Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2622 0 пікір 15 Ақпан, 2013 сағат 15:28

Талғат Кеңесбаев. Бір өлеңнің «екі тарихы»

1-суретте: ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов

2-суретте: жазушы Талғат Кеңесбаев

Тыныштықбек екеумізді достастырған аудандық газет еді. Мен сонау Саржалдан ат терлетіп, аудан орталығына келіп жүріп, бір күні Тыныштықпен таныстым. Ұзын бойлы, томаға тұйық жігітті бірінші көргенде ақалтеке жылқысына ұқсатқанмын. Тұрысы да, сөзі де, өзі де бөлек еді. Бірден достасып кеттік, ауылға шақыратынмын. Ол мені өз үйіне шақырды. Совет үкіметінің қол жетпес қызыл арақтарымен, қазір небір бесжұлдызды қонақүйлерде кездесе бермейтін «килькалармен», кәдімгі қара нан мен пияз бізге қазы-қартадай көрінетін еді-ау... Ол кезде біздің қатарымыз көп болатын. Достарымыз да, демеушілеріміз де, жебеушілеріміз де, қамқоршыларымыз да өте көп еді.

Күндер жылжып өтіп жатты. Жолдар да, бәлкім, жүре-жүре қысқарды. Уақыттың қанжығасында кеткіміз келмей, басымыз ноқтаға сыймай, бір топ жас қырандар жалаулатып жүрген кез еді.

1-суретте: ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов

2-суретте: жазушы Талғат Кеңесбаев

Тыныштықбек екеумізді достастырған аудандық газет еді. Мен сонау Саржалдан ат терлетіп, аудан орталығына келіп жүріп, бір күні Тыныштықпен таныстым. Ұзын бойлы, томаға тұйық жігітті бірінші көргенде ақалтеке жылқысына ұқсатқанмын. Тұрысы да, сөзі де, өзі де бөлек еді. Бірден достасып кеттік, ауылға шақыратынмын. Ол мені өз үйіне шақырды. Совет үкіметінің қол жетпес қызыл арақтарымен, қазір небір бесжұлдызды қонақүйлерде кездесе бермейтін «килькалармен», кәдімгі қара нан мен пияз бізге қазы-қартадай көрінетін еді-ау... Ол кезде біздің қатарымыз көп болатын. Достарымыз да, демеушілеріміз де, жебеушілеріміз де, қамқоршыларымыз да өте көп еді.

Күндер жылжып өтіп жатты. Жолдар да, бәлкім, жүре-жүре қысқарды. Уақыттың қанжығасында кеткіміз келмей, басымыз ноқтаға сыймай, бір топ жас қырандар жалаулатып жүрген кез еді.

Бір күні аудандық «Совхоз туы» газетінде «Қойшы ауылдың хаттары» деген топтама өлеңдер шыға қалды. Авторы - Тыныштықбек Әбдікәкімов. Малақайымды аспанға атып қуандым. Мен жем-шөп тарту цехында арпа тартамын. Ауылдағы жүн-жұрқа жинайтын заготовительден кейін екінші адаммын. Он қап жемді саттым да жібердім. Ол кезде коррупция деген, мемлекетті тонау деген ұғым жоқ. Бәрі орнында. Ешкімге көрсетпесең болды. Туп-тура жиырма сом шыға келді. Қалтаға бастым да, Қарауылға аттандым. Жүрек дүрс-дүрс, қолымда мыж-мыж аудандық газет. Әбден, қолдан-қолға оқи-оқи жауыр болған Тыныштықтың өлеңі.

Әй, сол күні әлемдік бейресми «пен-клуб» құрып жібердік. Жуа-жуа, өлеңді оқи-оқи көзіміз қарауытып, құлақ шыңылдап, көз алайып, жақ суалып, деміміз бітіп бара жатқанда Тыныштықбек сөйледі. Сөйлегенде бүй деді:

- Мен бір жерден естігенмін: ақын адамды өлтірудің екі жолы бар екен. Мақтай-мақтай берсең, өзінен-өзі құриды екен. Тіпті, елемей бір бұрышқа қойсаң, гүл құсап, өзінен-өзі солып қалады. Бұндайды қазақ «жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі» дейді. Сендер мені мақтап-мақтап өлтіргелі жүрсеңдер, - деді.

Бәріміз бір түрлі болып қалдық.

- Мен енді неге «Қазақ әдебиетіне» шықпаймын. Шығып жүргендер менен әулие ме?.. - деп, Тыныштықбек тағы бір тоқтады.

Әңгіменің қызып, өршіп бара жатқанын басқым келді ме:

- Жоқ, көке, мен шығарамын! - дедім.

- Қалай?! - деді отырғандардың біреуі.

- Мен қазір Алматыға кетемін... - дедім де, орнымнан тұрып, мыж-мыж газетті қолыма алып, үйден шығып кеттім.

Келе жатырмын, келе жатырмын. Ұза-а-ақ жүрген сияқтымын. Бір кезде жанармай құятын бекеттің жанында тұрмын. Пыс-пыс етіп, ентігіп, бір «Зил» мәшинесі келе қалды.

- Город поедишь? - дедім бар білген орысшамды айтып.

- Деньги есть?- деп күлді ол.

Он қап жем сатқан маған сөз болып па: «Есть!» - дедім сенімді, жігерлі дауыспен.

- Поехали!

Таң ата тілеуіңді бергір «Зилдің» шопыры мені Комсомол поселкесіндегі Асқар Сәбитов досымның үйіне жеткізіп салды. Ол кезде біздің Асекең Жаңа Семей аудандық «Ертіс оттары» газетінің түкірігі жерге түспей тұрған тілшісі болатын. Қайын жұрты ауқатты, оның бағасы бір қаралық «Ятрань» деген үлкен жазу мәшинасы бар. Анау-мынаудың қолына түсе бермейтін қазақша қарпі бар мәшинке еді ғой. Ауласындағы қанден күшігі мені өте жақсы қарсы алды. Тіпті «әу, әу» деп бір-екі үрудің орнына, менің шаң-шаң төпілиімді жалап-жалап алды да, үйшігіне барып жатып қалды. Мұндай мейірімді иттің баласын осы күнге дейін көре алмай жүрмін ғой.

Есікті екі қағып едім, Асқар досым - қолында оқтауы бар, трусишең атып шықты. Мені көріп: «Өй, қайдан жүрсің?! Кәмбикорм әкелдің бе?» - деп, қалжыңдап қойды.

Болған оқиғаны жедел-жедел баяндап шықтым. Асекең сол арада дәу мәшинаға трусишең отырды да, төрт-бес парақ қағазды пашақ-пашағын шығарып, қатесіз басып берді. Білдей бір аудандық газеттің тілшісі ғой, градусы ыстық-ыстық су ішіп отырып, қолыма бес рубльді ұстатты да:

- Аттан, Таке, аттан! Бұндай ұлы өлең қап түбінде жатпау керек! - деді. Бірақ өкіметтің шетінде жүрген адам ғой, - Апарған жерің аудандық газеттен көшіріп басқанымызды біліп қоймасын! - деп ескертті.

Трусишең Асқарды қалдырып, теміржолға қарай тартып отырдым. Пойыз ерттеулі тұр екен - қарғып міндім. Қазақтар мінетін «общий вагонды» тарсұл-тұрсыл сүйреген пойыз мен жолда жүрген екінші таң-атар-атпастан екінші Алматыға келіп, ентігін бір-ақ басты-ау.

Қайда асығамын, вокзал басында бір-екі пирожкиімді толғап жеп, бір-екі кесе шәйімді ішіп, асықпай Жазушылар Одағына келіп, үшінші этажына көтерілсем,«Әдебиет және поэзия» бөлімі деп жазылып тұр екен (ол кабинетте қазір Еркін Жаппасұлы деген сатираның классигі отырады).

Именбей кіріп барсам, Иранбек Оразбаев пен Дидахмет Әшімханов отыр екен. Екеуі, әй, бір түнімен осы жерде отырып... шахмат ойнаған сияқты, жүздері шаршаңқы. «Шерағаң да қызық, таң атпай бізді жұмысқа шақырып алып...» - деп, өздері бастықтарына ренжулі. Тікемнен тік тұрып, Тыныштықбектің өлеңдерін қолдарына ұстаттым. Әуелі Иранбек ағам оқығысы келмей әрі-бері парақтап тұрды да, бір кезде «до конца» оқып шығып, орнынан атып тұрды.

- Әй, барсың ба, бауырым?! Қазақ поэзиясы тірі екен ғой!.. - деді. Өзімнің жынды боп келгенім аздай, «мынауың бір жынды ғой» деймін іштей.

- Жүр, Шерағаңа! Мынау өлеңдерің керемет екен ғой! - дейді өлген бабасы тіріліп келгендей қуанып.

Шерағаңа мен барушы едім, бірақ Асқар досымның «аудандық газеттен көшіріп алғаныңды білмесін» дегені есіме түсіп, именіп қалдым. «Өзіңіз кіріп шықсаңызшы...» - дедім қипақтап. Әйтпесе ол кездегі қай қазақ Шерағаңның алдына барғанды армандамайды дейсің?..

Содан кәдімгі Иранбек Оразбаев, қазіргі Иран Ғайып ағам үлкен басымен ол кезде ешкім білмейтін Тыныштықбектің төрт өлеңін алып, Шерағаңның алдына барып қайтты. Келе сап, жас баладай мәз-мәйрәм боп:

- Дидаш, қарашы, міне, Шерағаңның көрегендігі, «қазақ поэзиясына ұлы ақын қосылды» деді ғой... Бауырым менің!.. - деп, мені құшақтап алды. - Тоса тұр, қазір Сайлау Пернебаев ағаң келеді. Сені суретке түсіріп аламыз. Осы жұмада шығарамыз!..

- Аға, бұл менің өлеңім емес... - дедім мен желкемді қасып.

- Енді кімнің өлеңі?!

- Ол менің досым, ағам Тыныштықбек Әбдікәкімовтың өлеңдері...

Сонау 37-ші жылғы тергеушілердің жұмыс тәсілінің қалай екенін білмеймін, мына екі ағамның тергеуі мені біраз жерге апарды. Апарып қана қойған жоқ, маған алғыс айтып, «Қаламгерге» апарды ғой. Ыстық-ыстық шәй берді ғой...

«Шәй» буыныма түсті білем:

- Егер де комбикорм керек болса, айтыңыздар, қай жерге болса жеткізіп беремін! - деппін мен «Қаламгерден» шығарда. Ол кезде ыстық «шәйді» жаман ішпейтін Ираш ағам Тыныштықбекке хат жазып берді.

Сол қуаныштың қызуымен аяңдап, вокзалға келсем, мен келген пойыз Семейге қарай аттанғалы тұр екен. Өзім келген «общий вагон» жатырқамай қарсы алды. Көршілерім - бір әже мен қыз-күйеуі, он шақты бунақ-бунақ жүгі, «Горизонт» деген түрлі-түсті телевизоры.

Ол жүкті түгендеуімнің себебі - таң атар-атпаста Аягөзге келіп тоқтадық. Он шақты бунақты күйеу баласы екеуміз тасып жүрміз, тасып жүрміз. Мәшинені сондай алыс жерге қояр ма еді?! Таси-таси, бітірген кезде поезд жүрді де кетті. Амалым қанша, айдалада қалатындай болып, қапаланып қалдым ғой. «Саспа!» - деді шопыр жігіт. - Аягөздің ГАИ-лары қиын болады, таң атпай жолға шығып кетейік, - деп бізге екі тұлып берді. Апаның күйеу баласы екеуміз оранып алдық та, бортқа барып отырдық. Шоқалақ жол ішек-қарнымызды қолқылдатып, әбден есімізді шығарды. Әлсін-әлсін ішкі қалтамды сипап қоямын. Иранбек көкемнің Тыныштықбекке жазған үшбу хаты бар.

Аягөзден таң атпай шыққан біздер түс ауа Ждановқа да жеттік-ау. Анығында, тау ішіндегі бір фермасына. Үйдің іші жылы екен. Алматыдан келе жатқан апамызды күтіп жүрген адамдың қабағы одан да жылы. Маған «құда бала» деп қояды. Қай жерде құда болғанымызды біле алмай, «Қаламгерден» әңкі-тәңкі басым дал. Бір кезде шопыр жігіт маған «сыртқа шығайық» дегендей ымдады. Артынан толықша келген әдемі келіншегі ілесе шықты. Күйеуіне қарай жаутаң-жаутаң етеді. Көзі сондай мөп-мөлдір болар ма еді?!

- Көкеш, сен мына кісілерді күте бер. Мен мына братты Райкомға срочно жеткізуім керек. Кешке бюроға қатысады екен...

Келіншектің көзі бақырайып кетті.

- А-а, райком, бюро... Ойбай, онда тезірек апарып сал да, ешқайда бұрылмай үйге кел, мына кісілерден ұят қой! - деді.

- Әй, мен не, көшеде жүр дейсің бе?! Просто, мына братты жеткізу керек қой...

Сонымен біз жолдамыз. Бір кезде «Бірлік» совхозынан бір дөң асып түскенімізде, «Уазик» бырқ-бырқ етіп, төбесінен ұрғандай бір орнында тұрды да қалды. Шопыр жігіт жерге бір түкірді. «Әй, әкеңнің, ана медсестра қыз бүгін кезекші еді, үлгермейтін болдым!» - деп, ішкі сырын білдіріп қойды.

Көп ұзамай безілдеп «ИЖ» мотоциклі бізге қарай зулап келе жатты. Екеуміз қолды сермеп жүріп, әзер тоқтаттық. Люлкада 3-4 бала, қалай сиғанын білмеймін. Штурвалда отырған бала: «Бұл менің әкемдікі еді!» - деп, шырылдасын кеп. Сірә, бізді ГАИ қызметкері десе керек.

Біздің шаруамыз қанша? Отырып алдым мотоцилге. Дұрысы, «Люлка» мен артқы орындықтың ортасында түре кеп тұрмын. Мотоцикл ұшты дерсің. Осы оқиғаны мәңгі ұмыта алар емеспін. Оған дәлел - қазақтың көрнекті ақыны, біздің Ұлы ағаң - Ұлықбек Есдәулетовтың «Мотоциклдегі екеу» деген өлеңі бір оқығаннан-ақ жатталып қалған-ды жадымда. Мемлекеттік сыйлықты алғаны бар, алмағаны бар - қазақтың біраз ақынын оқыдым ғой. Олардан басымда ештеңе қалмады. Бірақ Ұлықбектің осы «Мотоциклдегі екеуі» есімде әбден жатталып қалды. Түнгі үште оятсаң, сюжетін айтып бере аламын. Себебі өзім басымнан кешірдім ғой...

Сонымен, ұша-ұша «Абай» совхозына келдік. Бұл - Қарауылға дейін көп болса 3-4 шақырым жер. Әй, жүгірдім-ау, кеп-кеп-кеп... Қалтамда кешегі Иран Ғайыптың Тыныштықбекке жазған үшбу хаты ғана. Кеше «Қаламгерде» дәлдүрлеп, шәй ішіп отырып, ұмытып кетіппін - кеш те болса Иранбек ағама «рахмет» деймін. Азамат екен! Ақын екен! Таза екен! Руға бөлінбейтін, жекжатын жіліктемейтін, сонау алыста - Абай елінде жатқан Тыныштықбектің өлеңін газетке шығарам дегені үшін мың да бір рахмет айтамын. (Алғыс пен рахметті қазақ кеш айтады). Мен де сол жақшаның ішіндегі көп қазақтың бірімін. Қазіргі заманда «лауреаттығын сатып жүрген» жазушы, ақынсымақтар аз ба?

Одан арғы қызықты айтып қайтейін - өткендегі «пен-клуб» «пен-клуб» па, арада апта өткен соң, Тыныштықбектің өлеңі «Қазақ әдебиетіне» шыққаннан соңғы «пен-клубты» айтсаңшы...

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 05 (181)  14 ақпан 2013 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395