Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2593 5 пікір 2 Желтоқсан, 2022 сағат 13:15

Екібастұзды тоңдырған кім? Саша сытылып кете ме?

Екібастұз жұртын 30 градустық сақылдаған сары аязда жылусыз қалдырған бас кінәлі анықталды. Екібастұздың жылу желісіндегі ақауға «станция қызметкерінің қателігі» себеп болған. Өткен 1 желтоқсан күні кешкісін ұйымдастырылған брифинг кезінде премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осылай деп мәлімдеді.

Мемлекеттік энергия қадағалау комитеті зерттеуінің алдын ала қорытындысы бойынша, жылу желілерінің бұзылуына «станция қызметкерінің қателігі себеп болған». Соның салдарынан желідегі қысым күрт көбейіп, «жылу желісіндегі көп құбыр жарылған», - дейді Скляр.

«27 қарашада бір мезетте 43 құбыр жарылды, 28 қарашада сондай 30 оқиға болды. Екібастұзда мұндай сипаттағы апат алғаш рет болып отыр. Апат жылу электр орталығында емес, желілерде болған. Көп құбыр жарылып, жүйеден су көп кеткеннен кейін жылу электр орталығындағы қазандықтар автоматты түрде өшіп қалған», - деп толықтырды орынбасар министр.

Роман Склярдың берген мәліметі бойынша, қазір Екібастұзда кемінде 17 көп қабатты үй жылусыз қалып отыр. Тағы 41 тұрғын үйге билік күн соңына дейін жылу жіберуге уәде берген. 1 желтоқсанда таңертең 5 «А» ықшамауданындағы жылу магистраліндегі соңғы ірі ақау жойылғанмен жылумен қамтамасыз ету желісіндегі тепе-теңсіздіктер мен желіден судың шығарылуы аталған ықшамаудандағы үйлерді жылу желісіне қосуға мүмкіндік бермей отыр. 5 «В» мен 6-ықшамаудандардағы үйлерді кезең-кезең бойынша жылуға қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Кеше түстен бұрын Президент Қасым-Жомарт Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақовты қызметінен босатып, Облыс әкімі міндетін уақытша Олег Крук атқаратын бұйрыққа қол қойған. Оған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Олег Кругтың Қазақстанның ең бай 50 адамының бірі саналатын олигарх, Екібастұз ЖЭО-ның қожайыны Александр Клебановтың қол астында жұмыс жасағаны қызу талқыға түскен. Олег Круг әр жылдары «Павлодарэнерго» АҚ-да директор және «Павлодар жылу желілері» АҚ-да президент қызметтерін атқарған. Ал бұл екі компанияны да олигарх Клебанов иелік ететін «ЦАТЭК» АҚ басқарып келген.

Олег Круг Павлодар облысы әкімі орынбасары қызметін атқарған жылдары өңірдегі жылыту маусымына даярлық жұмыстарына жауапты болған. Яғни, Екібастұз ЖЭО-ның қыстық жылыту маусымына даярлығын дәл осы Олег Круг қадағалап отырған. Демек жылу орталығы мамандарының техникалық дайындығына да жауапты осы тұлға деген сөз.

Әкімдерді ауыстырумен, кезінде соқыр тиынға жеке меншікке өтіп кеткен жылу орталықтарын мемлекет меншігіне қайтарумен мәселе шешіледі дегенге жалпақ жұрт иланбай отыр. Екібастұздағы төтенше жағдайға кінәлі деп билік айыптап отырған станция қызметкерлерінің алдағы тағдыры көптің назарында болатыны айдай ақиқат.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371