Абылайдың тұтқыннан босауы
Қазақ-жоңғар қарым-қатынастары
Біз қазақ-жоңғар қарым-қатынастырының жалпы барысына тоқталмақшы емеспіз. Тарихтың көп айтыла бермейтін кейбір тұстарына өз пікір-көзқарастарымызды білдіруді жөн санаймыз.
Қазақ-жоңғар-қазақ мәселесіндегі кейінгі зерттеушілер жағынан тікелей ауызға алынбайтын бір жағдай – қытай, орыс, қазақ ортасында өмір сүрген жоңғар атты хандықтың (мемлекеттің) ресми түрде өмір сүргендігі. Әдебиеттер оны жоңғар ханының (мемлекетінің) өкілі ретінде қарап, «Жоңғар мемлекетінің ірге кеңейту саясаты (шапқыншылығы») ретінде қарастырудың орнына «жоңғар шапқыншылығы» деген жалпылама атауды қолданады. Осы арада, қытай мен орыс қазақ арқылы жоңғарларға тұс-тұстан қысым жасап, шабуылдар ұйымдастырып, оны құртудың әр түрлі амалдары арқылы Жоңғар мемлекетінің байтақ териториясын бөлісіп алған жоқ па? – деген де сауал туындайды. Әрине, оның ұлтанды бөлегін қытай басып қалса да, орыстық отарлық олардың шегінген жолындағы түркі жұрттарын жаулау әрекетін жедел түрде жүргізгені белгілі.
Орыс мұрағаттарындағы құжаттардың барлығында сол кездегі атау бойынша «жоңғар хандығы», «жоңғар ханы» деген атаумен қағазға түскен. Олай болса, «жоңғар» атты хандықтың болғанын орыстар сол кезде толығынан мойындай білген, жеке мемлекет ретінде таныған. Бұл тақырыпты жаңаша бағытпен тереңдету үшін моңғолияда, қытайда сақталған жоңғарлар заманының төл жазбаларын, тарихын зеттеруге тура келеді. Ол өз алдына бөлек тақырып, біздің айтпағымыз ол емес.
Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюевтің Әбілқайыр ханмен және басқа қазақ ел ағаларымен, сондай-ақ, жоңғар және қарақалпақ елшілерімен Ор қаласында өткен келіс сөзінің хаттамаларынан бір үзінді оқып көрейік. Онда И.Неплюевтің жоңғар елшілерімен оңаша сөйлескені былай баяндалады: «Жоңғар елшісі Қашқа сөз бастады: Ғалдан Церен бастаған жоңғарлардың қытайлармен қанды қырғын соғысы кезінде, қазақтар жоңғар жерлеріне басып кіріп, көп шапқыншылық жасады. Қалмақ билеушісі қытайлармен татауласқаннан кейін, қазақтардан кек алу үшін 30 мың әскерді үш бөліп, қазақ даласына аттандырды.
Әскердің он мың адамдық бір бөлігі Ташкент жағынан кіріп, қазақтарды Орға дейін қуды. Сол кезде қазақтар; «сүйегіміз ағарғанша соғыстық, енді шашымыз ағарғанша тату көрші болайық», деп тілек айтқан, аманат беруге уағда болған.
Қазақтың үш жүзінің Ұлы Жүзі қалмаққа аманат беріп отыр, Ғалдан Церен бізге қалған екі Жүзден аманат алып келуге жарлық еті. Сөйтіп, қазақтармен тату көрші болып тұрмақ, басқа тапсырмасы жоқ» деді ... Ресейге қарайтын қазақтар, бұрынғы бассыздығын былай қойғанда, Барақ сұлтан, тағы бір Шона деген беймәлім адам, үш жүздей қолды бастап келіп, жоңғар жерін шауып кетті»[1].
Аталған хаттамадан байқалатыны – біз (қазақтар) жоңғарларды «шапқыншы, барымташы» десек, олар (жоңғарлар) бізді шапқыншы, бұлаңшы ретінде көрсетіп, ресей өкілдерінен ара ағайын болуды сұрайды. Сөйткен орыстар «ара ағайындықты» былай қойып тек қана араға от тастаумен болды.
Қазақтардың жоңғарға тәуелді, бағынды болған тұсында бейбіт отырған қазақ ауылдары жау ретінде емес, жергілікті, тұрғылықты халық ретінде саналып, тек қана жоңғарларға алым-салық төлеп отырды. Араларында достық, туысқандық, құдандалық та аз болған жоқ. Оның мысалдары ұлы жүз, кіші жүз руларының сол кездегі жағдайынан анық көрінеді. Жоғарыдағы Ғалдан Цереннің сәлемін жеткізуші елшінің «қазақтармен тату көрші болып тұрмақ, басқа тапсырмасы жоқ» деуі де соны ұқтырады.
«Цевен-Равданның кезінде жоңғар мемлекетінің халқының саны 600 мыңға жуық, тұрақты әскерінің саны 60 мың, ал соғыс кезінде оны 100-120 мыңға дейін жеткізетін мүмкіндігі болды»[2] дейтін бір дерек бар. Бұл мәлімет бойынша қарағанда, жоңғар жасағының барлығы да, өздерінің моңғол текті тайпаларынан емес, уысына алған жерлердегі барлық ұлт, ұлыстарды да жорық тобына қосып алды дегенді білдіреді. Цевен-Равданның заманында ғана емес, «жоңғар шапқыншылығы» аталған кезеңдердің барлығында да көшпендінің қай тобы мықты болса, басқасы соған ерікті-еріксіз түрде қосылып, қарсы жағына қырғидай тиісетін болған. Бүгін де қазақ ұғымымен отырған рулар ішінде сол заманда жоңғар қолына қосылып, қандастарына шапқан талай ру-тайпалар болды.
Жоңғар оқымысты, діндары Зая Бандида (1599-1662) хақында мынадай бір баян бар: «Ол өзінің негізгі ауылын Аякөз өзені бойындағы Шаған Тоқай (Ақтоғай) деген жерде қыстатып, өзі Іле өзені бойындағы Цэцэн ханға келді. Сол кезде Цэцэн ханның ордасы Іленің бойындағы Талғарда қыстайтын. Ал Абалайдың қыстауы Шара Тоқай (Сарытоғай) еді. Жазда (1647) Зая Бандида Жоңғарияның Батыр қонтайжы ордасында болды. Абалай тайжымен Шу бойында қыстады»[3].
Қожаберген жырау Толыбайұлының әйгілі «Елім-ай» дастанында жоңғарлардың ұлы жүз жерін жаулауы хақында төмендегідей баяндалады:
Сұм қалмақ Үш жүз қанын судай шашты,
Мылтығы көп болған соң күші асты.
Жау шауып, есі шыққан момын Дулат,
Арғын мен Қыпшақ жаққа көше қашты.
Ұзамай Іле бойын Жоңғар алды,
Қаша алмай Албан, Суан жауда қалды.
Аймағын Жетісудың түгел жаулап,
Дұшпандар зор жылатты Қаңлыларды.
Амалсыз Шуға ауып Төле кетті,
Соңынан азғана ауыл ере кетті.
Жау қалмақ бүгін бізді жеңседағы
Түбінде оны қазақ жеңер депті...
Хангелді өз тобынан бөлек кетті,
Бұл соғыс бізге келген пәле депті.
Қоршаудан шыға алмаған Сіргелілер,
Шанышқы, Ошақтылар зар еңірепті.
Бір елі Ұлы жүздің Шапырашты,
Жау қоршап, олардың да құты қашты.
Соғысқа қамданбаған көшпеліге,
Тұс-тұстан Хорос, Шорос майдан ашты.
Сары Үйсін, Ысты, Қаңлы жауда қалды,
Қоршаудан Үйсін жұрты шыға алмады.
Табиғы қалмақтарға болғаннан соң,
Бек, биі Ұлы жүздің корғалады[4].
Демек, жоңғарлар ұлы жүз жеріндегі қазақтарды өз басқаруына алып, олармен ұзақ уақыт (кемінде жарты ғасыр) бойы бірге қоныстанып отырған.
Осы кезеңде орын алған оқиғаларға қарасақ, «сол жылы қыста (1652) Шешен хан бұрұттарды (қырғыздарды) бағындырды. Осы жорықта Галдамба он жеті жас (кіші) еді. Жәңгір (Йаңгір) ханды қылыштап өлтірді. ... Ит жылы (1658) шаған айында (жаңа жыл басында) Бұхараның әскери қолбасшысы («нояны») Әбду Шүкір үш түмен сегіз мың әскерімен Талас өзеніне келіпті. Галдамба шет аумақта жалғыз болғанымен үш мың адам жинап Құлан Жыланды деген жерде таң сәріде шабуылдап Қу өзеніне дейін қуалап Әбду Шүкірді өлтіреді...»[5]. Жоңғарларға бағынышты болып өрістес-қоныстас отырған қазақтардың аталған ұрыстарда оларға қосылмай, шет қалуы мүмкін емес.
Қазақ қана емес, жоңғарлар өздері жаулаған барлық аймақтарға әмірін жүргізе білді.
Қожаберген жырын да ол да айтылады:
Сібеге киім тіккізіп,
Дүнгенге егін еккізіп,
Дайындады жасағын,
Бұйрығын қалмақ өткізіп.
Қырғызға малын баққызып,
Солонға отын жаққызып.
Ойғырдан ғаскер жинады,
Көнбегенін шапқызып.
Сахаменен Хасқа да,
Айтқандарын еткізіп.
Әзірлеп қару-жарағын
Сөздерін елге өткізіп.
Шор, Тұба, Хас, Саханы,
Есіләм діннен айырған...
Өз дініне мойын ұсынтып,
Бақытын бастан тайдырған[6].
Ұзақ уақыт аралас-құралас отырған ауылдардың қыз алысып, қыз берісіп құдандалы болуы да табиғи құбылыс. Ол туралы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында:
Сақтауға өз бастарын кейбір төре,
Қалмақпен құда болып, амал қылған.
Жаудан аман қалуға тәсіл тауып,
Шабылмай ауылдары есен тұрған[7], – деген жолдар кездеседі.
Біздің би-сұлтандардың, батырлардың талайының қалмақ қыздарын жар еткенін еске алсақ, біздің де талай апа-әпкелеріміз өзгелерге жаттық болған. Мұның бәрі зорлықты, мәжбүри түрде іске асты деу қиын. Бейбіт, көршілес отырған киіз туырлықтылардың тұрмыс-тіршілігі мен жан жақындығынан бір-біріне бауырластық танытатындығын да жоққа шығаруға болмайды. Тіпті кейде «бай байға құяды, сай сайға құяды», «қарадан қатын алмаймыз» деп, жоңғар төресі мен қазақ төресінің құдандалы болуы да тарихи шындық.
«Жау жүрек мың бала» филімінде жоңғарлар мен қазақтардың аралас өмір сүргенінің қарапайым мысалдары біршама көрініс тапқан.
Демек, біздің әдебиеттерде «жер қайысқан жоңғар қолы» деп бейнелетін сансыз сарбаздың құрама қосын екенін анық аңғарамыз. Тіпті мұндайда: «түркіні түркі шапқан, қазақты қазақ шапқан» дегенге аузың да бармайды. Алайда шындық солай.
Жоғарыда айтылған Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюевтің Ор қаласында өткен келіссөзінде жоңғар елшісі Қашқаның көмейінде айтылмай қалған бір сөзді: «біздің мақсатымыз – Моңғол империясын қайта тірілту үшін сахарадағы көшпенділердің басын қосып, ортақ мұрат үшін күресу идеясын қалыптастыру» деп болжауға болар еді.
Бұл туралы В.А. Моисеев Жоңғарияны Орталық Азиядағы «ең соңғы көшпелі империя» дей отырып, оны билеген қонтайшылар Батурдан бастап Қалден Серенге дейінгі билеушілердің сыртқы саясаттағы басты мақсаттары Шыңғыс хан кезеңіндегідей моңғол әлемінің даңқын асырып жаңа қуатты көшпенділер мемлекетін құрмақшы болды десе, академик Н.И. Конрад «Ұлы империя көлеңкесі моңғол хандарының санасынан ұзақ уақыт бойы ешқашан кеткен емес»[8] – деп көрсетті.
Оның нақты мәнін Ғалдан Церен-Абылай оқиғаларынан жүз жыл бұрын өткен «моңғол құрылтайынан» анық көруге болады.
Жоңғар билеушілері 1640 жылы Тарбағатайда жалпы Моңғол әулетінің ұлы құрылтайын шақырды. Жиынға Халха, Ойрат, Хошууд, Хөхнуур моңғолдары және Еділ торгуудтарының ең жоғарғы лауазымды 28 ірі ноян дары қатысты[9].
Жиынға қатысушылар бұрынғы Шағатай ұлысы, Моғолстан территориясын күшпен біріктіру арқылы бұрынғы «Моңғол империясын қайта тірілту» туралы ойраттардың пікір талабын қолдап, моңғол тарихында №2 «Ұлы жарғы» атанған «Моңғол-Ойрат заңы» немесе «Дөчин, дөрвөн хоерын Их цааз» («Қырық және төрттіктің Ұлы жазасы») деп аталатын жаңа заң қабылдады.
Аталмыш заң: 1) Ойрат-моңғол феодалдарының ішкі алауыздығын жойып, елдің ішкі қатынастарын реттеуге арналса, 2) Бұрын Шағатай, Моғолстан билігінде болған жұрттарды күшпен біріктіру арқылы шығыстан келе жатқан Зөрчид (Шүршіт) шапқыншылығына тойтарыс беруді көздеген еді[10].
«Бұл заңның шығуының тарихи-саяси бірнеше себебі бар. Сол кездерде моңғол тектестердің ханы Лигдэн батыр басқаратын Цахар аймағы (бүгінгі Ішкі Моңғолиядағы) манжұрлардың қол астына өтіп, Лигдэн хан Көк көлге (моң: Хөх нуур) бас сауғалап барып, 1634 жылы қайтыс болған. Ал Халқа моңғолдың Цогт тайжы батыры да сонда елдің егемендігі үшін күреске барады. 1636 жылы Ішкі Моңғолия мен Халқа Моңғолия нояндары манжұрларға бағынуға мәжбүр болды. Ресей патшалығы болса отарлау саясатын қарқынды жүргізіп Байқалға дейінгі жерлерді иемденіп, буряттарды өздеріне қаратып алды. Манжұрлар Моңғолияны түгелдей бағындырды. Ойраттар ғана өз дербестігін сақтағанымен, аталмыш заңда көрсетілгендей, сыртқы жауларға қарсы «екі одақтас мемлекет» деген шартында тұра алмай, Халқа моңғолдарға қол ұшын бере алмады. 1688 жылы Халқа моңғол мен ойраттар арасында тіпті соғыс басталып кетті. Бұл манжұр-қытайлықтардың «көшпелі елді көшпелі елмен жою» деген астыртын саясатының бірден-бір көрінісі еді»[11].
Жоғарыдағы дерек көздерінен қарағанда, «жоңғар шапқыншылғы» атанған ұлы жорықтың мақсаты – ежелгі түркі даласындағы көшпенділердің басын қосып, «Моңғол империясын қайта тірілту» болғанын, әрі оның заңмен бекітілгенін көрсетеді. Әрі осы жолдағы олардың (біздің де) ата жауымыз орыс пен қытай екені айқын көрініс тауып тұр.
Манжұрлар 1732 жылы қазіргі Батыс Моңғолияда Улиастай (Жавхлант) деген қаласын салып, жоңғарларға үстемдік жасағанын ескерсек, шын мәнінде «жаулаушы», «шапқыншы» жоңғарлар емес, қытайлық Манжүрлар болған. Жоңғарлар бірлігі өздерін құтқару арқылы, елдігін сақтау идеясынан туындаған.
Шын мәнінде, Жоңғарлар соғысы кезеңінде олар орыс мемлекетін басты жау ретінде санамаған. Себебі орыстар жоңғар хандығын (мемлекетін) жеке ел ретінде қарап, олармен әр-түрлі дипломатиялық қарым-қатынастар жасап келген. Әр екі жағы да көмескіде жау санағанымен көрініс жүзінде бір-бірімен тең, қатар саясат жүргізетін тең құқықты ел ретінде көрінуге тырысып отырған.
«Ресейдің I Петр патшасы Қазақ даласын «келешекте Индия қақпасына шығатын есік» деп санады. Қазақ даласын бағындыруды жеделдету үшін Жоңғар хандығымен тіл табысуды көздеді. Зая Бандида жазбасындағы[12] кейбір деректер орыстың бұл саясатын растай түседі. Ойраттың алғашқы елшісі Томскіге 1607 жылы барады. Ойраттың Батыр қонтайжысы Харахул 1628 жылы өз тайжы, нояндарына «орыстармен ешбір қақтығысңа бармауын тапсырған». Батыр қонтайжы билікте болған бастапқы 15 жылда (1635-1650) Ресей мен Жоңғар хандығы арасында 17 мәрте елші алмасқаны жайлы моңғол тарихы хабарлайды. Бұл қарым-қатынастар жалғаса береді. 1722 жылы I Петрдің тапсырмасымен капитан И. Унковский жоңғар ханы Цэвэн Равданмен жолығады. Орыс патшасының сәлемін жеткізеді. Егер Ресей қазаққа шынымен жаны ашып, қазақ халқының мүддесін қорғайтынын жеткізген болса, бір жылдан кейін (1723 ж.) Цэвэн Равданның ұлы Чоно-Даваа қазақты шауып, қайғылы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы басталмаған болар еді. Бірақ өйтпеді. Жоңғарлар қазақты шығысынан шауып жатқанда, орыстар «бізге өз еркіңмен қосылсаң ғана құтқарыласың» деп Әбілқайырды үгіттеумен, қыспақтаумен болды»[13].
Ресей мен Жоңғар арасында 1720-1755 жылдары 19 рет елші алмасқан екен[14]. Демек, олар тең құқықты елдер ретінде қарым-қатынас орнатып отырған.
Сол тұстағы жоңғарлардың басты жауы қытайлар болғаны сияқты, қытайдың Цин елі үшін жоңғарлар да аса қауіпті жау есептелді. Сондықтан олар жоңғарларды әлсірету үшін барлық айла-амалы мен саяси сұрқиялықтарын аямады.
Аталған деректеріміздегі «шығыстан келе жатқан Зөрчид (Шүршіт) шапқыншылығына тойтарыс беру» деген сөз бен орыс мұрағатындағы жоңғар елшісі Қашқаның: «Ғалдан Церен бастаған жоңғарлардың қытайлармен қанды қырғын соғысы кезінде» дегені сол сөзіміздің дәлелі. Ал Қашқаның осы сөзінің жалғасындағы біз қытаймен соғысып қан-жоса болып жатқанда: «қазақтар жоңғар жерлеріне басып кіріп, көп шапқыншылық жасады» деуі, жақынына балаған қазақтардың «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алды» болып, өздеріне жауыққанын көрсетсе керек.
Осылайша, аталмыш құрылтайда қаралған «Бұрын Шағатай, Моғолстан билігінде болған жұрттарды күшпен біріктіру» ісі өте тез арада қолға алынып, қазақ даласына қаратқан шабуылдар басталады. Шыңғыс хан дәстүіріндегідей, шабуылға шығар алдында бірден өзгенің жеріне басып кірмей, алдын ала оларға бағыну хақында елшілер аттандырады. Қарсы жақ соғысуға дайын болса «тұрысатын жерін айтсын» дейді.
Сөйтіп, Жоңғарлардың Қазақстан мен Орта Азияға кең көлемде жүргізген ендігі жорықтарының басты мақсаты, ондағы халықтарды тонап, құлдыққа салып, материалдық жағынан пайдаға кенелу ғана емес, болашақта бір орталыққа бағынған моңғол-түрік мемлекеттілігін құру болып табылды. Бұл үрдіс әсіресе ХVІІІ ғасырдың 40 жылдарындағы Қалден Сереннің қазақтарға, Еділ қалмақтарына, Тибет, Таулы Алтай, Қарақалпақ, Орта Азияға үсті-үстіне жіберген елшіліктердің іс-әрекеттерінен байқалады. Осы елшіліктер бұрынғы жауластықты, қайшылықтарды жойып, бірігудің алғашқы жолдарын іздестірді. Мұндай жағдайды Қалден Серен мен оның балаларының қазақ хан-сұлтандары және тікелей Абылай ханмен болған келіссөздерден көреміз.
ХVІІІ ғасырдың 40-шы жылдарындағы үздіксіз қантөгіс, қарулы қақтығыстардан титықтаған қазақтар мен ойраттар өзара жақындасуға, қадам жасауға мәжбүр болды. Бірақ орыс үкіметі мен Орынбор әкімшілігі Орта жүз бен Кіші жүздің Жоңғариямен жақындасуына кедергі жасап, аса құйтұрқы әскери-дипломатиялық шараларды жүзеге асыруға кірісті. Қазақ хандарының Жоңғариямен одақтасуы, сөйтіп Ресей мен Сібірдің шекарасына тақау жерде мықты көшпенділер мемлекетінің пайда болу мүмкіндігі Ресей империясының басшылығы арасында үлкен қобалжу туғызды. Олар жоңғарлар мен қазақтардың жақындаспауы үшін қолдан келген айла-шарғылардың барлығын жасады[15].
1643-1644 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы ең алғашқы хабарды Г.Ильин береді. Ол 1644 жылы ақпан айында Батыр хонтайшының ордасынан Тобольскіге қайтып оралып, воевода Куракинге осы соғыс туралы баяндайды. Дәл осы жылы және сол айда Тобольскіге келген ойрат көсемдерінің бірі Абылай-тайшының елшісі Бахтыйдың хабарламасында да 1643-44 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы айтылып, ол да Г.Ильиннің мәліметін растайды және оны толықтыра түседі[16].
Дәл осы кезеңде Жоңғар қолына түскен Жәңгірхан да аман-есен босап шыққан еді. Қолға түскен адамды бірден өлтіре салу жоңғар заңнамаларында қарастырылмағаны анық. Бұған қатысты келесі шағын тақырыпшамызда арнайы тоқталатын боламыз.
«Отарлаудың көп қырлы тәсілдерінің бірі «жабайлыларды жабайылардың» қолымен қыру, бір-біріне айдап салу. Осы орайда, қос империя (Ресей мен Қытай) көшпенділердің ұрандап тізе қоса күшейіп кететін жауынгерлік рухынан қорқып, олардан құтылудың жолы олардың ішкі қайшылығын шебер пайдаланып, араларына от жағып, шағыстырып, өздері тасада тұрып, олардың қолымен от көсеу әдісін толық жүзеге асырды. Осы кезде іздегенге сұраған дегендей, қазақ пен қалмақ арасында мал жайылым, өріс-қонысқа талас өршіп кетті»[17].
Егер орыстар шынында да қазаққа бүйрек бұрып, жаны ашыса, жолғарыда келтірілген деректе көрсетілгеніндей, 1722 жылы I Петрдің тапсырмасымен капитан И. Унковский жоңғар ханы Цэвэн Равданмен жолыққанда, келесі жылында болған қазақты шауып, «ақ табан шұбырынды» еткен қанды оқиғаны тежеуге болар еді ғой. Іс жүзінде орын алған оқиғаға негізделгенде тежеу түгілі қасақана айтақтап, екі халықтың жаулығын өршіте түсті.
«Ресей патшалығы жоңғар-қазақ қатынасының шинелісуіне өте мүдделі болды. Өйткені, олар жоңғармен үздіксіз соғысып титықтаған қазақтар түбі Ресейге мойын бұрары сөзсіз деген ұстанымда еді. Осы пиғылын тереңдете түсу үшін «екі көшпелі елдің соғысынан сақтану» деген желеумен оңтүстіктегі шекара шебінің қауіпсіздігі үшін бекініс-қамалдар салуды жеделдетті. Алысты болжаған Ресейдің бұл әрекеті көп күттірмей нәтиже берді. Осылайша көшпелі екі мемлекет (Жоңғария мен Қазақия) екі айдаһарға (Ресей мен Қытай) жем болуымен аяқталды»[18].
«Көшпелі халықтардың соғысы тек қана сол екі халықтың ғана саясатынан туындамаған-ды. Қос қапталдан алынып, қыспаққа түскен халықтардың өзара қақтығысы империялық саясаттың да нәтижесі болатын. Сол дәуірдегі Азия даласындағы екі жауынгер, екі ірі халықтардың соғысы бірін-бірі әлсіретті, қансыратты, тіпті қазақ халқын жоқ қылуға аз-ақ қалды. Ал құба қалмақтарын Цин империясы жұтып барып тояттанды. Ал қазақ елін Россия империясына тәуелді етуге душар етті»[19].
«Тауарих хамсада» жазылуынша, Чиң патшалығы үкіметі Дауачи мен Әмір-Сананың бүлігін тыныштандырғаннан кейін, қазақ, қалмақ арасындағы Аякөз өзеніне құйылатын Лайсу-Батпақсу деген жерде екі елдің басшылары келіссөз өткізіп, бітімге келеді. Бұған Чиң патшалығы үкіметі жіберген Қарадүрчүн деген мәнсапты Іледен келіп қатынасады. Олар көкқасқа айғыр, қарабас қошқар сойып, қолдарын қанға матырып: таланған мал, аққан қан салауат деседі.
Құрбанғали Халиди келтірген деректер бойынша бұл келіссөз 1757 жылы болғаны мәлім. «Екі жақ (қазақ-қалмақ) бітімге келгеннен кейін қазақтар ақырындап ілгерлей берді. Аякөз өзенінен өтіп Алакөлге, бер жағы Зайсан, Тарбағатай тауына шейін асты»[20].
Қазақ-Жоңғар қарым-қатынастарында біз жоғарыдағы баяндарымызда кейбір қазақ ауылдарының олармен аралас-құралас күй кешкенін айтқан едік. Осы орайда тағы бір айта кетерлік жағдай, бүгінгі Ақмола өңірінің кейбір өңірлері және солтүстіктегі кейбір аймақтардың жоңғарлар шапқыншылығынан мүлдем ада, бейтарап өмір сүргенін де айта кетуіміз керек.
Мұның мысалдарын да Қожаберген жырау жырынан іздесек, «Елім-ай»-да:
Бұл жақта Орта жүздер алыс көшпей,
Дұшпанның шабуылына көп кездеспей.
Қалған жұрт Қорғалжынға жиналыпты,
Табысып туысқанмен безінбестей.
Қорғалжын аймағына топталыпты,
Қалмақпен соғысуға оқталыпты.
Би мен бек, хан мен батыр кеңес құрып,
Сол жерде көптің мұңы жоқталыпты...
Мұндағы ел аштық көрген емес пенде,
Малдан да құр алақан емес кенде.
Бәрінің күнелтерлік азығы бар,
Қарасып жатыр аш пен ауру-кемге, – делінеді[21].
Жоңғар немесе қазақ-жоңғар қарым-қатынастары сөз болғанда, біз мектеп оқулықтары арқылы оқушыларға да дұрыс түсінік бере алмай келеміз. 8-сыныпқа арналған Ж.Қасымбаев құрастырған «Қазақстан тарихы» оқулығын қарайық. Оқулықтың 7-бетінде «Жоңғарияның күшеюі...»[22] – деген тақырып берілген. Тақырып аясында жоңғар деген кім, қандай ел, қандай мемлекет? Оның шапқыншылық мақсаты не? деген сауалдар толық шешім таппаған. Жоғарыдағы біз көрсеткен сараптамалық пікірдің бірі де жоқ; бар болғаны орыстар дайындаған оқулықтардың көшірмесі ғана.
Кешегі алып түркі империясының жұртындағы бағзы туысқан тайпалар ортадағы орыс пен қытайдың кесірінен құмырысқаның беліндей үзілермен күйге жетті. Шығыс бөлегі – «моңғол» аталған Моңғолия елінің құрамына кірсе, батыс бөлегіндегі түркілер – қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен сынды түркі елдеріне бөлінді. «Құмырысқаның белі» болған орта аймақтағы ұйғыр түркілері қытай боданында қалды. Ал бір бөлімі (Еділ қалмақтары) әлі де болса орыс боданы болып «Қалмақияны» қалыптасырып отыр.
Абылай хан тұтқыннан қалай босады?
1729 жылы жоңғарлармен болған Аңырақай шайқасында алғаш рет көзге түскен Әбілмансұр атты жігіт ортаға «Абылай» деп ұрандатып шығып, қалмақтың батыры Шарышты жекпе-жекте өлтіреді. Қалмақтың қас батырын жеңген Сабалақ атанған Әбілмансұрдың аты қазақ даласына осылай тарап, жұрт оны содан бастап «Абылай» деп атап кетеді. Осы шайқастан кейін Абылайдың шыққан тегі мәлім болып, қазақтың ханы Әбілмәмбет «тақ сенікі» деп тағын ұсынған екен. Абылай өз заманының көреген де ақылды саясаткері, жаужүрек батыры, өткір ойлы, дарынды дипломаты болған. Ол сонымен қатар мұсылмандық білім алған, сауатты да айбынды билеуші болған. 1730 жылы Абылай хан көрші елдермен келісімдерге қатысып, қазақтардың барлық әскери жорықтарын басқарады.
Тарихи шешімі толық шықпаған оқиғаның бірі Абылайдың жоңғарларға тұтқынға түсуі мен босатылуы хақында.
Бірінші сұрақ – жоңғарлар Абылайды не үшін тұтқынға алды?
Екінші сұрақ – жауы ретінде тұтқынға алса не үшін босата салады? Жай ғана босатпай олжамен аттандыруының сыры неде?
Осы бір сұрақтарға әркім әлінше жауап беріп келді.
1738-1741 жылы Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншылырына бірнеше мәрте соққы берді. 1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Шын мәнінде Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында аса үлкен алаңдаушылық туғызып, оны босатып алу мәселесі үлкен саяси оқиғаға айналған еді. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасайды. Осы кезеңдегі Орынбор губернаторы И.Ш.Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттарына қарағанда бұл деректің де шындықтан аса аусай еместігі байқалады.
Алайда Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған хатында қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кете ме деген қауіп те білдіргенін еске алсақ, екі жақты өткен келісімдердің аса жаулық деңгейінде емес, ымыраластықпен бейбіт түрде жүрілгені байқалады. Соның бір мысалы ретінде қазақтың үш жүзінен Төле би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алғанын атауға болады. Дәл осы кезеңдегі Төлеби ауылдарының жоңғарлармен өріс-қоныс аралас отыруын еске алсақ, осы елшілескен топтың тату көршілік тұрғысынан сөйлесілгенін де межелеуге болады.
Мәскеу мұрағатынан табылған (қор 122, тізім 1, іс 2) хатқа жүгінсек, онда Абылай сұлтанның Қалдан Сереннің тұтқынында екені жазылған. Бірақ қалай қолға түскені жазылмаған. Халықтың айтуы бойынша, жоңғарлардың қолына түсу себебін екі түрлі түсіндіреді. Біріншісі, Қалдан Серен тұтқиылдан Абылайдың ауылына шабуыл жасап, батырларымен қапылыста қолға түсірді десе, екіншісінде, Абылай сұлтан нөкерлерімен аң аулап жүргенде тұтқынға түсті делінеді.
Ал оның тұтқыннан бостылуы туралы да екі түрлі жорамал айтылады. Біріншісі, Ресейдің елшісі майор К.Миллердің Қалдан Серенге апарып берген генерал-губернатор Неплюевтің хатынан кейін босатты десе, екіншісі қазақтың би-батырлары талап етіп босатып алды дейді. К.Миллер туралы айтқанда кейбір тарихшылар оны жұмсаған Ресейдің орталық үкіметі емес, Орынбордағы капитан И.Неплюевтың Қалдан Серенге елшілікке аттандырғанын, оның жанына жолбасшы қылып Шақшақ Жәнібек батыр өзінің інісі Байқұлақ батырды қосқанын жазады. Енді бір деректерде К.Миллерді Қалдан Серен қабылдамайды, ол көп күтіп жүріп Жетісуда шекарада тұрған Сары Мәнжімен ғана сөйлеседі. Байқұлақты қалмақтар К.Миллердің көзінше: «орыстарды неге бастап әкелесің деп» азаптап өлтірді делінеді. Әлілқайыр хан мен Барақ сұлтан арасындағы әр түрлі шиленістерге орай И.Неплюевтің 1745 жылғы 29 шілдеде Сыртқа істер алқасына жолдаған тағы бір хатында: «Қазақтың аса беделді және әлеуетті ел ағасы Жәнібек тархан маған хат жазып, жоңғарлармен соғыспақ болған. «Әбілқайыр хан және басқалары қолдайды екен. Оның себебі: 1743 жылы Миллерге қосшы ретінде берілген белгілі қазақ ел ағасын (ол әрі Жәнібектің туысы) жоңғар жағы қинап өлтірген (бұл туралы журналда бар)» деген жолдар бар[23].
Миллердің аталған хатының көп кешігіп жеткені мен хат тигеннен кейін де Абылайдың бір жылдан астам тұтқында болғанын ескергенде, хаттың шешуші мәні болмағаны анық. Ар орыс үкіметінің бұл хатты жазуындағы ендігі бір саясаты: «Абылай біздің боданымыз, оның иесі бізбіз» деп өздерінің боданға алу, құлдану сынды қитұрқылығын да жоспарлағанын байқауға болады. Осы арқылы ертеңгі күні Абылайға: «сені ажалдан алып қалған біз едік қой» деп өз мүдделеріне мәжбүрлеуі де бек мүмкін еді. Жазушы Софы Сматай «Қазыбек би» атты көлемді монографиясында: «Абылайды қалмақтардың қолынан босатып алу үшін орыстардың атсалысуы, оған жаны ашығандық емес, халық арасында үлкен беделге ие Абылайды босаттыру арқылы қазақтар арасына ақ патшаның беделін көтеру және сендердің ата жауларың қалмақтар бізді тыңдайды, бізбен санасады һәм қорқады деген түсінік қалыптастыру екені анық» дейді[24].
Осы жайлар сөз болғанда тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсенов: «Мен танысқан хаттарға сүйеніп, Абылай ханның тұтқыннан босап шығуына үш түрлі себеп болды деймін. Ең бастысы, Абылайдың өзінің ақылдылығы, тапқырлығы, дипломаттығы. Оны халқының сыйлайтындығы Қалдан Серенді ойландырды. Екінші себеп – шын мәнінде оған арашашы болған беделді би-старшындар. Үшіншісі, Миллердің де әкелген хаты әсер етті» деген уәж айтады.
«Миллердің де әкелген хаты әсер етті» дейтін идеямен көп келісе бермейтін ғалымдарда аз емес. Бұл хақында «зерттеушілер қазақ-қалмақ қарым-қатынасының әр кезеңде өзгеріп тұрғанын, біріңғай жауласушылық бола бермей, аракідік мәмілеге келуді ойлаған сәттер де орын алғанын, кей жағдайда қазақпен ынтымақ жасауға ойрат басшыларының ықыласты болғанын баяндай келіп, Абылайдың Қалдан Церен тұзағынан құтылып шығуының басқа да күрделі себептері бар екенін ескертеді. Қазақтың шашырандылығын, әкімдерінінің алауыздығын пайдаланып, тұтқиылдан шабуыл жасап, елеулі табыстарға жеткенімен, ұшы-қиыры жоқ сахараны жайлаған, ішкі қуаты сарқылмаған елдің қауқарын Қалдан Церендер де сезіп, кейде осы халықпен күш біріктіруді, Абылай сынды айрықша дарынды жандарға «кешірім жасап» өзіне тартуды да көздегені анық. Абылайдың 1743 жылы жоңғар түрмесінен аман-есен оралуына негізгі себеп осы деп қарауға болады. Мұны тарихшылардың соңғы кездегі еңбектері де қуаттайды. Мәселен, В.А.Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII в.в.» деген кітабында бұл мәселеге едәуір анықтық енгізген. Ол осы еңбегіне Абылайдың тұтқыннан босап шығуы патшалық әкімшілігін қуанта қойған жоқ[25] деп тұжырымдауы ойланарлық жағдай. Демек, бұл жағдай қалмақ пен қазақ сынды екі халықтың өзара өштесіп, бірін-бірі қансыратып жатқанын қырағы бақылап, кейде бұлардың арасын әдейі ұшқындырып (ушықтырып – ред) отырған патшалық әкімшілігі Абылай секілді ел басшысының азат жүруіне мүдделі болмағанын байқатады. Екінші жағынан, Ресей қалмақ пен қазақтың екі мықты басшысының өзара тіл тауып кетуінен қатты сескенген. Осыны байыптай келіп, В.А.Моисеев Абылайдың еліне аман оралуының негізгі себебі Қалдан Цереннің оны өзінің болашақ күрестерінде одақтас еткісі келгендіктен деп маңызды пікір айтады (көрсетілген кітап, 157-бет)[26].
Әбілмәмбет ханның осы істегі шешуші қызметтері мен баласын кепілдікке беруі сынды дипломатиялық іс-қимылдары да тарихи оқиғалардың тасасында қалып көп атала бермейді. Атап айтқанда Абылайдың тұтқындағы орайын пайдаланған орыс жағы Әбілмәмбетті өздеріне тартуға барынша тырысады. Ондағы ойлары – біріншіден, Абылайдың тұтқындағы кезін пайдаланып, Әбілмәмбетті және оның халқын бір жола бодандыққа алу болса, екінші тараптан қазақ жағы мен жоңғарлардың ішкі ымыраға келу қаупіне қарсы тұрып, Әбілмәмбетті Жоңғарға және мүмкін болса Абылайға қарсы қоюдың жолдарын қарастыру болатын. 1742 жылы 23 маусымда Елизавета патшаның Әбілмәмбетке және Орта Жүздің бүкіл қазақ халқына жолдаған жарлық-хаты[27] және осы мерзім ішіндегі Орынбор комиссиясының бастығы (губернаторы) И.Неплюевтің жоңғар және қазақ жағына қатысты барлық іс-қимылдары соны көрсетеді. Олардың ендігі бақылаудағы басты нысанының бірі Әбілмәмбет болады. Бірде, Неплюевке берілген тапсырмада «Аталған екі ханды (Әбілмәмбет, Абылай – ред) жоңғарға берілуден еппен ғана бас тартқызыңыз»[28] десе, енді бірде: Әбілмәмбет ханға «ел аузындағы қауесетке сенбеңіз, сөйтіп патша ағзамның мүддесіне қайшы қылық жасамаңыз» дейді[29].
И.Неплюев Сыртқа істер алқасына жолдаған мәлімхатында: «бұрын хабарлағанымздай, Орта Жүздің ханы Әбілмәмбет жоңғар ханынна өзінің ұлын жіберіп қойыпты. Өзіне барған тілмәш Уразин мен вахмистр Лихачев арқылы патша ағзамға адалдық антын берсе де, мұнысы сырттай ғана алдарқалату болды. Іс жүзінде ол жоңғар ханы Галдан Цереннің қарауына кіруге бет бұрыпты. Сол арқылы Түркістанды және басқа да іргелес қалаларды иелігіне алмақ»[30] дейді. Осыған қарап-ақ, Әбілмәмбеттің Абылайды тұтқыннан босатып алу жолында бір жағынан орысты алдарқалатып, бір жағынан жоңғарға берілгенсіп, үшінші жақтан қазақ ішіндегі тұлғаларды өрлі-қырлы шапқылатып, сан түрлі әдіс-амалдарға, шебер дипломатиялық іс-әрекеттерге барғаны байқалады.
Әбілмәмбеттің Абылай өмірінде аса жоғары қызмет атқарғаны және Абылайдың оны түсініп, ерекше құрметтегені кейінгі оқиғалардан анық аңғарылады.
Жоңғар хандығы күйреп, Орта жүзде Абылайдың атақ-даңқы артып бара жатқанын байқаған орыс үкіметі Абылайға кісі салып, оны Орта жүзге хан етпек болған ойларын жасырын жеткізеді. Абылай бұл ұсыныстан «Әбілмәмбетті әке орнына құрмет тұтатынын, оған үлкен хандықтан басқа атқарар жұмыстардың баршылық»[31] екенін айтып, үлкен биліктен бас тартады. Абылайдың хандыққа Әбілмәмбеттің көзі тірісінде ұмтылмайтынына анық көздері жеткен орыс үкіметі «шарасыздан»:«...Әбілмәмбет көбіне Түркістанды мекендейді, әрі күші көп. Оны Абылай құрмет тұтады, ақыл-кеңесін тыңдайды. Сондықтан Әбілмәмбет тірі кезінде ол ордада (Орта жүзде) басқа хан тағайындаудың пайдасы жоқ»[32] – деген қорытынды шығарады. Айтса айтқандай, Абылай хандық таққа (1771 жыл) Әбілмәмбет өлгеннен кейін ғана отырады. Әз-Тәуке мен оның ұрпақтарының Уәли әулетіне істеген жақсылығының қарымжысын ол осылайша қайтарады.
Аталған оқиғаларда саралағанда, орыстарды бастан-ақыр алаңдатқан «жоңғар-қазақтың бірігіп кету қаупі» шынымен де іске асқанда не болар еді? – деген бір сұрақ та туады. Жоңғар аталған құрамда олардың жаулап алған өңірлеріндегі тұрғылықты халықтың да (қазақ тайпаларыда ішінде) сол соғыстағы жасақ (жауынгер) қатарында жүргенін ескерсек, мүмкін алып көшпенділер одағы құрылса, бәрі бірде басқару құқы түркілерге тән болар еді. Егер сондай одақ құрыла қалған жағдайда Қалдан Церен өз қасынан табылатын болашақ көкжалдың бірі ретінде Абылайды да ішкі есебіне кіргізбесіне кім кепіл!? Мүмкін 1745 жылы Қалдан-Церен өлмеген болса, Абылай екеуінің арасындағы бейбіт келісімнің соңғы нәтижесі немен тынар еді?
Жоғарыда айтып кеткен Б.Нәсеновтің пікіріндегі: «Ең бастысы, Абылайдың өзінің ақылдылығы, тапқырлығы, дипломаттығы» деген тұжырымын көп түрлі себептермен қарастыруға болатындай. Тарихшылар мен зерттеушілердің назарынан қағыс қала беретін логикалық ойлау жүйесіне сүйенсек, сол кездегі көшпенділердің сахаралық заңдарын басшылыққа алуына баса назар аударған жөн деп есептейміз.
Атап айтқанда, Абылайды тұтқынға алған жоңғарлардың дәл осы мәселе төңірегінде қарастырылатын заң-ережелері болды ма? – деген бір сауал туындайды. Ал, Абылай және Абылайдың артындағы қара халықтың оны бостандыққа шығаруға себеп іздейтіндей заңдық негіздемері қандай болды? – деген екінші сауал тағы бар.
Шын мәнінде арғы жағы ғұннан жалғасып, түркілік басқыш арқылы Шыңғыс хан дәуірінде кемелденген «Киіз туырлықтылардың далалық заңы» біреу ғана еді.
Шыңғыс хан дәуірінде жасап, онан төрт жыл кейін дүние салған араб ғалымы Ибн-әл-Әсирдің жазуы бойынша: «Шыңғыс хан алғыр, ақылды, шешімді саясаткер, ұйымдастырушы еді, ол ежелгі Чин (Жұңго), Иран, Араб заңдарын аудартып, өз қауымына лайық келетін «Яса», яғни «Ясак» атты заң жасатты. Сол заң бойынша әрбір дін, әрбір қауым құрметті саналды. Сол себепті, ол құрған әлемдегі ең ірі империяда жасайтын сүниттер мен шииттер, буддистер мен яһудилер, христиандар, түріктер, армяндар бір әке, бір шешеден туғандай тату-тәтті өмір кешті…»[33].
«Шыңғыс хан жүргізген мемлекет реформасының басты шараларының бірі мемлекеттің бас әділетшісін (Әділет министрін) тағайындау болды. Шыңғыс хан Моңғол мемлекетінің алғашқы бас әділетшісі (Дээд заргач) етіп өзінің «алтыншы інісі» Шихихутугты тағайындағанда оған:
«Мемлекеттің меншігін жөнге салып, дау-дамайларды реттеп, ол туралы көк дәптерге жазып отыруың шарт, Шихихутугтың менімен келісіп шешіп, аққағазға көк сиямен түсірген хаттамаларын (жарлық заңдарын, – З.Қ.) ұрпақтан ұрпаққа дейін ешкім бұзбайтын болсын» деп жарлық берген екен.
Шыңғыс хан жарлығымен Шихихутуг белгілеген «Көк дәптер» кейін әлем тарихында «Монголын Их засаг хууль» («Монгольская Великая Яса» немесе «Ұлы Жасақ» («засаг» – «билік», «өкімет» деген мағына беретін тунгус-моңғол сөзі) деген атпен әйгілі болды. Тарихи деректерге қарағанда «Көк дәптер» 1210, 1229 жылдары шақырылған ұлы құрылтайда толықтырылып, одан әрі де жалғасып отырған[34].
Шыңғыс ханның «ұлы жасақ заңы» осылай жазылып атқарылған, жалғасқан.
Империя құлаған соңғы уақытта да Шыңғыс хан әулеті билік жүргізіп келген елдерде «Ұлы жасақ» заң ережелері жазылмаған заң, салт ережелері ретінде қолданыста болды. Амеркандық профессор Марта Скотт «Моңғол билігінің ең ұзақ жалғасқан белгісі моңғолдар жасаған Яса заңы қазақтар арасында дәстүрлі заң жүйесі етіліп қабылдағаны болды»[35] дейді.
«Зерттеушілер Моңғол-Ойраттың ұлы заңы 120 баптан тұратын, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына байланысты 30-ға жуық құқықтың әрі қылмыстық істерді қамтыған ірі заң ережесі деп анықтады. Сондай-ақ бұл заңның түпкі негізі Шыңғыс қағанның «Ұлық Жасасы» болды деп те қарастырады.
Моңғол-Ойраттың ұлы заңында қамтылған мәселелер – мемлекеттік іске қарсы қылмыстар, азаматтардың денсаулығы, жанына қастандық жасалған қылмыстар, жеке мал-мүлікке қарсы жасалған қылмыстар, лауазымдық істердегі қылмыстар, сот билігіне қарсы қылмыстар, табиғатты қорғауға қарсы қылмыстар, әскери қылмыстар»[36].
Бұл заңнамалық құжатты жасауға, барша моңғол тайпаларының ұлықтары түгелдей қатысқан. Соған қарағанда, аталған заңның рөлі мен қызметі «Ойрат заңы» шеңберінен әлде қайда кеңейіп, барлық моңғолдық тайпаларды қамтығанын көрсетеді.
Қазақ қоғамындағы «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» ежелгі көшпенділер қоғамының далалық заңының қазақы жалғасы еді. Ә.Х.Марғұлан аталған заңдар хақында: «Қасым ханның қасқа жолының» негізі сонау ортағасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «яргу» (jargu) заңынан алынған» деп жазды[37].
Шыңғыстың өзінен бұрынғы қабылдаған заңдық, әскери, құқықтық мүдделерінің өзінен бұрынғылардан, жүйеден өзі басып қалған алып керейлер елінен келгенін еске алсақ, аталған заң баптарында Білге қаған, Марғұз хан, Құршақұз хан, Тұғырыл хан сынды атақты хандардың да қол таңбасы болғанын түсіндіреді.
Көшпенділердің сол далалық заңында: «қақтығыстағы ерлердің тағдыры тек қана қан майдан жекпе-жегінде шешім табады» делінгенінде шүбә жоқ. Сол себепті де Абылайдың өзін тұтқынға алған Қалдан Церенге миығынан күле қарап:
– Екеуіміздің де ортақ бабамыз Шыңғыс тіріліп келіп: «оу, ұлдарым мен қалдырған ата заңда ер мен ер қан майданда ғана жеңістік алады дегенім қайда? Иен далада ұйықтап жатқан адамды баспалап ұстап алғанды қай атаңнан көріп едің?» десе не дер едіңіз? Мен сіздің ұлыңызды болсын, батырларыңызды болсын ешқашан арамдықпен торға түсіріп, орға жықпадым. Алдап өлтірмедім, қан майданның жекпе-жегіне ғана жүгіндік. Сіз мені қандай жолмен қолға түсірдіңіз? – деуі бек мүмкін. Әрі моңғол билеушілерінде Шыңғыс ханнан тараған хан ұрпағын қастерлейтін салттың әліге дейін заң ретінде қаралатынын да есіне салса керек.
Ата-бабасының адалдық теориясын жаттап өскен көшпенді тұқымы бұған адалдықпен бас иіп, үнсіз қалар еді.
«Моңғолдың құпия шежіресін» ақтарсақ, кісіні өлімге үкім ету амалдары көп кездеседі. Бәрінде далалық соттың шешімі негізінде, айыпкердің негіз болған қылмысы басшылыққа алынып өлімге бұйырылады. Айталық, Шыңғыстың досы Жамұқа өзіне өлім үкім етуін сұрағанда Шыңғыс: «Қандай қылмыстық жаза арқылы өлімге үкім етеміз?» деген сауал қояды. Қылмыстық негіздер оқылған соң ғана, Жамұқаның өз тілегі бойынша белін опырып, жұлынын үзіп «қан шығармай» өлтіреді.
Жоғарыда аталған «Ұлы жасақ заңы» мен «Ойрат заңын» бүкіл жоңғарлықтар ғана біліп қалмастан, айналасындағы барлық құбылысты қалт жібермейтін қағылез-зерек Абылай да толық біледі деген сөз. Олай болатын болса Абылайдың тұтқыннан босауына негіздеме болған ойраттың өз заңы деп айтуға әбден болады.
Тұтқында болған жылдар ішінде Абылай ойрат тілін жетік үйреніп қалмастан, Қалдан-Цереннің жиі қонағы болып, онымен бүгінгі әлемдік жағдай және көшпенділер тағдыры жайында көп кеңестер құратын болған. Сол кеңесте әр екі жағы да өздерінің ортақ жауы – орыс пене қытай екенін де толығынан танып жеткен.
Абылай көрші көшпелі елдің ішкі саяси жүйесімен танысады, жоңғар билеушілерінің арасынан Қалдан-Церенге бақталас, өзіне тілеулес жандар табады. Ойраттың белгілі батыры Әмірсанамен де жақыннан достасып үлгереді.
Жоңғар-қазақ қарым-қатынастарының соңғы дәуірі болған Абылай, Ер Жәнібек, Әмірсана, шұбарайғыр Қожаберген батыр арасындағы әр түрлі байланыстар да жеке зерттеуді қажет етеді.
Абылайдың өз жанында болған кездерінде Қалдан-Церен оның дала оғланына тән ерлігі мен қағылез, қайсар, аңғарымпаздығына да тәнті болған. Далалықтардың «жауыңда ер болсын» деген қағидатымен оған іштей сүйінген. Қалдан Цереннiң: «Ол (Абылай – ред) заманынан жүз жыл бұрын ерте туды. Бүкiл әлемдi билеу қолынан келедi», – деп бағалағанын еске алсақ, екі көкжал бірін-бірі таныды[38]. Алайда екеуінің ендігі жерде «дала билеушісі кім болады?» деген сауалдың ортақ шешіміне келе алмасы белгілі болатын. Шынында да «екі қошқардың басының бір қазанға сия қоюы» екіталай еді.
«Қалден Цереннің Әбілқайырдың орысқа бодан болғандығына наразылығын білдіріп жолдаған хатынан үзінді келтірсек: «Әбілқайыр тізесін бүгіп, ақ патшайымның алдында тұрғанда, мен қатты қынжыламын. Біз қазақ-қалмақ көшпенді ел, даланың қырандары емес пе едік. Жер шұқыған қарғаның алдында тізе бүккеніміз жараспас. Сендердің орыстарға сенім артуларын бекершілік.....» – дегенінен көп нәрсе аңғаруға болады»[39]. Мұндағы көшпенді түркілердің өзін даланың қыранына балайтыны мен жауын – міскін, бишара қарғаға теңеуі де ежелгі өрлігінен қалған далалық такаппар мінезінің көрінісі еді. «Жауыңа берілме, бас име!» дейтін түрік жауынгерінің баһадүрлік келбеті де осында.
Дәл осындай бір мәтінді қазақ тарихын зерттеуші қытай ғалымы Су Бихай да «Қазақ ССР тарихы» мен А.Лепшин еңбегіне сілтеме бере отырып төмендегідей дерекпен келтіреді[40]. ««Россияға қарауға ант беру» деген сөз халықты қатты түршіктірді. Өйткені, бұл істі тек қазақ халқы ғана емес, Әбілқайырға қарасты қазақ феодалдары да толық білмейтін еді. Оларды «өте-мөте қатты ашындырған нәрсе – Әбілқайырдың олармен ақылдаспастан Петрбургке сөз салуы болады»[41].
Мұны елдік еріктен айрылу деп білген кіші жүздің Батыр сұлтаны мен орта жүздің Барақ бастаған қазақтар орысқа бағынуға батыл қарсы тұрды, орыстардың келгенін көргенде ызаға булығып: «Ел-жұрттың разылығын алмай, өз бетіңмен бұлай істейтін не хақың бар?!» деп Әбілқайырға тебітті[42]. Олар орыс елшісі Тевкелеевті және Әбілқайыр ханды өлтіріп тастамақ болды. Бұл тартыс әлде неше күнге созылды. «Сол кезде Әбілқайырдың ордасына келген Еділ (Еділ – ред) бойындағы қалмақ тайшалары (тайшылары – ред) жіберген елшілер де қазақ старшиналарын (бастықтарын) Тевкелеевтің көзін жоюға, патшаның қол астына қараудан бас тартуға шақырды»[43].
Шын мәнінде Еділ бойынан келген қалмақ тайшылары осы кезде орысқа бағынышты еді. Соған қарамастан «Тевкелеевтің көзін жойып, патшаның қол астына қараудан бас тартуға шақырды» деуі олардың жүрек түкпірінде жатқан қалауының қандай екенін ұқтырады. Мүбәда, сол кездегі қазақ-жоңғар хандары бір ауыздылыққа келіп, орыс отаршылдығына қарсы тұрса, орыспен қытай өлердей қорқатын ежелгі жұрттағы көшпенділер одағы бас көтерер ме еді?
1744 жылғы 23 қаңтардағы Кирилловтың хатында:
«...Абылай сұлтан Қалдан Церенде екі жылдай тұтқында болды. Онымен бірге Жолбарыс сұлтан отырды. Ол Қалдан Церенмен тіл табысты. Осы жылғы күзде оларды (30 қыркүйекте) өз елдеріне жіберді. Тұтқында 35 адам болды. Барлығы да қайтарылды. Өз ұлыстарына аман-есен жетті. Олар тұтқында болған кезде сол жазда қоңтайшыларда көп адамдар шешек ауруымен ауырып, қайтыс болды. Қалдан Церен қайсақтармен бейбітшілікте» делінген.
Осындағы «бейбітшілікте» деген сөз саптауына келер болсақ, Қалдан Церен ордасындағы Абылайдың бастабында тұтқын түрінде ұсталса да, соңында құтты қонағы ретінде еркін болғаны жоғарыдағы сөздерімізді растайды.
1743 жылдың маусымында К.Миллер кіші жүз қазақтарының Орынбор комисиясы кеңесіне берген Абылайдың тұтқыннан босатылуы туралы мәлімдемесінде: «Жоңғар хонтайшысы, біріншіден, Абылайға Ташкент, Түркістан қалаларына көшіп-қонуына рұқсат берген; адалдық үшін өз баласын беруді, екі елдің бірлікте өмір сүруін; үшіншіден, Әбілмәмбет хан Ресейдің бодандығына бекер енген, себебі Ресей адамдары егіншілік жерге құмар, бас салып қалалар салуға әуес, бұл түптің түбінде қазақ халқын төменгі (Еділдік) қалмақтар мен башқұрттар сияқты қайыршылық пен бүліншіілкке ұшыратады; төртіншіден, Жоңғар билеушісі Ресейден қауіпті емес және өзіне жіберілген Ресей елшісін ештеңеден қорықпастан, қабылдаған жоқ», – делінген[44].
Осы бір азғантай үзінділерден талай тарихи айғақтар аңғарылады. Айталық, «Абылайға Ташкент, Түркістан қалаларына көшіп-қонуына рұқсат берген» деген сөзге қарағанда бүкіл дала әлде қайда жоңғарлардың қолына және басқаруына өткен. Тек қана қазақ басшылары жоңғарларды мойындағысы келмей, әлі де болса өздерін бейтарап ұстаған болуы мүмкін. «Екі елдің бірлікте өмір сүруін» деген сөз де алдыңғы сөзімізді бекемдеумен бірге «ежелгі көшпенділер тұқымы бір ел ретінде қалыптасуды қалайтындығы» көрінеді.
«Әбілмәмбет хан Ресейдің бодандығына бекер енген, себебі Ресей адамдары егіншілік жерге құмар, бас салып қалалар салуға әуес, бұл түптің түбінде қазақ халқын төменгі (Еділдік) қалмақтар мен башқұрттар сияқты қайыршылық пен бүліншілікке ұшыратады; төртіншіден, Жоңғар билеушісі Ресейден қауіпті емес және өзіне жіберілген Ресей елшісін ештеңеден қорықпастан, қабылдаған жоқ» деген жолдардың айтары тіпті айқын – «сенің жауың біз емес, орыстар» деп ашық айтқан. «Аға-бауыр ретінде ортақтасып, көшпенділер одағын құрып, айналамыздағы анталаған жауға бірге қарсы тұрмаймыз ба?» деген түркі жұртындағы бағзы бауырластық ұран бар.
Әбілқайыр, Әбілмәмбет хандардың орысқа бағыныштылық білдіруі сынды оқиғалар Қалдан-Цереннің көзімен қарағанда көшпенділердің «сатқындығы», «опасыздығы» еді. Олар «көшпенділер даласының қақпасында тұрған қазақтар болғандықтан олар орысқа есік ашып берсе, олардың отарлығына жол ашып берген болады. Сондықтан да орыс отаршылдарын тосу үшін оларға сатылған қазақ сұлтандарын алдымен жазалау керек» деп қарағандығы анық.
Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюевтің Әбілқайыр ханмен және басқа қазақ ел ағаларымен, сондай-ақ, жоңғар және қарақалпақ елшілерімен 1742 жылы 22 қыркүйекте Ор қаласында өткен келсісөзінің хаттамаларында баяндалуынша Жоңғар елшісі Қашқа өздерінің: «қазақтармен (Әбілқайырмен – ред) «сүйегіміз ағарғанша соғыстық, енді шашымыз ағарғанша тату көрші болайық» деп серттесіп-уағдаласқан болсақта, Әбілқайыр хан таңертең айтқан сөздерін кешке ұмытып қалады, оның ауызша айтқанына сенуге болмайды» дегенін келтіреді.
Орыс құжаттарында «қазақтар орыс бодандығына кірді» деген деректер көп табылғанымен «жоңғар ханы орысқа бас иді немесе оның бодандығына кірді» деген сөз кездеспейді.
Абылайдың тұтқындағы кезінде оның Қалдан Церенге: «Иә, екеуіміз бірігіп орыс пен қытайға қарсы тұрайық!» деп ауызша уәде бере салуы бек мүмкін. Онсызда орыс пен қытайдың арасында «бірін-біріне салып, ойын ойнап үйреніп қалған» Абылай сол кездегі көршілерімен осындай ақыл-айлалық қарым-қатынас жасамаса өз мүддесін де қорғай алмаған болар еді. Алайда бізден көрі далалық заңдағы «ердің уағдасында тұруды» ерекше жоғары бағалайтын жоңғар жағының Абылайға сенім артқанын да жоққа шығаруға болмайды.
Абылай тұтқыннан босағанан кейінгі жылдар ішінде, шынында да қазақ-жоңғар арасында талас-тартыс туғанда көбінде берекеге ойысқаны, екі жақты жақындатуға әрекеттенгені байқалады. Моңғол тілді құжаттарда да соның айқын көрінісі бар.
«Төрт Ойраттың, тарихи хикаясы демек-дүр (Dörben Oyirad-un teüke tuyuji orosibay) 1750-1751 жылдар» деп берілген құжаттағы қазаққа қатысты екі аударманың бірінде Абылай тілге тиек етіледі[45].
Қазақша аудармасы мынадай: «...Жоңғар өкіметі тыныш болған шақта Қазақтың қағаны Абылай шерік аттандырып келуін Жоңғар біліп қалып, қарсы әскер аттандырғанда, қазақ Морыты өзенінің жағалауына қонған түнде жетіп, ақта аттарын тартып алып, Морыты өзенінің ағаштарын байлап буып, Сек Түлкінге жетіп, қазақтарды жаулаған кезде, қазақ қайта араздаса жаздап, бір жақсы кісісін жіберіп, «Бұдан былай біз сендерге қарасты болып, сендерге билетейік, Қазақ қағаны Абылай деген мен» деп суыт хабар жеткізіпті. Жоңғардың қағанына тарту ретінде бір қоңыр ала байталды қағанға жеткізіп бер деп жетектетіп, сол кісіні елшілікке жіберіпті. Абылай қаған көп уәзірлерін ертіп, ала байталына мініп шыға келгенде қалың ақта аттарын айырып бөліп беріп, Абылайды қағанның қабылдау рәсіміне болдырыпты. Осылайша береке-бірлік жақсы орнаған екен...»[46].
Қалдан-Церен өмірден өткеннен кейін оның мұрагерлері арасында тақ үшін қызу күрес басталды. Қазақ сұлтандары жоңғар билеушiлерiнiң билік үшін өзара тартыстарын қуана қарсы алды. Себебі оларға қарсыластарын әлсіретуге және қазақ хандығының оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймақтарын жоңғарлардан қайтаруға мүмкiндiктер туғызды[47]. Сөйтіп, Қалдан-Цереннің өлуі Абылай екі арасындағы шарттардың табиғи бұзылуы мен қазақ жағына тиімді болған бағытқа бет бұрды.
Абылай ошақтың үш бұтындай болған – қытай, жоңғар, орыстың ортасына ілінген мыс шайнектей қиын күйде тұрсада, өзінің жалынға шарпылып күйіп кетпеуіне ерекше ебдейлік, даналық, батырлық танытты.
«Абылай Ресеймен де, Қытаймен де қитұртқы, алдау саясатын ұстанды. Бұл ең дұрыс саясат еді. Осы саясаттың арқасында Абылай орыстардың ішкері енуін аз болса да тежеді. Ойраттарды қытаймен одақтасу арқылы әлсіретті. Екі ортада бейбіт өмірге қол жеткізді. Көршілермен сауда-саттық жасауға жол ашты»[48].
Жоғарыда аталған Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған хатындағы «қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кету қаупі бар» деп алаңдауының да шындық негізі аталған жайлардан байқалады. Тұтас жоңғар-қазақ соғысында көп жағдайда орыстық күштердің екі елдің ортасына от тастап отырғаны тарихи деректер мен құжаттардан айқын көрінеді.
Ендеше, аталған жайларға қаныға отырып, Абылайдың қолға түсуі мен бостатылыуына қайта назар салсақ, ол ешқандай ресейлік күштердің ықпалы емес. Төлеби бастаған елшілердің «ат басындай алтыны» мен «айбат», «ақылы» да емес. Түркі жұртының жазылмаған заңдарының мұрагерлері болған моңғол-қазақ сынды көшпенділер табиғатының бабадан қалған тәліматқа бас ұсынған әділеттілігі мен қандас бауырмалдығы. Әрі жоңғарлардың қазақ жеріне кіруінің оларды отарлау, жою үшін емес, ежелгі ата империяларын қалпына келтіру жолындағы талпынысының жекпе-жек шешіміне берілген нақ майдан ұрыстар арқылы жүргендігі.
Шоқан Уәлихановтың: «Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры»[49] деуі сондай әділетті ұрыс майданында өздерін дәлелдеуге мүмкіндік алған қазақ батырларының көптеп майданға шыққандығын көрсетеді.
Олай болса, мейлі өзін қазақ санаған Абылай, мейлі өзін жоңғар санаған Қалдан Церен сол далалық заңның тасқа басылған қағидатына қатаң түрде бойұсына білді деген сөз. Осылайша, кемеліне келіп, қанына да, жанына да жазылған ата-баба заңының ақ-адал жолынан аттамай жасаған әділ үкімі Абылайды бостандыққа шығарды.
1740-1750 жылдары Абылай жоңғарлармен бейбіт келісімге келіп, жоңғарлар қазақтарға Сырдария маңындағы қалаларды қайтарып береді. Осыдан кейінгі жеңісті шерулерге Абылай тікелей қолбасшылық етіп жоңғарларға арт-артынан соққы берді.
Орыс ғалымы А. Левшин: «Ақылды да, айлакер Абылай жоңғар билеушілері арасындағы алауыздықты шебер пайдалана алды. Олардың өзара талас-тартысына дем беріп, өз елінің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтап, ежелгі жауының іштей ыдырауын күтті»[50], – деп жазады.
Жоңғарлар арасындағы ішкі алауыздық және Қытайдың Чиң армиясының зор көлемдегі жазалау жорығы, Абылайдың аса шебер дипломатиясы ақырында осы бір азулы, тентек, далалық империяны аңсаушыларды мүлдем құрдымға жіберді.
Империялардың редакциялауынан өткен кейбір жазба деректер Абылай ханды Чиң үкіметіне (Еженханға) бағынышты етіп көрсетеді.
«Бұл арада, империялық өзімшіл ұғымдағы қытай шежірелерінен бастау алып, кейінгі тарихқа көшкен бір қате дерекке назар аудару қажет. Абылай ешқашан өзінің халқын бодандыққа байламаған. Қытай императорының билігін мойындаймын, бағыныштымын деп ант бермеген. Абылай атынан жазылған мұндай құжат ешбір тарихта жоқ. Абылай елшілері Пекинде тек тату көршілік, бауырластық туралы ғана сөз қозғаған. Жүздесулер, келіссөздер барысында сарай ұлықтарының бодандық туралы ишаратын қабылдамай, табанды тойтарыс беріп отырған.
Сол кездегі дипломатия тіліне көшірсек, Чиң императорымен қазақ ханының арасында «аға-інілі қатынас» орнайды. Ал, бұл кезде бодандық жүйе – «әке мен бала арасындағы қатынас» деп аталатын»[51].
Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды.
1757 жылға келгенде жоңғарлар біржолата талқандалды. Ал «Еділ қалмақтары» атанған торғауыттар тобы жоңғарлармен іштей мүдделес болса да татқаны жағынан да, тағдыры жағынан да олардан бөлек өмір сүрді. Кейде жоңғар аталған үлкен топ пен кейіннен моңғол аталған ұлт құрамындағы тайпалық одақтарды айыра білмеуден көптеген қате ұғым-түсініктер қалыптасып жатады.
«Шаңды жорық» оқиғасы және Абылай хан
Біз бұдан бұрынғы тақырыптарымызда Еділ қалмақтары туралы баяндағанбыз. Сол деректерді қысқа қайырсақ, біздер жоңғар атаған Ойрат хандығынан қақпайлау көрген торғауыттар екі дүркін көшпен Еділге барып, кейіннен орысқа бағынышты болған еді.
Еділ қалмақтары мен қазақтар арасындағы көптеген ұрыстар орыстардың тікелей арандатуы нәтижесінде орын алып отырды.
Жоңғар шапқыншылығынан ығысып қансыраған қазақ топтарының батысқа қарай құйылып, Еділ-Жайық бойларына қарай ойысуы Ресей империясын және оның қол астындағы – башқұрт, қалмақтарды да алаңдатты. Орыстар олардың құлағына: «қазақтардың болашақта сендерді жаулап алу қаупі бар» екенін сыбырлап, қорғану шараларын қарастыруға шақырды. Онсызда көшпенділер тұқымын өз өзіне салып, солар арқылы от көсеп үйренген орыстық отарлау жаңа сылтаулар тапты. Орал аймағына жаңадан әскери бекіністер салу шараларын қарқынмен қолға алды.
Шынында да батысқа қарай босқан қазақтардың тағдыры аса ауыр болғанға ұқсайды. Мүшкіл күйдегі қазақ ауылдарында қайыршылық, тонаушылық сынды әр түрлі келеңсіз оқиғалар да жүз берсе керек. Сол замандағы Мәуреннахр деректерінде «Қазақтар Мәуреннахр қалаларына толып кетті, тонаушылықпен айналысып Мәуреннахрды құртуға айналды» делінген.
Қазақтардың әр түрлі кіріптарлық күйі Ресейдің қазақ даласын соғыссыз басып алуына түрліше шарт-жағдай әзірледі.
Бекен Қайратұлы «Қазақия қалай отарланды?» атты еңбегінде: «Еділ бойына қоныстанған қалмақтар Аюке ханның (1670-1724) тұсында 1655 жылы Ресей билеушісі І Петр патшамен шарттасып, патшалықтың түстік шекарасын Капқаз халықтары мен Түрік елінің шабуылынан қорғауды міндеттеп алды. Ежелден жауынгер қалмақтар мойнына алған міндетін ойдағыдай атқарды. Атап айтқанда: 1681 жылы Башқұртияға шабуыл жасап, оларды орыстың қол астына қуып кіргізді; 1709 жылы шведтерге қарсы Полтава шайқасында орыстың сойылын соқты; 1710 жылы түріктерге қарсы майданға қатысты; 1728 жылы Персия жорығына атсалысты; 1786 жылы орыс солдаттарымен бірге Қапказды ойрандап, Қырым хандығының соңғы демін тауысты; 1814 жылы орыс-француз майданы өткен атақты Бородина шайқасында қалмақтар асқан ерлігімен көзге түсті.
Француз патшасы Наполеон Бонапарт Ресей патшасы І Александрға жазған хатында: «Сіз бен біздің майдан адамзат тарихында өзінің көркем талғамын сақтап, әскери өнердің ерекше үлгісі ретінде есте қалуға тиіс еді. Бірақ сіздің армия сапында пайда болған жабайылар (қалмақ жасағын айтады) біздің мәнді-мағыналы соғыс өнерін көрсетуімізге мүмкіндік берер емес. Бұндай жабайыларды айдап салып, ұлы Русь армиясы олардың артына тығылып қалуы жараспайтын қылық. Мен бұндай жабайылармен емес, өзімізге сай орыс солдаттарымен соғысуды қалаймын», – деуіне негіз болған дүние – осы бір жауынгер тайпаның әрекеті болатын» деген деректер келтіреді[52].
1771 жылы қаңтарда қопарылып шығысты бетке алып жолға шыққан көштің нақ саны – 30 909 шаңырақ, шамамен 180-200 мың адам. Көшті қорғауға тиіс қарулы қолдың өзі – 40 мың. Бұл салқар көш қалайда, Қазақияны басып өтуге тиіс, басқа жол жоқ. Патша бұларды қайтарып келуге Жайық орыс-казак жасағын жұмсайды. Олар қалмақтармен шайқасудан бірден бас тартады. Ал, генерал Траубенберг басқарған үкімет әскерлері, ауыр қару-жарағын сүйретіп жолға шыққанымен көшке жете алмай, арып-шаршап орта жолдан кері қайтады[53].
Қытайдың қазақтанушы әйгілі ғалымы Су Бихай «Төрт ойраттың қысқаша тарихы» атты еңбекке сілтеме бере отырып, бүгінгі торғауыттар ішінде керейлердің ру аттары сақталғанын айта келіп: «Г.Хоуорттың «Моңғол тарихында» Еділ торғауыттарының арасындағы керейттердің саны «1767 жылы 3861 түтін болғанын, хан тұқымындағы ерекше тайпаға тән жоғары деңгейдегі монах әулеттері 7672 түтін, ал көкшынар (қосшылар) 3861 түтін болғанын жазады. Осындағы үш бөліктің ішінде 3861 түтін түгел керейт болудан сырт, қалған екі тайпаның көп бөлігінің де керейттер екені шүбәсіз. Өйткені, Торғауыт ханының сақауылдары, зайсандары, көк шынарлары негізінен керейттерден құралатын. 1771 жылы Еділ бойынан қайта көшкен кездерінде керейттер ханның сақауылы болғандықтан хан мен ру-тайпа ақсүйектерінің, монахтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деп жолшыбай туындаған жау-жалам кезінде көп құрбандықтар берді»[54] деген мәліметтер келтіреді.
Еділ қалмақтарының көшіне қатысты бірнеше болжамдар бар. Түпкілікті себеп осы бір жауынгер тайпаны өздерінің дініне, діліне, тіліне енгізіп бір жолата «жуасытып», құлданып алуды көздеген орыс отаршылдығының оларға тізесінің барынша батқандығы дер едік. Шындығында да қалмақтардың құқықтары елеулі түрде шектелді. Мал жайылымы жетіспеді. Қалмақтардың бір бөлігіне христиан дінін күштеп қабылдату саясаты жүргізілді. Олар Ресей армиясына жыл сайын әскери жасақтар беріп тұруға міндетті болды. Ресейдің көптеген басқыншылық соғыстары кезінде орыстардың айтақтап алдыға салып қоюымен қыруар қалмақ қырылып қалды.
Қытай деректерінде аталған көш хақында: «Ұбашының торғуттарды бастап отанға қайтып келуі» деп баяндалады. Қытай тілінде жазылып (2005 жылы), кейіннен (2007 жылы) ұйғыршаға аударылған сондай тарихтың бір үзбесі «Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар» деген кітапта берілген. Онда баяндалуынша, Еділ бойынан «1712 жылы Аюқаға жіберген елшілер үйірмесі Сиберия арқылы жүріп, екі жылдан астам уақыттан кейін Бейжіңге жетіп келген», «олардың бұл сапарынан қатты әсерленген Каңши патша өзінің 32 адамдық елішелер қосынын аттандырып, олар 1712 жылы 23 маусым күні жолға шығып, екі жылдық машақатты сапар арқылы 1714 жылы 12 шілдеде Аюқа тұрып жатқан Мантұқайға жеткен». Олар онда 14 күн болып 1715 жылы 30 сәуірде Бейжіңге оралып, Каңши патшаның марапатына ие болған әрі «Жат жұрттар хақында естелік» деген кітап жазған.
«1730 жылы Юң Жиң патша Тошы жетекшілігіндегі елшілер тобын Петрбургқа россия әйел патшасы Аннаның таққа отырғандығын құттықтауға жіберген. Сонымен бірге Мантай жетекшлігіндегі елшілер тобын және бір мәрте торғуттардан хал сұрауға жіберген.
Аюқаның немересі Донроблаш сардар болған мезгілде Чу Жапты тағы да елшілікке жіберген. Ол орыстардың кедергілерін бұзып өтіп, үш жылдық машақатты сапармен, 1756 жылы (Чиян Лұңның 21-жылы) Чиңдидағы жаздық демалыс орнына барып, Чиян Лұң ханға Садақ секілді сауғалар тапысырған әрі Чизаңға (Тибетке) барып, Далай ламаға ғибадат қылуға өтініш білдірген»[55].
Осылайша, жалғасқан қытайлар мен Еділ торғауыттары арасындағы байланыстың үзілмегенін көреміз.
«1761 жылы 19 жастағы Ұбашы сардарлық таққа отырып, торғуттардың батысқа көшкеннен кейінгі 7-ұрпақ сардары болған. Ол көкірегі даңғыл, ақкөңіл болғандығы себепті өз қауымының ерекше қолдауына ие болған. Келесі жылы әйел патша Екатарина II жарлық шығарып, торғуттар тұрған маңның айналасына бекініс қамалдарын салдырып, көптеп жасақ жіберіп, оларды ерекше бақылаумен барынша қыса түскен. Әрі оларды мәжбүрлі түрде ресей-түркия соғысына қатынастырған, соғыста 70-80 мыңдай торғут қаза болған. Солай бола тұрса да патшалық ресей үкіметі 16 жастан асқандардың барлығын ұрысқа қатынастыру туралы жарлық шығарған. Қатты азап-тозақ ішінде қалған әрі құрып кету қаупіне дүп келген торғуттар ақыры төзіп тұра алмай, қарулы көтеріліс жасап, отанына қайтуға бекінген.
Шығысқа көшу жоспары жасалғаннан кейін, бүкіл тайпадағылар жедел түрде көш қамына кіріседі. Ақырында сатқындардың ішкі құпиялықты әшкерелеп қоюы себепті торғуттар белгіленген мерзімнен бұрын қозғалуға мәжбүр болады»[56].
Шын мәнінде олардың, 1770 жылдың күзінде өздерінің атамекеніне қайтадан қоныс аударуы туралы сол кездегі Қытай патшалығымен мүлдем құпия түрде келіскені туралы да дерек айтылады.
Қалмақтарға бұрынғы отандарына оралу туралы үгіт-насихатты Әмірсан Шерен жүргізді. Қалмақтар 1770 жылдың күзінде Қытай билігімен қоныс аудару жайлы келісті. Еділ қалмақтарының бір бөлігі будда дінбасылары жүргізген үгіт-насихатқа бой алдырды. 1771 жылдың қаңтарында жалпы саны 180 мың қалмақ Қытай маңына қоныс аударуға әрекет жасады. Еділдің оң жағалауында 60 мыңға жуығы қалып қойды, себебі мұз өте жұқа болғандықтан олар өзеннің сол жағалауына өте алмады. Сонымен бірге, көшіп-қонушылар арасында өздерінің тарихи отанына қоныс аударған бірнеше мыңдаған жоңғарлар да болды. Олардың саны 10 мыңнан 25 мыңға дейін артты[57].
Жоғарыдағы қытай дерегі бұл айтылғандарды терістемейді. «1771 жылдың 17 қаңтарында жолға шыққаны» айтылады. Әрі әйел патша Екатарина II-нің бұдан хабар тауып, қуғындап тосу туралы жарлық шығарғанын жазады[58].
Орыс жағы осы орайда «екі көшпенді жауынгер тайпаны бір-біріне соғып, құртатын тағы бір соңғы орай келді» деп есептеп, қазақ жағына хабаршы аттандырып, «қалмақтар сендерді шапқалы бара жатыр» деген өсектер таратты. Қалмақтар Жайық өзеніне жақындап келе бергенде Орынбор губернаторы Неплюев Нұралы ханға: «олар қазақтарға шабуыл жасау үшін келе жатыр» деген хабар берді. Оның үстіне, Неплюев қазақтарға патша үкіметінің атынан қалмақтарға қарсы шайқасқа шығып, қан майданда олжаға түскен қалмақтардың бүкіл дүние-мүлкін бұлап-талап, иелік ету құқын беретіндігін ұқтырды.
Ал қазақтар жағына қалмақ басшылары алдын ала жол сұрап хат жазған болса да олар: «бұл қалмақтардың бізді алдаған арамдығы болмасын» деген күдікті ой келтірді. Сөйтіп, ата кекті қуса да, малды-күйлі торғауыт тобын бұлап, оңай олжа алуды мақсат етсе де, орыстың сөзіне құлақ асып, солардың сойылын соқсада қазақ жағы торғуттарға тап береді.
Бұл туралы қытай жазбалары: «... қалың қармен құрсанған қазақ даласына кіргенде, олардың казактардың шабуылына ұшырап, 9 мың адамынан айрылғанын» жазады. Әрі олардың казак қолын тас-талқан етіп, жалғасты ілгерлегені айтылады. «Іле-шала патшалық ресейдің 50 мыңдық бірлескен жасағының шабуылына ұшырады» дейді[59]. Мүмкін, бірлескен армия деп қазақ қолын меңзегені болар. Осыдан кейін олар «қоршауды бұзып шығып, Балқаш көлінің оңтүстігіне қарай ілгерлеген». Осы арада ойламағн жерде қосын ішіне ауру тарап көп адамның өлгендігін айтады. Сөйтіп олар 1771 жылы 17 шілдеде Іле өзені бойына ілінген. Сапарға шыққан 170 мыңдай адамнан, не бәрі 70 неше мыңы ғана аман жеткен[60].
Тағы бір жай, аталған деректе көрсетілуінше, «Патшалық ресей торғуттардың шығысқа кетіп қалуына қатты қапаланып әрі жауығып, көзсіз наразылық білдіріп, оларды қуа соққылау туралы пәрменін жеткізген. Чиян Лұң патша: «соғыс жасау немесе тұрғын етуді патшалығымыз өзі шешеді» деп Патшалық ресейге тойтарыс берген»[61].
Сөйтіп, қытай патшасы Чиян Лұң Ұбашы бастаған топты арнайы қабылдап, қонағасы беріп, Пу Тозұңчиң ғибадатханасының алдына «торғуттардың отанға оралғандығының ескерткіші» және «торғут қауымына ізет көрсету естелігі» атты екі айбатты ескерткіш тас қойғызған екен.
Абылай хан және «Шаңды жорық оқиғасына» қатысты айтқанда, босқын халықтың қазақ даласы арқылы басын аман алып өтпекші болған мұқтаждығына назар аударған дұрыс. Кейбір әдебиеттерде айтылғандай олардың «қазақ даласын қақыратып, қырып-жойып өтетіндей» арам пиғылы болмағанын жоғарыдағы деректерден айқын аңғарамыз.
1771 жылғы 16 сәуірде Князь Урусовтың Астрахан губернаторы Н.А.Бекетовке жазған хатында: ... менің естігенім, қалмақ билеушлері Шерең мен Бамбар Абылай ханға хат жазыпты: Еділ бойынан шығысқа, қытайға қарай ауып бара жатқан қалмақтарды қазақ жері арқылы аман өткіз, қалмақтың жүз жақсы қызын береміз, депті. Шерен мен Бамбар өзінің аймақтарын бастап, Убашының алдында 20 шақыырмдай озып кетіп барады. Қазақтардың өзара әңгімесінен естігенім, қытайдың ханы Абылай сұлтанға хат жазып, «Астрахандағы қалмақтар бізге келе жатыр, олардың жүретін жолын ашып қой» деп талап етіпті-міс. Оған Абылайдың не жауап бергенін білмейміз, бірақ осы естігеніміз шындыққа ұқсайды»[62].
Кейінгі тарих бойынша қарағанда, жоғарыдағы құжаттық дерек кейбір нәрсеге нақтылы емес, ерін ұшындағы күдікті емеурінмен қараса да уақыт атты төреші соңғы нәтиженің сонда айтылғанындай болғанын көрсетті.
«1771 жылы Еділ қалмақтарының жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшіп, Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел-жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жіберді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып-жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысты. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі Абылай түйінінің аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатты. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды»[63].
Шежірелік деректер бойынша, қалмақтарды қазақ жерінен аман өткізіп жіберу идеясын Абылай қолдағанымен оның қол астындағы батырлары мен билері оған келіспеді делінеді. Сөйтіп келісімнің шешімін күтіп жатқан қалмақ жағына: «қазақтар сендерді алдап, әскер топтап, тез арада құртып жібермекші» деген сыбыс жетеді. Қалмақ жағы қазақ қоршауын бұзып шығып, қашуға әрекеттенеді. Оларға жауыққан қазақ тобы: «әне, айтқанымыз келді. Бұлар бізге қару көтерді» деп оларға лап қояды. Соғыстың бір шеті ұлы жүз жерін шарпығандықтан жоңғар заманында олармен одақ болып, көп күрестен шет қалған ұлы жүз ауылдары да торғауыт тобының мал-мүлкін олжалап, шабан-шалағай адамдарын тұтқынға түсірді.
1773 жылғы 26 қаңтарда қазақ тұтқынына түскен Дерегар деген Еділ қалмағы мынадай мағлұмат қалдырған: «…Балқаш көліне жеткенімізде атымыздың аяғы сынып, қазақтардың қолына түстік. Мені сибан керей болысының қазағы Қожаназар Сәттібай иеленді. Жағдайым жаман болды. Қожаназар менен әйелін қызғанып, ұрып-соқты, қорлық көрсетті. Содан соң, еріксіз қашып шығып, орыс бекінісіне келдім. Мен бұрын Ресейдің азаматы болғанмын…»[64].
Бұл деректер қазақ тұтқыны болған қалмақтардың кейіннен алдыңғы ізбен кеткен ел-жұртының соңынан қашып барғандығын байқатады.
Император Академиясының мүшесі, дәрігер, дәрілік өсімдіктерді зерттеуші-ғалым Иоанн Сиверстің 1792-жылы қазақ даласына жасаған саяхат естелігіндегі: «...5-шілде күні Ұржар өзенін бойлай, 40 верстадай алыстан көрінген Жай-Төбеге бет алдық. Жолда Астраханнан 1770 немесе 1771 жылдары қашып шыққан қалмақтар мен қытайлықтардың арасында болған соғыстың ізіндей, жан-жағына ор қазылған қамалға кездестік. Ал қазір, осы халықтардың көптеген қалдығы, Ертістің басы мен Бора-Тал, Қанжып өзендерінің бойында емін-еркін тұрып жатыр», – деген жолдары «шаңды жорықтың» іздері мен ары асқан қалмақ жағдайынан азда болса дерек береді[65]. Дегенменде, мұндағы «қашып шыққан қалмақтар мен қытайлықтардың арасында болған соғыс» дегені жаңсақ айтылған. Онда не қазақ-шүршіт қақтығысы не қазақ-қалмақ қақтығысы болуы мүмкін. Ал қалмақ-қытай арасындағы ұрысты айтпақ болса оның жыл шамасы 1750 жылдарға тура келеді.
«Шаңды жорық» оқиғасында Ілеге қарай бет түзеген торғауыттардан қуғын-сүргін, соғыс кезеңінде бөлініп қалған бір бөлек ел Қырғызстанда «сарт қалмақ» атанған бір ауыл болып тұрады деген де дерек бар.
Ескере кетерлік, тағы бір жай – бұдан бұрын да тілге тиек етілгеніндей, қазақ жерінде тұрғылықты қалмақтардың да болғандығы. Оның бір тобы Абылайға қарасты Ерейментау өңірінде болған. «Шаңды жорық» оқиғасынан кейін олар да: «түбі мына қазақтардан бізе опа жоқ екен» деп біліп, алдыңғы көштің ізімен қаша көшеді.
Омбы мұрағатында 1773 жылғы ақпан айында қазақ тұтқынынан қашқан қалмақ әйелінің түсініктемесі туралы келесідей дерек келтіріледі: «Менің атым Жарга Бардазамаева, 40 жастамын. Бұрын Еділ бойында, Енатьев бекінісіне қарсы мекенде, Дотбир Дундуков князьдің қарауындағы елде тұрғанмын. Жайлауда 15 жасар қызым ауырып, оны емдету үшін Обашы ханның еліне баруға мәжбүр болдым. Ол ел шығысқа, бұрынғы жоңғар жеріне жаппай ауып бара жатыр екен. Мен солармен бірге кеттім. Балқаш (Балхасы) көлінің жағасына келгенде атымыз өлді, отыз шақты адам жаяу қалдық. Бізді қазақтар ұстап алды да ауыл-ауылға таратып, бөліп жіберді. Мен Абылай сұлтанға қарайтын уақ болысының ел ағасы Баян батырдың иелігінде болдым. Баян батыр қайтыс болардың алдында мені өзінің інісі Хабин Тулту Булуковқа (Бөлек) берді. Осы уақытқа дейін сонда болдым. Ол елде жағдайым қиын болды. Басқа қалмақтар сияқты мен де бұрын Ресейдің қоластында болғандығымнан қашып шықтым. Түн ішінде бір түйені ұстап міндім. Приозерный станицасына бір шақырым қалғанда, түйені далаға тастап, өзім Баян аулаға (Баянауыл – ред) жаяу келдім[66].
Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» жырында да «қашқан торғауыттарды соңғы қуу» аталған деректердің, 1773 жылғы ақпан айындағы жоғарғы деректермен уақыт жақындығын көрсетеді.
Аталған жырда торғауыттардың көшуге қамданғаны хақында:
Құртып қысқа аяқты қара малын,
Төлдетпей ұзын аяқ жануарын.
Тұлпарын тусыратып, бедеу баптап,
Торғауыт жасай берген кету қамын», – деген жолдар бар.
Жырда қашқан торғауытты қуған Жантай батырдың мерт болғаны баяндалады.
Осы кезеңдерге дейін қытай-қазақ арасындағы торғауыттардың даулы мәселелері де біразға дейін созылған көрінеді. «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітапта 1773 жылы 11 желтоқсандағы Чиян Лұң патшаның мынадай бір хат-жарлығы тіркелген:
«Әскери құпиялық амбандарына: Елто (Тарбағатай кеңесші амбаны – ред) Абылайдың қазақ жеріндегі торғауыттар мен торғауыт жеріндегі қазақтарды өзара ауыстыру туралы тілек білдіргенін хабарлады. Былай істеу қажетсіз. Торғауыттар Еділден бері қарай ауғанда қазақтар олардың бірталай адамын жолда ұстап қалған. Бұл қарауыл бекіністер тұрғызылудан бұрынғы іс болғандықтан басқару қиын. Оларды өзара ауыстыруға келіссек, өзімізге көп әуре тауып аламыз. Оның үстіне, қазақтардың ындыны жаман. Осы істі сылтауратып өзге жаңжал шығаруы да ықтимал. Әмбе, бізге алғаш көшіп келгенде торғауыттардың әл-ауқаты өте төмен еді. Сан мәрте қамқорлық көрсетіп, орналастыруымның нәтижесінде тұрмыстары әнтек оңалды. Егер адамдарды өзара ауыстырсақ, олар өз жандарын баға алмай, арада қолайсыз жағдайлар туылуы мүмкін. Елтоға менің осы жарлығымды жеткізіңдер: егер Абылай бұл істі тағы да қоңырытса (қайта қозғаса – ред), торғауыттар да, қазақтар да Ежен ханның жамағаты, қай жерді қоныс етсе де болады. Өзара ауыстырудың қажеті де шамалы деп айтсын. Менің ойымды олар да білсін!...»[67].
Тағы бір қызық жағдай, қазақ-торғауыт арасындағы қарым-қатынас, барыс-келіс мұнымен де тоқтап қалмайды. Қытай деректерінде Әбілпейіз сұлтанның қайын атасы Бозүк (сүйегі ойрат) пен баласын ертіп қазақ жерінен қашқан торғауыт әйелге қатысты 1775 жылы Іле генералы Илытұға жазған бір парша хаты сақталған.
Хаттың қазақ тіліндегі аудармасы былай: «Ілені билеп тұрған генерал, амбандарға Əбілпейіз уаңнан дұғай сəлем. Демекшім мынау: Қоян жылы сіз Шəуешекте едіңіз, бір кəрі атамның барлығын сізге мəлімдеген едім. «Қартайдым, енді қалмақ жұртына барып, өз дəстүріммен бақилық болсам», – деп Шəуешекке барып еді. «Өлгенше асырап тұрсын», – деп бір кішкене бала мен бір əйелді сіздің рұқсатыңызбен қарияның жанына апарып орналастырып едік. «Қария қайтыс болған соң өз қалауы бойынша қайтар», – деп едіңіз. Енді естісек, (олар) Қайнүк-Құлжаға барыпты, (бізше, олар) өз еркімен немесе жарлықпен барды. Қоян жылында келгенде «қайтарармын» деген жарлығыңыз бар еді, «өлгенше байды асырап тұрсын, өлген соң қайтарармын», – деп едіңіз. Егер қайтарсаңыз, (біз) балаларыңызға сауабы тиер еді. Бабық маған жолыққалы келген екен, соның арасында бір торғауыт əйел бір кішкене баласын алып кетіпті, бала өз қалауымен кетпеген. Тағы бір қазақ зағип науқас екен, Бұрттың қасындағы бір дəрігерге ауруын қаратып кетсе, Бұрт алып кетіпті, бұл зағиптың сүйегі қазақ екені бергі қазақ жұртына мəлім. Мұндайлар сіздің жаққа барса, айтпаса болмайды. [Мөр] Əбілпейіз баһадұр сұлтан»[68].
Жоғарыдағы құжат мазмұнынан байқағанымыздай, онда төмендегідей үш үлкен мəселе хатқа арқау болған: біріншісі – қазақ ханы – Əбілпейіздің атасы: «қартайдым, енді қалмақ жұртына барып, өз салтым бойынша бақиға аттансам», – деп Шəуешекке баруы əрі оны асырап тұруға жіберген бір əйел мен бір баланы қазақ жағына қайтару туралы өтініш беруі; екіншісі – бір торғауыт əйелдің баласын алып қазақ жерінен қашуы; үшіншісі – дəрігерге қаратқалы қойған қазақ зағипты Бұрттың алып кетуі.
Əбілпейіз хан осы жолы жазған хаттарын Іле генералына табыстап келу үшін кіші ұлы – Бопыны елші сайлап аттандырады. Бопы 14 жастағы бозбала болғандықтан, деректе елшілерді Төбет бастап келгені айтылады. Ендеше, хатта айтылған оқиғалар қалай туындады, осындағы Əбілпейіз уаңның «бір кəрі атам бар еді» дегендегі атасы, сірə, кім?
Дерек көздері Əбілпейіздің бір əйелінің қалмақ қызы – Шаған ханым екенін, оның» тегі – ойрат (торғауыт – ред), Бозүктің қызы екенін көрсетеді. Ол – əсілі, Барақ сұлтанның жесірі, Барақ қайтыс болған соң Əбілпейіз оны əменгерлік жолмен алған, соңынан Жошы туған. Сондықтан болар, Илытұ өз патшасына жазған мəлімдемесінде «ойрат қарияны Жошының нағашы атасы» деп арнайы таныстырған екен. Зерттеушілердің көзқарасынша, Бозүк қария жай адам емес, малды-жанды, бегзат әулеттен болса керек. Сондықтан да екі жақ та аталған қарияға қатысты оқиғаға бей-жай қарамайды. Жай ғана біреудің қызы болса Шаған ханымда қазақ хандарының ұлықтаған әйелдерінің бірі болмаса керек еді.
Бұдан бұрынғы баянымызда айтылғанындай қазақ-қалмақ (торғауыт) қатынастарында әлі де жұмбақ күйінше қалып келе жатқан қаншама оқиғалардың барлығының бір мысалы осы хаттан көрініп тұр.
Орыстың «жоңғар мен қазақ бірігіп кетпесін» деп өлердей қорыққаны сияқты, кейінгі «шаңды жорық» оқиғасында да қытай жағы «Еділ қалмағы мен қазақтар жасырын ымыраға келіп, біздің жерімізге кіріп алғасын, әлде қандай арам пиғылдарын іске асырып жүрмесін» дейтін алаңдаушылықта болғаны да бар. Оны мынадан көруге болады:
1772 жылғы 19 қараша күнгі Абылай мен торғауыт ханы Убашының байланысы туралы Қытай патшасының жарлығында: «Қазақтардың ішінен келген Дауа деген адамды Бейжиңге әкеліп...тергедік. Оның айтуынша: «Былтыр Убаштар (торғауыт ханы) келген кезде Еділге саудамен барған Кункер бастаған 8 адамды жеке-жеке алып жүрген еді. Бірақ, жолда біреуі қашып кетіп, Абылайға барып паналады. Абылай оған жол қаражат, астына ат беріпті. Және оған: сендердің Убашы хандарыңмен екеуіміз тетелес қандас едік. Қонысымыз шалғай болды да, тіл табыса алмадық. Убашы енді Ежен ханға бағынып, менің қарашаларыма бөгет жасамайтын болды. Енді хат-хабар алысып, сәлемдесіп тұрайық», – депті. ШухатУбаштарды жасырын тергеп, онымен бірге келген Кункер сияқты жеті адамның ішінен жөн білетін бір-екеуін тауып Бейжиңге жеткізсін.
Бұған қоса: Абылай орысқа жағыну ниетімен, орыстарға жаушы салып, хат жолдап отырғаны даусыз. Сондықтан, он жасқа дейін өзімен дәмдес болып, бірге өскен Дауаны Абылай бізге тыңшылыққа әдейі жіберіп отырған жоқ па екен? Абылайдың сыртынан тергеп жатқанымызды өзі естісе, оның күдіктенуі мүмкін. Бұл қазақтармен қарым-қатынастағы өте маңызды іс. Дауаға тарту тартып, оны Ілеге жеткізіп салып, ағасы Кұбітпен бірге тұрғызып, бас қамдаушы Шотынға құпия бақылаттырып, қолдан шығармау керек. Дауаны Абылаймен де хабарластырмау керек»[69].
Бұдан жоғарыда айтқанымыздай орыс пен қытайдың да көшпенділер тұқымының жасырын бірігіп кетуінен қатты алаңдайтындығы мен қытай патшасының «Абылайдың сыртынан тергеп жатқанымызды өзі естісе, оның күдіктенуі мүмкін. Бұл қазақтармен қарым-қатынастағы өте маңызды іс» деуінен олардың Абылаймен сақтықпен санасатындығын көреміз.
1773 жылғы 26 ақпан. Қазақ тұтқынынан қашқан Еділ қалмағы Даразы Шарытовтың айтқандарынан: «1771 жылы мамыр айында… Балқаш көліне жеткенімізде, атымыздың аяғы сынып, қазақтардың қолына түстік. Мені керей болысының қазағы Сегізбай алып кетті».
... Қазақтардан естігенім: Абылай сұлтанға Қытайдың ханы елші жіберіп, қолындағы қалмақтарды босатып, қытай жағына беруді сұрапты. Оған Абылай сұлтан: «Менің қолымда біраз Еділ қалмақтары бар екені рас. Олардың көбі кәрі, ауру, бала-шаға, әл-қуатсыз адамдар. Басқаларын қазақтар бөліп-бөліп алып кеткен. Және де бұрынғы кезде қалмақтар қазақтарға көп жаулық көрсетіп, қазақтарды қырған, талап-тонаған. Сондықтан, қазақтар бұл қалмақтарды оңайлықпен бермейді», – деп жауап беріпті[70].
Мұның барлығында Абылайдың өзгелердің алдында өзін кесек, биік ұстаған өр тұлғасы менмұндалайды. Әрі дипломатиялық қарым-қатынас, туысқан халықтар арасындағы адами қасиеттер сынды парасатты пайымдары хандық кескінін айғақтайды.
Шын мәнінде, Қалмақтар мен Жоңғарлар Патшалық Ресейдің Тұран даласына жасаған экспанциясына қаратқан ең үлкен тосқауыл еді. Олардың құртылуы орыс отаршылдарына қазақ даласына кедергісіз кірудің мүмкіндіктерін жасап берді.
Абылай мен «шаңды жорық» оқиғасында шындықтың тасасында қалған күңгірт беттер әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Ол зерттеулер империялық идеялар шеңберінен шығып, көшпенді халықтардың ішкі-сыртқы шынайы қарым-қатынастарын барынша басшылыққа алғанда ғана көздеген нысанасына жете алады. Жаттанды идеялар мен әдебиеттерден алыстамайынша нағыз шындыққа жете алмаймыз.
Аталған оқиғалар ғана емес, оқулықтарда қазақ-орыс қарым-қатынастары мен Абылай билігі де дұрыс көрсетілмеген. Айталық, 8-сыныпқа арналған Ж.Қасымбаев құрастырған «Қазақстан тарихы» оқулығында: бір қарап шығайық. «Абылай хан билігі» тақырыбында – орыстар 1778 жылдың 24 мамырында Абылайды орта жүздің ханы етіп бекітті»[71] деп жазылған. Шын мәнінде бұл тақырып тарихи құжаттарды саралап, тәуелсіздік тұрғысынан қайта қарауды қажет етеді.
Абылайтану ғылымының бір ізділікке түспеуі, әліге дейін ханның шынайы бет-бейнесін көрсете алмауымыз тарихшыларға ғана емес, тұтас қазақ қоғамына сын болып табылады.
Абылай 1760-1780 жылдар ішінде Ресей және Қытай елдерімен толық дипломатиялық байланыстар орнатты. Шекарлық аймақтарды тыынштандырып, көршілес елдермен болған талас-тартысты шешті. Осылайша ол қазақтың жерін көршілерінен қорғап қалу саясатын ұстанды. Абылай ханның шебер дипломатиялық саясатының нәтижесінде XVIII ғасырдағы сахара билеушілігіне таласқан көшпелі халықтардың ішінде қазақтар алдыңғы орынға шықты.
Сұлтан Абылай өзімен замандас хан-сұлтандардың қай-қайсысынан болсын қулығы мен ақылы жағынан басым, оның бойында қуатты билеушіге тән қасиеттің бәрі бар. Ол Орыс императорымен де, Қытай Боғдыхандарымен де, тіл табысып, іс жүзінде тәуелсіз билеуші болды[72].
Ш.Уәлихановтың атап көрсеткеніндей: «Сол уақыттың күңгірт жағдайы Абылайға батылдығын, тапқырлығы мен ақылдығын жарқырата көрсетуге мүмкіндік берді»[73].
Шыңғыс хан арқылы Жошыдан өрбіген әулет ішінде Абылайдың қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі тарих бетіне алтын әріптермен жазылып қалды. Бүгінгі мемлекетігімздің шекарасы да Абылай сілтеген ақ алмас қылыш пен болат найза арқылы қалыптасқан еді. Абылай ханның көрегендікпен жүргізген ішкі және сыртқы саясаты барысында Қазақ хандығы қуатты, біртұтас мемлекетке айналды.
Абылай өзіне сенген, ерген қара ормандай халқын еркіндік, елдік тұғырына қалай көтерсе, халқы да оны солай көтерді, ардақтады. Аңыз, жырларға арқау қылды.
«Бұқар жыраудың мұраларында Абылайдың кезінде 20 шақты батырдың есімдері аталады. Ал Үмбетей жырау Абылайдың тұсындағы ірі батырлар мен билерді: «...Керейде батыр Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Абылай сенің тұсыңда, Сол бесеуі болыпты-ай! – деп жырға қосқан. Атақты Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай т.б. халықтық батырлар жекелеген шайқастардың ғана емес, қазақ-жоңғар соғысының барысын өзгертіп, нәтижесін анықтауға қомақты үлес қосқан...
Мұхтар Әуезовше тарқатсақ, «Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң сол қазақтың қазақ болуына, басы қосылып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас»»[74].
Абылай ханның Көкшенің бауырында атығай-қарауыл ұлысына орнығып, оның атақ-даңқы мен билігі шарықтай бастаған тұста аты шыққан батырлар қатарында Құлсары, Құлеке, Жәпек, Жантелі, Тілеке батырлардың есімдері аталады.
Кешегі күні Темужіннің басына ауыр күн туғанда, Тұғырылдың оның қасынан табылып, шашыраған елін жинап, хандыққа көтергені сияқты, Тұғырыл хан ұрпақтарынан ту ұстаушылар болған қос Қожаберген, Ер Жәнібек, Тұрсынбай сынды көптеген батырлар да Абылай тіктеген ақ тудың астынан табылды. Қазақ мемлекетін бірге құру жолында толарсақтан қан кешіп, ел-жұрт, байтақ даласын қорғады. Ерліктің жырын жазып, елдіктің қамалын жасады.
Тарих сахнасында «Абылай заманы» атанған дәуір туған халқының жүрегінен мәңгілікке орын алды.
Жәди Шәкенұлы,
Жазушы-тарихшы. Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
[1] «Абылай хан», құраст: З.С.Тайшыбай. ЖШС «Астана» баспасы, Петропал. 2005 жыл. 116 бет.
[2] Аюудайн Очир. Монголын ойрдуудын түүхийн товч. Эрхэлсэн доктор Ч.Далай. УБ., 1993, 8-бет.
[3] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» - III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 42 бет.
[4] Қожаберген жырау «Елiм-ай». Құраст: Б.Тұрғараев. Петропавл – 2009, Облыстық Баспа үйi.
[5] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» - III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 42 бет.
[6] Қожаберген жырау «Елiм-ай». Құраст: Б.Тұрғараев. Петропавл, Облыстық Баспа үйi. 2009 жыл.
[7] Бұл да сонда.
[8] Конрад Н.И. Избранные труды. –М., 1974, -С. 182.
[9] Голстунский К. Монголо-Ойратские законы 1640 г. дополнительные указы Галдан Хунтайджи и законы, составленные для Волжских халмыков при Халмыцком хане Дондук-Даши. - СПб., 1880, С.1-2.
[10] З.Қинаятұлы. «Көшпенділер мемлекетінің мәдени дамуы» атты конференция үшін. Алматы, 2006 ж. http://jebeu.kz/A_other/tariq/2018-01-24/673.html.
[11] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» - III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 28 бет.
[12] Рабжам Зая Бандиданың (1599-1662) өмірбаяндық тарихи шығармасы – «Рабжам Зая Бандиданың хикаясы айдың жарығы демек-дүр» меңзеледі.
[13] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» - III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 46 бет.
[14] БНМАУ-ын түүх. Дэд боть. 1604-1917. УБ., 1968, 73-бет.
[15] Өскембаев Қ.С «ХVII – ХVIII ғ.ғ Қазақ – жоңғар байланыстары» Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Кокшетау, 2013. – 521 б.
[16] Б.Б.Кәрібаев. «Жоңғарлар Жәңгірханды неге тұтқыннан оңай босатты?». https://alashainasy.kz/kazak_tarihy/jongarlar-jangrhandyi-nege-tutkyinnan-onay-bosattyi-67347
[17] Мекемтас Мырзахметұлы. «Қазақ қалай орыстандырылды». Алматы, 2011 жыл.156-157 беттер.
[18] Мұхтар Құл-Мұхамед. «Орыс энциклопедиясындағы қазақ шежіресі». Атамұра, Алматы, 1994 жыл. 102 бет.
[19] Қозыбаев М.Қ. «Тарих зердесі». 2 том. 22 бет.
[20] Құрбанғали Қалиди. «Тауарих хамса» - Бес тарих. Алматы, 1992 жыл.
[21] Қожаберген жырау «Елiм-ай». Құраст: Б.Тұрғараев. Петропавл, Облыстық Баспа үйi. 2009 жыл.
[22] «Қазақстан тарихы». Құрастырған: Ж.Қасымбаев. Алматы, «Мектеп» -2012 жыл.
[23] «Абылай хан», құраст: З.С.Тайшыбай. ЖШС «Астана» баспасы, Петропал. 2005 жыл. 152 бет.
[24] Софы Сматай «Қазыбек би» 1992 жыл.
[25] В.А.Моисеев «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII в.в.». 153 бет.
[26] Рахманқұл Бердібай «Абылай асуы» - алғы сөзінен, «Абылай хан», құраст:С.Дәуіт. Жазушы, Алматы, 1993 жыл. 26-27 беттер.
[27] «Абылай хан», құраст: З.С.Тайшыбай. ЖШС «Астана» баспасы, Петропал. 2005 жыл. 106 бет.
[28] Бұл да сонда. 107 бет.
[29] Бұл да сонда. 121 бет.
[30] Бұл да сонда.. 121 бет.
[31] Казахско-русские отношения XVI-XVIII вв. (Сборник документов и материалов). Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961, с.607.
[32] Казахско-русские отношения XVI-XVIII вв. (Сборник документов и материалов). Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961, 87 бет.
[33] «Шора» журналының, 1909 жылғы 4-5 саны, «Шыңғыс хан» атты басылымынан. З.Сәнікұлы, «Тұғырыл хан». Алматы, «Palitra Press», 2020 жыл. 118 бет.
[34] З.Қинаятұлы «Шыңғыс хан» Алматы, «Арда», 2008 жыл. 274-275 беттер.
[35] Olcott Marta B., The Kazakhs Institution press, Stan ford. USA. 1987, p.6.
[36] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» - III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 28 бет.
[37] «Қазақ совет энциклопедиясы». 6-том, 542-бет.
[38] Халид К. «Тауарих хамса» (Бес тарих). – Алматы, 1992. – 105-106 беттер.
[39] Серік Сайдығалиұлы «Жойылған жоңғарлар деген кімдер еді?». https://alashainasy.kz/kazak_tarihy/joyyilgan-jongarlar-degen-kmder-ed-56049.
[40] Су Бихай «Қазақ мәдениетінің тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 2005 жыл 357-358 беттер.
[41] «Қазақ ССР тарихы» 1-том, Алматы, 1957 жыл. 253 бет.
[42] А.Лепшин «қырғыз-қазақ даласының спаттамасы», 55 бет.
[43] «Қазақ ССР тарихы» 1-том, Алматы, 1957 жыл. 253 бет.
[44] Моисеев. «Қазақ-жоңғар қарым-қатынастары орыстың архивтік құжаттарында». Құжат №4, 1741ж, 2 қыркүйек. «Ақиқат», 1992ж, №7. 60-бет.
[45] Бұл тарихи хикаяның авторы белгісіз және жазылған мерзімін зерттеушілер 1750-1751 жылдар деп топшылайды. Жалпы «Төрт Ойраттың тарихы» деген бірнеше туынды бұрынғы Жоңғарияда, қалмақтарда, Іле, Ертіс, Хөх нуур (Көк көл) ойраттарында, Шығыс Түркістанда (Шыңжаңда) (Гаван Шарав, Баатар Уваш және т.б. оқымыстылар жазған) кездеседі.
«Төрт Ойраттың тарихи хикаясы» атты туындының ойратша тотын жазуымен хатталған үш нұсқасы Моңғолияның Қобда, Ұбсы аймағында табылған. Олар – «Төрт Ойраттың тарихы (Дөрвөн Ойрадын түүх)», «Төрт Ойраттың тарихи хикаясы (Дөрвен Ойрадын түүх тууж)», «Төрт Ойраттың баян тарихы (Дервен Ойрадын намтар түүх)» деген туындылар. Қазір бұл нұсқалар Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтында, Моңғолия Ұлттық орталық кітапханасында сақтаулы.
[46] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» - III том. -Алматы:Дайк-Пресс,33-34 бет.
[47] ИАОО. – Ф. 1. Оп. 1. Іс. 35. 287–288 бет.
[48] Өмірзақов Ө. «Ресейге қосылғаннан не ұттық?» – Алматы: Санат, 1999. – 55-б.
[49] Ш.Уәлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы, //А.А. 1984, 1 т.,432 б.
[50] Левшин А.И. «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей». – СПб. 1832, 4 ч. – Стр. 210.
[51] Мұхтар Мағауин. «Қазақ тарихының әліппесі», Алматы «Қазақстан», 1995 жыл.
[52] Б.Қайратұлы. «Қазақия қалай отарланды?». «Жарыс.kz», Астана 2016 жыл.99-100 беттер.
[53] Осы әскер сапында болған орыс саяхатшысы капитан Николай Рычковтың күнделік жазбасы академик Әбдуәли Қайдардың «Қазақ қандай халық» атты кітабының 216-261 беттерінде Р. Шәймерденовтың аудармасымен берілген.
[54] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 243 бет.
[55] «Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар». 3-том. Құраст: Лию Чаңмың, Жу Шуан. Шынжаң халық баспасы. Үрімжі, 2007 жыл. 80-82 беттер.
[56] Бұл да сонда. 85-86 беттер.
[57] Касымбаев Ж.К. Теоретические, историографические и источниковедческие аспекты антиколониальных восстании в Казахстане. – Алматы. 2010. – 24 c.
[58] «Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар». 3-том. Құраст: Лию Чаңмың, Жу Шуан. Шынжаң халық баспасы. Үрімжі, 2007 жыл. 87 бет.
[59] Бұл да сонда.
[60] Бұл да сонда. 88 бет.
[61] «Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар». 3-том. Құраст: Лию Чаңмың, Жу Шуан. Шынжаң халық баспасы. Үрімжі, 2007 жыл. 88 бет.
[62] Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 173-іс, 213-218 беттер.
[63] «Айбын». Энциклопедия, бас ред. Б.Ө.Жақып. Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. 17-18 беттер.
[64] Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 184-іс, 235 бет.
[65] Иоанн Сиверс «Письма из Сибири (Сібірден келген хаттар)» «Ғылым» баспасы» Алматы. 1999 жыл.
[66] Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты.1-қор,1-тізбе,184-іс, 216-пар.
[67] «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» Іле халық баспасы. Күйтұн. 2009 жыл. 101-102 беттер.
[68] Əбділəшімұлы Д. «Қытай бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар». – Пекин: Ұлттар, 2016. – 278 бет.
[69] 100 құжат – «Қазақ хандары мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар». Алматы, «Санат», 1998 жыл. 76-77 беттер.
[70] Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 184-іс, 235 бет.
[71] «Қазақстан тарихы». Құраст: Ж.Қасымбаев. Алматы «мектеп» -2012. 31-37 беттер.
[72] Левшин А.И. «Қырғыз-қазақ, немесе қырғыз-қазақ ордалары мен даласының сипаттамасы». – Алматы, 1996. – 254-б.
[73] Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. /Шоқан Уәлиханов, Алматы: 2010.Т.4. 119 бет.
[74] Б.Аяған «Абылай және оның заманы». Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Көкшетау, 2013. – 521 б.
Abai.kz