«Атауы кеткен елдің, матауы кетеді»
Еліміздің шығысында орналасқан Өскемен (Усть-Каменогорск) қаласын бір тілде жазу және айту қашан іс жүзіне асар екен деп ойлаймыз кейде. Сонау 2007 жылдың 21 маусымында экс-президент Н.Назарбаев орысшасы Семипалатинск деп аталатын, қазіргі Абай атамыздың атындағы облыс орталығы - Семей қаласын, тек қана мемлекеттік тілде атауға жарлық шығарып, ұлттық мәртебемізді бір көтерген еді.
Әрине, ол кезде Өскеменнің көпшілік бөлігі славян тұрғындары болатын. Қазіргі күндері қазақтардың көрсеткіші елу пайызға жақындады. Бұрындары, осы қаладағы автобус, трамвайға отырғанда көпшіліктің ішінен бір-екі қазақты ғана көретінбіз. Қазір, жағдай мүлде басқаша. Сондай-ақ, қаладағы салалық жүйеде жұмыс жасайтындардың көбі қазақтар және осыларды басқарып отырғандар да өз ұлтымыздың өкілдері. Сондықтан, алдағы кезеңде Өскемен қаласының атауын тек қана мемлекеттік тілде жазуға, айтуға биліктің пәрмені керек-ақ. Бұған өзге ұлт өкілдері қарсы болмас деп ойлаймыз және бұл қазақ елі болған соң, солай болуы да қажет деген пікірдеміз. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстанды - Алтын алтай өлкесі, Батыс Қазақстанды - Ақ жайық өлкесі деп атауды да ескере жүрсе екен дейміз (Реті келгенде, орыстың облыс сөзінің орнына, аймақ, өңір, өлке сөздерін пайдаланса құба-құп болары еді).
Щучинск туралы
Әйелімнің елі солтүстік өңірден болған соң, Есілде және Бурабайда жиі болып тұрамыз. Барған сайын, Бурабайдың самырсынды тоғайын аралау көңіліңе қуаныш ұялатады. Хан болған Абылай бабамыздың қоныс еткен, билік жүргізген резиденциясының орынын көру бір ғанибет. Дегенмен, осы арадағы аудан орталығы болып саналатын Щучинск қалашығының атауын да қазақшалайтын уақыт әлде қашан келді. Бурабай, еліміздегі ең әсем демалыс курорты болған соң, осы елдімекенге әлемнің әр түкпірінен келетін демалушылар, туристтер жыл сайын көбейіп келеді. Мысалы, бұл қаланы: Абылай хан немесе, тіпті, Оқжетпес қаласы деп атаса да артық болмас еді.
Ұйғыр ауданы жөнінде
Әрине, бұл ұлт өкілдеріне ешқандай жамандығымыз жоқ. Қайта, бұлардың ұйымшылдығына, еңбекқорлығына, өз дәстүрі мен өз тілінде жүретіндігіне қызыға қараймыз. Дегенмен, кейінгі статистикалық санақты қарағанда, осы ұлт өкілдерінің саны да өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Біздің айтарымыз, ағайын, бауыр ел десекте, еліміздің алдағы кезеңдерін ойлауымыз керек. Бұлардың демографиялық дүмпуі қазақтарға қарағанда, әлде қайда жоғары. Алдағы он, он бес жылдан соң, бұл ұлт өкілдерінің саны миллионға жетуі мүмкін. Сондай-ақ, бұлардың көбі өздерінің ұлттық мектептерінде оқиды. Әрине, сандары өсіп, ұлттық мектептерінде білім алуларына еш шатағымыз жоқ. Бірақ, елімізде көптеген ұлт өкілдері болғандықтан, осы ұлт өкілінің атындағы ауданның атын өзгертсе дұрыс болар еді. Осы аумақтағы қазақтардың сөзімен Қара дала, не болмаса, Шарын (Ұлттық парк ) атауымен атағанда. Сонымен қатар, бұл ұлт өкілдері (татарлар да), қазіргі күндері қазақ болып жазылып, еліміздегі әр салаға кіріп, жұмыс жасап жатқанын білеміз. Әрине, оған ешқандай шатағымыз жоқ. Оларда, қазақтар секілді тең құқылы. Дегенмен, әсіресе, билік жүйесіне және қорғаныс саласына сақ болуымыз керек. Осы жүйелерге бұл ұлттарды жіберіп алмауымыз керек-ақ, секілді. Оны қаңтар оқиғасы дәлелдеді емес пе!
Қос қоғам жөнінде
Тағы бір айтарымыз, біздің елімізде қалыптасқан екі тілді қоғам бар. Қазақ және орыс тілді қоғам. Осыны бір тілді қоғамға (қазақ тілді) айналдырғанда жөн болар дейміз. Біздің оңтүстік және батыс облыстары, сондай-ақ, өзім өскен Абай облысы қазақ тілді өлкеге жатады. Солтүстік облыстар орыс тілді болып келеді. Кезінде, ұзақ жылдар солтүстікте әкімшілікте жұмыс істегенімде, ол жақтың тұрғындары қазақ тілін жолатпауға тырысатын. Қазір де, жыл сайын барып-келіп жүргенде, өзгерген ештеңені көрмейсің. Баяғы жартас, сол жартас. Елдімекендердің тоқсан пайыздан астамы орыс тіліндегі атаулар. Билік осы облыстардың әкімдеріне әр жыл сайын кем дегенде он, он бес пайызын қазақшалауды жүктегенде, қалай болар еді? Елдімекендердің көне атауын қалпына келтіру, тіпті, жоқ болса жаңадан атағаны жөн-ақ. Біздің тәуелсіздігімізге отыз жылдан асты. Ел тұрғындарының әлеуметтік жағын жақсарту, экономиканы көтеру, инвестиция тарту, ол да керек! Дегенмен, рұхани жағымызды жұпыны күйінде қалдырмай, қатар алып жүруді, еліміздің көпшілік бөлігі қолдаған билігімізге айтар көкей тесті үмітіміз.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz