Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3682 0 пікір 27 Ақпан, 2013 сағат 03:11

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

7

Арыппай бүгінгі сұрақтың өзгеше екенін кіргеннен-ақ байқаған. Есіктен бұл кіргенде сұрақшы осының келгенін күтіп, тігіле қарап отыр екен. Екі полицеймен айдап кіргізілген жауапкерді босағадағы айыпкердің орнына отырғызбастан жатып, жендет көзбен шаншылып:

- Мады кы пи! Сен шыныңды айтасың ба, жоқ па?! Заңның шешімі - бұл саған Керімбек істеткен қылмыс! Осыған мойындаймысың - жоқ, дәл қазір менен бірнеңе көрейін деп отырмысың?! - Соныңды айт!

Үстелдің бетінде қалың қамыс палақ жатыр. Көрнеуге әдейі шығарып, дүреге сайлап қойған. Арыппай ә дегенде сөзді дәл қалай бастарын біле алмай, жауқабақтанып тығылып тұрып қалды. Шөкелеп түсіп, шапқалы жатқан арлан жыртқыштай бұның жарты ауыз сөзін ғана аңди, қанын ішіне тарта қадалған сұрақшыға қалайда бір жауап айтуы керек еді. Күттірудің өзі қиын сияқты. Алғаш сәл тығылып, тоқталып қалғанында өзі қошқылдау жігіт лап еткендей, онан сайын күреңітіп кетіп:

7

Арыппай бүгінгі сұрақтың өзгеше екенін кіргеннен-ақ байқаған. Есіктен бұл кіргенде сұрақшы осының келгенін күтіп, тігіле қарап отыр екен. Екі полицеймен айдап кіргізілген жауапкерді босағадағы айыпкердің орнына отырғызбастан жатып, жендет көзбен шаншылып:

- Мады кы пи! Сен шыныңды айтасың ба, жоқ па?! Заңның шешімі - бұл саған Керімбек істеткен қылмыс! Осыған мойындаймысың - жоқ, дәл қазір менен бірнеңе көрейін деп отырмысың?! - Соныңды айт!

Үстелдің бетінде қалың қамыс палақ жатыр. Көрнеуге әдейі шығарып, дүреге сайлап қойған. Арыппай ә дегенде сөзді дәл қалай бастарын біле алмай, жауқабақтанып тығылып тұрып қалды. Шөкелеп түсіп, шапқалы жатқан арлан жыртқыштай бұның жарты ауыз сөзін ғана аңди, қанын ішіне тарта қадалған сұрақшыға қалайда бір жауап айтуы керек еді. Күттірудің өзі қиын сияқты. Алғаш сәл тығылып, тоқталып қалғанында өзі қошқылдау жігіт лап еткендей, онан сайын күреңітіп кетіп:

- ...Мен бұрынғы айтқанымнан басқа ешнәрсе айтпаймын, мына басымды қазір алдырсаң да, - деп полицей асынған қылышты қолымен меңзеді. - Айтарымды айтқанмын. Мен мұны істерде қасыма Керімбек дегеннің көлеңкесі де келген жоқ. Бірақ мұны істеуші өзім болғанмен істетуші басқа себеп. Әлі бәрі де ашылады, - деді тайсалмай. Сөзінен ойда жоқ бір жаңа сыр ұшығын аңдатты. Үнінде айтса айтқанындай «басын алса да» осы сөзінен аумастай иланым бар. Сұрақшы бұл жауапқа бөгелгендей болды.

- Не дейсің?! Істетуші өзге біреу бар ма? - Оның тіміскіленгіш көкейі тағы бірдеңенің исін сезгендей, кенет тесірейіп, таңданып қалды. Енді бұрынғыдан да шыдамсызданып, жан-алқымға ала жауап сұрады.

- Кәні, олай болса осы сөзіңе дәлел айт!

- Менің мұны істеуіме ең басты себеп, олай болса, тап осы, мына отырған Мамозы мырзаның өзі! - Арыппай бұл жауапты сонша бір отты кескінмен көзі шоқтай жанып бастады. Уездік үкіметтен шақыртылған жүйрік тілмаш та қақылдап Арыппайдың айтқанын айтқандай қағып алып, жеріне жеткізе, қадап аударады. Орсақ тісті дүңген жігіті кірпігін жыпылдата қағып, бар ынтасын екі жақтың сөзіне кезек салып, полицейлердің бергі жағында қаздиып тік түрегеп тұр. Арыппай жауапкер өзі емес, бұның алдында Мамозы айыпкердей, жаңа бастаған сөзі үстінде өткір де суық қабақ астынан аналардың өздеріне сұрау бергендей сөйлеп:

- Заң ұрлықты тиятын болса, ең алдымен өзгені емес, мына отырған Мамозы мырзаның өзін тыйсын, олай десең! Бұл істі мен, біріншіден, Мамозы мырзаға өз өштігім бойынша істедім! Екіншіден, бұның істелудегі ең негізгі көзі Шеру ішіндегі анау егінші дүңгендер... Абдолла ақалақшы алдырған екі атты сол дүңгендер Абдолланың өзі емес, мына Мамозы досының әрекеті деп білерім. Болған шындық бойынша біледі. Анығында Мамозының айтуымен алғаны тайға таңба басқандай айқын. Мың жылқысы бар Абдоллаға өзінің жалғыз қара бурыл атын ұрлатып отырған дүңген жігіт - Әли - Мамозы мырзаның бұрыннан өштескен, қатты араз адамы. Сол себепті Мамозы Абдоллаға қолқа салып, оның жалғыз атын алғызып отыр. Менің бұл ісімді, күні бұрынғы ақылдасуымыз бойынша, артқы жақтан қуатын сол дүңген жолдастарым бар. Мен Мамозы биесіне, міне, осындай себептен ұрындым. Бар әрекеттің барлығын ашу үшін осылай соқтықпасақ болмайтын болды. Қылмысты өзіне орай қылмыспен ашу үшін істедік. Етсіреп істемегенім айдай әлемге аян. Бұл мәселе әлі нәшәндігіңнің алдына да түседі. Дүңген кедейлері өздерінің бұл намыстары үшін ояздың өзіне де бара алады!

Сұрақшы кенет тоқырап, ап-ашық тежеліп қалғандай. Әлидің жайын бұл әрине, о бастан жақсы біледі. Ана жолғы Мамозы қолынан өлген баласы дауында бірталай ырғасып, мінездес болғаны бар. Бұның сыртында осы Әлилерге табиғи, солардың ізденулеріне бел шеше кірісетін, жоғарыға жолдайтын арыздарын жазып отыратын бір қытай адамы да бар... Полиция мекемесі қазір соған асқан сақтықпен құлақ түріп, неше жерден астыртын тыңшылар қойып отырған. Әлидің бұрынғы дауында да ат салысқан сол жансыз екені еміс-еміс Күре уезі ордасының да құлағына тиетін. Сұрақшының көзі енді тек бір ғана нәрсеге толық жете алмай отыр. Екі атты Мамозының ұрлатқаны анық рас па, жоқ қаңқу ма? - Сол. Егер ол шын болып шықса, онда сұрақшының бұлтақтатар жері қалмайын деп тұрған. Дәл солай болған жағдайда Әли дауға күні ертең жиырма үй дүңгенді түп көтере бастап кеп кірісуден таймайтын адам. Сұрақшы бұл тұста қыбылжып қалған Мамозыға қиғаштап бір көз салып өткен. Соны сезген Мамозы шыдай алмай Арыппайға қарап қазақшалап жіберді.

- Ей, хауарыш! Сен өзің не тантып отырсың! Солардың айтқан сандырағы бола сала ма екен! - Тілмаш Мамозының сөзін қытайшаға аударды.

«Хауарыш» деп қашырды айтатын. - Немене, сен сонда біреудің малын апарып сойып тастағаныңды да қылмыс деп білмеймісің? Ал ана момын Әменді не жазығы үшін арандатасың?! Жемеген болсаң, қалған ет қайда? - деді сұрақшы.

- Менің оным қылмыс екені рас. Бірақ сол қылмыс неге... неге істелді деп отырмыз. Ал Әмен болса Мамозы мен Абдолланың ұрлық атын жасырған. Мен бұны тіпті өз өштігім, кешпес кегім үшін істегенімді айтпай-ақ қойғанның өзінде, анау дос дүңгенім, Әли үшін жасаған әрекетім болғанның өзінде де, Мамозы мырза жасатып отырған екі аттың ұрлығынан әлдеқайда жеңіл әрі, негізді қылмыс. Өздері тозып біткен жиырма үй тақыр кедейді бала-шағасымен аяусыз сорлатып, ортасындағы егін айдарлық іске татыр екі атын бірдей алған соң, сонша қатыгез, тасбауыр қастыққа орай біз де безбүйрек болғанымызды жасырмаймыз! Сойылған биеден өзіме түйір ет алғаным жоқ. Әмен менің алмақшы болып жүрген қалыңдығымды өз інісіне аударып алып бергелі отырған адам! Сол үшін биені бір сайға апарып сойдым да, керегімді алып, қалғанын тастадым.

Арыппай сақтық үшін биенің іші-қарны мен сирақтарын бір сайға апартып тастаған. Көрем деуші болса қарға-құзғын өзі-ақ тауып береді.

- Атты анық Мамозы мырза алдыртқанын немен дәлелдей аласыңдар? Егер осыларың жала болса, ең әуелі осы отырған жеріңде Мамозы төренің өз қолынан аяусыз жаза тартуыңа бұйырамын!

- Оны аман болса, Абдолланың өзі-ақ мойындайды. Әнегүні үш сақшы менімен бірге барғанда, Мамозы мырзаның Абдоллаға «Аттардың көзін құрт» деп, сіз бен бізден жасырын шаптырып жіберген кісісінің үстінен түстік. Жібергені Хойылдыр деген сібе екен. Мығым отырысына қарағанда, Мамозы мырзаның өзі де оны әлі білмей масқара болса керек!

Арыппайдың бұл сөзі мінді боп қашып жүрген Хойылдырға сонан бері кездеспеген Мамозының төбесінен жай түскендей етті. Жаңа сұрақшы сөзінің тұсында іштей көтеріліп қалған Мамозы қазір біржолата үміті кесіліп, өзінің шын тотиғанын бір-ақ аңдады. Абдолладағы екі атты сұрақшыға ең алғаш айтқанда, айлагер Арыппайдың Мамозы жайлы сырға соқпай, айналып өтіп, аржағын бүркеп қалғаны енді ашылды. Міне, аттар қолға түскен соң, аш бүйірден садақ оғындай қадалған Арыппай бар сипатымен бір-ақ білініп отыр. Сұрақшы сол жайды бүгін енді қайта еске алды. Біраз үнсіз қалып, көзін сығырайтып, маңдайын тырыстыра ойланып отырып қалып бәрін қайта шолды. Бұған ешқандай дауа жоқ, айла-шара жүрмейтін қазақ екенін қазір білгендей анық мысы құрып шаршап та отыр. Егер бұлай боларын білгенде, Мамозы Абдоллаға тізгін ұшымен өзі шапса да, екі аттың көзін құрттыратын еді де, сол аттарды тауып бере алмағаны үшін «әрі ұры, әрі жалақор, барып тұрған бұзақы» Арыппайды су түбіне батырған болар еді! Мамозы қазір айтар сөзі қалмағандай түтігіп, қап-қара боп кетті. Түкті жүзі бүйінің бозғыл, қылау басқан жотасындай үрпиді.

Арыппай мен Әлидің бұл әрекеті бұрынғы ескі дауға қосыла даулануға бет алып отырған әрекет көрінеді. Сондай қомақты шағым арыздың жаңғырығы болатынын айла-амалмен көз ашқан сұм сұрақшы жазбай ұқты. Бірақ сұм сұрақшы жауапкерге сыр берген жоқ. Қайта бұрынғыдан мығымданған кісі боп:

- Бұл айтқаныңмен қайда барам деп отырсың?! Осы қансыздығың үшін әлі қолақпандай сыбағаңды тартасың! - деді томсырайып.

Алғашқы дүре соғу райынан амалсыз басылып қалған сыңайын осы мінезге жудырмақ болып отырған дағдарысын Арыппай да жазбай аңдады. Әрі «бұл істі саған Керімбек істетті» деген жалақордан өзінің енді анық тазарып құтылғанын сезді.

Сұрақшы Мамозыға таңданып көз салды. Бір ғажабы тегінде осы екеуінің сырты бүтін, ынтымақты болып көрінгенмен, әрі жас, әрі мырза сұрақшы Мамозы «тамырының» үйіне бір жолы мейман боп барып қонғаны бар... Қу арақтың қызуымен Мамозының бой жеткен қызына түнде қол саламын деп оңбай ұсталған. Мамозы оның алдында өз беделін жоғары қою үшін көп қытай жігітін үндемей аттандырып салған болса да, сол нәрсе бір жылдан бері бұл екеуінің ортасында едәуір бетке шіркеу болып қалған. Екеуі бір-біріне батып өте алмас, сондай шекара бар еді. Қазір екеуі де бір-бірін ішпен білісіп үнсіз қалды. Енді сұрақшы бүгінгі қалған сөзінің аяғын тілмәшқа аудартусыз, қасындағыларға сала айтып, бірдеңе деп кеп ең соңында:

- Мады кы пи! - деп ианаттап, Арыппайдың көзіне зейін сала қарады. Қазақта мақұлық жайын адамнан артық ұғатын атбегі, құсбегі сияқты сыншы саятшылар қасқырдың ұядағы күшігін алғанда тегіс көзіне қарап отырып, ішіндегі өлтіруге қимаған көзі оттысын тірсегін қиып қалдырып кетеді, демеуші ме еді. Тап сол сияқты сұрақшы Арыппайды зерттеп отырғандай. Қазақтың бір тұқымын қырағы сынаудан өткізгендей, қарады. Өзінің нәсіл, тегі басқа, өзге бір жұрт өкілі болып, соның қиырынан сергек барлап отырғандай болған.

 

* * *

 

Бұлар осылайша тартысып, арбасумен болып жатқанда, екінші жақта бастыққа Мақсұт пен Мамыртай кірген болатын.

Тегінде, полиция мекемесі мен үйездік үкіметке кім болса сол кіре беруге болмаушы еді. Гоминдаң үкіметінің барлық жерлеріндегідей Күредегі үкімет орындарының бәрі де тек қорған ішінде. Қазақтар «сейпіл» немесе «Жамбыл» деп атайтын бұл қорғаннан ішке қарай кіретін түстік бетте жалғыз ғана «Ұлы Есік» аталатын қақпа бар. Сол қақпаның аузына тапжылмай қарауыл, күзет тұрып, осындай арызбен келген қазақты ғана ішке өткізеді. Қорған ішін осындағы үйездік үкіметке қарасты: полиция, сот және ұйғыр тілімен «бәжі идарасы» деп аталатын алым-салық мекемесі сияқты, барлық үкімет орындары мен бүкіл осы үйездік штабтың әскерлері бекініс етеді. Үкімет халық бұқарасымен осындай қорған ішінде бекініп жатып қарым-қатынас жасайды...

Биіктігі үш метр, үстінен үш әскер қатар жүре алатын жалпақ, соқпа қамалдың төрт бұрышында «ботай» деп аталатын қарауыл, күзет жай бар. Ал Күренің тұрғын халқы ұйғырлар мен өзге ұлттар сейпіл сыртында, өзінше жеке қалашық болып өмір сүреді. Енді осындай шекарасы берік, қатал Күреге істі болып келген қазақтар түсі өгей, тас босаға, тар есіктің қармауында қалады.

Мақсұт пен Мамыртай сыртқы қақпадан аттарын тастап кіріп ең ауыз жақ шеттегі полиция мекемесіне келді. Енді сақшының өз қақпасындағы күзетшіден тағы өтіп ішке кірген. Бастықтың алдындағы «кәтіп бөлім» дейтін хатшылық бөлмеде келген-кеткенді ай-күні, аты-жөнімен мұқият тіркеп жазып алып, кіргізіп-шығарып отыратын хатшы бар. Мақсұттар алдымен осы дүңген қызметкерлерге кіріп, бастыққа сол арқылы өткен. Кең бөлменің дәл төрінде, ашылған есікке тәкаппар қарап, семізше келген, сәл келте мұрын сұлуша қытай отыр. Есіктен «хау ма»* - деп қысқа қайырып, амандасып кірген бұларға «отыр» деместен, үнсіз, нығыздана қарап екеуін сол бойларында тұрғызыңқырап барып:

- Фәйі** бос емес, - деді тілмәш жоғын сылтау етіп. Теңдік тілеп, теңескісі келіп жүрген - «соқыр дәме» жігіттерді сол ізімен қайта қайтарғысы келген. Ол сөйте тұра бұл жас жігіттердің екеуінің де түр-түстерінен әлдебір ішкі сәулесі бар, қайсар жандар екенін қалт жібермей барлады. Мамыртай сәл бөгеліп:

- Тақсыр, осында тіл ұғатын адамдар бар емес пе! - деп қабағын түсіріңкірей, томсырайып тіл қатты. Қайтпастай, өтініш белгісін танытқан.

Осы кезде есіктен қолына бір қағазын алып, Әбдірәйім кірді... Босағада состиып тұрған қазақ жігіттерге ол таңырқағандай... қарап та қойды. Мақсұт бастыққа кірмес бұрын Әбдірейімге алдын-ала жасырын жолығып алған. Ли-жүйжаң өз орынбасары Әбдірейімге бірдеңе деп, енді бұл екеуін аяқ жақтан отырғызып қалды да, бұлардан Әбдірәйім арқылы жөн сұрағанда, Мақсұт полиция бастығына барынша сенім артқан, төрешілік күткен нұсқамен орнынан тік түрегеп:

- Құрметті Ли-жүйжаң***, сізден әнегүні әкелген Қарымсақты ақтайтын қағаздарымызға қазылық тілеп кеп едік, - деп орнықты салмақпен тілек білдірді.

- Ол жайлы сендер жазған арыздағы куәліктен гөрі, ана Мамозыны қолдайтын көп инабатты дүңгендер жазып түсіріп отырған арыздың айғақтығы да кем түспейді. Оларды қазақ соққыға жығып, сабаған. Бүлікшілдікте кімдікін дұрыс деуді тілейсің?

 

* Хау ма - жақсы ма, амансыз ба?

** Файі - тілмаш.

*** Ли-жуйжаң - Ли - бастық.

 

- Онда тап солай салыстырылып, тексерілетін болса сол жанжалдың шығуына түпкі себеп не? Мысал үшін, тіпті біз Мамозының ол жердегі алдымен орынсыз қамшы жұмсағанын да қозғамай-ақ, айтпай-ақ қояйық. Мамозыны осыған жығынды ететін жанжал оның өзінен басталғанын мүлде сөз етіп, дәлел қылмайық. Сонда бұл оқиғаның ең басы Мамозы мырзаның өз кесірінен болып шығады. Мамозы біздің қазақтың шетіне көшіп барған аз үй кедей дүңгендердің екі атын өштікпен ұрлатып отыр. |Әли дейтін дүңген мен Мамозы екеуінің бір-бірін атарға оғы жоқ, өте араз адамдар екенін сіздер де жақсы білесіздер. Абдоллаға Мамозы алдыртқан сол екі аттың біреуі осы Әлидікі. Бұл түп негізінде соған байланысты әрекет...- сөз осыған келгенде бастық бөліп кетті. Ол мына әңгіме жайы қозғалғанда аңырып қалып:

- Ал онда Мамозының биесінде қазақтың не шатағы бар? - деді Мақсұттың тақылдап тұрғанын жақтыртпаған көзбен ішіп-жеп қарап.

- Биені алушы Арыппай мен аты ұрланған Әли екеуі көңілі жақын жолдас, дос адамдар. Бұл істің барлығын сол екеуі істеп отыр.

- Осының барлығына көзің анық жетіп айтып отырмысың? Егер бір жерінен желбуаз, шикі сөз шықса, ақтап алғалы жүрген адамыңның қасына өзіңнің де барып қалатыныңды күн бұрын ойладың ба?!

Бастықтың көз жеткізе түскісі келгені шалынып қалды. Бірақ соның өзін сездірмей, қоқан-лоқы қылып сұрайды. Сескендіріп, шайлықтыра отыру полицей атаулының ата кәсібі... Бұл жағынан келгенде әу баста барлығын бір үйге жинап алып бірінің аузына бірін түкірткізгендей.

- Онда күйсем өкінбеймін. Екі атты Мамозының алдыртқаны туралы осында жатқан Абдолланы тергесеңіз де көзіңіз жетеді.

Ли-жүйжаң бұл жағдайдың өзге даулардай бір ғана желіні қуған дау-дамай емес, түп байламы соқталы, шырма-шату тартыс екенін қырағы бағып аңдап қалды. Байқауынша кедейлер «сен қазақ, сен дүңгенсің, сен ұйғыр, сен қытайсың деместен жік қосып жүрген сияқты. Іші сезікшіл Ли-жүйжаң мұның түбі жаман, өте жаман пиғылға соқтыратын құбылыс екенін бірден сезді. Және Мақсұттың мына айтып отырған сөздеріне қарап, осы әрекеттің ішінде сөзсіз бұның өзін де бар деп білді. Кенет ол қарсы алдындағы жігітке асқазанының басында май кілкіріп жиреніп тұрған адамдай, тыржиып қарап, осының өзін тергей бастады.

- Үкімет сені оқытқанда не үшін оқытты? Ұлы басшымыз Шың шы сай саған мектеп ашып беріп, тау-таудың қуысында жүрген жеріңнен ұстап әкеп, білім үйреткенде ел ішіндегі дауды бастап, арыз қуала деп «жанашырлық» етіп пе еді?!

Бұл сөзге Мақсұт қапелімде дәл не деп жауап айтарды білмей тежеліп қалды. Шыңжаңдағы өзге де аз ұлттардай қазаққа да өз тілінде мектеп ашқызып, сәбеттік Қазақстанмен зор мәдени байланыс жасатушы Шығыс Түркстанда алғаш рет Шын-ши-цәй болғаны рас, 1933 жылы таққа отырғанда өзінің әйгілі алты ұран, жарлығын шығарып, «Ұлы шора үкіметі - сәбетпен дос болуды» ашқан. Мақсұт өзі оқыған, Құлжадағы «Білім жұрты» дейтін өз уақытының үлкен оқу орны болып отырған мектеп соның жемісі екенін біледі. Ол биыл оқуды ойдағыдай тәуір бітірген болса да, губерналық қала - Құлжадан көрсетілген зәру қызметтерді биылша алмай, өз еліне сұранып келіп, Шеру ішінен алғаш рет мектеп ашқан болатын. Бірақ мұнда көп мән бар. Ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты аз ұлт жастарынан Құлжадағы сол «Білім жұртын» қай жерден кімдер оқып бітіргені, оның қайда, не қызмет істеп жүргені, әрқайсысы өз үйездерінің басшысы мен полиция төрелерінің айрықша тізімінде, ерекше есепте тұрушы еді. Ол да Шың шы сайдің аз ұлт жастарын оқытумен қатар қосалқы етіп, ерте ойлап тапқан жат пікірлі шарасы болатын. Бастық тағы сөйлеп:

- Сен биыл еліңе анық мектеп ашу ниетімен сұранып келгенің рас болса, Мамозы сияқты үкімет адамының үстінен арыз топтастырып жүруден гөрі, дәл осы күндеріңнің орнына, өзіңнің анау көп «ізбасарларыңды» даярлап жатқан болмас па ең? Үкімет бұйырған қызметті істемей, еліңе келгендегі мақсатың, пайдаңды балалардан гөрі басқаға... тигізу үшін жан салып жүргенің ашылды және сендей адам баланы үкімет күткен талаппен оқытпайды! Өзіне мұрагерлер ету үшін уағыздайды. Сендерге үкімет бүлікбасы жетілдіру үшін мектеп ашқан жоқ! - деп аз іркіліп жүдемелетіп және сөйледі. Бастықтың аса кекті адам екенін білетін Әбдірәйімнің өзі де сасайын деді. Құлжа «Білім жұртында» үш адамнан құрылған құпия «Тау түлегі» ұйымының жасырын мүшесі Мақсұт та өз-өзінен қуыстана бастады. Әлдеқалай содан бір сыбыс сезген бе деп секем алып қалды.

- Дүңгендердің арызында, міне, «Арыппай деген бұзақы бар» дейді, - деп полиция бастығы сөзін жалғай түсті: - «Сол інісіне бар істі істетіп жүрген - Керімбек!» деп отыр. Айтса айтқандай осы көрсетіліп отырған әрекеттің барлығы анығында тек Керімбектің ғана қолынан келеді. Ойласа ой шатасқандай шытырман амал-айланы жас адам Арыппай тапты деуге сыймайды. Тек Керімбек пен оның оқыған, маслихатшы баласы дәл сенен, осы екеуіңнен деп білеміз!

Бастық бұл тұста шынайы ашуға мініп, үні ыңырана шығып, балдыр-бұлдыр етіп демігіп сөйледі. Бұрын іс көрмеген Мақсұт не дегенмен қорқа бастаған. Шындаса, көп полицейдің біреуін шақырып жіберіп, әзір-ақ қамап тастауға зәрі жетеді. Ли-жүйжаңның мына айтып отырғаны бір жағынан жаны бар сөз секілді. Анығына бақса, Керімбек осы оқиғаның тууына түптей себепші адам. Оның «Мамозы мен Абдолланың арасын ажыратпаса, Мамозы Шеруді жегенін қоймайды» деген көпке мәлім уағызы бар. Әуелде Арыппайдың құлағына сол үгіт сіңісті болған. Қайткенмен сақ Ли-жүйжаң сондай бірдеңені шамалап, біліп отырғандай. Бұл тұста сөзге Мамыртай араласып еді. Бастық пікірі Мақсұтты ашық бәлеге шата бастап, жаңағыдай жебелеп, тықсырып аяқталғанда, Мамыртай қара елтірі тұмағын басынан алып, оң жақ қолтығына қыса бере:

- Уа, тақсыр, біз енді бір жапырақ қағазымызды жаздыру үшін, көз алдымызда бұл құсаған хат білер туысқанымыз тұрып, басқа қайда шаппақпыз?! Біз сабылып жатқанда сен тыныш жата тұр деп қай қазақ бұны үйге тығып қоюшы еді? Мына біз сияқты ентелеген ағайын бұны осындайда қолқаламасақ туысқан болғанын қайтейік! - деген.

Ли-жүйжаң бұл сөздерді Әбдірейімнің әдемілеп аударуымен жіті тыңдап шығып:

- Бұл өзеуірек Керімбектің тағы кімі? Несі? - деп соны шұғыл сұрады. Бірақ дәл осы уақытта есік қағылды. Бастықтың есігін бір батыл қолдың жүдемелей тықылдатып, жасқанбай қаққаны байқалды. Ли-жүйжаң «бұ қайсысы» дегендей басын серпи көтеріп алған. Ызғарланып:

- Ләй-Ләй* - деп өзелене дауыстады. Бөгелмей есік те ашылды. Түр-нұсқасы қазаққа да, қытайға да келетін, сопақша, қатпа бет ұзын кірпігін жалп-жалп қаққан бір адам кіріп келе жатты. Тәкаппар жүйжаңның ашулы екенін байқаса да, қарсы қадала көз тастап, тайынбай келе жатқан ұзын бойлы, тарамыс денесінің жіті қимылы бар, қияқ мұртты жігіт атышулы Әли болатын. Соны көзі шала бере Ли-жүйжаң Әбдірейімге:

 

* Ләй-ләй - Кел-кел.

 

- Мыналарды қайтар, - деп ана екеуін өз алдынан тез сусытып шығарып жібергісі келді. Түсін суытып, қайта тілге келместей, өзгеріп алған екен. Әлидің келуі бұған жайсыз тигенін ұққан Әбдірейім асқақ бастығының құбылған түсінен жасқанып, Мақсұт пен Мамыртайды кідіртпей жылдам шығарды.

- Кел, - деді Ли-жүйжаң басқа сөз аузына түспегендей.

- Келдік, - деді Әли түрегеп тұрған күйі бастықтың «отыр» деуін күтіп. Полиция қожасы оған орын нұсқамаған қалпында:

- Бір Мамозыға қырық адам анталап жабылып келдіңдер ме? - деп біраз қадалып отырды.

- Қыңыр адам қырық адамның иегін жерге тигізе болдыртады! - деді Әли. Әли арызының мағынасы Арыппайдың жауабымен негіздес екені белгілі. Бұл арызда сонымен қоса тағы бір тың желі, арқау бар. Әлидің қолында жасынан жетім өскен бір інісі бар-тын. Әлилер Мамозының егіншісі болып жүрген кезде осы қожайындары сол інісіне өзінің бір кедейлеу ағайынының қызын беретін болып, жаңағы жігітке бес-алты жылдай әлгі туысқанының егінін салдыртқан. Дүңген, қытай тілінде «шаң-гуң» (ұзақ мерзімді жұмыс) істеуге келіседі. Соқталдай бір азаматқа сол жылдарда соқыр тиын ақысыз, пұлсыз істеп бергенінің сыртында қыз әкесіне Әли де бір ат, бір сиыр беріп, сабаудай екі азамат - өздерінің тапқан-таянғандарын тірнектеп соған өткізумен болған. Бірақ соңынан бұлармен Мамозы арасында әр түрлі қиғаш қабақ, келіспестіктер бола келіп, ақыр аяғында белгілі үлкен жанжал туды. Әлидің сегіз жасар баласы шаңтасқа мініп жүріп, сусындап алу үшін бір тоқтаған кезде аттарды бос қоя салады. Артында шаңтасы бар екі ат қырман тағанында соғылып жатқан сұлыға жүре жайылып тұрып, әлдеқалай үрке жөнеледі. Қас пен көздің арасында шаңтасты шүйліктіріп ала қашады. Зіл-батпан ауыр шаңтас қос семіз аттың соңында ұршықтай үйіріле, зырқырап жөнейді де, көз алдыдан онша ұзаққа бармай-ақ аттың бірі мертігіп жығылады. Жамбасы сынып, дереу пышаққа ілінеді. Мамозы баланы қуалап жүріп шырылдатып сабайды. Қамшының топшысы бірнеше рет жалаңбас сорлының еңбегінен тиіп, жас бөбек бірден сылқ етіп құлайды. Тіл тартпастан табанда өліп кетеді. Сол тұста Әли Күре полициясынан бастап үйездік үкіметіне дейін арызданып, көп сарсаң боп, ақыр дауынан нәтиже шығара алмай, дымы құри титықтап қойып еді. Әлидің Керімбек арқылы Шеруге, қазаққа көшіп барғаны соның салдары болатын.

Ал Мамозы болса бала дауының соңынан ерегеске өтіп, өз туысқанын Әлимен құдалықтан тиған. Сонымен барып Әли араға адам жүргізіп, Мамозыдан енді інісінің алты жылдық табан ақысы мен қолынан берген малын сұратқан. Бір емес, екі-үш қайта кісі салып, ақ адал малын талап еткенде Мамозы енді ашық зорлық егеске өтіп біржола теңдік бермей кеткен.

Тегінде, бұл құдалықтың өзі бір-бірін қыз бен жігіт өзді-өзі ұнатудан барып туған жақындық еді. Сонда да, ол Мамозы үшін әр жақтылы есеп құдалығы болуға жараған. Енді заң орындарына шағымдану үшін соның реті анық келген соң, Әли бұл жолғы арызға оны да қоса тіркеп, терең тамырлы дау қуып келген-ді.

Жаңа Ли-жүйжаңға Әли кірер кезде полицеймен алдырып келген Керімбек те екінші жақта бүгінгі жауапқа сұрақшыға енгізілген. Керімбек кіргенде сұрақшы алдынан қыры сынбаған Арыппай шығарылып, енді Әмен тергеліп жатыр екен. Керімбекті айыпты ету жолында Арыппайды қандай шырғалаған болса, Әменді де және сол Керімбек үстінен шүйлеп «інісі Арыппайға бие ұрлатып сойғызған, бар қылмысты істеткен Керімбек», деп қол қоясың деп қинауда. Осылайша бірінің артынан бірі қойдай тізіліп, Шеруден әнегүнгі қырқай-матап әкелген жауапкерлердің барлығы да алма-кезек, сан-сапалақ тергеумен бір күнде неше қайта тоғысылып, үсті-үстіне сұраққа алынып жатты. Кейбірінің сыбыс боп, дүреленгені естіліп қалады. Момын адам Әменге тергеу жауабы үстінде орындық та бермепті. Есіктен кіре беріс, оң жақ босағада, едені көк кірпішпен төселінген тақыр жерде, қос тізесімен шөкелеп, көзі алақандай болып, жүгініп отыр екен. Тап, намаздағыдай болып өзі қолын да құшынып алыпты. Өң-түс жоқ, әппақ қудай. Белгісіз көмек, жәрдем тіленген үлкен, бақырақ көзі сұрақшы бөлмесіндегілерге алақтап ессіз қарайды. Дүреге немесе әлдене қинауға жыға ма дегендей.

Өз көңілімен еншілеп сондай бірдеңені қорқынышпен күтіп отырғаны білінеді. Керімбек бөлме ішін аңдай қарап кіргенде, Әмен сұрақшы жүзіне анық туралап көз сала алмай және мына кіргеннің де кім екенін қарап білуге мұршасы болмай, тек тілмашқа жалбарынышты, төмендікпен қарап:

- Олла-біллә! Інісіне ұрлатушы Керімбек емес. Сол үшін кеудеме құран ұрам тақсыр! - деп, безек қағып отыр екен. Қос тізесімен қадауыштай қадалып отырып, шыр-шыр қағады. «Сорлым-оу, сенің құраның мен иманыңды қайтсін» деп ойлады, жаны ашып кеткен Керімбек. Өз көңілі таза, діншілдеу адам «қай қылығымнан жаздым» дегендей боп, қас-жауларға қарап, әркімге бір құлдық ұруда. Өзі әнекүні дәл жайнамаз үстінде отырып, алғаш ұсталғанда таңғы «бамдат» намазының дәл тілегі кезінде мінәжат қолын жайып алып: «Я құдай, мың бір атты пәле, жүз бір атты қатеріңнен сақта! Я құдай, кезенгеннің кезінен, кез тілдінің сөзінен сақта! Я құдай, түн қатып, түсі қашқаннан, ай жүріп арып-ашқаннан сақта! Я құдай, мейірі жоқтың зәрінен, патша - ағзамның кәрінен сақта», - деп таң-азаннан зарға бата жалбарынып, дұға ғып отырған-ды.

Өзге де жер емес тақ осы құлқын сәріден зар тілек боп отырған кезінде ит «шәу» ете түскен. Және, сол тілегінде «сақта» деп тіленген тілеуінің барлығы да әдейі, тап осыған қас қылғандай айна-қатасыз керісінше келген жоқ па? Оны кейін қамауда жатып, қараңғы жерде асықпай көзін жұмып біртіндеп есіне түсіргенде білген-ді. «Кез тілдім - бәрімізді бір шұқырға үйіп отырған - Арыппай, кезеніп келгенім Мамозы... Түн қатып, түсі қашып келген де сол мұндар ғой. Мейірі жоқтың зәрі, патшаның кәрі деген нақ мына сұрақшы мен осы отырғандар емес пе? Осылардың тілін алатын өкімет патша ғой. Ал анау, ай жүріп арып ашқаны қайсысы? Е, я, ол айтпақшы, өзімнің осы сергелдеңіме келеді екен-ау» деп бәрін де тап басып, жіктей зерттегені бар. Соған байланысты өз өмірінде, әсіресе жақын мерзімде өткізген кінәларын да сабақтап, есіне түсірген. Осындай жәбір-жапа көрерлік өз пиғылын тексерген. Ойлап-ойлап келгенде ебін тауып өзінің бір жесір жеңгесіне барып жүргенінен басқа, бәлендей бүлдіріп жібергені жоқ сияқты, көпе-көрінеу содан көріп: «мені атқан аруақ, аруақ, одан басқа сайтан да емес, айналайын, аруақтар шамданып атқан екен! Бәсе, қанша шыдасын!.. Тартайын, сазайымды тартайын!» дегенінде жынды болған адамдай, қараңғыда ерні күбірлеп сөйлеп кеткен. Және «аруақ-аруақ» деген сөзді өзіне аса сенімді айтқанында оң қолының қыр алақанымен қалай кесіп-кесіп көрсеткенін күні бүгін өзі де білмейді. Бірауық «адамды жолдан шығаратын әлгі көрінбейтін шайтан емес-ау, ындының құрып қалғыр, кәдімгі ақ жаулықты жарықтықтардың өзі емес пе! Ұясында тыныш жатқан намысына тиіп: «қайын боп әжетке жарар бірің жоқ» демеді ме, жаның терезе таппағыр!» Міне, осындай ойлармен өз басын өзі қатырған Әмен осыдан аман-есен шығып барса, жасы өзінен көп кіші, аталас жеңгесінің төбе құйқасын шайнардай болып жатты. Бірақ жалғыз Арыппайға бүкіл ел болып жасап жүрген қиянаттары есіне де келмеген. Сопы көңіл, діндар Әмен намаз соңында өлгендерге құран бағыштағанда «пәни дүниеде сөз сөйлеушісі, сүйеушісі болмаған, бақида артынан құран оқып, іздер-сұрары - жоқ міскін, мүсәпірлерге сауабын тигіз! Және солардың рухы мені де қорғай гөр!» деп тілейтін. Сол Әмен қазір есік ашылып, Керімбек кіріп келгенін енді байқап, өзінің өлген әкесін көргендей болды. Тілі жат, томырық, сыры да жат қоршауда бір өзі суға батып бара жатқан адамдай мүлде қайрансыз боп отырған. Бұның балалық шағынан бері өз ата-мекенінде: «біте қайнап, бірге өскен» ел ағасы Керімбек көзіне оттай басылған. Ол жаңағы ант ішкендей болған мұқтаждық жауабына жалғастыра, жылап көріскендей Керімбекке де тез-тез тіл қатып жіберді.

- Ағатай-ай, не жаздым? Мынадан да құтылар күнім бола ма, Кеке?! Жаназамды сіздер шығарсаңдар арманым жоқ! - деп зарлап, көзінің жасы алты тарам төгіліп кетті. Бода-бодасы шығып кеңкілдеп жылап қоя берген.

Сұрақшы Керімбек келген жерде енді соның жүрегін шайлықтыру үшін, Әменге жазықсыздан-ақ дүре бұйырмақшы. Жасқанып, ыққан адамға өмірде рақымы түсе білмеген қанқұйлы сұрақшы Әменнің жаңағы сөздерін тілмаштан ести бере, орнынан ыта түрегеліп күзеттегі шерікке:

- Да! Да!* - деп, қатты әмір етті. Ертелі бері тапжыла алмастан, қылтасы қырқылғандай болып ерігіп тұрған шерік бұйрықты алысымен-ақ, Әменге тап берді. Түйе жүн шекпенінің желкелігінен шап етіп ұстап қас-қаққанша алдыға қарай бүге жұлқып, шөктіре берген. Бейне ит талағандай жерге жығып салған соң, ұзын шекпенді етегінен жоғары жұлқи түре қайырып, басына қарай ысыра сыпырып бара жатты. Шеріктің оң қолында кендір бауы білезігінен ілінген қамыс палақ дайын еді. Бағана Арыппай тергелгеннен бері, төр жақта тілсіз тығылып отырып қалған Мамозы осы қимыл тұсында қыбы қанып, Керімбекке жалтақ-жалтақ көз салды. Не болар екен дегендей. Жағалтайдың көзіндей кісінің өңменінен өтерлік сұғанақ көзі ентелеп, бет алдындағы қимылды шашау шығармай, қызу бағып қалыпты. Жан рахат кезі тәрізді. Сұрақшыдан бұйрық алған шерік Әменге қарай қалт бұрыла бергенде, аяусыз жәбір көруге айналған тұтқын үлкен көздері жалт етіп, Керімбекке бір қарап өтуге ғана зорға мұрша тапты. Керімбек бұл ағайыны алдында інісі Арыппай үшін, оның тудырған әлегі үшін қазірге дейін өзі жазықты кісідей болған. Осы күндері бұны өз ішінен қабырғасы қайыса, қатты аяп жүрген. Және Әмен өзі заң ісінен ежелден қорқақ кісі бола тұра, басына осындай қиямет қатер төнген шағында Керімбекті сыртынан сатып, байлап беруді көздемей, отқа өзі күйіп барады. Тіпті Мамозы осындай қорқақ Әменге кісі салып «жазадан құтылдым десе Керімбекке аударсын жаланы» дегеніне де қайыл болмай, «кұдай алдында не деймін!?» деп көнбеген. Бұған дейінгі аралықта Керімбек Әбдірейім арқылы кешегі Жауынбай ажының көргенді баласы - Әменнің қиын күндегі сондай опалылығын да біліп алған. Міне, осының үстіне «Ұлы Гоминдаң өкілі» деп өздерін теңдессіз орынға қоятын, «бұратана» саналатын аздарды пенде екен деп танығысы келмейтін сұрақшының биік төрешілдік өрлігі Керімбектің намысын түп-шыңырауынан қозғап, өзегін өртеп жібергендей болды. Есіктен кірген бойда тіпті бұның өзін әдейі көзге ұра жасалған шектен шыққан, озбыр қиянатқа алғашында аз аңтарылып, не шара барын ұға алмай қатты сасып қалды. Бірақ, шерік Әменді соншалық қолы біліп көпе-көрнеу мұндайлық ит-кергіге салып бара жатқанда, дәт етіп тұра алмады. Өзі орнынан қалай атырыла қозғалғанын аңдамастай бір ессіз халменен, көз ілеспес қимылмен бір-ақ аттап кеп, Әмен екеуі оғыр-шоғыр боп жатқан қаңылтақтай қытай жігітін сол қолымен жауырынынан сап етіп ұстап, шетке қарай делдең еткізді. Лақтай жұлып ала берді. Керімбек қару-жарағы бар шерікті деңгелек үйіріп, кенеттен бір-ақ жұлып алған сәтте алғаш бөлме іші түгел сасып қалғандай. Сұрақшы мен Мамозы кенет орындарынан атып-атып түрегеп алған. Түстері өрт өшірердей. Бергі жақтағы тілмаш та жан-жағына сасқалақтай қарап аңырған. Қапелімде өздерінің не істейтіндерін де әлі ұқпаған тұйық қозғалыстар. Ыза-намыс, күйзелген ашу ойранынан өңі аппақ қудай болып, қуарып кеткен Керімбек шерікке қалшылдап ақырып:

 

* Да! Да - қытайша: Ұр! Ұр!

 

- Ұрмайсың! Ұра алмайсың! - деп, аса бір айбатты ашу, ызғармен әмірдей қатаң үн қатты. Бірақ шерік оңдалып алып қолындағы кеспелтекпен Керімбектің енді өзін ұрмақтай болып ыңғайлана берді. Сол сәтте сұрақшы оған оқыс үнмен бірдеме деп бақырып балдыр-бұлдыр етіп үлгерді. Қатты тыя бұйырып «Тоқта! Тиме!» - деп қалғандай. Шерік өз бойын зорға тежей тыйылып, кенет тоқтағанда Керімбек Әменге бір ауыз тіл қатты. Қу асықтай болып состиып құнтиған оған:

- Есіңді жи! Қорықпа! Қорықтың - құның болмайды! - деп қалды. Керімбек айтқан сөзді тілмаш арқылы түсінген сұрақшы асау қаны басына теуіп Керімбекке қарай адымдай басып келді. Жолында шеріктің қолындағы қамыс палақты да сұрамастан жұла тартып алған.

- Сенің өзіңе не керек! - деп Керімбекке бет тақастыра келді. Бойын қапа, намыс, әділ ашу кернеген Керімбек бұл сәтте титтей де қаймыққан жоқ. Сұрақшының бетіне бетін бұ да қарсы тақап:

- Маған керегін тыңдасаң, есіңде болсын, соққы деген тек кінәлінің ғана етін ауыртпайды. Қолыңдағы қалағыңды сол кінәсі барға соғарсың. Кінәсіз қылышына емес, жүрегіне сенеді. Мына қазаққа дүре соғуды қойып, қол тигізудің өзі айып! - деп келіп, ендігі қалған сөзін айта алмай қалтыраңқырап, өң-түсі қаша тығылып тоқтап қалды. Тұла-бойын еріксіз билеп кеткен қатты ашудан булыққандай боп, сұрақшыға жоғарыдан шаншыла қарады. Тергеуші Керімбекке доң-айбат көрсеткені болмаса, қол көтермек емес еді.

Бүгін Әлидің келіп жетуі тергеудің бетін бұрарлық басқаша ықпал әкелген. Дау аяғы бастық алдында бастапқы қалыбын өзгертіп, бұрылып кетуге де ықтимал. Олай болса, сұрақшының да бір бетпен кете беруіне жол даңғыл емес. Бағанадан бері есінде соны ұстағандай, сұрақшы, бір топ кісімен келген Әлидің бұнда бұрылмай, тура бастықтың өзіне кіріп кеткенін біліп отырған. Сонымен қазір ол өзіне қарама-қарсы ерегесе сөйлеп, бет тақасып тұрып қалған Керімбекке лажсыз тілмаш арқылы сөзге келді. Кейін қарай бір аттап барып, қайта бұрылды да:

- Сен өзің жасандырып қойған жасағың бар адам сияқтысың! Қандай аужалыңа сенесің? Нөкеріңнің көптігі, сенің тау қуысындағы елің, руың ұлы өкімет үшін жаңғақ емес пе, неге тұрады?.. Тәуекелшілдік аяғы бір күні айықпас өкінішке душар ететінін ойлайсың ба!? - Ол полиция мекемесінің намысын жыртқан осындай оспақ сөзден кейін демігін баса алмаған күйі орнына барып отырды. Ендігі тергеу бетін бастықпен санасып жүргізуге ой қорытты. Бұл күні Керімбекті басында сұраққа шақыртқанмен, тергеу жүргізілмеді. Есепті Әли бұзып кетті. Тергеу алғанмен енді бұлар үшін маңызды нәтиже бермейтіні білінді. Бүгін Керімбектің майданын белгілемек болғандары аян. Ол болмады. Әлидің қозғамақ дауы сұрақшының іш есебін бұза келген. Санаспау, артын аңдамау аяқты ағат басуға соқтырады. Қумүйіз сұрақшы Арыппай жауабынан-ақ Әлидің Керімбекті қызғыштай қоритын жанды дәлелдері барын іштей зерттеп аңғарып болған.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320