Сәрсенбі, 9 Қазан 2024
2199 2 пікір 13 Қазан, 2022 сағат 12:23

БҰҰ Украинадағы референдумдарды мойындамайды

БҰҰ бас ассамблеясы Украинаның төрт облысына қатысты қарарды жасырын дауысқа салу туралы Ресейдің ұсынысын қолдамады. Украинадағы референдумдарды мойындамау туралы резолюцияға Ресей, Беларусь, Солтүстік Корея, Никарагуа, Сирия ғана қарсы шықты. 35 ел қалыс қалды. Оның ішінде Қазақстан мен Орта Азияның төрт мемлекеті бар. Басқа елдердің бәрі қолдады.

Айта кетейік, Украинаның Херсон, Запарожье, Донецк пен Луганск облыстарын РФ-ға қосу туралы референдум 23 қыркүйекте басталып, 27 қыркүйек күні аяқталды.

Нәтижесінде өзін-өзі жариялаған «ДХР» мен «ЛХР» сепаратистік құрылымдары мен Херсон мен Запарожье өңірлері Ресейге қосылды. Референдумдарды бірінші болып Солтүстік Корея мойындады. 30 қыркүйекте Путин Украинаның төрт облысын Ресейге қосу туралы жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Украина жерінде өткізілген референдумдарды мойындамайтынын білдірген болатын.

«ЛХР» мен «ДХР» деп өзін-өзі жариялаған мемлекеттердің және Запорожье мен Херсон облыстары әскери әкімшіліктерінің Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізуіне келетін болсақ, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге алады. Президентіміз бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы мәлімдеді. Жарғыда БҰҰ-ға мүше елдердің бейбітшілік пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау жауапкершілігі туралы айтылады», – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

 

Abai.kz

2 пікір