Сәрсенбі, 1 Ақпан 2023
Әдебиет 3727 44 пікір 18 Қазан, 2022 сағат 11:43

Мұхтар Мағауин президент Тоқаевқа хат жолдады

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты «Мен жындымын», «Бұлағай», «Ай қараңғысы» атты таңғажайып туындылардың авторы Тұрысбек Сәукетай биылғы Мемлекеттік сыйлықтың іріктеуіне өтпей қалғаны туралы ақпарат белгілі болған.

Осыған байланысты қазақ әдебиетінің алып қайраткері Мұхтар Мағауин ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының атына хат жолдапты. Біз Мұхтар Мағауиннің осы хатын портал оқырмандарына ұсынбақпыз.


Қазақстан Республикасының президенті
          Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
                                                                           мырзаның назарына!

 

Айтпағым – қазақ рухы, қазақ мәдениетіне қатысты аз ғана бір уәж. 2022 жылы Мемлекеттік сыйлық талқысы туралы соңғы хабардан естуімше, бүгінгі қазақтың атпал жазушысы, тіпті, екінің бірі, үздік қаламгер Тұрысбек Сәукетай ең соңғы іріктен өтпей қалыпты. Абай атындағы марапатқа бірден бір лайықты – осы «Желқайық» романы еді. Тұрысбек – бүгін ғана жеткен прозашы емес; өткен онжылдықтағы «Ай қараңғысы» және кез келген басқа да романы осы мәртебеге татитын. Бүгін бәйгеге «Желқайық» түскен екен. Айтары жоқ, осы жаңа ғасырда дүниеге келген ең озық туындылардың бірі. Мұндай биік көркемдік деңгейде жазылған, бүгінгі қазақ қоғамының көкейтесті мәселелерін көтерген соқталы романның Мемлекеттік сыйлыққа жетпей қалуы – көңілінде алалық жоқ зиялы қауым үшін, көзі қарақты, ұлт мүддесін ойлайтын оқырман қауым үшін үлкен өкініш болар еді.

Тұрысбек Сәукетайды лайықты сыйлығына жеткізу ендігі Сіздің қолда тұр деп білемін...

Мұхтар Мағауин,

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты,
Қазақстанның Халық жазушысы,
17.Х.2022, Америка Құрама Штаттарынан

Abai.kz

44 пікір