Жұма, 15 Мамыр 2026
Жаңалықтар 172 0 пікір 15 Мамыр, 2026 сағат 14:41

FT: Путин Донбассты күзге дейін басып ала ма?

Сурет: rbc.ru сайтынан алынды.

Financial Times Ресей көшбасшысымен байланыста болған екі дереккөзге сілтеме жасап: «Ресей әскери қолбасшылығы президент Владимир Путинді бүкіл Донбассты (Украинаның Донецк облысы) күзге қарай басып алуды аяқтайтынына сендірді», деп жазғанын Азаттық радиосының орыс қызметі алға тартады.

Басылым сұхбаттастарының айтуынша, Донбассты басып алу мүмкіндігінен кейін Путин «кез келген оқ атудың саяси бағасын көтеруді» жоспарлап отыр. Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы бастығының орынбасары Вадим Скибицкий Донбасстағы табыс Кремльге Запорожье және Херсон облыстарын Ресейге беруге мүмкіндік береді деп есептейді, бұл өңірлердің басым бөлігі Украинаның бақылауында болғанымен ресми түрде Мәскеу бұл аумақтарды өздерінікі деп есептептеуден таңбай келеді.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 13 мамырда Мәскеу Украинадан өз әскерлерін «Ресей өңірлерінен» шығаруды талап етіп отырғанын жалпақ жұртқа мәлімдеді. Бұған дейін Мәскеу тарапы соңғы екі өңірде (Запорожье және Херсонда) майданның қалыптасқан желісі бойынша оқ атуды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Бұл Кремльдің осы позиция өзгерді ме, ол турасында Песков жақ ашпады.

Путиннің Донбассты басып алуға деген талпынысы соғыстың алғашқы кезеңдерінде майданның қазіргі желісіндегі ұрыс қимылдарын тоқтатуға дайын екенін жеке білдіргеніне қарамастан күшейе түсуде. "Мен оның майданның қазіргі желісіне тоқтауын үнемі талап етемін. Бірақ ол үнемі: «Жоқ, мен ымыраға келе алмаймын», - дейді олардың бірі.

Соғысты тоқтату жөніндегі бейресми келіссөздерге қатысқан екі дереккөз Путиннің «шынайы амбициялары» бұрынғысынша Украинаның көп бөлігіне, соның ішінде Днепр, Киев және Одессаға бақылау орнату болып табылады деп есептейді. "Естеріңізде болсын, жоспар әрдайым Киевті алу болатын. Міндет қойылды және орындалуы тиіс, - деді газет сұхбаттасы. – Жандайшаптары Путинге украиндықтар қиындықтарды бастан өткеріп, әскери әлеуеті құлдырап, адамдары таусылып қалды деп айтады". Путин Украинаның ресейлік тылға соққысы күшейгеніне және соңғы айларда ресейлік әскерлердің майданда ілгерілеуі баяулап кеткеніне қарамастан, Ресей жеңіп жатыр деген тоңмойын пікірде.

Ал, енді келіссөздерге келетін болсақ, екі тараптың да ұстанымдарымен таныс басылым дереккөздерінің айтуынша, Мәскеуде де, Киевте де Таяу Шығыстағы соғыс аяқталғаннан кейін де АҚШ-тың делдалдығы арқылы бейбіт келіссөздерді қайта бастаудың перспективасы аз деп есептейді. Financial Times-пен сөйлескен дереккөздердің айтуынша, қазір тараптардың ешқайсысы келіссөздерді жалғастырудың мән-мәнісін көріп отырған жоқ. Басылымның мәліметі бойынша, Украина келіссөздер Ресеймен соңғы раундтан кейін ақпанда тұйыққа тірелді деп санайды және Уашингтонның Путинге қысым көрсете алмағанына көңілдері еш толмайды.

Ресей билігі былтыр Анкориджте Путинмен кездесуі барысында АҚШ президентінен келісім алынғанын айтып, бүкіл Донбассты бейбіт реттеудің негізгі шарты ретінде қарастыру талабын ресми түрде үнемі алға тартып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп 12 мамырда журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, Путинмен Ресей «бүкіл Донбассты» алады деген келісімдердің мүлдем болмағанын ашық түрде мәлімдеді. Ол сондай-ақ соғыстың аяқталуы жақындап келеді деген пікір білдірді. 9 мамырда Путиннің аузынан да дәл осындай құлаққа жылы естілер сөз шықты.

Өткен жылдан бастап Украина, АҚШ делдал ретінде әрекет ете бастағаннан кейін, майдан сызығы бойынша ұрыс қимылдарын тоқтатуды ұсынады - бұл жағдайда украиналық Донбасстың басым бөлігі, бірақ бүкіл өңірі емес, РФ-ның бақылауында қалады. Украина мұны заңды түрде мойындауға ниетті емес екенін үнемі әлем жұртының есіне салып келеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2773
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1885