Айыпталған Ресей, қабылданған қарар
Индонезияда G20 саммиті басталды. Әлемнің алпауыттары қатысып жатқан бұл жиынға БАҚ өкілдері ерекше қызығушылықпен қарап отыр. Жиында көтерілетін тақырыптар да өзекті. Қауіпсіздік, соғыссыз әлем, қақтығыстарды азайту, болашақты жарқын ету жоспарларын талқылау және т.б.
Балидегі басқосуға Ресей тарапынан Лавров қатысуда. Бұған дейін жиынға Путин қатысуы мүмкін деген ақпарат айтылған. Алайда кейін ол онайн қатысады деді, артынша мүлде қатыспайтыны белгілі болды. Сарапшылар Путиннің жиынға тіпті онлайн қатыспауының өзі оның беделіне және ресейлік тараптың жиын барысында ашық сынға ұшырауы мүмкіндігіне байланысты дейді.
Жиынға Лавров қатысуда. Әлемнің алпауыттары биыл жиынның ашылу салтанатында топтасып суретке түсу рәсімін жасамады. Бұл "ресейлік делегациямен бір суретте болғымыз келмейді", дегеннен кейін қабылданған шешім еді.
Саммиттің тақырыбы да түсінікті. Ол Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату, оның салдарын жою, азық-түлік тапшылығын азайту және т.б. Саммитті өткізуші Индонезия президенті Джоко Видодо "Егер соғыс тоқтамаса, бюіздің алға қарыштап қадам басуымыз екіталай, біз әлемді бөлмеуге тиіспіз", деп сөзін бастады. Осының өзі саммит барысында соғысып жатқан тараптарды қандай да бір келісімге келуге үгіттейтін мәлімдемелер болатынын айғақтап тұр.
G20 cаммитінің соңғы күнінде арнайы резолюция қабылданбақ. Онда қатысушы елдер БҰҰ жарғысын сақтау керектігін айтады деп күтілуде. Бұл позицияны Ресей қолдай ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Қазірдің өзінде Ресей өкілі ретінде қатысып жатқан Лавров ядролық қаруды таратпау және соғыста қолданбау туралы көзқарасты қолдайтынын растап үлгерді.
G20 саммитінің қарсаңында Байден мен Си арасында кездесу өтті. Тайуань таласы, сауда-саттық соғысынан кейін АҚШ пен Қытай арасы суып кетті. Ал Ресей соғысында Қытай бейтараптықты сақтауға тырысуда. Екі ел басшысының кездесуінде де Ресей мен Украина соғысы талқы болып, ядролық қаруды қолдануға болмайтындығы баса айтылды.
Бүгінгі саммитке Зеленский де қатысуда. Зеленский қазіргі уақытта Ресеймен соғысты аяқтаудың мүмкіндігі барын айтты. Ол сонымен қатар Украина өз территориясын өзгеге беретін шартқа ешқашан көнбейтінін де мәлімдеді. Ол Ресеймен келісімнің алғышарттары ретінде басқыншы әскердің елден шығарылуы мен келтірілген шығынды өтеуі керектігін де мәлімдеді.
Саммитте тараптар астық келісімін ұзарту бойынша да пікір алмасуда. Олар астық пен энергияны бопса ретінде қолдануды айыптауда.
G20 cаммитінің алдында БҰҰ Бас Ассамблеясында Ресейді айыптап, Украина бойынша репарация төлеу керектігін нұсқайтын қарарға дауыс беру іске асты. Қарар қабылданды. Орталық Азия елдері қалыс қалды, ал Түркіменстан дауыс беруге қатыспады. Ресейді қолдап, дауыс бергеннің бірі Беларусь болды. "Бұл қарардың өзі Ресейден алшақтық сақтағысы келетіндер саны артты дегенді білдіреді", дейді сарапшылар.
Ка Мырза
Abai.kz