Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4885 0 пікір 1 Ақпан, 2013 сағат 09:45

Шетелге бала берумен арнайы агенттік айналысатын болды

Қазақ «жетімін жылатпаған халық» дейміз. «Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырар» дегенді де айтқан өзіміз. Алайда, бүгінгі қолдағы мәлімет пен дерек көздері осынау бір жүректің нәзік қылын шертетін жылы сөздерге бағынып отырғанымызды көрсете ме? Шетелге көзі жәутеңдеп кетіп бара жатқан қаракөздерімізді көргенде, жетімін жаттың жетегінде жіберіп жүрген елдердің алдыңғы сапында екеніміз еске түседі.

Қазақ «жетімін жылатпаған халық» дейміз. «Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырар» дегенді де айтқан өзіміз. Алайда, бүгінгі қолдағы мәлімет пен дерек көздері осынау бір жүректің нәзік қылын шертетін жылы сөздерге бағынып отырғанымызды көрсете ме? Шетелге көзі жәутеңдеп кетіп бара жатқан қаракөздерімізді көргенде, жетімін жаттың жетегінде жіберіп жүрген елдердің алдыңғы сапында екеніміз еске түседі.

Елімізден шетел асқан қара домалақ қаншама? Бұл сауалға жауап ретінде берілген көрсеткіш те аз емес. Қазақстанда халықаралық асырап алушылыққа 1999 жылдан бері рұқсат етілген. Мәселен, елімізде 34 мың 785 жетім бала болса, оның 24 мыңға жуығы потранаттық тәрбиеде көрінеді. Ал 10 мың 887 сәби интернат-мектептерде күнелтуде, 8 мың 806 жетім баланы шетелдік азаматтар бауырына алған. Бір айта кетерлігі, қазақ балаларын асырап алуға көбінесе АҚШ мемлекетінен көп ұсыныс түседі екен. Білуімізше, олар қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспайтын ежелгі дәстүріне, яғни қанның тазалығына аса мән беретіндігін үнемі аузына алады. Содан ба екен, бүгінде 8 мың 806 көгенкөздің 6 мыңы АҚШ-та өсіп жатыр. Бұдан кейін Қазақстан - АҚШ-тың бала асырау тізіміндегі жетінші ел екендігіне және дүниежүзі бойынша жетімін шетелге жәутеңдеткен мемлекеттер қатарынан үшінші орынға қарғығанымызға таңданатын жөніміз жоқ.
Алайда, сол қаракөздердің бәрі дін аман ба? Білім және ғылым министрлігі мамандарының айтуынша, елімізден шетелге кеткен балалар туралы жағымсыз ақпарат жоқ. Дегенмен, интернет сайттарын парақтап отырып, мына бір мәліметті көзіміз шалған. Өткен жылдың сәуір айында АҚШ-тың Техас штатындағы «Стар Телеграмм» газетінде америкалық отбасы асырап алған қазақстандық жеткіншек туралы мақала жарық көреді. Мақала авторы ата-ананың ыстық алақаны мен мейірімін америкалық отбасынан іздеген Мақсат атты қаракөзіміздің ақыр аяғында өзіне қол жұмсағанын өкінішпен жазады. Бұған не себеп? Әлде, қаны да, жаны да қазақ боп өмірге келген бала жат елге үйренісе алмады ма екен? Не десек те, шетелдік газет «бала ішқұсадан қайтыс болған» деген пікірге тоқтаған. Осыған қарағанда, бізде шетелдегі қара домалақтардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, денсаулығы туралы ақпарат жабық сияқты.
Осыдан бір күн бұрын Білім және ғылым министрлігі, Балалардың құқығын қорғау комитеті баспасөз мәслихатын өткізіп, осы саладағы жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды. Комитет төрайымы Раиса Шердің айтуынша, елімізде жетім балаларды шетелдіктердің асырап алуына көмектесетін арнайы агенттіктер құрылмақшы. Яғни, бұдан былай шетелдік отбасы тек агенттіктерге шығып, өтініш жасайтын болады. Бүгінде агенттікке келіп түскен 62 өтініштің 37-сі қанағаттандырылыпты. «Биыл бала асырап алу туралы Канада мен Испаниядан бес өтініш түсті. Осы құжаттарды қарап жатырмыз. Бұған дейін елімізде шетелдік азаматтардың бала асырап алуына шектеу қойылмаған. Ал жаңа талап бойынша, аккредитациядан өткен әрбір шетелдік агенттік жылына тек екі отбасына бала тауып бере алады», - дейді Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы. Шетелдіктер бұрын баланы ғаламтор арқылы таңдап келген болса, енді бұл қызметті арнайы агенттіктер арқылы шешеді. Дәл қазір Қазақстанда осы іспен шұғылданатын 37 делдал ұйым бар екен. Ал Балалардың құқығын қорғау комитеті төрайымының орынбасары Бақыт Әлібаеваның сөзіне сенсек, агенттіктердің көмегімен бала асырап алған шетелдік отбасы алғашқы үш жылда жылына екі рет, кәмелетке толған соң жылына бір рет есеп беріп отырады. Бұл шараның бәрі балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған жағдай екендігін баса айтады комитет өкілдері. Алайда, адамның тағдырын делдал агенттіктерге сеніп тапсыруға бола ма? Олар өз қалтасы мен пайдасын күйттеп кетсе ше? Дәл осы агенттіктер тамырын тереңге жайған сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналмасына кім кепіл? Бұған да кесімді жауап беру қиын... Бірақ та БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) еліміздегі өкілі Джун Кукита: «Жетімнің көз жасы арқылы пайда тапқысы келетіндер де жоқ емес. Бақылаудың жоқтығынан пара беру, сату, ұрлық сияқты түрлі жаман әдеттер орын алып отырғаны да шындық», - деуінің астарында шындықтың шырылы жатқан сияқты.
Айта кету керек, шетелдік бала асырап алушыларды іріктеу шартына да бірқатар өзгеріс енгізілген. Жаңа талапқа сәйкес, жетім балаларды есепке алудың иерархиясы, бала асырап алушы үміткерлердің есебі жүргізіледі. Олардың баламен алғашқы қарым-қатынасқа түсу уақыты екі аптадан төрт аптаға дейін ұзартылды. Сонымен қатар баланы бауырына басқысы келгендер мен бала арасындағы жас айырмасы он алты жастан кем, қырық бес жас­тан артық болмауға тиіс. Ең бастысы, жалғызбасты еркекке, тұрақты мекен-жайы жоқ азаматқа, біржынысты неке мүшелеріне бала беруге тыйым салынды. Ал америкалық «For This Child» деп аталатын ұйымның ресми сайтында Қазақстаннан бала асырап алудың құны бойынша, бала асырап алуға көмек көрсеткені үшін америкалық компания 21 мың АҚШ долларын талап ететін көрінеді. Бұдан бөлек балалар үйлеріне, ондағы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілерге беретін сыйақысы тағы бар. Айналып келгенде Қазақстаннан 30 мың АҚШ долларына бала асырап алуға әбден болады екен.

«Магнитский заңының» жаңғырығы

Ал көрші Ресейде талайдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе шарықтау шегіне жеткен болатын. Себебі, Ресей де шетелге бала беру жөнінде көшбасшылардың басында тұр. Ал АҚШ бала асырап алатын елдердің арасында бала санының көптігі жөнінен Ресей, Қытай мен Эфиопиядан кейінгі орында. Ресми дерек бойынша, 1991 жылдан бері Ресейден 45 мыңнан астам бала асырап алынса, статистика тек былтыр ғана 962 орыс жетімінің АҚШ азаматтарының асырауына берілгендігін растайды. Оның үстіне соңғы жылдары, әсіресе АҚШ-қа аттанған ресейлік жетімдерге байланысты дау-дамай ушығып кетті. Бұған дейін екі баланы америкалықтың ұрып-соққандығы туралы әңгіме гулесе, кішкентай ғана бүлдіршіннің ата-анасының қорлығына шыдай алмай Отанына оралуы да жергілікті халықты бір сілкінтіп тастаған. Ал 2008 жылы америкалық ата-ана Ресейден асырап алған Дима Яковлев есімді сәбиді күн ыстықта көлікке қамап кетіп, өліміне себепші болған. АҚШ-та Чейз Харрисон деген атпен өмір сүріп жатқан бұл сәби соңғы 10 жылда асырап алған америкалық ата-аналарының дұрыс қарамауынан қаза болған ресейлік 19 баланың бірі.
Осындай күтпеген оқиғалардың көбейіп кетуінен, Ресей әуелі бала асырау жөнінде АҚШ-пен арадағы келіссөздерді қатаңдатуға күш салды. Көп ұзамай бала асырап алуға қатысты құжаттар қызу талқыланып, нәтижесінде осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Дима Яковлев» заңы күшіне енді. Бұдан былай жетімдерді асырап алумен айналысатын АҚШ-тың үкіметтік емес ұйымдарының жұмысы тоқтатылып, визалық тосқауыл қойылатыны белгілі болды. АҚШ-тың Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, бұдан былай екі ел арасындағы бала асырап алу жұмысымен тек арнайы аккредитациядан өткен агенттіктер ғана айналыспақ. Осылайша ұлт балаларының болашағына алаңдаған депутаттар шетелдіктердің бала асырап алуына мораторий жариялап, есесіне жергілікті балаға зәру отбасыларды ынталандыруға көңіл бөлуде.
Бір қызығы, бүгінде аталмыш заң­на­­малық құжатқа қарсылық танытушылар да жоқ емес. «Foreign Policy» басылымының тілшісі Франк Якобс Мәскеу қабылдаған «Дима Яковлев заңына» байланысты жариялаған мақаласында «Ресей үкіметі жетімдердің бақытын байлап отыр» деген пікірді ашық айтыпты. Ол америкалық ата-аналардың Ресейден бала асырап алғысы келетін шын ниетіне Путиннің заң арқылы тосқауыл қойғанына наразы. Тіпті мақала авторы «Ресейдің бұл абсурд шешімі мыңдаған балалардың тағдырына көлеңке түсіруі мүмкін» дей келе, бұл мәселені халықаралық қауымдастық қайта қарауы тиіс дегенді баса айтады. Мақаланың түпкі астарында «Кремль кейде өз мүддесімен келіспейтін көршілеріне осындай қысымдар жасағанды жаны сүйеді» деген меңзеу бар. Франк Якобстың жазуынша, осы мерзім ішінде америкалықтар Ресейден жалпы саны 60 мың бала асырап алған. «Бірақ дәл осы мерзім ішінде ресейлік ата-аналар асырап алған соң, қаза тапқан жетім балалардың саны 1200-ден асады. Сондықтан Ресей жаңа заңды жетім балалар құқығын қорғау үшін қабылдады дегенге сену қиын. Бұл заң АҚШ президенті Барак Обама былтыр жыл соңында мақұлдаған «Магнитский заңына» қарымта болып отыр», - дейді. Ресейлік адвокат Сергей Магнитский мемлекеттің талан-таражға түскен 230 миллион доллар қаржысын тексеру кезінде Мәскеу түрмесіне қамалып, қаза тапқан болатын. Бұдан соң АҚШ үкіметі «Магнитский өліміне қатысы болуы мүмкін» деген бірнеше ресейлік басшылардың АҚШ-қа кіруіне заң жүзінде тыйым салған.
«Foreign Policy» газетінің жазуынша, Ресейде 740 мың жетім бала мемлекет қарауында өсіп жатыр. Қазір бала асырап алуға өтініш берген ресейлік ата-аналардың саны 18 мыңнан аспайды. «Дима Яковлев заңы» қабылданғанға дейін жыл сайын ресейлік 3 мың жетім бала АҚШ-қа кетіп отырған. Ал АҚШ мемлекет департаментінің дерегі бо-йынша, америкалықтар 1999-2011 жылдар аралығында шетелдерден 233 мың 934 бала асырап алыпты.
Айтпақшы, Парламентке есеп беруге келген Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов былтыр Қазақстан халқының саны 1,4 пайызға өсіп, 16 миллион 896 мың адамға жеткенін мәлімдеді. Демек, 17 миллиондық межені бағындыратын күн алыс емес деген сөз. Алайда, бұл агенттіктің ресми мәліметтеріне сенбейтіндердің саны күн санап өсіп келе жатқан сияқты. Халық қалаулылары да кейбір мәліметтердің статагенттік көрсеткішімен сәйкес келмейтінін баса айтуда. Сорақысы сол, «нәрестелік өлім» деген терминді шығарған мемлекеттік тілге шорқақ басшы еліміздің демографиялық ахуалы туралы тұшымды нәрсе айта алмады.

Қалай десек те, 20 млн.-ға жетуді бас­ты мұрат еткен Қазақ еліне мақтануға әлі ерте. Көгенкөз жетімектердің саны да жыл санап артып келеді. Оларды еліміздегі бала сүюге қабілетсіз 15 пайыз отбасыға асырауға беруге жағдай жасалса жөн емес пе?! Ол ол ма, бала туу және халық саны жағынан көш ілгері келе жатқан Үндістан да шетелге бала беруге тыйым салған көрінеді. Кедендік одақ кеңістігіндегі әріптесіміз Беларусь мемлекеті де бала беруге қатысты заңнаманың күшін жойды. Ал Израиль мемлекетінің заңы бойынша, еврей тек еврейдің ғана баласын асырап ала алады екен. Бұндай заң біздің елде орындалар ма еді? Ең бастысы, еш қазақ баласы жетім қалып, жәутеңдемесе екен...
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

Түпнұсқадағы тақырып: Жетімнің көңілі жарым, көзі жасты

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371