық сұрақтарға (астарлап сөйлеу, тұспалдап сөйлеу, жұмбақтап сөйлеу, т.б.) жауап береді.

2 бөлім, 4 кезеңнің қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталады. Бас жүлдеге 150 000 теңге,

1-орынға 100 000 теңге,  2-орын (екеу) 70 000 теңге, 3-орын (үшеу) 50 000 теңге қаржылай сыйақы беріледі. Байқау демеушісі – «Атамұра» корпорациясы.

Бұған дейін Абай атындағы РММИ-де 3 рет оқушылар арасында республикалық шешендік сайыс өткен болатын. Бұл жолғы байқау соның жетілген, дамыған түрі. Жоба авторы – журналист, шешендік сөз өнері пәнінің мұғалімі Жарқын Сәленұлы.

Байқауға белгілі әдебиет пен өнер қайраткерлері қазылық жасайды. Руханият жанашырлары, оқытушылар мен студенттер, БАҚ өкілдері қатысады.

Шешендік сайысты өткізудің басты мақсаты: Жаңа буын, жас ұрпақты тіл тазалығын сақтауға, мемлекеттік тілді мейлінше жетік білуге ықпал ету; шешендік өнер арқылы білімгерге сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту; жүйелі сөйлеу дағдысы мен сөйлеу шеберлігін шыңдау; сөз құндылығын бағалауға, тәрихи-мәдени және ұлттық болмысын тануға, этномәдени тәрбие беруге, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейін қалыптастыру.

Байқау демеушісі: «Атамұра» корпорациясы

Орны мен уақыты: Қазыбек би 28, 38-аудитория, 12- қазан, сағат: 09.30

Ұйымдастырушы: Абай атындағы ҚазҰПУ «Ділмар» шешендік үйірмесі, Медеу ауданы жастар ресурстық орталығы

 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443