Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2467 7 пікір 8 Қараша, 2022 сағат 13:20

Қолында билік барлар өзгені жауапқа тартқанға бейіл

Саясатта мұның салдары ауыр болады. Заң үстемдігі мен теңдік-тежемелік жүйесі әлсіз елде билік басындағылар кризис үшін алдымен саясаттағы оппоненттерін жаншиды, кейін құқық қорғаушыларды қудалайды, содан өтіп журналистерге килігеді. Бәрін жаншып біткен соң, елдегі бүкіл мәселеге халықтың өзі кінәлі болып шығады, халық қарсы шығып наразылық танытса, айналасындағыларды айыптайды (козел отпущения), тек өзін кінәлі деп таппайды.

Украинаға соғыс ашқан Путин де бұл халге бір күнде келген жоқ. Ең соңында көрінгенді «шетел агенті» деп танып, паронояға берілді.

Сырттан да, іштен де жау іздеудің белгісін Қазақстанның билігі де жиі-жиі байқатып келеді.

Қаңтардан кейін ел президенті Тоқаев «өзін еркін баспасөз құралымыз деп санайтындар» деп бір айтты, Айдос Сарым сияқты билік айналасында жүргендер «соттау керек» деп бір айтты.

Ал енді бүгін Маңғыстау облысына сапарында Тоқаев тұспалдап өктем сөйледі. Сөзін толық келтірейін:

***

«Соңғы бірер айда еліміздің мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне кибершабуыл жасала бастады. Мұндай әрекеттер, әсіресе, қазіргі науқан кезінде көп болды. Біз бұған жол бермейміз, жалған ақпараттың таратылуына тыйым саламыз. Біз қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау үшін бәріне дайынбыз. Мен бұған дейін «Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз» деген едім. Бұл қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке айналамыздағы геосаяси ахуалдан бөлек, өз ішіміздегі ахуал да айрықша әсер етеді. Елге іріткі салып, алауыздық туғызатындар өз ішімізде де, сыртта да бар. Әр нәрсеге немқұрайлы қарап, жайбарақат жүруге болмайды»

***

Осының алдында мемлекет басшысына тұспалдап сөйлеген жараспайтынын жазғанмын. Жараспайды емес, бұлай сөйлеу – қоғам үшін қауіпті. Бұл – адамның өз-өзін себепсіз шектеуіне, егер еркін сөз жаршылары туралы айтса, ішкі цензураға итермелейтін қадам. Сондай-ақ, заң үстемдігі толық орнамаған қоғамда құзырлы органдарға, билік иерархиясында төмен тұрғандарға теріс сигнал не заңсыз әрекетке баруға тұспалдап бұйрық беру іспетті.

Кибер шабуылды айта келе дезинформацияға көшіп кеткенін түсініңкіремедік. Кибер шабуылдың салдарынан сайттар бұғатталып жатыр емес пе, оның бұрмаланған ақпар таратуға қатысы қанша?

«Жалған ақпараттың таратылуына тыйым саламыз» дейді. Қылмыстық кодексте «жала жабу» бабы мен әкімшілік кодексте «ар-намысқа қол сұғу» бабы тұрғанда мұндай сөзді айтудың қажеті не? Иә, интернет дәуірінде жалған ақпардың тарауы қалыпқа айналғандай, бірақ заң үстемдігі мен теңдік-тежемелік жүйесі әлсіз мемлекеттік басшысы бұлай айтқанда, бұл әдетте сөз еркіндігіне төнген қауіп ретінде қабылданбай ма?

Даулы жағдайда ақпараттың жалған екенін кім анықтайды? Билік анықтайды. Ал билік өзіне қатысты ақпаратқа келгенде әділ бола ала ма? Бұл тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын, азаматтық қоғамның белсенді мүшелерін қудалауға әкелмей ме?

«Елге іріткі салып, алауыздық туғызатындар өз ішімізде де, сыртта да бар. Әр нәрсеге немқұрайлы қарап, жайбарақат жүруге болмайды» дейді.

Ақорданың түсінігіндегі «іріткі мен алауыздық» жалпы адамға ортақ «іріткі мен алауыздық» ұғымдарына сәйкес келетініне кепілдік бар ма екен? Сәйкес келсе, онда неге ашып айтпайды? Неге іріткі салушылар мен алауыздық тудырушылардың атын атап, түсін түстемейді?

Сайланып алса, жеті жыл қудалау астында өмір сүрмейміз бе? Осы сұрақтар алаңдатады.

P.S. Тоқаев билікті ұзақ отырса, ерте ме, кеш пе қазір қасында жүргендердің кейбірі жүйеден шығып қалады. Сол кезде бұл азаматтар «басында ондай емес еді, кейін бұзылып кетті» деп жүрмей ме екен. Бір кезде Назарбаевтың қасында жүріп, шуағына бөленіп, кейін ол президенттіктен кеткенде оны жамандауға көшкендер бар еді ғой. Ал шындығында, Назарбаевқа күдік келтіргендер жағдайдың осылай аяқталарын 90-жылдары-ақ айтқан сияқты.

Дархан Өмірбек

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383