Қазақ қазақ болғалы, не көрмедік не көрдік?!

Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу
ДҮНИЕ ЖАРАЛЫП СУ АҚҚАЛЫ, ҒАСЫРДАН ҒАСЫР АУЫСЫП, ҚАЗАҚ ҚАЗАҚ БОЛҒАЛЫ, НЕ КӨРМЕДІК НЕ КӨРДІК?!
Не көрмедік? Не көрдік? Тайқы маңдай тағдырдың тозағын да, азабын да көрдік. Қазақ қазақ болғалы көргенініміз 1916 - 1956 жылдар арасындағы 40 жыл көргенімізге жетпейді. Осы 40 жыл ішінде көрмегенді көріппіз. Ұлт азаттық көтеріліс те осында. Ашаршылық та осында. Саяси қуғын-сүргін де осында. Осы кезеңде орын алған 3 ашаршылықтың орны тіптен бөлек. Өйткені, бұл 3 ашаршылық қазақтың тұқымын тұздай құрта жаздады. Сұмдығы сол, ашаршылықтың 5 миллионға жуық құрбандары 70 жыл бойы жоқталмады. Айтылмады. Олардың иманы үйірілмеді.Жаназасы оқылмады. Өйткені бұлар қызыл террор құрбандары еді. Қызыл террордың авторы кім? Ленин мен Сталин. Ленин тұсында 24 миллион, Сталин тұсында 30 миллиондай халық құрбан болды дейді тарих. Бұл империялық індет 1916 жылы басталып Сталин әшкереленген 20 съезге дейін созылды. Қасіретті 40 жыл. Қазақ ғана емес, кеңес халқы түгел бастан кешкен нәубет. Осы кезеңде, қазақ тұқымы тұздай құри жаздады. Қазақтай тең жартысы қырылған халық болған жоқ. Қазақ тең жартысынан айырылды. 20 ғасырда бұндай геноцидті Гитлердің тепкісіне ұшыраған еврейлер ғана көрген екен. 6 миллион адамынан айырылып. Сондықтан да, 27 сәуір Израиль елі ұлттық қасіретін атап өтетін күн.Осы күні таңғы сағат 10 –да бүкіл ел бойынша сирена сарнап қоя береді. Сирена 2 минут бойы сарнайды.Бүкіл еврей жердегісі – жерде, көктегісі көкте жүріс-тұрысты тоқтатып 2 минут бойы қара жамылып қимылсыз тұра қалады. Жолда болса көліктерінен шығып тік тұрып геноцид құрбандарын еске алады. Ұлттық қасіретті барлық мектептер, оқу орындары және әскери бөлімдер жаппай атап өтеді.
Біз ашаршылық құрбандарын атап өтпек тұрмақ, 70 жыл бойы «ашаршылық» деген сөздің өзін айта алмадық. Қызыл өкімет айтсақ ауызға ұрды. Өйткені, ашаршылық компартияның ең ауыр тарихи қылмысы еді, мойынына миллиондар қанын жүктеген. Ашаршылық айтылса бұл партия халық алдында қарабет болатын еді. Алайда, цензура ол қасіретті айтқызбай ауызға қанша қақпақ қойғанымен, қызыл өкімет халық қарғысына ұшырады.Халық қарғысы Кеңес өкіметті қалпақтай ұшырды. Тарих алдында қарабет қылды. Қара есекке теріс отырғызды.КСРО тарап кетті. Тәуелсіз Қазақстан қызылдар қиянатын айтудай-ақ айтты.Жазудай-ақ жазды.1997 жылы ҚР тұнғыш президенті Н. Назарбаев жарлығымен 31 мамыр «саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып жарияланды. Сол жылдан бері бұл күн ресми аталып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары түгел халық тарихындағы қаралы жылдар құрбандарын айтып, жазып келеді.Мешіттерде жазықсыз жапа шеккендерге арналып дұға оқылады. Радио, телевидение қызыл террор құрбандарын еске алатын фильмдер, хабарлар таратады. Алайда, ол күн Израильдегідей бүкіл елде сирена сарнамайды. Бүкіл ел болып үнсіз іркіліп 5 миллион ашаршылық және қуғын –сүргін құрбандарын 2 минут еске алмаймыз. Барлық мектептер мен жоғары оқу орындарында, әскери бөлімдерде жаппай ұлттық қасіретті ұлықтау дәрістері оқылмайды.
Алайда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш маңында ел жиналады. Гүл шоқтарын қояды. Қаралы жиындар өтеді. Қызыл террор құрбандарының рухына құран оқылады. 31 мамыр күнгі осынау сауапты шара мәңгілік жалғаса бергей.
Оған қоса, осы күні ҚР Президентімен бірге бас муфти тікелей эфирде ашаршылық және қуғын –сүргін құрбандарының рухына арнап құран оқыса бұл бір ерекше елдік шара болар еді. Өйткені, тікелей эфирде оқылған бұл құранды бүкіл ел ұйып тыңдары хақ. Кеңестік 70 жыл кезеңде жоқтаусыз кеткен жарты халық рухы бізден осыны күтеді, дұғаны күтеді. Жоқтаусыз кеткен жарты халық рухы жер басып жүрген тірілерге бек риза болары хақ. Өлі риза болып, тірі байып Қазақстанға Алланың шапағат нұры құйылары хақ. Құдай берсе, құлай берері хақ. Осылайша, бодандық тұсында көрістанды көрген халықтың, бостандық тұсында гүлстанды көруі әбден мүмкін үй!! Гүлстанға айнал Қазақстан, тәуелсіздік тойың мәңгі тарқамай!
Айтпағымыз; 31 мамыр ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, ұлттың ұлы қасіретін ұлықтау өз дәрежесінде өтсе екен дейміз. Өйткені, бұл біздің елдігімізе сын шара.
Смағұл Елубай,
Қазақстан Халық жазушысы
Abai.kz