Жыртық ауыз
Қазақ айтады, қазақ қатырып айтады, қазақ таңды таңға атырып айтады. Қазақтың айтатыны: «Аузыңнан ақ ит кіріп, көк ит шықты ма?» - дейді. Сонда ойлайсың ғой, кейбір кеңкелес адамдардың аузына түрлі-түсті иттер кіріп кетеді ғой деп... Ауызға абай болу керек. Ауыз деген - кейде жауыз. «Ауыздан «авария» болып қалды» - деген заманауи пәлсафа да бар. Ойбуй, айтпақшы, «іріген ауыздан шіріген сөз шығады» - деген дегбіріңді қашыратын қағытпа да бар екен ғой. Ауыз туралы айта берсең, жүдә көп. Сол ауыздың ішіне жасырынып жатқан тіліңе ие бола алмасаң, тағы пәле. Қазақ айтады, қазақ қатырып айтады, қазақ таңды таңға атырып айтады: «Басқа пәле тілден!» - дейді. Тіліңе еге болмасаң, тірідей өлесің, өзіңді-өзің тірідей көмесің.
Қазақ жерінде байып, қазақ нанын тойғанша жеп, қазақтың суын ішіп жүрген қазақстандық кәсіпкер Рамил Мухоряповтың да аузынан ақ ит кіріп, көкпеңбек ит шығады. Ашық айтсақ, аузы жыртық. Бір күні таңертең оянса, аузы жыртылып қалыпты. Сосын екен ғой, аузына не келсе, соны айтып, ие бола алмай қалатыны,
Иегі дуылдап, жүрегі суылдап, дәрігерге барды зуылдап.
– Дәрігер, менің аузым жыртық, - деді ол дегбірсізденіп.
– Қалай жыртық?
– Міне көріңізші? - деп сұрады ол өтініп.
– Көріп тұрғаным жоқ.
– А, аа, міне қараңыз, жыртық қой, - деді ол аузын апандай ашып. Дәрігер көз әйнегін киіп, оған үңіле қарады да:
– Ия, болар-болмас жыртылыпты, - деді.
– Не істеймін? - деп сұрады ол.
– Желім жағыңыз.
– Қойыңғызшы?
– Ия, «Жыртыққа желім» деген желім шыққан.
Кәсіпкер ауыз желімін таптырып, жыртық аузына жақты. Бірақ, ауызы құлақ жағына қарай одан бетер жыртылып кетті. Сөйлеуден қалды. Сөздері шашырап, әр жерге түскендей. Сосын, ол аузын алақанымен басып, өңі қашып, қатты сасып, дәрігерге келді.
– Дәрігер мырза, желіміңіз болмады ғой?
– Тері жіппен тігу керек.
– Тігіп беріңізші. Құдай үшін!
– Қазақ ұлтына тіл тигізбейсің ғой?
– Ант етемін!
– Солай ма?
– Орындамасам, басқа жаққа көшіп кетемін.
– Сіз қазақ тілін қорладыңыз. Қазақ ұлтының намысын аяққа таптадыңыз. Сол үшін аузыңыз жыртылған. Сол аузыңызға ие бола алмағаныңыз үшін, жүрегіңіз де жыртылған. Әуелі, жүректің жыртығын жамау керек. Сонда ауыз жыртығы өзінен-өзі жазылып кетеді! - деді дәрігер.
– Тәңір жарылқасын, шипа беріңіз! Айтқаныңызды түсінем, айтып алып, айтқаныма күрсінем. Жыртық жүрегімді де жазып беріңіз!
– Білесің бе, сендейлерге бір сатирик мынадай өлең шығарыпты, оқып берейін:
Жамандыққа жоласаң,
Мысалы,
Банк тонасаң,
Түскелі тұрып отқа,
Былай дейсің, сотта:
– Кешіріңіздер,
Кешіріңіздер!
Кешіре саламыз,
Мына біздер.
Сосын,
Болмасын, тосын...
Өзіңді-өзің көндірдің,
Әдейі адам өлтірдің.
Быттиып бетің ботқа,
Былай дейсің, сотта:
– Байқамай бес рет,
Күн батқанда кешірек,
Пышақтаппын,
Сосын, құшақтаппын,
Өлген соң, «кешір!» деп,
Кешіріңіздер,
Кешіріңіздер...
– Кешіреміз,
Кешірмесек,
Қазақпыз несіне біз?
– Елге келген қонақпын,
Екі кемпір зорлаппын,
Артынан өлтіріп,
Құлағын кесіп, қорлаппын,
Қысқасы, сорлаппын,
Жүзімді торлап мұң.
Кешіріңіздер,
Кешіріңіздер,
– Ойбай, кешіреміз,
Кешірмесек,
Тойға кешігеміз...
Өзге ұлтты сыйламасақ,
Қазақпыз, несіне біз?
Мұның бәрі «Әдемі»,
Заңда кешірілмейді,
Қылмыстылар әлемі.
Ал, қайтесіз.
Мынадай пәлені:
Тілімізді қорлайды,
Көргенсіз бе, ондайды?
Туымызды тілгілеп,
Қазақ байғұс сорлайды,
Сосын желіде,
Саламыз ойбайды.
– «Кешіріңіздер!» - дейді де,
Нанымызды жейді де,
Тағы да тоймайды,
Кешірім сұрап, қайтадан,
«Қой!» дегенге қоймайды,
Халықтар Ассамблеясы,
Осы, нені ойлайды?
– Дәрігер мырза, не істерімді білмеймін, айтарымды айтып алып, түнімен кірпік ілмеймін. Прокуратура да үстімнен іс қозғапты... - деген Рамил Мухоряпов көз жасын бір сығып алды.
Шын мәнінде, Рамил дәл осылай дәрігерге жүгірмесе де, жүрегінің жыртығын, көңілінің тыртығын, аузының тілінгенін, көп нәрсенің кейіннен білінгенін түсініп, халықтан кешірім сұрады. Кешірім сұрай салу оңай екен. Ол не деп қойып еді? Бұл пақырың күні кеше ресейлік кәсіпкерлер қатысқан жиында: «Адам орыс тілін шынымен білмесе, түсінуге болады, ал тек қазақ тілінде жауап беру ұлтшылдыққа жатады, ол мәдениеттіліктің көрінісі емес», - деп айтқан болатын. Сол екен, желідегі патриоттар оны талап. «жүнін» жұлып, ту-талақайын шығарып, тырдай, абыройдан жұрдай етіп тастады. Сауап болыпты!
Мұхтар Шерім
Abai.kz